Жиеннің жаттығы жоқ десек те...
Жиеннің жаттығы жоқ десек те...

Қазақта «жиен» деген ұғым бар. Бұл сөздің шығу тегінің өзі – бір тарих. Ертеде төркіндеп келген қызының баласына нағашы жұрты бәсіреге мал атап, оған арнайы ен салған. Жер аяғы кеңіп, мал қоңданған соң, «жи еніңді!» деп, баланың бәсіре малын жинап берген екен. Бірақ баяғы салт-сананың өзгергені сонша – жиен атаулының көпшілігі бүгінде нағашы жұртына біржола тұрақтап, сіңісіп кететін жағдайлар жиіледі. Яғни ауыл-ауылда өз әкесін танымайтын, өз жұртын білмейтін жиендер өсіп келеді.
Шындығында, жиеннің нағашы ауылында жүруі бейжай қарайтын нәрсе емес. Мұның астарында қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайынан бастап, рухани болмыс-бітімінен де хабар беретін астарлы ақиқаттардың жатуы ғажап емес.
«Ауыл жиенге толған заман болды. Бір сыныпта 20 бала оқыса, соның тең жартысы жиендер. Ұлдан туған, сол шаңырақтың жалғасы дерлік немере аз. Мен мұны «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалға салып, бөлу ниетінде айтып тұрғаным жоқ. Мәселе – сол жиендердің неге нағашы ауылда жүргендігінде ғой», – дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Абдоллақызы.

МЫСҚАЛДАЙ МЫСАЛ
Он сегізге келер күнді әзер тосып жүрсе керек, әлпештеп өсірген әке үйінен қыз бір-ақ түнде қашты да кетті. Жігіттің жұрты ашуға мінген әкеге ат, шешеге қамқа тон, үй ішіне тегіс алтын тағып кешірім алып, дүркіретіп той жасады. Бірақ сол қуаныш көпке бармай, қыз ұлымен үйіне қайтып келді. Артынша жұмыс іздеп, қалаға кетті де қалды. Сол кеткені мол кеткені екен, басында ай сайын, кейін екі-үш ай салып, бара-бара жылына бір-ақ рет келетін мамасының түрін баласы біртіндеп ұмыта да бастады. Нағашы жұрты әуелде жақсы қараушы еді, кейін өз немерелері туған соң, «ей, жиен» деп мұны бөлектей бастады. Бұрын өбектейтін ата-әжесі кейін тіпті жекіп тастап, «жетпегір» атандырып, немерелерден қалғанын беретін болды. Өгейлік күй кешкен ұл кейін келе қыз атаулыға қырғидай тиіскісі, бұзақылық жасағысы келіп тұратын болды. Себебі бала біткеннің бәрі бақытты, тек бұл ғана бақытсыз, құдды мұның бақытын басқа балалар тартып алған сияқты. Сөйтіп жүріп бозбала жасқа жетті. «Не әкеме, не шешеме керегім жоқ екен, онда мені дүниеге не үшін әкелді?» деген сұрақ күні-түні жанын деген ол өмірге қалай өшіге бастағанын сезбей де қалды. Жаман ортаға кірді, темекі шекті, ішімдікпен әуестенді. Ал ондайда нағашы жұрты қақаған аяз болса да, үйге кіргізбей қояды да, таң атқанша гаражда қонуға мәжбүр.Сөйтіп жүріп ақыры бір күні балалар колониясына түсті. Қаншама жыл көрмеген анасын сонда ғана көрді. Қанша өкпелесе де, ішінен ақтап алушы еді, «қолы тимей жүрген шығар, ақшасы жоқ шығар» деп, ал бүгін қараса, сол анасының үстінде қымбат тон, көліктің кілтін ұстап алыпты, ең ауыр соққаны – қасына бір ер кісі ере келгені. Онысы мұның анасына «жүр, бол тез, кеттік» деп қожайынсып тұр. Арадағы сағынышқа толы жылдарда анасын тым болмаса бір сәтке көруді армандаушы еді ұл, ал енді... бетіне қарағысы да келмей жек көріп тұр. Себебі бұл анасына өзінің қажет емес екенін сезді. Түсінді. «Кет!» – деді құшақтап тұрған анасына. «Не дейсің?» – деп қайталай сұраған оған «Жоғал!» – дей беріп еді, жағынан шапалақ сарт ете түсті. Анасы бұрылып кетіп қалды. Темір тор тарс етті, баланың жүрегі қарс айырылды. Ертеңіне нағашы жұртына «жиендеріңіз қайтыс болды» деген жеделхат жетті. Ол түрмеде асылып өліпті...

