Түріктің мазары қандай, қазақтікі қандай?
Түріктің мазары қандай, қазақтікі қандай?

Осы көктемде Түркияда бір таныс түрік бауырымыз дүниеден озып, жаназасына қатыстым. Жаназасынан кейін жерлеуіне де бардық.

Сол кезде Түркияның мазарларын алғаш араладым. Аралап жүріп, қазақтың мазар салу мәселесінде қаншалықты шектен шыққанын байқадым. Біздегі мазарларды аралап жүрсең, небір көз жауын алар зәулім «сарайларды» көресің. Тіпті, сол мазардың ішіне өзің көзің тіріңде барып орналасып алғың келеді. Себебі, ондай зәулім «бейіт» (бейіт (بَيْتٌ) арабшада «үй» деген мағынаны береді) сенде жоқ. Несін айтасыз, қабір басына ескерткіш орнатып тастағандар да бар ғой. Жалпы, бұның бәрі елдің шектен шығып бара жатқандығының көрінісі ма дедім. Қазақтың дарақылығы мен бәсекелестігі осы мазар салу мәселесіне бармай-ақ қойса, қайтер еді деп жүруші едім... Осы мәселеге қатысты елімізде үлкен насихат жүруі тиіс секілді. Жұртқа санасын өзгертетін уақыт жетті. Аруаққа құрмет мазар салумен емес, артынан салиқалы іс жасап, сауабын бағыштаумен өлшенетінін ұғынатын кез келді. Осы мақсатта елге үлгі, насихат болсын деп Түркияның мазарларын мысалға келтіргім келді.

Түркия мазарларын аралап жүрсеңіз, қарапайым ғана көктастан тұратынын және тізеге жетпейтіндей аласа болатынын байқайсыз. Сосын қабірдің басына гүл не тал отырғызып тастайды. Себебі, өсімдіктер Алланы зікір етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеті көк пен жер және ондағы болғандардың бәрі Алланы кемшіліктен пәктейді. Оны пәктеп, оған мадақ айтпайтын ешнәрсе жоқ. Алайда сендер оны түсіне алмайсыңдар», – дейді (Исра сүресі, 44-аят). Хаж сүресінің 18-аятында да Алла Тағала: «Көрмейсің бе? Аллаға көктерде және жерде болған әр нәрсе: күн, ай, жұлдыздар, таулар, ағаш, хайуандар және адамдардың көбі сәжде қылады», ­– дейді. Міне, өсімдіктің бұл тәспих зікірі мен Аллаға қылған сәждесі қабірде жатқанның қабір азабын жеңілдетеді деген сенім бар. Бұған Пайғамбарымыздың ﷺмына хадисі де дәлел бола алады. Бірде Пайғамбарымыз ﷺ сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиуіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – дейді. Сөйтеді, екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді де: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдетілетінінен үміт етемін», ­­– дейді (Бухари, Муслим). Осы хадисті негізге алып, түріктер өлінің қабір азабын жеңілдетер деген үмітпен қабірдің басына ағаш не гүл отырғызуды әдетке айналдырған.

Тағы бір қызық дүние, түріктер қабірдің басына су құятын шұңғыл ойық жасап, сол шұңғылға су құйып қояды. Мұндағы мақсат ­­– шөлдеген аң­-құс әлгі шұңғылдан су ішіп, шөлін басып, оның сауабы қабірдегіге тие берсін деген ниет. Шөлден өлгелі жатқан итке құдықтан аяқ киімімен су алып бергені үшін күнәсі кешірілген жезөкше әйел жайлы Пайғамбарымыздыңﷺ хадисін ескерсек (Мүслим), қабір басына су қою әдетінің де дінімізде негізі барын айта аламыз.

Тағы бір назарым ауған дүние, мазарлардың арасында «Пәленшенің естелігі үшін» деген «су көздерін» көресіз. Яғни, дүниеден озған адамның атынан жақындары ескерткіш ретінде құдық қазып, су көзін ашып қояды. Шөлдеген жан сол су көзінен шөлін қандыра алады. Мазардағы ағаш пен гүлдерді де сол құдықтағы сумен суғарады. Ал сауабы қабірдегіге бағышталады. Міне, бұл да адам сүйсінетін бір ізгі амал.

Қорытындылай келгенде, «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ». Мұсылман елдерінің осындай үлгі боларлық ізгі амалдарын, жақсы дүниелерін, тамаша мәдениеттерін өзімізге неге алмасқа? Мақсатымыз, аруаққа сауап бағыштау болса, пайдасы жоқ, шығыны көп зәулім мазар соққаннан гөрі, сауабы мол осындай игі істерден неге үлгі алмасқа? Ысырапты Алла да сүймейді. Сондықтан да, осы мәселені бір сәт ойланайықшы...

