Әжетхана тазалаудан үлкен бизнеске дейін. Жапонияда көлік сатумен айналысатын қазақ
Әжетхана тазалаудан үлкен бизнеске дейін. Жапонияда көлік сатумен айналысатын қазақ

Жадыра Сембай – Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында дүниеге келген қазақ қызы. Мектепті тәмәмдаған соң отбасымен Жапонияға қоныс аударып, жоғары білімді Токио қаласында жалғастырған. Оқи жүріп, өзінің шағын кәсібін ашып, бүгінде үлкен бизнесті дөңгелетіп отыр. 12 жылдан бері сол жақта тұрады. Моңғолияға көлік сатумен, Қазақстанға автобөлшектер тасымалдаумен айналысады. Отанынан жырақта дүниеге келіп, атамекенінен алыс жүрсе де жүрегі Қазақстан деп соғады. Қамшы тілшісі күншығыс елінде кәсіп жасап жүрген қазақ қызының Алматыға келгенін пайдаланып, әңгімеге тартты.

Жадыра Моңғолияда 10 сыныпты бітіріп, Токиоға оқуға тапсырмақшы болғанында жергілікті тәртіп бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін Жапонияда 11,12-сыныптарды оқуға мәжбүр болған. Оны тәмәмдағаннан кейін ғана университетке тапсыра алған.

– Алғаш келгенде жапон тілін аса білмейтінмін. Бірақ ағылшыншам жақсы еді. Сол мені алға жетелеп, күш берді. Жапонияда 2 жыл мектепте оқу міндетті болғандықтан, сол жерде жүріп жапон тілін үйрендім. Әрине, бастапқыда қиналдым. Бірақ жапон тілінің грамматикасы қазақ тілінікіне ұқсас болғандықтан, кейін тілді тез меңгеріп кеттім. Бакалавриатты саясаттану мамандығы бойынша оқып, екі бірдей магистрлік дәрежені аяқтадым. Магистратурадағы алғашқы мамандығым – қоғамдық қызмет көрсету (мұқтаж жандарға көмектесу) болса, екіншісі – бизнес және менеджмент. Ол жақта түлек мектеп бітіргеннен кейін грантқа түскісі келсе, оған әртүрлі университетке құжат тапсыруға 3 мүмкіндік беріледі. Біріншісінде түсе алмаса, қалған екі университетке бағын сынап көре алады. Егер үшеуінде де оқуға түсе алмаса, онда бұл – талапкер білімінің төмендігінің көрсеткіші болып саналады. Ал Қазақстанда бір жаманы грант бойынша бірнеше университетті таңдау мүмкіндігі бір-ақ рет беріледі. Осының салдарынан сынақтан сүрінген балалар сағы сынып, түрлі теріс жағдайларға ұшырап жатады, – дейді ол.

Жадыраның Жапониядағы алғашқы жұмысы – дәретхана жуушы болған. Айтуынша, ол жақта бұл жұмысты еңбекке жаңа араласып жатқан әр адам істейді. 

– Алғашқы жұмысымда дәретхана тазалағанымды естігенде көбісі таңқалады. Біздің қоғамда (Қазақстан қоғамы - ред) ыдыс жуып, дәретхана тазалайтындарды қара жұмысшы санайды ғой. Ал Жапония үшін әжетхана тазалау кез келген адам айналысатын қалыпты нәрсе. Бұл адам өзінің эгосын жеңе білуі үшін жасалған. Әрі кез келген компанияда өрлегің келсе, бастапқыда осы жұмыстан бастайсың. Бір жағынан мұндай нәрсе дүниенің қадірін біліп жүру үшін жасалады, – дейді Жадыра.

Жадыра Сембайдың бизнеске келуіне ата-анасы ықпал еткен. Ол 7-8 жылдан бері бизнес саласында жүр.

– Ата-анам бизнестің айналасында жүргендіктен, бұл сала маған да қызық болды. Жапонияда бакалаврдың 2-ші курсында оқығанымда түрлі аукциондарға қатысып жүрдім. Сол уақытта Жапониядан Моңғолияға көлік тасымалдап, Қазақстанға автобөлшектер жіберіп тұрдым. Кейін өзімнің жеке компаниямды аштым. Біздің компания көлік, автобөлшектерді тасымалдаумен айналысады. Қазір онда 18 адам жұмыс істейді. Компаниядағы ең төменгі айлық жалақы – 1800 доллар. Өзім көп дегенде айына 8 мың, 9 мың доллар табамын, – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, Жапонияда адамдар әр әрекетін жоспарлайды. Уақытқа кесірі тимес үшін жұмыс уақытында телефон ұстамайды.

– Мен таңғы 6:00-де жұмысқа келіп, 9:00-де аяқтаймын. Осы 3 сағат барысында жұмысымды мінсіз істеп бітуім керек. Тіпті жұмыста үйдегі проблемаларды ойлауға болмайды. Өйткені ойдың өзі өзгенің уақытын алады. Жапон халқынан үйренеріміз өте көп. Олар өзінің де, өзгенің де уақытын бағалайды. Барлық жерге уақытылы барады, уақытылы істейді, – дейді қазақ қызы. 

Қазақ қызы тұрақты жұмысы бар, уақытын жоспарлай білетін адам үшін Жапонияда өмір сүру қиын еместігін, бірақ өмір сүру тым қымбат екенін айтады.

Сондай-ақ ол Жапонияда заң өте қатал екенін жеткізді.

