Түс көрудің анық мәнін түсіндіріп бере алмай келеміз
Түс көрудің анық мәнін түсіндіріп бере алмай келеміз

ҚазАқпарат - Адам баласы атамзаманнан бері ақыл таразысына салып сырын аша алмаған, тылсым құпиялығымен өзіне қызықтырып келген құбылыстардың бірі - түс көру. Тіптен, түрлі технологияны меңгерген бүгінгі заманның өзінде түс көрудің анық мәнін түсіндіріп бере алмай келеміз. Тек, түс туралы айтылатын тарихи өмір ағысының бізге қалдырған түрлі болжамдары, алуан тұжырымдары, қазіргі ғылымның түс жайында зерттеп ашқан жаңалықтары біраз сырға қанықтырады. Әйтсе де, бұл тылсым құбылыс түпкілікті ақиқатына жеткізер емес.

Түс көру - қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі. Түс көруді физиологиялық тұрғыда түсіндірген академик И.П.Павловтың пікірі бойынша ұйқы кезінде ми клеткаларының қызметі толық тежелмейді, кейбір бөлімдері ояу қалпындағыдай жұмыс істей береді. Ми қыртысының осындай бөліктерін «күзетші пункт» деп атайды. Күзетші пункттерде адамның бұрынғы көрген, естіген, дәмін татқан нәрселердің бейнелері (бейнелі ойдың ісін басқаратын оң жақ ми сыңарында) қайта «тіріледі». З.Фрейд түс көрудің айқын мазмұнымен қатар тылсым астары да бар, сондықтан түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі деп білді. К.Юнг бойынша түс көру адам санасынан тыс, оның рухани дүниесіндегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын, болашақты болжайтын транценденталды құбылыс деп санады. (kk.wikipedia.org).

Осылайша, М.И.Сеченов түс көруді «үйреншікті әсерлердің әдетте болмаған қисындауы» деп есептесе, И.П.Павлов бойынша, «түс көру көбінесе ескі тітіркендірулерден қалған ізден туады». К.Юнгтың айтуынша, «түс көру - ұйқы кезіндегі психикалық әрекеттің қалдығы және өткен күннің ой әсері мен көңіл-күйі» дейді.

Ғылыми дәйектемелер мен болжамдарға сүйенсек, түс көрудің бес түрлі себебін төмендегідей түсіндірген.

1. Ерекше әсер қалдырған, күндіз өңінде көрген жайлардың, ойлардың әсерінен түс көру. 2. Күндіз істеген шаруаларға, жұмыстарға байланысты түс. 3. Ауырған себепті көрген түс. 4. Аян беру. 5. Жанның мазасыздануына байланысты түс көру.

Осылай қисынға келтірсек те, бұл анықтамалардың аясына сыймайтын құбылыстар да көп. Ұйқыға кеткен ми ойда жоқ картиналарды қалай көз алдымызға әкеле алады? Мұнымен қатар, бір түс шындыққа жанасса, енді бірде адам сенгісіз күйде болады. Мысалы, үйіңіздегі бөлмелердің орны ауысады немесе сіз бұрын-соңды жақсы танитын адамдар өздеріне ұқсамайды. Және өміріңізде мүлдем көрмеген бейтаныс адамдар кездеседі.

Адам өмірінің 1/4 бөлігін ұйқыға және оның 6 жыл уақытын түс көруге жұмсайды. Адам ұйқыдан тұрғанда көрген түсінің жартысын ғана есіне түсіреді. 10 минуттан кейін көрген түсінің 90 пайызын ұмытады. Егер түсіңізді еске сақтап қалғыңыз келсе, 5 минут ішінде не көргеніңізді қағазға жазып алуыңыз керек.

Түсте құлап бара жатқан сияқты сезім кешу ұйқының алғашқы сәтінде орын алады. Ол бұлшық еттердің тартылып қалуынан, яғни басқаша айтқанда «миоклоникалық соққының» себебінен туындайды.

Хартфордшир университетінің профессоры Ричард Вайзманның мәлімдеуінше, тамаша түс көру үшін жағдай жасауға болады және адам жақсы түстен кейін жігерленіп оянады. 2010 жылы iPhone - Dream:ON қосымшасын құру бойынша профессор YUZA компаниясымен бірлесе жұмыс істеуге кіріскен екен.

Аталған қосымша арнайы дыбыстық композицияларды ойната отырып, адамның ұйқыдағы жағдайын байқай алады. Әр композиция жағымды түсті шақыруға арналып іріктелінген. Мысалы, әуенді тыңдаған кезде адамның түсіне ормандағы серуен немесе жағалаудағы демалыс енеді. Осы жағымды көріністің барлығы оятқыш іске қосылған кезде үзіледі. Бұл қосымша бүгінде 500000 мәрте орнатылған көрінеді. Сонымен қатар, адамдардың көрген түстері бойынша миллиондаған есептер жинақталды.

