Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде не өзгерді?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде не өзгерді?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтып берді.

F: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің Қазақстанға енгізілгеніне 1 жылдан аса уақыт өтті. Дәл сол кезде елде пандемия болды. Осы бір жылдың ішінде не өзгерді, шаруа қалай жүзеге асты?

- МӘМС реформасы 2020 жылы толыққанды іске қосылды. Өкінішке орай, бұл кезең еліміз үшін, азаматтар үшін күрделі уақытпен тұспа-тұс келді. Жаңа реформа болғандықтан Қор бастапқы 3 айды, яғни қаңтар-ақпан-наурызды жеңілдік мерзімі деп жариялады. Яғни, барлық азаматтардың МӘМС пакетіндегі қызметтерді сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан пайдалануына мүмкіндік берді. Карантин енгізілгеннен кейін бұл мерзім тағы 3 айға ұзартылып, барлық азаматтардың жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуіне жарты жыл мүмкіндік берілді. Оған қоса, Қор Үкіметке табыс көзінен айырылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде былтыр тамыз айында 740 мыңға жуық адамның берешегі жойылып, сақтандыру жүйесіне қайтарылды. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды. Яғни, пандемияға байланысты табыстан айырылып, 42 500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алған азаматтар да жарна төлеу міндетінен босатылды. Сонымен қатар, елімізде шағын және орта бизнестің 29 санаты 2020 жылы 1-сәуірден 2021 жылдың 1-қаңтарына дейін салықтан босатылды. Еліміз бойынша жарна төлеу міндетінен 1 млн астам жалдамалы жұмыскер босатылды. Алматы қаласында олардың саны 116 мыңнан асып жығылады.

F: Қазіргі уақытта Алматыда сақтандырылған азаматтар саны қаншаға жетті? Сақтандырылмаған азаматтар қанша? Статистикалық мәліметтерге тоқталсақ.

- Жұртшылықты сақтандыру статусымен қамтамасыз ету –МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық экономика министрлігінің 15-сәуірде берген мәліметінше, Алматыдағы 1,9 млн тұрғынның 80,6% сақтандырылған. Қалған 19,4% немесе 402 мың адам сақтандырылмаған.

Жергілікті атқару органдарымен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп те жатыр. Мәселен, өткен жылдың 1-тамызында Алматыда сақтандырылмағандардың үлесі 22,6% болса, жыл соңында 15% дейін қысқарды. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 19,4% дейін өсіп отыр.

F: Егер адам коронавирус жұқтырған жағдайда, мәмс-тің шарты бойынша жарнаны төлеген немесе төлемегеніне қарамастан медициналық қызмет ала ала ма?

- Жалпы, коронавирус қауіпті аурулар қатарына жатады. Сондықтан бұл сырқатқа шалдыққандар сақтандырылған болуы шарт емес.

F: Жарнаның қомақты бөлігін жеңілдігі бар 15 санат үшін мемлекет төлейді екен. Сақтандыру жарнасын төлеу міндетінен босатылғандардың жалпы саны биыл 11 миллионға жетіпті. Енді сол «жарнадан босатылғандар» тобына кімдер жатады? Атап өтсеңіз.

- Жалпы, мемлекет сақтандыруды енгізу арқылы жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Керісінше, жыл сайын тегін медициналық көмекке бөлінетін 1 триллион теңгеге қоса, 15 санат үшін жарна аударады. Бұл тізімге «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, интернат тәрбиеленушілері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер, мүгедек бала күтімімен айналысатындар, студенттер, тергеу изоляторларында отырғандар, жұмыссыз оралмандар (бір жылға дейін), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жатады. Олардың жалпы саны 11 миллионға жуықтайды.

F: Ал, жарнаны төлеуге кімдер міндеттелген?

- Қазақстанда жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлерін 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап сақтандыруға міндеттелген. Одан кейінгі санат – жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, нотариустар мен адвокаттар, шаруа қожалықтарының иелері, өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Ал, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына жататын қалған санаттар мемлекет тарапынан сақтандырылады.

