Намазхан жігіттер Сағадиевтің жарғысына қарсылық көрсетті
Намазхан жігіттер Сағадиевтің жарғысына қарсылық көрсетті

2-маусым күні жұма намазынан шыққан қырық шақты намазхан жігіттер  Жылой аудандық білім беру орталығы ғимаратына қарай бет алған. Оларды дүрліктірген нәрсе – білім министрі Сағадиевтің орамалға байланысты мектепке енгізген жарғысы болатын. Қысқасы, 1-ші қыркүйектен бастап мектепке қыз балалар орамал тағып келмейді. Жарғының мәтіні осындай. Қай заманда да мұсылманшылыққа келетін сынақ пен зардаптың кезекті үрдісі. Бұдан кім не ұтты, неден ұтылды?

Мұсылман баласы екі мәселеде қайтпайды. Біріншісі, пәк дініне, Құран кітабына, таза ұстанымына тиіссе, екіншісі, қыз бала мен әйел адамның Алла бұйырған жабынды киіміне тиісіп жалаңаштамақ болса. Орамал мәселесі нақтыланған, ол – парыз! Осы мәселеде өз халқына ара түсіп, министрлермен келісімшарт жүргізеді деген ҚМДБ-ың тірліктері еріксіз қарныңды аштырады. «Дін мен саясат бөлек» деп жақ ашпай отыру ҚМДБ өкілдеріне сай ма? Сонда, жарғы шығарғыш, білім аясындағы көкірегі ояу, көзі ашық деген зиялылардың көзқарасында Алла парызы Сағадиевтің жарғысынан төмен болғаны ма? Әлде бәзбіреулер Сағадиевтің аузымен орақ орып, қолымен от көсеп мұсылманшылыққа көрсетіп отырған қыры ма?

Жарайды, 1-қыркүйектен бастап қыз балалар мектепке орамалмен кіргізілмейді екен, Сағадиевтің жарғысына бола мұсылманшылығын ұстанған ата-ана қыздарының орамалдарын шештірмейді екен, сонда бұл теке-тірестің арты неге алып келетінін сарапшы мамандар ой елегінен өткізіп көрді ме екен? Әрине, ел болғасын тәртіп керек. Бетін түгел тұмшалаған, жартылай бетперде киген, бір көзін жапқан, екі көзінің арасын бөліп қойған, қара жамылған, т.с.с өзге ұлттың хиджапты әрлендірген салты бізге қажеті жоқ. Дегенменде, дауды ушықтыра бергенше оны қазақиландыру жолын неге қолға алмасқа? Мысалы, қыз бала балиғатқа жеткен соң орамалын артқа қарай әдемілеп сәндеп тақса, түсі біздің туымыз іспеттес аспан көк болса, киімінде қазақи нақышталған түрлі оюлары болса қандай жарасымды болар еді. Сонда нағыз қазақ, мұсылманның сипаты көрініс табар еді. Біз осы әрекет арқылы да тарихта ғасырлар бойы мұсылманшылығымызды қалай ұстанғанымызды өзге ұлттарға көрсетіп насихаттаған болар едік. Бұл да бір сектант, миссионерлермен күресіміздің тың әдісі болып қалар еді.

Әлде Сағадиевтің ойы мұсылман қыздарын оқытпау ма, әлде елдегі мұсылманшылығын ұстайтындармен санаспау ма? Осы мәселеде (қоңырау шалып келуімді өтінгесін) білім беру басшысына анық-қанығын білу мақсатымен қасыма жиналған жамағаттың бір өкілін алып ішке кірдім. Оқу-ошағының басшысы күлімдеп бізді биязы қабылдады. Салихалы мәмледе сұхбаттаса бастадық. Мақсатымыз – арбаның сынбай, өгіздің өлмеуі еді. Әйтеуір бір бейбіт шешімге келуді көздедік. Ораза айында намазхан бауырлардың ұнжырғасы түсіп жүргені де обалдау. Оқу-ошағы басшысы аудан әкімі орынбасары Өмірбаев Нұрадинді де шақырып қойған еді. Көкейдегі күдікті сейілтіп, орнына үміт суын бүркіп, көңіліміз хош күйде отырған едік, суыт келген әкім орынбасары терлігін баса алмай бірден қату қабақ танытты. Шамасы жиналған топты мен ұйымдастырып, ылаң шығару мақсатында келгендей топшылады білем. Біздің бүлікші емес екеніміз, керісінше осы елдігіміз үшін қандай ма мәселе болса да аянбай тер төгетіндігімізді Жылой халқы түгел біледі десек те болады. Дөңгелек үстел жиылысы «әуп» дегеннен құрдымға кетті. Осындай жиылып қалған жамағатты пейілі бұзық бәзбіреулердің басқа арнаға бұрып кету қаупі бар екенін түсіндірмек болдым. Алайда, әкім орынбасары: «Жасап көрсін, кірсін осыдан ішке баса көктеп, көреміз ғой артының не болатынын, заң бар, қолда дерек бар» - деп, ертіп келген полиция қызметкерлеріне иек артып айрықша мінез танытты. Бұл өте дұрыс емес сөз еді. Қандай да бір жаманат орын алып кетсе, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей кенет адам шығыны орын алып жатса, әкім орынбасары жауап бере алмайтыны анық қой. «Заң ортақ, орындау парыз» - деп, қатып қалды. Сағадиевтікі заң ба сонда?