Осы ақпаратты талдағаннан кейін сарапшы тиісті қорытынды шығарды: кейбір әуендер шынымен де адамдардың түсіне әсер еткен. Мәселен, «табиғат композициялары» гүлдер мен өсімдіктері бар түстердің көру мүмкіндігін арттырса, ал «жағалау композициялары» күн мен жағалаудағы серуендер жайында түстерді шақырған.

Жалпы алғанда, жақсы түстер адамдың көңіл-күйінің көтеріңкі болуына және күнделікті жұмыстарды тиімді еңсеруге мүмкіндік туғызды, деп жазады meddaily.

Ұйықтаған кездегі айналада болып жатқан кез келген құбылыс сіздің түс көруіңізге әсер етеді екен. Бұл жайлы АҚШ елінде шығатын «Түс көру» атты журналда айтылады.

Адам ұйықтаған кезде иістің әсерінен оянбаса, иістің тітіркендіруі ұйқыдағы адамды түс шеңберіне алып кіреді. Адам ұйықтағанда, гүлдің хош иісі мұрнына барса, онда шырын түс көреді екен. Егер бір заттың шіріген немесе көмір газы секілді жағымсыз иістері барса, онда үрейлі түстен арылмайсыз. Ұйқыдағы адам кез келген дауысқа сезімтал келеді. Сағаттың шықылдаған дауысы адамды от теңізінің ортасында жүргендей әсерімен мазасыздандырады. Ал теңіз толқынының жеңіл дауысы түсіңізге ләззат сыйлайды. Оянған соң, мойныңызға түскен бар салмақтан жеңілдеп қалғандай болады екенсіз. Сондықтан да, ғалымдар теңіз жағасына саяхаттауды демалыстың ең өнімді тәсілі деп қарайды. Және қарныңыз аш күйі ұйықтасаңыз, қандағы қант құрамы айтарлықтай төмендейді де, адам түсіне азық-түлік, тағам секілді заттар кіреді екен. Бірақ шошып ояну жағдайы көбейеді дейді.

Қазақ дәстүрлі қоғамында да түс көруге бей-жай қарамағанын, мән беріп, мағынасын жорығанын ауыз әдебиеті мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады. Түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, «Түс - балқыған қорғасын» оны жақсылыққа жорысаң - жақсы ниет қабыл болып жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң - жамандыққа айналуы мүмкін деген ұғым бар.

Тарихта болған әйгілі адамдардың шындыққа айналған түстері туралы мысалдар жеткілікті. Мысалы, Абылай ханның түсін өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақталуы деп Бұқар жыраудың жоруы, қайда барса өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, қазақ жерін орыстың басып алу қаупіне алаңдап: «бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деген Асан қайғы бабаларымыздың түсі әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай келе жатыр. Бұған химииялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп барып тапқан әйгілі Д. Менделеевті де қоссаңыз. Ал, Элиас Хоуи (1819-1867) өзінің ойлап тапқан тігін машинасын түсінде көргендігін айтқан. Уильям Шекспир түсінде көрген дүниелерін өзінің пьесасында кейіпкерлерін суреттеу үшін қолданған.

Түс көруде рухани адамға аян берілетіні, ғайыптан болашақтан хабар берілетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер бар. Құранда аты аталатын Жүсіп пайғамбардың (ғ.с.) түсінде аян алуы мен түс жору ғылымын иеленуі Құдайдың құдіреті деп сенеді. Сондықтан түс көру мен оны жору діни және рухани танымға жат емес, адамның рухани өміріндегі, психологиялық халіндегі маңызды құбылыс.

Әбу Хұрайра рауаят еткен хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уәсәлләм) түстің қанша түрге бөлінетінін білдірген: «қиямет жақындағанда, мұсылманның түсі көбіне рас шығатын болады. Сіздердің ең шынайы түс көретіндеріңіз - еш өтірік айтпайтындарыңыз. Түс үш түрлі болады: біріншісі рахмани түс немесе аллаһтың сүйінші хабары, екіншісі шәйтанның көңіліңізге қаяу салуы, үшіншісі адамның іштей өз-өзімен сөйлескен нәрселері. Кімде кім жәйсіз нәрсе көрсе, тұрып намаз оқысын, ешкімге айтпасын» (Мүслим, рүя, 6).

Аллаһ елшісі (с .ғ .с .) «кісі түсін өзі жақсы көретін, парасатты кісіге не абыройлы жанға айтсын. Ол жақсы сөз айтып, жақсыға жорысын» деуімен түсті кез-келген адамға жорытудың жөн еместігін білдірген

Қазақ халқы рахмани түске «түс - тәңірдің аяны», «түс - құдайдың елшісі» деп үлкен байыппен қараса, шәйтани түске «түс - түлкінің тезегі» деп аса мән бермеуге тырысқан.

Бақытжол Кәкеш

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 жыл бұрын 1717
0 пікір
Блог туралы