Элла Ким қазақ ер азаматына тұрмысқа шыққан корей ұлтының өкілі. Осыдан 40 жыл бұрын бір ауыз сөз қазақша білмей, қазақ салт-дәстүрінен хабары жоқ қалыпта қазақ ауылына келін болып түскен. Қарағанды облысы Бидайық ауылына тұрмысқа шыққан Элла бүгінде үш бала мен немерелер тәрбиелеп отыр. Айтуынша, бастапқыда өзінің әкесі де, жұбайының анасы да некелеріне қарсы болған. Соған қарамастан, кейіпкеріміз енесінің тілін тауып, батасын алған, барған жеріне судай сіңген. Stan.kz тілшісі Элла Киммен сұхбаттасып, қазақ және корей халқының дәстүрлерінің ұқсастықтары, ең алғаш келін болып босаға аттағанда түсініксіз болған ғұрыптар, қазақ тілін қалай үйренгені жайлы сұхбаттасты.
Элла Ким Қарағанды облысы Саран қаласында туып өскен. Осы қалада мектеп бітіріп, 1977 жылы зооветеринарлық техникумға түседі. Жұбайымен де сонда танысады. Бір жылдан кейін 18 жасында Қарағанды облысы Бидайық ауылының азаматына тұрмысқа шығады.
“Қазақ азаматына тұрмысқа шығамын деп ойлаған жоқпын”
“Әкем мен анам 1954 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан қоныс аударған. 1959 жылы мен дүниеге келдім. Жұбайым екеуміз техникумда таныстық. Қазақша сөйлей алмайтынмын, тілді түсінбейтінмін”, – дейді қазақ отбасының отанасы.
Айтуынша, қазақ азаматына тұрмысқа шығамын деп ойламаған.
“Жолдасыммен екі рет таныстым, артымнан қалмай жүрді. “Маған келме” деп оны қуғаным да бар. Басқа ұлттан екенімді, болашағымыздың жоқ екенін айтатынмын. Ол қайта-қайта келе берді, ықыласы мол еді. Осылайша осы кісіге тұрмысқа шығу бұйырыпты.
Жолдасымның әке-шешесі маған қарсы болды, ұзақ уақыт қабылдамады. Әкем басқа ұлтқа тұрмысқа шығып бара жатқанымда қатты жылады: “Ауылда қалай тұрасың?” деп мені райымнан қайтармақшы болды. Содан кейін жұбайымды танып-білген соң көнді, қонаққа келіп тұратын болды.
Келін болып түскенде ауылдағы жиенім қолдап, білмегенін үйретіп жүретін. Көршілерім, соның ішіндегі ауылдағы үлкен әже қамқорлық танытты. Басқа ұлт екеніме қарамастан ауылда үлкен кісілер мені аяды ма, әйтеуір бар қолдауын беріп, білетінін үйретті. Жалпы қазақ халхы мейірімді, қонақжай халық қой”, – дейді Элла Ким.
Элла Ким жас кезінде
Сиыр саууды үйрендім
“Ата-енем қатал еді, өзге ұлт екенімді жақтыртпайтын. Бір бала туған соң, “Осы баланы ал да, кет!” деп ұрсатын. Басқа ұлт екенімді бетіме көп басты. Енемнен қатты қорқатынмын, тіпті дірілдеп кететінмін. Бір күні кетейін десем, жолдасым қарсы шықты. “Тұра бер, ешқайда кетпе, тыңдама ешкімді” деді. Қазақша жөнді түсінбеймін, айқайдың себебін де ұқпаймын ғой.
Енем ұрысып жүріп сиыр саууды да үйретті. Алай тартып, былай тартып, қалай сауу керектігін түсінбей дал болдым. Үйдің сиырлары үлкен, енемнің сөздері зілді болды. Айқайға басып, ұрсып шығатын. Келіндік қызмет кезінде он төрт сиыр, он екі бие сауатынмын. Қазір енді барлығы жайлауда”, – дейді қазақ ауылының келіні.
Тек арада бес-алты жыл өткен соң енесі жұмсарып, Элланы қабылдапты.
“Енеммен құрбыдай болдық”
“Осылайша уақыт өте келе енеммен құрбы болып алдық. “Элладан артық ешкім жоқ, қазақтар керегі жоқ. Элла болса болды” деп айтатын болды. Ол кісі менің қолымда қайтыс болды. Сонда қайын-сіңілілеріме: “Элланы, ренжітпеңдер” деп айтып кетті. Осының бәрі шыдамдылығымның арқасы деп ойлаймын.
"Енеммен екі жыл бірге тұрдым, содан соң бөлек үйге шықтық. Соның өзінде үлкен үйге барып, үй шаруасын істеп, кірін жуып, тамағын істеп кететінмін, күні бойы сонда жүремін. Енем қайтыс болғанша сол үйдің қызметінде жүрдім", – деп есіне алады ол.
Қазақ отбасына келін болып түскен Элла жас келіндерге де кеңестерін айтты.
“Қазіргі келіндер енесі жай ғана дұрыс қарамаса бәле шығарады. Бала кезден бастап қыз балаға дұрыс тәрбие беру керек. Себебі ол басқа отбасына барады. Ал әр отбасының өзінің заңдары бар. Енені тыңдау қажет, ұрыспай, қарсы сөйлемей бойұсыну керек.