ӘЛҚИССА...

Ал енді ауылға жиенді қандай тағдыр айдап келді?
1. Ажырасу... Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қызын қияға қондырдым ба дегенде, ұзатылған қыз жыл өтпей қолындағы, тіпті құрсағындағы сәбиімен әке үйінің есігін қайта қағуға мәжбүр. Ішіне сыйған сәбиін қай ана сыртқа тепсін, қай әке маңдайдан қақсын, ел-жұрт желдей гулесе де, өсек өрттей қауласа да, перзенттен туған перзенттің де кіндігін тап сол жерде кеседі, сосын сәл ес жиған соң қыз екі қолға бір жұмыс әрі жаңа мүмкіндік іздеп қалаға кетеді, ал бала нағашы жұртта қала береді.
2. Отырып қалу... Жасыратыны жоқ, жаһандану жалпымыздың құндылыққа деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертті. Бұрын мектепті, ары кеткенде жоғары оқу орнын бітірісімен тұрмыс құрып, балалы болуды, бір үйдің келіні атануды мақсат тұтатын қыз баланың қазір көпшілігі қала көріп, қымбат көлік мініп, жақсы қызмет істеп, жақсы пәтерде тұрғысы келеді. Әуелі соны қамдап барып, сосын тұрмысқа шығуды ойлайды. Содан жүріп қалады да, уақыты өткен соң жалғыз қалмау үшін жандалбасалап бір сәби туып алады. Қиындық содан соң басталады: жары жоқ, жұмысы тоқтаған, жөргекпұл асырауға жетпейді. Сол себепті жаңа туған баласын омыраудан шығарады да, ата-анасына апарып тастайды. Бұрынғыдай «мынау қайдан шыққан бала?» деп өре түрегелетін олар да жоқ, сол дұрыс шығар деп немерені алып қалуға мәжбүр. Алмайын десе, ертеңгі күні ол қаңғып қайда бармақ? Жетім балалар үйіне ме? Әкесі болмаса да, анасы, нағашы жұрты бола тұра, жиенін жетімсірету тіпті масқара.
3. Тұрмыс таршылығы... Қыз оқу да оқиды, жұмыс та істейді, тұрмысқа шығып та үлгереді. Күйеуімен де араздығы жоқ. Бірақ жас отбасының әлеуметтік жағдайы әлсіз: баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады, ипотекаға алса, ақысын ай сайын төлеп тұруы тиіс. Сол үшін тіпті жас босанса да, үйде бала күтімімен ұзақ отыруға жағдайы келмейді. Осы ретте тағы да көбіне-көп көмекке қыздың жұрты келеді екен, «жұмысқа шыға бер, баланы біз бағып береміз» деп...
Совет-Хан Ғаббасов, жазушы:
– Тек отбасы ғана емес, жалпы, тіршіліктің тірегі – әйел қауымы. Әйел қауымы бұзылған халық – бақытсыз әрі ертеңі бұлыңғыр халық. Міне, қазіргі біздің тілге тиек етіп отырған мәселеміз, яғни ауылдың жиенге толып кеткендігі – соның бір дәлелі. Ата мен әже қалай жиенін бақпайды, егер отбасын құрған жастардың 70-80 пайызы бір жыл болмай ажырасып жатса... Ажырасқанда бала, әрине, анамен кетеді, оны жас әрі жалғызбасты ана асырап, бағуға қауқарсыз болатыны түсінікті. Одан бөлек, қазір қай ғимараттың қасына барсаңыз да, мектеп, жоғары оқу орны бар ма, кеңселер бола ма, топталып алып темекі шегіп тұрған жігіттерден гөрі қыздарды көреміз. Кейінгі кезде етіміз өліп кеткен бе, соған тіпті «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа табылмайтын болған. Міне, соның салдары – қыздардың оң жақта отырып бала табуы немесе отбасын құрмай жатып алғашқы қиындықтарға шыдамай ажырасуы... Зардап шегетін – бала, ұрпақ... Бұл – түптеп келгенде, өзінің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғысын жоғалтып, «қызға қырық үйден тыю» дегенді ұмытқан, әркімге еліктеумен-ақ есі кеткен берекесіз тірлігіміздің салдары.

Мәриям ӘБСАТТАР

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 5795
0 пікір
Блог туралы