Құлсарыда оқушы алоэден сусабын мен йогурт жасап шығарды
Құлсарыда оқушы алоэден сусабын мен йогурт жасап шығарды

Атырау облысы Құлсары қаласының 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Мандияров алоэ өсімдігінен бет күтіміне маска, сусабын және балаларға арналған йогурт жасап шығарды. Бұл туралы  облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап zakon.kz хабарлайды.

Жас ғалым Құлсары қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектептің 9 сыныбында оқиды. Ол алоэ өсімдігін зерттеп, өсімдіктің қасиетін жоғалтпай, құрамындағы элементтер сақталған қолжетімді өнім алу бағытындағы ғылыми жобаны іске асырған. Өзінің айтуынша, алоэ өсімдігі арқылы барлық ауруларды емдеп жазатын дәрілік заттар шығаруға болады.

— Ғылыми жобамның тақырыбы – «денсаулық пен сұлулық кепілі – алоэ». Аталған өсімдіктің пайдасы ұшан-теңіз болғандықтан да осы тақырыпты алдым. Қазіргі уақытта экологияға байланысты тері, асқазан аурулары, түрлі аллергиялар көптеп кездеседі. Сондықтан аталған ауруларға қарсы алоэ өсімдігінен отандық өнімдер шығарсам деген ниетім бар. Болашақта өзім осы бағытта жұмысымды жалғастырып, үлкен жаңалық ашқым келеді, — деп арманын айтты жас ғалым Нұрдәулет Мандияров.

Өз кезегінде Нұрдәлет Мандияровтың жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Фарида Машырықова да шәкіртінің ғылымға деген құлшынысы күшті екенін, оның болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

— Оқушымның ғылыми жоба аясында тәжірибелік мүмкіндігін сынап көруі жоғары нәтиже көрсетті. Бұл ретте алоэдан дайындалған өнімнің табиғилығы мен пайдалылығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, нәтижелі жұмыс жасаған Нұрдәулеттің мақсаты: өсімдіктен қолжетімді бұйымдар әзірлеп, күнделікті қолданысқа енгізу болатын. Бұл бағытта көп ізденіс жасады. Зерттеушілік дағдысының жоғары деңгейде екенін танытқан оқушы бұл тақырыпты үлкен ғылыми зерттеу нысанасына айналдырмақ, — дейді Фарида Машырықова.

Мәлімет көзі: jasqazaq.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 1892
0 комментариев
О блоге