– Заң өте қатал болғандықтан, ешкім ешкімге агрессия көрсетпейді. Бұл елде өзіңді қауіпсіз сезінесің. Мәселен, көшеде біреудің ақшасы түсіп қалса, оны ешкім алмайды. Тіпті көріп тұрса да алмай, кете береді. Алған жағдай да полицияға апарып тапсырады, – деген Жадыра жапондықтардың бірлігіне, әдептілігіне де қатты таңданғанын атап өтті.

– 2011 жылы Жапонияда цунами болды. Ол кезде жасым 18-де еді. Енді оқып, жұмыс істеп жүрген кезім. Ата-бабам көрмеген цунамиді көрдім. Сіздер тек әлеуметтік желіден, жаңалықтардан көрген апат көз алдымызда болды. Сол кездегі халықтың қалай қиналғанын айта алмаймын. Ол күнді еске алсам, жылағым келеді. Сол кезде жапондардың береке-бірлігіне тәнті болдым. Сол шақта ел экономикасы құлдырып, тіпті нан, су тапшы болып қалды. Сонда халық қанша қиын жағдайға тап болса да дүрбелең салмай, дүкенде бір-бірінің артында нан кезегінде тұратын. Тапшылық болса да бір-бірін итеріп, жағаларынан алып жатқан адам көрмедім. Менің таңқалғаным, Жапония ешкімнен көмек алмастан, небәрі 3 айда бұрынғы қалпына келді. Тіпті халық үкіметке көмектесіп, банкте жинаған ақшасын беріп жатқанына куә болдым. Халық үкіметке сенім артқаны соншалық, ақшаларын не үшін, қайда беріп жатқанын сұрамады. Ал мен ерікті болып цунами кезінде үйлері қираған, әке-шешелері қаза тапқан балаларды үйлеріне барып ойнатып, сабақтарын оқыттым, – дейді Жадыра.

Бизнесмен бикеш келешекте Қазақстанға басыбүтін келіп, алған білімін, жиған тәжірибесін бөліскісі келеді.

– Мен қазіргі бизнесімді отбасыма беремін деп отырмын. Әрі қарай өмірімді ағартушылық жолға арнап, көрген-білгенімді өзгелерге бөлісіп, үйреткім келеді. 12 жылда жинаған тәжірибемді бөлісетін уақыт келді деп ойлаймын. Мақсатым – Жапониядағы білім сапасын Қазақстанға әкелу. Сосын оқимын деген жастарға тіл жағынан көмектесіп, қолдау білдіру, – дейді ол.

Алайда Жадыра Қазақстанға келгенде тіл жағынан қиындықтарға тап болып, дискриминацияға ұшыраған.

– Қазақстанға алғаш 4-сынып оқып жүргенімде келдім. Араға біраз жыл салып биыл Алматыға қайта келдім. Басында адамдар суық қарсалды, сондықтан атамекенімде емес, өзімді бөтен елде жүргендей сезіндім. Орысша білмейтінімді көбісі надандықтың белгісі деп санады. Тіпті орысша білмегенім үшін "сен надансың" дегендер де болды. Осылай тек орысша білмегенім үшін кемсітуге ұшырадым. Өзім 5 тілді меңгергенмін. Маған Қазақстандағы көп нәрсе түсініксіз. Қазақ жерінде тұрып, орыс тілінде сөйлейтінімізді мүлдем түсінбеймін. Қазақтың суын ішіп, ауасын жұтып, жерін басып жүргендіктен өз тілімізде сөйлеуге міндеттіміз. Өзге елге өзімізді мойындату үшін ең бірінші өзімізден бастауымыз керек. Мен мұнда ана тілімді жақсы деңгейге көтеремін ғой деп келсем. Олай болмай шықты. Тіпті жанымдағы қазақ достарыма қазақша үйретіп кеткен кезім болды. Өзім қазақша еркін сөйлей аламын. Қазақ әдебитін көп оқығанмын, оқып та келемін. Қазір Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романын оқып жатырмын, – дейді ол.

Жадыра осындай келеңсіздіктерге қарамастан, Қазақстанға қоныс аудару ойынан айнымақ емес. Алдағы бір-екі жылда Жапониядағы жанұясын осында түгел көшіріп келуді жоспарлап жүр.

– Осындағы таныстарыма елге біржола көшіп келу туралы ойымды айтқанымда: "Не үшін келесің?", "Жапонияда өмір сүру қолайлы ғой", "Дамыған, әдемі ел ғой, келіп қайтесің" деп айтқандар көп болды. Бірақ жағдайың қанша жерден жақсы болып тұрса да, өз еліңде тұрғанға жетпейтінін түсіндім. Шет мемлекетте уақытша тұруға болады 10-15 жыл. Ал түбегейлі қалуға қарсымын. Біз қашанғы өзге елдің суын ішін, ауасын жұтып, жерін басып жүре береміз? Қашанғы біз шетелде қалып қала береміз?! Шетелде тыныш, молшылықта өмір сүре берсек, болашағымыз не болады? Болашақта менің балам шетелде өсіп, сол елдің тілінде сөйлегенін қаламаймын. Өзім әжемнің тәрбиесін көргендіктен, келешекте балаларым да қазақы тәрбиеге қанып өскенін қалаймын, – дейді Жадыра Сембай.
 
 
Автор: Нұрсұлу Темірханқызы
 
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 года назад 1719
0 комментариев
О блоге