Жалдамалы пәтердің 50 пайызын мемлекет төлейді: өтініш берушіге қандай талаптар қойылады?
Жалдамалы пәтердің 50 пайызын мемлекет төлейді: өтініш берушіге қандай талаптар қойылады?

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлеуі үшін өтініш берушіге қандай талаптар қойылатыны айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты. Министрдің айтуынша, шамамен 70 мың адамға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 50 миллиард теңге қажет. Кезекте тұрған адам санына байланысты бұл қаражат көлемі жыл сайын өзгеріп тұруы мүмкін. 

"Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар: біріншіден, ҚР азаматтығы. Екіншіден, отбасының кейінгі алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1 еселенген шамасынан аспауы. Үшіншіден, тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікке кезекте тұрғанын растауы", - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.  

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында шарт жасалуы керек. 

Еске салайық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірлеген болатын. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді.

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді: топ-7 сұраққа жауап

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірледі. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді. Бұл жүйе қалай жүзеге асады? Көмек кімдерге арналған? Tengrinews.kz тілшісі басты жеті сұраққа жауап іздеді. 

#1Пәтерақыға өтемақы алуға кімдер үмітті?

ИИДМ мәліметінше, жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға тарату ұсынылады.

Олар:

  • көп балалы отбасылар,
  • 1 және 2 топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады.
#2Өтініш беру үшін қандай талаптар қойылады?

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;

2) отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;

3) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;

4) тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарт болуы керек.

#3Жоба қашан күшіне енеді? 

Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша тұрғындар "Отбасы банк" АҚ-ға хабарласа алады. Алайда әзірге олар ақшаның 50 пайызын алу үшін қайда, қалай және қашан өтініш беру керегін хабарлаған жоқ. Құжат онлайн қабылдануы да мүмкін. Сондықтан асығыстық танытудың қажеті жоқ.  Бұл жоба наурызға таман жүзеге асуы мүмкін.  

Министрлік әзірлеген тетік барлық мүдделі мемлекеттік орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді.

#4Ең төменгі күнкөріс деңгейі танша теңге?

2022 жылы базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн қолданылатын ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы - 36 018 теңге. Яғни отбасының жалпы табысы әр адамға шаққанда ең төмен күнкөрiс деңгейiнен асып түспеуі тиіс. 

#5Төлем қанша уақыт беріледі? 

Qazaqstan.tv мәліметінше, төлем мерзімі 1 жыл. Осы уақытта үй кезегі келмеген болса, төлемді создыруға болады.

#6Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет бюджеттен қанша ақша бөледі?

ИИДМ мәліметінше, бағдарламаға бюджеттен 50 миллиард теңге қажет болады.

Республикалық бюджетке түсетін жүктемені төмендету мақсатында және жекелеген өңірлер бюджеттерінің тапшылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттерден небәрі 10 пайыз мөлшерінде қоса қаржыландыру жоспарланып отырғаны хабарланды.

#7Қазақстанда қанша адам осы әлеуметтік көмекке мұқтаж?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 70 мың азамат айтылған санаттарға жатады. Олар пәтерақысының жартысын алу үшін алдымен үй қожайынымен келісім-шартқа отыруы керек. Онда ай сайынғы төлемнің сомасы көрсетілуі тиіс.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 года назад 2350
0 комментариев
О блоге