Әйелдер жайлы қырық хадис. Бірінші хадис: Әйелдің үйінде отырғаны абзалырақ

 

Алғысөз


الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام الأتمان الأكملان على
خير خلق الله أجمعين وعلى آله وصحبه الطيبين الطاهرين
ومن تبعهم بإحسان إلى يوم الدين و بعد

Мен Әбу Әли әл-Әшғаридің, Алла оған жар болсын, «Әйелдер жайлы қырық хадис» кітабын мұқият оқып шықтым. Оқып шығып, бұл кітапты өте пайдалы, түсінікті және өзекті деп таптым, әсіресе, әйелдер үшін. Жыныстардың теңдігі жайлы феминистік ұрандардың көмегімен ислам үмбетін әдеп-инабатынан жұрдай етудің түрлі амалдары жасалып жатқан біздің заманымызда әйелдер Исламның оларды жоғары дәрежеге көтергені жайлы, осы үмбеттегі өздерінің ана, қыз, әпке-қарындас және жар ретіндегі рөлдері жайлы ойланулары тиіс.

Әбу Әли әйелдерге қатысты хадистерді бір кітапқа жинақтап, өте маңызды  міндетті атқарып шықты. Енді Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баға жетпес сөздерін адамдардың өздері оқуларына мүмкіндік туды. Әркімнің өз құқықтары мен міндеттері бар. Салауатты қоғам соларды орындауға негізделген. Сіздер осы кітапты оқып шыққаннан кейін әйелдердің қандай құқықтары барын, оларға қандай міндеттер жүктелетінін, Исламда оларға нендей айрықша дәреже берілгенін және олардың қандай қасиеттерге ие екендерін түсінесіздер.

Автор хадистердің сенімді түсіндірмелері  мен үмбетіміздің мәртебелі ғұламаларының пікірлерін келтіріп, бұл кітаптың құндылығын одан әрі арттыра түскен. Бұл оның академиялық  дайындығы мен өзінің ғылыми жұмысына деген адалдығынан хабар береді. Оған Алланың игілігі болсын! Лайым Алла осы жинақты оны құрастырушы үшін осы дүниеде және ақыретте игіліктің көзі еткей. Әмин.

Лайым Алла Тағала бұл кітаптан барша жанның пайдаға кенелуін нәсіп еткей, оны жазу үшін сіңірілген еңбекті ізгі амал ретінде қабыл алып, осы құнды жұмысқа ат салысқандардың бәрін сауапқа бөлегей. Әмин.

Уәссәләм.

Сухайль Тармахомед,
Дурбан, ОАР
  

بسم الله الرحمن الرحيم

Модернизм мен техникалық ілгерілеу ғасырында жанға жайлылық пен тыныштық сыйлау мақсатында ойлап табылған сан қилы құралдарға қарамастан, адамдарға рухани тыныштық пен ризалық жетіспейді. Олай болатын себебі – адам жан-дүниесі тыныш және көңілі тоқ болуы үшін адамгершілікке шақыратын дұрыс тәртіпке бағынып, еруі қажет. Ол тәртіп – Ислам.

Шариғат әйелдің табиғатымен санасады. Шариғаттың әйелдерге қатысты үкімдері әйелдің табиғи болмысына үйлеседі, оның ар-намысын сақтап, бақытқа жетелейді.

Жалпылай айтар болсақ, әйел адам ер адамның өмірінде төрт түрлі рөл атқарады. Ол – аяулы ана, асыл жар, қадірлі әпке-қарындас немесе қыз. Осы рөлдердің әрқайсысы еркекке үлкен ықпалын тигізеді.

Егер әйелдің иманы болса және өз дінін білсе, онда ол ана ретінде балаларын Шариғат талаптарына сай бағып-қағады. Жар ретінде күйеуіне адал болады. Әпке-қарындас ретінде ағасына немесе інісіне қиындықтарда демеу болады. Қыз ретінде әкесіне қамқорлық танытады. Осылайша, әйел өмірге сән де береді, мән де береді.

Әбу Әли (Алла оған жар болсын), әйелдер туралы осы жинақты құрастырып шығыпты. Мен оны зер сала оқып шықтым да, өте түсінікті, толық және әмбебап деп таптым. Бұл кітап әйелдердің өмірінің көптеген қыр-сырларын қамтиды.

