"МІСКІННІҢ" МӘЗІРІ
"МІСКІННІҢ" МӘЗІРІ

Шариғатымыздың шартында аштардың аузына ас салып, міскіндерді місе тұтып мейман еткендердің қойын-қоныштарына саудырап сауап құйылатыны айтылған. Саумал-сауап пен мөлдір мейірімнің мейілінше ақта-төк дәурені рақымы мол Рамазанда болары анық. Десек те, "ауызашар" деп аталып кеткен ас мәзірін сырттай бақылаған мен сықылды бейбақтарға міскіндерден гөрі мес қарындарды, кедейлер емес кекірігі азғандарды, аштардан бұрын асқандар мен тасқандарды "малжаңдату мейрамы" болып бұлдырайды. Бай мен байғұстың, пақыр мен патшаның ара-қатынасындағы қырық мың керуендік қашықтықты қыршып-қыршып қысқарта түсуге түзілген ауызашар дәстүріне аралас-құраластар тарапынан ара-тұра шақырылғанда, қаужаңдауға қара нан таппайтын, қуануға құрсағы құлық бермейтін Құдайдың құлдарын көре алмайсыз. Аттарынан ақылың алжасатын ас мәзірінде арғысы "қажылық саяхатының" бірнеше дүркін чемпиондары, бергісі сол атақты алдағы арманы, межелі-мақсаты еткендер қауқылдасып жатқаны. "Әрдайым аштықтың аласапыранында алпарысқандардың асы мен мүсіркелетін міскіндердің мәзірінде бұлардың не ақысы бар?" деп бейшара жүрек жұлқынып-жұлқынып қояды."Дін дәстүрге қайшы келмеу керек" (негізі керісінше) деген "алтын ереженің" негізінде дәулеттілердің дастарханына айналған аштар асханасының алапатын ақтап алуға айла іздей бастадым... Ақыры "алтын ережеден" мардымды медет бұйырмаған соң, ақылыммен ақылдасып отырып "Иә, міскінбіз,- деп шештім. Міскінбіз, пақырмыз, ашпыз, кедейміз" дедім. Ауызашар болмаса бір-біріміздің кем-кетігімізді білмейтін, "кел-кетпен" ісі жоқ, кісі киік кейпіне кірген кедейміз. Міскіндерді мейман еткен мұндай мәзір болмаса туған-туыстың тыныс-тіршілігінен тысқары, пейілімізде пенде сүйер пиғылы жоқ пақырмыз. Виртуалды лабиринттің ішінен аман алып шығатын "мәре-сәре", "емен-жарқын" есімді есіктерді таппай ентігіп жүрген пақырмыз. Адамдардың ақ көңіліне, боямасыз бауырмалдыққа, дүдамалсыз діндарлыққа, межесіз мейірімге ашпыз. Ойпырмай, ауызашар атты ас мәзірі болмаса адамдгершіліктен адыра қалып, "аралас-құралас" деп аталатын абылхаяттың дәмін ұмытқан күйі арғы өмірге аттанып кетердің аз-ақ алдында екенбіз ғой! Ендеше, бұл ас мәзірінің мейманы біз емей кім?! 

Уа, құрсағы күн құрғатпай құлқын сәріден қиқулап құтын қашырған Құдайдың құлдары! Бізге бір "исәр" рухынан дем үрлеп, мәзірлеріңе мейман етіңдер. Тәннің тәбетінен, жанның жұтынуы күштірек болып тұр. Сендердікі тәннің талабы, біздікі жанның жанайқайы. Жанымызды жадыратып, рухымызды тойдырғанша күдер үзбей күте тұрыңдар! Алла қаласа, армандарыңа айналып үлгерген асханамызға бір соғарсыңдар...

Ермек Есқожа 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 4652
0 пікір
Блог туралы