Әке-шешем мені үлкен кісілерге қарсы сөз айтпа деп үйреткен. Осыншама жылда бір ауыз қарсы сөз айтқан емеспін. Қайткенімен, енем – жолдасымның анасы. Ал үлкен кісілерді сыйлау қажет. Қайын жұртым мені жақсы көреді, сыйлайды, сол үшін де бір жағынан өзіме деген мақтаныш сезімі пайда болады”, – дейді Элла Ким.
Элла Ким отбасымен
“Қазақ тілін енем үйретті”
Бүгінде 62 жастағы кейуана ауылындағы Мәдениет үйінде меңгеруші болып жұмыс істейді. Үш бала, немере сүйіп отыр.
Айтуынша, қазақ тілінде сөйлеуді енесі үйреткен.
“Орыс тілінде білім алғандықтан қазақша бір ауыз білмедім. Енем қатал еді, қазақша сөйлейді, айқайлап, ұрсатын, мен оның не айтып жатқанын түсінбеймін. Ептеп-ептеп үйрене бастадым, тұрмыстық сөздерді біліп алдым. Әрине, акцент сезіледі. Сонда да ұялмай сөйлеп жүремін.
Тілдің грамматикасын Мәдениет үйінде үйрендім. Көп сөздерді осында білдім. Уақыт өте келе қазақша кітаптар оқып, жазу жазатын деңгейге жеттім. Концерттердің сценарийін де өзім жазамын, қазақша кітаптарды еркін оқимын. Дәл қазір Сәкен Сейфуллиннің “Тау ішінде” кітабын оқып жатырмын”, – дейді Элла Ким.
Элла Ким енесінен қазақ тілін ғана емес, ұлттық тағамдар: бауырсақ, шелпек пісіру, нан илеуді де үйренген. Бүгінде қазақ тағамдарының барлығын жасайды, ет асады, нан илеп, жаяды. Бос уақытта тігін тігу, тоқумен айналысады.
Элла Ким жұмыс барысында
Қазақтар мен кәріс халықтары дәстүрлерінде ұқсастықтар бар
“Үлкен кісілерді сыйлау, қарсы сөйлемеу корей дәстүрінің қазақ дәстүрімен ұштасқан жері. Отбасыммен тұсау кесер, сүндет той, тілашар жасап, дәстүрлерді ұстанамыз. Ұлт дәстүрін сыйлап, балаларыма сіңірдім. Қазақ салт-дәстүрлеріне сусындатып өсірдім”, – дейді Элла Ким.
Ол балаларына қазақ есімдерін бергендерін айтады: Айнаш, Жасұлан, Руслан. Олар қазақ тілінде сөйлейді, ұлттық тағамдарды да жасай алады екен.
“Онымен қоса, енді корей халықтарының тағамдарын да үйреттім. Оның ішінде кукси, кимчи салаты, орамжапырақпен, балықпен жасалатын түрлі тағамдарды жасауды үйреттім. Бірақ біз үшін қазақ дастарқаны әрдайым бірінші орында”, – дейді ол.
Шашуды көргенде “адамдар не үшін аспанға кәмпит лақтырып жүр” деп ойладым
Бастапқыда келін болып түскенде кейбір қазақ дәстүрлері мен салты түсініксіз көрінгенін айтады.
“Енем бірден тегене мен шалбар беріп, осыны жу деді. Соны жуып отырдым (күледі-авт.). Ауылдан кісілер келіп шашу шашқанда мұндайды көрмеген маған қызық болды. Адамдар не үшін аспанға кәмпит лақтырып жүр деп ойладым. Енем ет асып, сүр етті дастарқанға қойды. Алғаш рет оны жеген кезде біртүрлі қатты көрінді, ұнаған жоқ. Қайындарым сүрленген етті жеңіз деп берсе, жей алмай отыратынмын. Қазір үйрендім, өзім құрт жасаймын, ет асамын, бал қаймақ дайындаймын”, – дейді Элла Ким.
Элла Ким келінімен
Келіндерім етті қалай асу керектігін менен сұрайды
Әулетінің отанасы бүгінде келіндерімен арақатынасы жақсы екенін айтады. Кейде олар енелерінен хабарласып, көмек сұрап жатады. Элла Кимнің жұбайы жеке шаруашылығы бар кәсіпкер, екі ұлы мен қызының әрқайсысының отбасы бар.
“Жұбайымның жолдастарының барлығы қазақ, солармен бірге араласып, қонаққа барып жүреміз. Құдаларымыз бар, олармен де етене жақын араласамыз. Кіші ұлым Еуразиялық Ұлттық университетті бітірді. Назарбаев мектебінде жұмыс істейді. Екі келінім бар. Олар қазақ отбасыларынан шыққан соң бәрін өздері де біледі. Әрине, менен ақыл сұрайтын кездері болады. Келіндерім жақсы, мені сыйлайды. Қонақ шақырып жатса, “қандай ет салу керек”? деп сұрап жатады. “Жілік, жамбас, омыртқа, бас саласың” деп тізіп шығамын, білгенімді үйретемін”, – дейді Элла Ким.