Аталмыш кітап Әбу Әлидің ғылымдағы жоғары деңгейі мен тұрмыстық өмірдегі білімін көрсетеді.

Алла Тағаладан осы кітапты құрастырып шығуда төгілген терді қабыл алуын, оны үмбетіміздің әйелдеріне нұсқаулық құралы етуін және Әбу Әлидің (Алла оған жар болсын) бұл дүниедегі және ақыреттегі дәрежесін көтеруін шын жүрегімнен сұраймын. Әмин.

Егер әйел осы қайғы-мұңға толы өткінші өмірден жан тыныштығы мен бақытты іздейтін болса, осы кітапты оқып, онда жазылған ақыл-кеңестерді орындағаннан кейін сұрақтарына жауап табады.

Уа, қадірлі мұсылман әйел, сен осы кітапты оқып шыққаннан кейін қайғы-мұңнан бақытқа апаратын жолды жүріп өтесің, қорлықтың орнын өз-өзіңе деген құрмет басады, сөйтіп, сен сый-құрметке лайықты мұсылман әйел боласың.

[Мүфти] Ибраһим Десаи
Дурбан, ОАР
 
 

بسم الله الرحمن الرحيم
والحمد لله رب العالمين
والصلاة والسلام على أشرف الأنبياء والمرسلين
سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين 


Кіріспе

Біз Алланың қалауымен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сөздерін аударып, түсіндіруді бастағалы отырмыз және әйелдерге қатысты бірқатар шариғаттық шешімдер жайлы баяндамақпыз.

Біздің дініміз әйелді ерекше бағалап, оның мұсылман қоғамындағы рөлін жоғары қояды. Сол себепті, әйелдерге қатысты қандай да бір шариғаттық шешімдер еркектерге арналған шариғаттық үкімдерден өзгеше болса, мұны дініміздің жаулары секілді әйелдерді кемсіту, төмендету деп қабылдаудың қажеті жоқ. Әйел адам мұны өзіне деген Алланың ерекше қамқорлығы және қорғанышы деп білгені жөн. Алла Тағала Өзінің әмірлері мен тыйымдары арқылы біздің әрқайсымызға қоғамда алатын орнымызды, атқаратын әлеуметтік рөлімізді көрсетеді. Біз сол рөлде ғана шынайы бақытқа қол жеткізе аламыз.

Ғұламалардың кейбір түсіндірмелерімен бірге келтірілген мырзамыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы сөздері оқырмандарға пайда әкелер деген үмітіміз зор. Тауфиқ тек Алладан ғана.

 

Бірінші хадис

Әйелдің үйінде отырғаны абзалырақ


عن ابن عمر - رضي الله تعالى عنه - قال: قال رسول الله - صلى الله عليه وسلم
أخرجه أبو داود وابن خزيمة » لا تمنعوا نسائكم المساجد، وبيوتهن خير لهن « :-


Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген: «Әйелдеріңді мешітке барудан қайтармаңдар, бірақ, олар үшін үйлері жақсырақ» (Әбу Дәуд пен Ибн Хузейма).

Бұл – әйел адамның мұсылман қоғамындағы орнын реттеп отыратын және Алла Тағаланың оған берген жұбайлық және аналық рөліне қатысты өте маңызды хадистердің бірі.

Дініміздің даналығы Алланың әйелдерге жақсы жар және жақсы ана болуды әмір еткенінде ғана емес, сонымен қатар, Жаратқан Иеміз бізге осыған қатысты бірсыпыра шариғаттық үкімдерді берді. Сол үкімдерді орындау арқылы әйел Алланың разылығына жетіп, жақындарының махаббатына ие бола алады.

Мұның негізі - әйел адамның үйінде отыруы керектігінде және оның үйінде болуы – Алланың разылығына бастайтын жол. Мешітке парыз етілген жұма намазына немесе абзал болған жамағат намазына бара жатқан ер адам Раббысының Рақымына ұмтылғаны секілді, Алланың әміріне бағынамын деген ниетпен әрдайым үйінде отыратын әйел де, ерлермен салыстырғанда,бәлендей күш жұмсамай-ақ өзінің Раббысына жақындай түседі.

