Қазақстандағы "Республикалық микроорганизмдер коллекциясы" немен айналысады? Микроорганизмдерді сақтаудың қандай қажеті бар? Ондағы қорда коронавирустың штамы бар ма? "Республикалық микроорганизмдер коллекциясы" ұйымының басшысы, жас ғалым, биология ғылымының кандидаты Зинигуль Сармурзина жауап берді.
– “Қазақстан Республикасының микроорганизмдер коллекциясы” ұйымы немен айналысады?
– 2002 жылдың 30 шілдесінде Қазақстан Республикасы үкіметінің шешімімен №850 “Республикалық микроорганизм коллекциясы” туралы қаулы қабылданып, біздің ұйым микроорганизмдер мен генетикалық ресурстарды зерттейтін және сақтайтын орынға айналды. Қазір қорда 800-ге жуық түрлі микроорганизмнің штамы бар. Бұл коллекция жылдан жылға көбейіп, елдегі жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардағы және медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология сияқты салалардағы ғылыми зерттеу барысында қолданылып жатыр.
Қазіргі кезде “Республикалық микроорганизмдер коллекциясы” ұйымы қоғам үшін маңызды әрі қызық екі жобаны қолға алды. Оның бірі – ет өнімдеріндегі фальсификацияны анықтайтын ПТР тест-жүйесін жасау. Тағам өнімдерінің фальсификациясы – маңызды мәселе. Себебі, оның аясында қоғам денсаулығы, экономикалық және діни факторлар, дұрыс таңбалаудың бақылауын тиімді жүргізу мен жергілікті және шетелдік өндірушілердің жосықсыз бәсекесін алдын алу секілді мәселелер қамтылады. Отандық ПТР тест-жүйелерін әзірлеу, өндіру және коммерцияландыру жөніндегі жобаны жүзеге асыру өнімнің құнын екі есеге төмендетуге, отандық өндірушінің өнімдер ассортиментін кеңейтуге, тұрақты негізде ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Екінші жоба мемлекетіміздің балық шаруашылығын, толығырақ айтқанда аквамәдениетін өркендету үшін жаңа ғылыми жетістіктер негізінде инновациялық әдістер енгізуді қажет етеді. Яғни балық патогенінің алдын алу үшін құрамында пробиотиктері бар балық жемін дайындау мақсатында зерттеулер жүргізіліп жатыр. Балықтың жемі құрамында пробиотиктің болуы олардың санитарлы қалпын жақсартатыны дәлелденген. Осы жаңа жоба аясында жасалатын пробиотикпатогенді жем микроорганизмдердің өсуін тежейді.
Екі жобаны да мемлекет қаржыландырды.
Фото жеке архивінен– Вирустар да микроорганизмге жатады. Ұйым мамандары коронавирус инфекциясын зерттеп көрді ме? Сіздердің қорда оның штамы бар ма?
– Біздің қорда коронавирустың штамы жоқ және оны біз әлі зерттеп көрмедік. Дегенмен ұйымда антипатогенді қасиеті бар микроорганизмдерді оқшаулау және олардан антибиотик заттар бөліп алып, олардың патогендерге қарсы қасиеттерін зерттеу жұмыстары басталды. Болашақта бұл антибиотиктер коронавирус инфекциясына да төтеп береді деген сенімдеміз. Мұны жүзеге асыруға мемлекеттен екі жылға 280 миллион теңгеге қаражат берілді.
– Коронавирус алғаш жаппай тараған кезде көп адам антибиотикке көшіп кетті. Жалпы, нәтиже болсын-болмасын, антибиотикті іше беруге бола ма?
– Қазіргі таңда антибиотиктерге төзімді патогендер көбейіп жатыр, сол себепті көмегі болар деген болжаммен, дәрігердің нұсқаулығынсыз антибиотиктер қабылдау дұрыс емес. Оның пайдасынан гөрі зияны тиюі ықтимал.
Фото жеке архивінен– Карантин кезінде “Республикалық микроорганизмдер коллекциясы” қалай жұмыс істеді?
– Әрине, карантинде көп адам бар жерде шоғырланбауға тырыстық. Дегенмен біздің жұмысты үйде істеу мүмкін емес. Себебі біз белгілі бір температурада, тоңазытқышта сақталуы қажет микроорганизмдермен жұмыс істейміз. Сондықтан орталыққа 1-2 адамнан келіп жүрдік. Бірақ мүмкіндігі бар адамдар қашықтан жұмыс істеді.
– Сіздің ойыңызша, елде микробиология саласы қалай дамып жатыр?
– Соңғы уақытта Қазақстанның білім мен ғылымның дамуына баса назар аударып жатқаны байқалады. Бұрын ғылыми зерттеуге қажет құрал-жабдықты алу қиын соғатын. Ғалымдардың, биологтардың жалақысы да көңіл толарлық емес еді. Бірақ қазір прогресс бар. Мемлекет ғылым саласындағы жаңа идеяларды қолдау мақсатында көптеген грант бөліп жатыр. Сонымен бірге ғалымдар, мамандар қаншалық жұмыс істесе, жобаға ат салысса, соншалық жалақысы жоғарылайжы. Бұл – қуанарлық жайт.
Микроорганизмдерді сақтауға арналған төмен температурадағы тоңазытқыш. Фото жеке архивінен– Бұл салаға қызығатын жастар көп пе?
– Негізі ғылым, оның ішінде микробиология әлемі өте қызық. Оны түсініп, микроорганизмдерді зерттеуге келіп жатқан жастар да көп деп айтар едім. Мысалы, біздің ұйым қызметкерлерінің 70%-і – жастар. Барлығы еңбекқор, жұмысына адал, білімді әрі білікті. “Болашақ” бағдарламасымен оқып келген азаматтар да бар.
Көріп тұрғаныңыздай, жақында “Республикалық микроорганзимдер коллекциясы” ұжымы бірнеше жобаны дайындамақшы. Осыған байланысты біз жаңа қызметкерлерді іздейміз. Ғылымға, микро әлемге қызығатын жандар болса, мархабат.
Автор: Наргиза Аршидин
Дерек көзі: baribar.kz