F: Ал, азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?

- «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 2-бабы, 2-тармағына сәйкес, МӘМС жүйесінде Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға ҚР азаматтарымен теңдейдей құқықтар берілген. Олар да сақтандыру жүйесіндегі қызметтерді толық пайдалана алады. Толығырақ айтсақ, Қазақстанда тұрақты тұратын, яғни, ықтиярхаты бар шетелдіктер мен Азаматтығы жоқ тұлға деген құжаты бар азаматтар жүйеге қатысуға құқылы, жарна төлеуге міндетті. Ал, ел аумағында уақытша тұратын шетелдіктер медициналық қызметті ақылы түрде пайдалана алады.

F: Енді, сақтандыру пакетіне тоқталсақ. Оған қандай қызметтер кіреді?

- МӘМС пакеті – азаматтардың өмір сапасын, ұлт саулығын жақсартуға бағытталған қызметтерден тұрады. Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

F: МӘМС пакетіне енетін қызметтердің ішінде халық тегін дәрі-дәрмек ала алады ма? Егер, ондай жағдай мүмкін болса, ол қалай жүзеге асады?

- Бізде тегін медициналық көмек деп аталатын пакет бар. Тегін пакет бойынша 35 нозологияға дәрі-дәрмек беріледі, ал, МӘМС пакетінде ересек адамдарға 41 нозология бойынша, балаларға 63 нозология бойынша дәрі-дәрмек беріледі. Өткен жылмен салыстырғанда дәрімен қамтылатын нозология саны 45-тен 138-ге дейін артқан. Қазақстан азаматтары, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтары осы қызметтерді статусына қарамастан пайдалана алады. Оның ішінде осы әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да бар. Олар тегін емделеді және тиісті дәрі-дәрмекті аталған пакет арқылы ала алады.

F: МӘМС-ті толығымен тек қана төлемді уақытымен жасап отырған тұрғындар пайдаланатыны айтылды. Ал, төлемегендер не істейді? Атап айтқанда, ПЦР, Компьютерлік Томография, рентген, қан талдамалары қызметін алуға мұқтаж науқастарға медициналық қызмет көрсетіледі ме?

- Дұрыс айтасыз, Қазақстанда медициналық көмек 2 пакет бойынша көрсетіледі. Бірі – сақтандыру пакеті, екіншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұғыл көмек еліміздің барлық азаматтарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік-маңызы бар сырқатына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған пациенттерге медициналық көмек осы кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде көрсетілуі тиіс. Соңғы кезде аталған сырқаттармен ауыратын пациенттерге көмек көрсетуден бас тарту фактілері көбейіп кеткені рас. Ондай жағдайда Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен 1406 шұғыл желісі арқылы шағымдануға болады.

F: Осы тұста, МӘМС жарнасы әртүрлі санат бойынша төленетіні белгілі. Сақтандырылмаған азаматтар жүйеге қалай қосылады? Кім қанша төлеуі тиіс?

- Сақтандыру күрделі, бірақ Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды реформа. Бұл жүйе денсаулық секторын дамытуға, азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондықтан елдегі әрбір адам сақтандыру статусын алуға тырысқаны жөн. Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табысының 2% көлемін аударады (2017 жылдың 1-шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%). Сонымен қатар, жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударады (былтыр 1%). Бірақ жарна ұсталатын табыс көлемі – 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) немесе 8500 теңгеден аспауы тиіс. Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді. Сонымен қатар, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша ең төменгі жалақының процентін, яғни 2125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат 2917 теңге төлейді, ауылда тұратындар осының жартысын төлейді. Қаржының 40% - Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. Сонымен қатар, жұмыс беруші жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін қызметкерлер үшін жарна аудармайды. Оларды мемлекет сақтандырады.

