Жазда етті сасытпай сақтаудың әдістері
Жазда етті сасытпай сақтаудың әдістері

Етті тоңазытқышсыз-ақ бұзбай сақтауға болады.

Қазіргі кезде тоңазытқышсыз үйде ет сақтау мүмкін емес секілді. Етті сүрлеп, ұнға, майға салып сақтайтын апа-әжелер де көп емес. Десек те техника болған соң бұзылады. Бір-екі күн етті бұзып алмай сақтаудың жолдарын әрбіріміз біле жүргеніміз артық болмайды.

Мұзбен сақтау

Егер алыс жолға өзіңізбен бірге ет алып жүретін болсаңыз және ол үшін тоңазытқыш сөмкеңіз болмаса, онда мұзды пайдаға асыруға болады. Ол үшін мүмкіндік болса жолға шығар алдында етті мұздатқышта қатырып алу керек. Қақпағы мықтап жабылатын ыдысқа мұз кесектерін салып, арасына мұздатылған етті саласыз. Ыдыстың қақпағын мықтап бекітіп, сыртын қалың матамен немесе сүлгімен орап қою керек.

Сіркесумен етті 2 күнге дейін сақтауға болады

Тоңазытқышсыз етті жақсы сақтаудың тағы бір жолы - сіркесу пайдалану. Мұндай тәсіл ыстықта бактериялардың дамуының алдын алады. Ол үшін: етті 9%-дық сіркесуға батырып алу керек; мақтадан жасалған таза матамен мұқият оралады; оралған етті қақпағы тығыз жабылатын ыдысқа салып, қараңғы жерге қою қажет; 10-12 сағаттан кейін өзге таза мақта мата алып, сіркесуға батырып, еттің сыртындағы матаны ауыстыру керек. Назар аударыңыз! Етті салған ыдыстың түбіне сарқынды суы жиналып қалмауы керек. Бұл еттің тез бұзылуына әкеледі. Суы шыққан кезде қағаз сулықпен сорғытып алған жөн. Етті мұндай тәсіл арқылы 2 күн сақтауға болады. Әсіресе, сиыр еті жақсы сақталады. Тауық пен қой еті үшін қымыздық (щавель) пайдаланыңыз Жаңа терілген қымыздық жапырақтарымен етті жақсылап орап, сыртынан жіппен айналдырып байлап шығу керек. Оның сыртынан пергамент қағазын орап, қараңғы жерге қою қажет. Мүмкіндік болса әр 8-10 сағат сайын жапырақтарды ауыстырып тұрған абзал.

Лимон мен қырыққабат

Бұл екеуін қосып пайдаланып, еттің сақталу уақытын ұзартуға болады. Ол үшін алдымен қырыққабаттың жапырақтарын мұқият алып, балғаның көмегімен ұрғылап жұмсартып алу керек. Жұмсартылған жапырақпен етті орап, үстіне лимонды дөңгелектеп турап салу қажет. Осылай бірнеше қабат жасалып, ең бетіне қырыққабат жапырағы қойылады. Етті өкпек желі бар қараңғы жерге қою керек.

Сүттің көмегімен де етті сақтауға болады

Тоңазытқышсыз етті сүттің көмегімен 2 күн сақтауға болады. Ол үшін етті үлкендеу ыдысқа салып, үстіне салқын піспеген сүтті құйып, қараңғы, жел тиетін жерге қою керек. Бірақ, кейін етті пайдаланатын кезде мұқият жуып алу қажет болады.

Балдың пайдасы

Еттің сыртына бал жағып, күңгірт ыдысқа салып, қараңғы, күн көзі түспейтін бөлмеде 1-2 күн бойы сасытпай сақтауға болады.

Ерітілген қой майы етті жақсы сақтайды

Қойдың іш майын немесе құйрық майын ерітіп еттің сыртын жақсылап майлап, пергамент қағазымен орап салқын, қараңғы бөлмеге қою керек. Май - еттің сыртына қалың, тығыз қабат түзіп оның бұзылуынан және бактериялар мен жәндіктерден сақтайды. Бұл тәсіл шикі етке де, піскен етке де жарайды. Маймен өңделген етті 3-4 күн бойы сақтауға болады.

Қайнатып та сақтауға болады

Жаздың ыстығында етті бір қайнатып алып сақтауға болады. Ол үшін алдымен 1 литр суға 5 ас қасық тұз мөлшерінде ерітінді дайындап алу керек. Тұзды суды отқа қойып, қайнауға жеткен кезде етті салу керек. 3-4 минут қайнаған соң етті алып, толық суығанша күту қажет. Суыған соң ыдысқа салып, қақпағын мықтап жауып, қараңғы, жел тиетін жерде сақтайды. Мұндай тәсілмен сақталған ет 2 күнге дейін бұзыла қоймайды.

