Мәдениеттанушы, қытайтанушы Мұрат Әуезов Аспанасты елінің бүгінгі болмысы мен болашақтағы әрекетін дәл болжаған сияқты.
– Қытайтанушы ретінде іргеміздегі көршімізге қатысты пікіріңізді білгіміз келеді. Қазақстанға Қытайдан төнер қауіп қаншалықты? Нақты қатер бар ма? Әлде бұл әншейін үрей ме?
– Өзімді қытайтанушы санамаймын. Мәскеуде қытай тілін оқыдым. Міне, сол кезде тілді ғана емес, тұтас елді зерттеп білдік. Мен Қытайдың әскери терминологиясын жақсы меңгергенмін. Себебі, мен оқыған институтта әскери кафедра болды.
– Әскери кафедраның болғаны да тегін емес қой?
– Иә. Қытай тіліне, оның ішінде Қытайдың әскери лексикасына терең мән бергізіп оқытты. Біздерден соғыс бола қалған күнде қажет болатын тілмаштар дайындады.
– Демек, сіздер әншейін студент болмағансыздар, солай ма?
– Бәлкім. Кейін мен Қытайда елші болдым. Кей кездері әңгіме-дүкен құрып отырған адамдарды әскери терминдерді терең меңгергеніммен таңғалдыратынмын. Ең қызығы, ол терминдердің мағынасын орыс тілінде емес, қытай тілінде жақсы түсінетінмін.
– Бейжіңнің Қазақстанға қатысты саясаты қаншалықты өзгерді?
– Қытай қоғамы өзінің әлуеті мен айбыны қаншалықты зор екенін соңғы кездері нақты бағамдай бастады.
Қытайдағы дипломатияның деңгейі жоғары. Ол әлемдегі алпауыт елдерге ғана емес, сонымен бірге қытай халқына да бағытталып отыр.
Мен Шыңжаңда, Бейжіңде болғанмын. Соңғы уақытта қытай халқының ішкі «мені» өсіп келеді. Өзінің қаншалықты алпауыт екенін сезіну және қаласа кез-келген мемлекетті тізе бүктіреріне деген сенім күн өткен сайын күш алуда. Бұл қалай көрініс береді десеңіз, қытайлықтардың бойында мемлекетін жер-әлемнің кіндігі санайтын түсінік қайта «тірілуде».
– Жалпы біздің Қытай туралы түсінігіміз қаншалықты кең? Сыртқы қауіп-қатерді сөз қылғанда Қытайдың бір күнде құбылып шыға келмесіне кім кепіл?
– Міне, сондықтан да Қазақстанға Қытай институты керек. Көршімізді терең зерттеп тануымыз қажет. Қытайдың өз ішінде не болып жатыр? Іштегі дүние елдің сыртқы саясаттағы ұстанымына қалай әсер етеді? Қытай Қазақстанға қатысты не ойлайды? Қытай институты құрылған жағдайда осындай істермен айналысқаны жөн.
– Ендеше Қытай ғана емес, Ресей және АҚШ институтын да құру керек қой?
– Кем дегенде Ресей мен Қытай институты қажет. Бұлар біздің дәл іргеміздегі көршілер, сонымен бірге стратегиялық әріптестер.
Бұл елдердің болмысын, табиғатын басынан-бақайына дейін білу үшін арнайы кадрлар дайындау аса маңызды.
– Қытайды да, Ресейді де бір кісідей білетін ғалымдар бар ғой?
– Ғалымдар аздық етеді. Арнайы қызмет мекемелерінің белгілі бер елге қатысты жедел әрі өзекті ақпараты қажет. Сыртқы қауіпсіздікті сақтау дегеніміз осы.
Алайда өз көршілеріміз туралы ойланбас бұрын, алдымен: «Біз кімбіз? Қандай елміз? Қайда барамыз?» деген сауалдарға жауап алуымыз керек.
– Бір сұхбатыңызда сіз «Бейжің Орталық Азияға соққы жасау үшін дайындық жүргізуде» депсіз. Сөзіңізді нақтылай кетесіз бе?
– Бұл арада Орта Азияға әскер немесе әскери техника жеткізіліп жатыр дегенге меңзеген жоқпын. Бұл соққы соғыстан да қауіпті.
Қытай іштегі халықты Қазақстанға жақын маңдағы шекаралық аймақтарға жаппай қоныстандыруда. Ұлы Қытай көші басталуға жақын…
Қазақстанмен шекаралас аймақтарда айналасы бір айдың ішінде алып қалалар бой көтеруде.
Мұндағы халықтың саны миллионнан асады. Бір айда бір қала салатын құрылыс бригадалары Бейжің қажет деп тапса, ертесіне-ақ қолына қару алып, дайын әскерге айналып шыға келеді. Мұндай құрылыс бригадаларының саны Қазақстан халқының санымен тең және олар тікелей Бейжіңге бағынады.
– Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынасқа қандай баға бересіз?
– Қазақстан ешқашанда Қытайға қарата өткір саяси мәлімдеме жасаған емес. Даулы территориялар қатысты түсінбеушілік туындағанда да, шекаралық өзендер мәселесіне келгенде де біз үнсіз қалдық.
– Бұл туралы Қытай не деп еді?
Олар аталған мәселені назарда ұстаймыз деген ресми мәлімдеме жасаған. Алайда шекаралық өзендерді Қытай әрдайым және әркезде өз мақсатына пайдаланып келді. Қытай ешқашанда бұл мәселені екі жаққа да тиімді болатын деңгейде шешуге тырысқан жоқ.
Бұған дәлел Қара Ертіске алып су қоймаларын салды, Ілені бақылауға алды. Қытайдың шаруалары бақша жұмысында пестицидтарды қолданады. Кейін осындай химиялық заттар араласқан су Ілеге құяды. Қапшағайды осындай зиянды заттармен былғанған өзен толтырып отыр.
Бізге Қытаймен арадағы судың көлемі мен сапасын нақты талқылау қажет.
– Қытайдың Қазақстандағы негізгі мүддесі қандай?
– Қытайға қазақтың мұнайы да мен газы да қажет. Бірақ, дәл қазір Бейжіңге Қазақстанда жүрген қытайдың санын арттыру, көбейту маңызды. Себебі, бұл елдің бас ауруы – халық. Халықтың көптігі.
Негізінде Қазақстандағы қытайдың саны сіз бен біз ойлағаннан әлдеқайда көп.
Ал біз ең алдымен өз мүддемізді қорғауымыз қажет. Қытайдың мектептерінде «Қазақстан территориясының бір бөлігі «әділетті түрде» Қытайға тиесілі болуы қажет» деп оқытылады. Бірақ, біз бұған қарсы қандай да бір амал-шара қолданып жатқан жоқпыз. Үнсізбіз.
– Қытайдың экономикалық экспансциясынан құтылудың жолы бар ма?
– Міне, осы үшін де Қытай институты қажет. Қытайды зерттесек оның құпиясын табамыз, әлсіз жерін аңғарамыз. Қазіргі әлемде сенің халқыңның саны қанша екені маңызды емес.
Айталық, Тайванда Қытайды 9 мемлекетке бөліп, 17 ғасырдың картасына қайта оралу қажет деп санайды. Себебі, сол кезде Қытай қазіргідей әлемге үрей туғызатын құбыжық кейпінен айырылады. Мұның бәрі Қытайды зерттеп-білуден туған дүниелер.
Сұхбат «Мегаполис» газетінен аударылды
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