Бірақ, сонымен бірге, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) негізін айқын көрсетіп, ерлердің өз жұбайларына  мешітке баруға тыйым салмаулары керектігін айтқан.

Алайда, біз Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерін қандай да бір бөлімге қатысты хадистердің бәрінен хабардар күйде шариғаттық үкімдерді шығарған және өздерінің білімдеріне сәйкес, белгілі бір шарттар қойған фақиһтердің сөздерімен саралап түсінуіміз керек.

Біз, иншАлла, әйел адамға қай кезде мешітке баруға болатынын ханафи және шәфиғи мәзһабтарына сәйкес егжей-тегжейлі баяндап береміз.
 
Ханафи мәзһабы

«Әл-Мухтар» мәтінінің авторы былай дейді:

ويكره للنساء حضور الجماعات 

«Әйел адамдардың жамағат намазына қатыспағандары жөн».Содан соң автор «Әл-Ихтияр» шархында мұны былай түсіндіреді:


: - لقوله - عليه الصلاة والسلام
بيوتهن خير لهن « ولما فيه من خوف الفتنة « 
وهذا في الشواب بالإجماع . أما العجائز فيخرجن في الفجر والمغرب والعشاء .
وقال يخرجن في الصلوات كلها لوقوع الأمن من الفتنة في حقهن . وله أن الفساق
ينتشرون في الظهر والعصر وفي المغرب يشتغلون بالعشاء ، وفي الفجر والعشاء
يكونون نياما ، ولكل ساقطة لاقطة ، والمختار في زماننا أن لا يجوز شيء من ذلك
لفساد الزمان والتظاهر بالفواحش 


«Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар үшін үйлері жақсырақ», - деп айтқандығы себепті. Өйткені, олардың үйлерінен шығуы бүлік тудыруы мүмкін. Ғұламалардың бірауызды пікіріне (иджма) сәйкес, бұл жас қыздарға қатысты. Ал, егде жастағы әйелдерге келер болсақ, олар таң (фәджр) намазына, ақшам (мағриб) намазына және құптан (иша) намазына шыға алады. Ол былай деді: «Олар барлық намаздарға қатыса алады, себебі, олар бүлік тудырады деген қауіп жоқ. Бірінші пікірді қолдайтын жайт: күнәһарлар көшеге бесін (зухр) және екінті (аср) намаздарының уақытында  шығады, ал, ақшамның кезінде кешкі астарын ішеді, таң намазы мен құптан намазы кезінде ұйықтап жатады. Бірақ, біреу болмаса біреу табылады, сол себепті, қазір заман бұзылғандықтан және күнәға белшесінен батып жатқандар көп болғандықтан, мұның бәріне жол бермеген дұрыс».

«Әл-Ихтиярдың» авторының осы сөздерінен әйелдердің жамағат намаздарына қатысуы құпталмайтындығы түсінікті.

Кейбіреулер: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рұқсат еткен нәрсені қалайша құпталмайды деуге болады?!» - деп сұрауы мүмкін.

Осыған жауап ретінде біз мұсылмандардың анасы Аишаның (Алла оған разы болсын) сөздерін келтіреміз:
 

لو أن رسول الله صلى الله عليه وسلم رأى ما أحدث النساء لمنعهن المسجد كما منعت نساء بني إسرائيل رواه البخاري ومسلم 

«Егерде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдердің қазіргі халін көргенде,бану Исраильдің әйелдеріне тыйым салынғандығы секілді, барша әйелдерге мешітке баруға тыйым салар еді»
 (Әл-Бұхари мен Муслим).

Аишаның (Алла оған разы болсын) заманында-ақ сондай азғындық орын алған болса, бірде-бір әйел бөгде адамдардың назарынан қорғалмаған, ал, Алланың әміріне бойсұынып, бүркенген иманды әйелге дінсіздер мен нағыз күнәһарлар ерекше қызығушылық танытып жатқан қазіргі заман жайлы айтпасақ та болады!