Салтан СӘКЕН
ihsan.kz

 
 
 
 
 
 
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 лет назад 6154
2 комментария
  • BQ
    Өте орынды жазба екен. Алла Разы болсын. Расыменде, біздің елдегі қабірлер мазар емес, орта ғасырлардан қалып кеткен, немесе тұрғындары тастап көшіп кеткен заманауи коттеджді үйлер, ауылдар секілді.
    Бұлай дегенім, қазақтың «Әруақ риза болмай тірі байымайды» деген мақалын, кейбір отандастарымыз қалай естісе, солай қабылдап, дүниеден қайтқан жақыны, енді басқа бір «кейіпке» еніп, Астағфирулла, «ерекше бір қасиетке, күшке ие болып», оның басына зәулім-зәулім, заңғар көкпен таласқан мазар салса, бұл фәниден өткен жақыны өз кезегінде бұл туысының әрекетіне «риза» болып, байытып, үйіп-төгіп тастайды деген пендешілік, жалпақ есеппен материалдық тұрғыдан жасаған « дұрыс қадамы» деген қате пікірде болып жататыны рас.
    Бұл «проблеманың» төркіні, қайтадан сол бір Ислам дінінің ережелерін жете түсінбей, ал кейде асыра «түсініп» жататындығымыздан.
    Олай дейтінім, әлде де болса, Исламға дейінгі шаманизм, рух, от, су сияқты жаратылыстарға деген сенімнің қанға сіңіп қалуынан, әлі күнге дейін Жаратушы Алладан емес, немесе Жаратушымен қатар әруақтардан үміт ету, көмек сұрау, қолдайды, жебеп жүреді деген абстракциялық «жалған» сенім құрсауынан шыға алмай осындай асырасілтеушіліктерге жол беріп жататыны рас.
    Ал «дінді сұмдық бір түсінген» басқа бір топтағы бауырларымыз, «дін деген мынау, былай-былай» деп діннің исі мұрнына барғанына (өз пікірім бұл бағыттағы жүргендердің барлығы дінді түбегейлі, қарапайым бір басты ережелерін түсінбеген деп ойлаймын) бірнеше жылға жетпей жатып, «ғалым-мухаддис, мутафассир» дәрежесіне жетіп сұмдық бір дәрежеде кез-келген «темада» өз пікірін білдіретін шейхтарға айналған.
    Бұлар үшін, «әруақ деген» бидғат, оған сенуге де, құран бағыштауға да, ешқандай әрекет жасауға болмайды деген пікір қалыптастырып, сол «ережеден» ешбір айнымай бағады.
    Менің түсінігімде, кісі бұл фәнимен қош айтысқан соң, шынымен қазақ әруақ дейді, солай болады да, алайда, ол бұл дүниедегі жақындарына «шарапатшы» бола алмайды, керісінше, ол тірілерден өзінің рухына Құран сүрелері мен аяттарына мұқтаж болып, өзі үшін Алладан күнәлері үшін, қателіктері үшін мағфират күтіп үміттенеді, дәм етеді. Ешқалай, жақындарын «қолдамайды».
    Осы қарапайым ережені түсіне алмай, бірі әруақ деп Жаратушыға серік қосыпп үлкен күнә жасаса, ал екінші топтағылар «әруақтар» туралы жақ ашпауды, құран бағыштамауды, мүмкін болса оны ұмытып, әруақты «өзінің проблемасымен өзін жеке қалдыруды» құп көреді.
    Бұл екі позицияда дұрыс емес. Алла жәрдем тілеушілерді, Өзінен сұрағандарды жақсы көреді, мейлі өзі үшін, мейлі басқа үшін болсада. Оның Кәләмі, Құран Кәрім оқылып, тек қана өзінен сұралып жатса, Алланың Рахымы шексіз. Осы жерден Пайғамбардың с.а.у. екі қабір басына екі шыбықты сындырып, шаншып, күнәлерінің кешіріледі деген үміттемін деген сөзі осыған меңзейді.
    Үмітсіз шайтан демекші, өзіміз үшінде, қайтқандар үшін де дұға жасау еш артықтық емес. Атақты сахаба Омар р.а. өзі қайтарының алдында ұлдарына өзін қабірге қойғаннан кейін, басында Құранның «Бақара» сүресін бастан аяқ оқуын тапсырып кеткені бекер емес.
    Тақырыптан ауытқып кеткенім үшін кешірім сұраймын. Сол басына мазар тұрғызуға кететін миллиондаған ақшаны бір мешіттің бірнеше дана кірпішіне, мұқтажына, кедей-кепшікке марқұмның атынан садақа жасап жатса, одан болар сауап марқұм үшін шаңның тозаңындай пайдасы жоқ зәулім сарайдан, әлдеқайда артық болатынын ескерусіз қалдырамыз.
    Алла Разы болсын, Сәке!

    8 лет назад
  • Ақшолпан Алла разы болсын!
    8 лет назад
О блоге