Қазақта қайыршы болған ба?
Қазақта қайыршы болған ба?

Тақырыпқа қарап жауап бере салмаңыз, бұл мақаланы оқығандардың тоқсан пайызы қайыршыны билеткендер емес сабағандарды мәдениетті деп жауап беріпті. Сондықтан асықпаңыз, әбден оқып болғаннан кейін өз тұжырымыңызды жасарсыз.

Қазақ даласында бұрын мойнына дорба асынған немесе бүкшиіп алақан жайған қайыршы болмаған. Дәлелі көп-ақ. Жазушы Мұхтар Мағауин «Мен» дейтін кітабында Алматыға алғаш келгенде қайыршы көргенін, оған соншама таңырқағанын қайталап-қайталап жазады. Сонда қазақта жан баға алмас кедей болмады ма? Болды әрине. Енді, олар қайыр сұрамаса қалай өмір сүрді? Қандай жүйеге, қазірше айтсақ олар қандай мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламалармен қамтылды?

Намыс! Тағы да сол намыс! Әулеттің, рудың, ауылдың намысы! Қанына сіңген қағида. Көзге көрінбес бағдарлама болған қазақта.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алтайдың арғы бетінде мынадай бір оқиға болыпты. Анда-санда ауыл аралап қайыр сұрап жүретін өзге ұлт өкілдерінен (ұйғырлар көп болушы еді) көріп, жоқшылықтың тақсыретін әбден тартып сіңірі шыққан бір қу кедей қайыр сұрай қоймақшы болып көрші ауданға өтіп, ауыл аралай бастайды. Қос қоржынды мойынға салып «біссіміллә» деп шеткі үйдің босағасын аттайды. (Бұрын ғана емес, қазір де ол өңірдің көп ауылында есік сыртынан ысқырмай, бірден кіріп келетін баяғы қазақы әдет сақталған). Бір топ кісі шай ішіп отыр екен дейді, қайыршекең: «ассалаумағалейкум» –деп кіріп келгенде жамырай сәлем алған кісілер ығысып төрді нұсқайды. «Құдайы қонақ секілдісіз, төрлетіңіз» -деп бәйек болады. Қанша дегенмен қайыршы ғой, қысыла-қысыла төрге шығады. Қырсыққанда өзі де қонақ күтіп отырған үйге тап келген екен, төредей болып төрде отырғанына қынжылып қипақтайды. Алдыға ет келіп, үлкендер бата сұрайды. Қайыршекең қатты қысылады. «Өздеріңіз жасай беріңіздер» десе, «Құдайы қонақсыз» деп бұлар қоймайды. Содан не керек, батаны жасап, етті жеп болғаннан кейін жөн сұрасу басталады. Мына бейшара тұқырайып, мұрнының астынан міңгірлеп руын керей, найман дегендей үлкендетіп айтса, отырғандар оған қанағаттана ма, ары қарай қазбалайды. Сөйтіп оның кім екенін, кімнен алыс, кімге жақын дегендейді сөз етісе келіп, қасында отырған еңгезердей біреуіне «сенің туысың екен» деп иек қағады. Анау да бас изеп, ізет қылып жолаушыдан жүрген жайын сұрайды. Сәл тосылып отырып, «Қайыршы едім» дейді мына қасқа. Бағанадан бергі сыйластықтың нүктесі сол арада қойылады. Әлгі еңгезердей туысы жауырынынан қаусыра ұстап орнынан тік тұрғызады. «Кет бұл жерден!», «Көзіме көрінбе ит!», «Қазақтан қайыршы шығыпты дегенді естімеп едім, сен боп шықтың ба, доңыз!» деп әлгі бейшараны сүйреп ала жөнеледі. Жұдырығы да тиіп кетеді. Күні кіжінумен өткен кедей емес пе, «Қатын-баламды сен асырайсың ба?» деп кетік тісінің арасынан жылтыңдаған қызыл тілін бұл да тартпайды. Отырғандар әрең арашалап алады.

Сонымен, бұл дау сол жерде бітпейді. «Қайыр сұраймын ба, садақа сұраймын ба, өзім білем» деп онан сайын өршиді. Еңгезердей туысы да алған беттен қайтпайтын адам екен, мұны байлап-матап ауылына апарады. Туыстарының ортасына салады. Жиналған ауыл ақсақалдары жағаларын ұстайды. «…Енді қайыршы шықса, бұл ауылдың адамы сыртта қалай бас көтеріп жүреді?» деп әлгі «малтапқышқа» шетінен төнеді. Айнала жұртқа бірді-екілі мал әкеліп беруін, оны төлінен қайтаратын қылып орналастырады. Ру намысы, ауыл намысы деген осындай болған еді-ау…

Кейін анау кісіден құрдастары «қалай, қайыршы болған қиын ба екен?» деп сұраса, «қайыршы болған қиын емес, қазақ болған қиын екен» дейтін көрінеді кінәсін мойындап. Онысы қазақ бола тұрып қайыршы болуға болмайды екен дегені ғой. Сол сөзі жұртқа тарап кетіп еді. Расында қайыршысы жоқ ел едік қой…

П.С: Бірде «болашақтың» оқуы соғып, миы ауысып қалған бір танысым: «Қанша дегенмен батыста мәдениетті ғой, қайыр сұраса да гитара тартып, ән айтып, би билеп дегендей алдымен өнер көрсетіп, ақшаны еңбек сіңіріп алады» -деді. Күлдім де қойдым. «Айырылып Қамажайдан отырғанда, келеді қай жерімнен ойын-күлкі» демекші, қайыр сұрап тұрған адамның қайбір ән айтқысы, би билегісі келеді дейсің? Анау дегеніңіз таза қорлау ғой! Көшеде билеп қайыр сұрап тұрған адам бағдарламасы қуып кеткен техника секілді елестейді. Соған дейін мәжбүрлеу… оның ән-биінен ләззәттану… оңашада күш көрсетіп ұрып күлдіргендей қорлық! Түсіне алмаймын… Қайыршыны билеткен батыс мәдениетті ме, сабаған қазақ мәдениетті ме?..

Ғажап еді ғой қазекем!..

Ұларбек Нұрғалымұлы, namys.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 5103
0 пікір
Блог туралы