Шәфиғи мәзһабы

Имам әр-Рамли «Нихаят әл-Мухтаджда» былай жазады:
 
ويكره لها حضور جماعة المسجد إن كانت مشتهاة ولو في ثياب مهنة ، أو غير مشتهاة وبها شيء من الزينة أو الريح الطيب 

«Әйел адам тартымды болса,тіпті үстіне ескірген, өңсіз киім кигендігіне қарамастан, мешіттегі жамағат намазына қатыспағаны абзал, яки тартымсыз болса да, сәнді киінген немесе үстіне әтір сепкен болса да».

Имам әш-Шәбрамулси «тартымды» деген сөзді былай түсіндірген:

ومن المشتهيات الشابة وإن لم تكن ذات ريح ؛ لأن هيئتها تعلم 

«Тартымды әйелдерге жас қыздар жатады, олар үстілеріне әтір сеппеген жағдайда да, өйткені, олар (жас қыздар) бірден танылады».

Біз имам әр-Рамлидің осы айтқандарына қарап, жас әрі тартымды қыздың үстіне әтір сеппесе де және адамдардың назарын өзіне аудармайтындай қарапайым киінсе де, мешіттегі жамағат намазына қатыспағаны абзал екенін түсінеміз.

Қарапайым киінген және үстіне әтір сеппеген тартымсыз әйелге жамағат намазына қатысу рұқсат етіледі (мубах). Әйтпеген жағдайда, оның да мешітке баруы құпталмайды.

Имам ән-Нәуәуи «Әл-Мәджму`да» осыған түсініктеме берген:

وإن أرادت المرأة حضور المسجد للصلاة قال أصحابنا : إن كانت شابة أو كبيرة تشتهى كره لها وكره لزوجها ووليها تمكينها منه

وإن كانت عجوزا لا تشتهى لم يكره ، وقد جاءت أحاديث صحيحة تقتضي هذا التفصيل
 

 

«Егерде әйел адам намаз оқуға мешітке барғысы келсе, бұл жайында біздің ғұламаларымыз былай деген: “Егер ол жас болса, не жас болмаса да, көрікті болса, оның мешітке бармағаны абзал және оның күйеуі мен уәлилерінің мұны рұқсат етпегендері абзал. Ал, егер ол мосқал тартқан, шырайсыз әйел болса, мұның сөкеттігі жоқ. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін талдаған сенімді хадистер осыны растайды».

Бірақ, мәкрух (ұнамсыз амал) харам (тыйым салынған) деген сөз емес. Сол себепті, егер қыз бала, дегенмен, мешітке баруға бел буса, онда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сахаба әйелдерге берген әмірлерін орындағаны жөн:

إذا شهدت إحداكن المسجد فلا تمس طيبا

«Егер араларыңдағы әлдекім [әйелдер] мешітке барар болса, үстіне әтір сеппесін»
 (Муслим).

Сондай-ақ, Әбу Хурейрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген:

لا تمنعوا إماء الله مساجد الله ، ولكن ليخرجن وهن تفلات رواه أبو داود 

«Алланың құлдарына (әйелдерге) мешітке баруға тыйым салмаңдар, бірақ, олар үстілеріне әтір сеппей шықсын» (Әбу Дәуд).

«Фәтх әл-Бәридің» авторы иіссуды пайдаланудың мәкрух екендігі жайлы сөздерді түсіндіре келіп, былай дейді:
 

ويلحق بالطيب ما في معناه لأن سبب المنع منه ما فيه من تحريك داعية الشهوة كحسن الملبس والحلي الذي يظهر والزينة الفاخرة وكذا الاختلاط بالرجال 

«Иіссуға осы мағынадағы барлық нәрселер жатады, өйткені, бұл тыйымның себебі – оның құштарлықты тудыратынында, яғни, әсем киім де, көзге түсетін әшекейлер де, сондай-ақ, шамадан тыс сұлулық және ерлермен аралас-құралас болу».

Сондықтан, мешітке баратын әйелдер ерлердің назарын аударатын және оларға ұнайтын көз тартымды нәрселердің бәрінен аулақ болулары тиіс.
Ең дұрысын Алла біледі.

Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла 


Жалғасы бар ин ша Алла..


Орыс тілінен аударған Azan.kz

Орысшасы мына сілтемеде: http://azan.kz/article/show/id/8320.html

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
9 лет назад 5545
0 комментариев
О блоге