F: Ал, халық осы медициналық сақтандыруға төлеген төлемдерінің қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылай ала ма? Яғни, ашықтық бар ма бұл жүйеде?

- Жалпы, Медициналық сақтандыру қорының құрылтайшысы Үкімет. Жарнаны Қор емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қабылдап, Ұлттық банктегі есеп-шотқа аударады. Клиникалардың халыққа көрсеткен қызметтерінің ақысы Ұлттық банктен тікелей медицина ұйымына аударылады. Яғни, қаражат толық қорғалған. Ал, ай сайын төленген сома туралы мәліметті Электронды үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы немесе Телеграм-каналдағы Saqtandyry бот арқылы алға болады.

F: Медициналық сақтандыруға жиналған ақшаны азаматтар күрделі ота жасау қажет болған жағдайда шешіп алуына, немесе сол отаға жұмсауына бола ма?

- Қазақстан жинақтау жүйесінен бас тартып, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген жүйені таңдап алды. Себебі төленетін сақтандыру жарналарының мөлшері көп емес және бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызметтің негізгі деген түрлерінің ақысын төлеуге де жетпейді. Қарапайым мысал. Ай сайын 2125 теңге төлеп сақтандырылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бір жылда 25 500 теңге төлейді.

Егер біз оны өз қаражатына ғана емдейтін болсақ, ақша ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 100 мың теңге, әйелді босандыру 82 мың теңге, аортокоронарлық шунттау 1,8 млн теңге тұрады.

Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал, ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады.

Егер сіз дәрігердің көмегіне жүгінбеген болсаңыз, бұл ақша жоғалып кетті дегенді білдірмейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан өзге де отандастарымызды емдеуге жұмсалады.

F: Жалпы, бір жыл ішінде медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты артты? Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар ма?

- Жүйенің толыққанды іске қосылғанына бір жылдан асты. Медицинаға енгізілген реформа бүгінде оң нәтижесін бере бастады деуге әбден болады. Амбулатория-емхана деңгейіндегі көмек пен стационарлық көмектің тек көлемі ғана емес, сапасы да едәуір артты. Алғашқы жылды қорытар болсақ, Алматы қаласы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек 6 есе артып, халыққа 6,9 млн қызмет көрсетілді. Оның 3,3 млн – салалық мамандырдың консультациясы, оған 4,7 млрд теңге төленді. Өткен жылы алматылықтар жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 804 мыңнан астам диагностикалық қызмет пен 352 мың стоматологиялық қызмет түрін пайдаланып, КТ/МРТ сынды жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын 41,5 мың зерттеуден өткен (1,8 млрд теңге). Қаладағы стационарларда емделген 180,7 мың пациент үшін 59,7 млрд теңге төленді. 87 мыңнан астам операция жасалды. Соның ішінде, 4,7 млрд теңгеге 1203 кардиохирургиялық операция жасалды. 26 бауыр алмастыру операциясы жасалды, оған 157 млн теңге төленді. 241 буын алмастыру операциясы жасалды (354 млн теңге).

F: Сақтандырудың арқасында реабилитация қызметін күшейтуге мүмкіндік туып отыр.

- 2019 жылы аталған көмек түрін көрсететін клиникалар саны 4 ғана болса, қазір 65-ке жетті. Амбулатория деңгейінде көрсетілетін реабилитация бойынша 7700 қызмет көрсетілді. Бұған да сақтандырудың арқасында қол жетіп отыр.

F: Сондай-ақ, сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін экстракорпоральды ұрықтандыру протоколдарының саны артты.

- Биыл еліміз бойынша 7000 жуық үміткер арнайы «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКО жасатып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алмақ. Оған жұсалатын қаражат көлемі 2 есе артып отыр. Мысалы, 2020 жылы 643 процедураға 563 млн теңге бөлінген болса, 2021 жылы 1238 процедураға 1,1 млрд теңге қарастырылған.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 жыл бұрын 1520
0 пікір
Блог туралы