Тұзды құрғақ және ылғал күйінде пайдаға асырамыз

Қазақ халқы ертеден-ақ етті тұзбен қақтап, сүрлеп сақтаған. Тұздалған еттен артық сұйықтықтың барлығы шығып кетеді, бактериялардың көбеюінің алдын алады.

- Құрғақ тұзды пайдалану. Етті бірнеше жерінен тіліп, осып алу керек. Тұзды сол тіліктердің арасына толық кіретіндей етіп сеуіп шыққан дұрыс. Толық тұздалған етті ыдыстарға салып, қараңғы жерге сақтау керек. артық шыққан суын, қағаз сулықпен құрғатып тұрған дұрыс.

- Тұз ерітіндісін пайдалану. Мұндай ерітінді дайындау үшін жарты литр суға 10 ас қасық тұзды салып еріту керек. Еріген тұзды суға етті салып 1 тәулікке қалдыру қажет. Уақыт өткен соң етті судан шығарып, шыны ыдысқа (банка) салып, үстінен жаңа дайындаған тұз ерітіндісін құю керек. Мұндай тәсілмен етті 3 айға дейін сақтауға болады.

Назарға алыңыз! Егер сақтау тәсіліне тұз пайдаланған болсаңыз, онда тамаққа кіріспес бұрын 2-3 сағат алдын етті жәй суға салып қою керек.

Кептіру тәсілімен тартылған етті де сақтауға болады

Етті жел қақтырып кептіріп алуды қазақтан артық ешкім біле қоймас. Дегенмен етті кептіріп алудың да өзіндік ерекше тәсілдері бар. Етті кептірмес бұрын оны дұрыс өңдеп алу керек. Ол үшін етті сүйегінен ажыратып, тұзды суға 1 тәулікке салып қояды. Аталған уақыт өткен соң етті судан шығарып, майын бөлек алып, ұзынша тіліктер жасап төмендегі жолдардың бірімен кептіріледі.

- Күн көзіне кептіру. Етті көтеретін жіпке жайып, бірақ, шыбын-шіркейдің баспауын қадағалаған жөн. Жайылған етке күн көзі тікелей түсетін және өкпек жел болғаны дұрыс.

- Отқа ыстау. Етті отқа ыстап сақтау табиғат аясына шыққанда жақсы көмектеседі.Ол үшін етті арнайы қақтауға арналған ыдысқа салып, қатты ағаштардан от жағып, бетіне жапырағы бар бұталарды үйіп қою керек. Бықсып жанған отқа ыдыстағы етті кезек-кезек аудара отырып қақтап алу қажет. Бұлай қақтап кептіру 8-9 сағат уақыт алады.

- Тартылған етті кептіру. Ол үшін тартылған етті пештің табасына салып тұздап, дәмдеуіштер сеуіп қатты болғанша кептіреміз. Біркелкі кебу үшін жиі араластырып тұруды ұмытпау керек.

Қай тәсілмен болсын кептірілген етті 2 айға дейін сақтауға болады.

Консервілеу тәсілі

Мұндай тәсіл арқылы етті 2-3 жылға дейін сақтауға болады. Етті консервілеудің 2 жолы бар: салқын және ыстық күйінде.

- Ыстық. Етті сүйегінен ажыратып, орташа көлемдегі бөліктерге бөлу керек. Ыдысқа туралған етті салып, үстіне су құямыз. Татымына қарай тұз бен түрлі дәмдеуіштер салып, ет тарамдалып піскен кезде шыны ыдысқа саламыз. Шыны ыдысты тазалап, залалсыздандырып алу керек. Етті салып үстінен сорпасын құю керек. Шыны ыдыстың қақпағын бұрап, суығанға дейін қалың матамен орап қою керек.

- Салқын. Етті сүйегінен ажыратып біркелкі бөліктерге бөліп алу керек. Залалсыздандырылған шыны ыдысқа етті нығыздап салып, әр қабатына тұз себу керек. Қақпағын бұрап сыртынан 1 сағат қайнатылады.

Ет консервілерін қараңғы, салқын жерде сақтаған абзал.

Еттің сақталу ұзақтығы оның тұрған жерінің температурасына байланысты болады. Егер тоңазытқышта ет 48 сағат жаңа қалпында жақсы сақталса, 0 градуста 72 сағат, ал бөлме температурасында 1 тәулік қана сақталады.

Дайындаған: Э.Базарбаева

ERNUR.KZ.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 жыл бұрын 2755
0 пікір
Блог туралы