ҚР заңы бойынша ҚР азаматтарының ұстанған дініне, салт-дәстүрі, ой-санасына, киім-киісі, түр-сипаты, т.с.с ұстанымдарына тіл тигізуге, кекетіп-мұқатуға, келемеждеуге болмайтынын, ондай нәрселер орын алған жағдайда қылмыстық іс қозғалып жазаға тарту көзделгені туралы баптардың бары да айтылған. Сонда біз өз заңымызға өзіміз қарама-қайшы іс-әрекет жасап отырмыз ба? «1-ші қыркүйекте оқушы қыз бала мектепке орамалсыз келеді, біз бұл бұйрыққа бағынуымыз керек, егер ата-ана балдарын сабаққа жібермесе оларға заң, күш қолданылып сотқа беріледі» - деді. Бұл жері енді ақылға сыйымсыз томпақтау болып кетті. Себебі, түгел ата-ананы негізсіз түрмеге тоғыту дамыған заман, биікке самғаған ел, салауатты өмір салтын ұстанған зиялылардың ісіне сай ма? Ол болмайды да, әрі күлкілі нәрсе. Бар нәрсе түгесіліп ендігі кезек еліміздегі мұсылмандармен ойнау қалды ма?

Бұл жерде үлкен бір себеп бар. Қазақстанда, онда өмір сүріп жатқан қазақ халқында «мен баламды мектепке оқытпаймын» деген пікір әлі қалыптаспаған. Ондай ойға берілулеріне жол да ашпау керек. Патшамыздың: «Әр Қазақстандық жастардың көзі ашық болу керек» деген саясаты, 100 мектеп, даму, алға ұмтылу, өзге елдерді басып озу секілді саясаттары қайда қалмақ? Білім министрінің өзі сынықты сылтау қылып оқушы алдына бөгет салып қойып отырған. Арғы жағы мұсылман ұстанымына, Алла бұйрығы орамалға қарсы күрес жариялау секілді. Болмаса, шыбыннан піл жасаудың қандай қажеттілігі бар? Қай тарихты ақтарсаң да, қай дәуірге үңілсең де ислам дініне қарсы шыққандарға жеңіс жоқ. Атеистер мектебін көбейтіп, мешіттерді түгел қиратқан Лениннің өзін жер қабылдамаған. Ал сол Ленин перғауынның оқиғасын білмеді дейсіңдер ме? Сондықтан да ойланатын жағдай көп.

Біз орысы көп Павлодар мен Петропавл қаласы емеспіз, бізде сәл менталитет бөлек, ішкі жарғыны ішкі жағдаяттар арқылы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мәслихатқа ұсынып, Жылойдың бар зиялыларымен дөңгелек үстелде бас қосып, хат арқылы, сот арқылы келісімшартқа келіп, саналы түрде әдемі етіп орнына қоюға зор мүмкіндіктер бар. Бір ғана аудан әкімі орынбасары не шешсін, ортақ тіл табылмағасын, іс насырға шаппай тұрғанда біз орнымыздан тұрып жөнімізге кете бардық. Ол – қол көтердік деген сөз емес. Келесі баспа, келесі қадамға аяқ басуымызға тура келді. Бұған қатысты сендердің көзқарастарың қалай?

Тұрар Шапқара

Abai.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 лет назад 3486
0 комментариев
О блоге