Жақсы ойдан жаңылма
Жақсы ойдан жаңылма

Хусни зан «жақсы ой ойлау, игі нәрселерді үміт ету, жақсыға балау, болымсыз, жаман ойлардан, күмәннан арылу» деген мағыналарды білдіреді.

Аятта былай деп бұйырылады: «Ей, иман келтіргендер! Ойдың (күмәннің) көбінен сақтаныңдар. Өйткені, ойдың (күмәннің) кейбірі – күнә. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздемеңдер. Ешкім ешкімді ғайбаттап жамандамасын. Сендердің қайсы біреулерің өлген бауырының етін өлідей жеуді ұнатады? Әрине, одан жиіркенесіңдер. Олай болса, Аллаһтан қорқыңдар! Күмәнсіз, Аллаһ тәубелерді қабыл алушы әрі өте мейірімді» (Хұжұрат сүресі, 12-аят).

Хазірет Пайғамбарымыз (салаАллаху алейхи уəссəлəм) былай дейді: «(Жаман) Ойдан сақтаныңдар. Өйткені, ой (орынсыз айыптау) сөздердің ішіндегі ең жаманы. Басқалардың сөздерін тыңдамаңдар, кемшіліктерін іздемеңдер, бір-бірлеріңе мақтанып, өркөкіректік көрсетпеңдер, бір-біріңді қызғанбаңдар, бір-біріңе кек сақтамаңдар, бір-біріңнен жүздеріңді бұрып алмаңдар. Ей, Аллаһтың құлдары! Аллаһтың бұйырғанындай бір-біріңе бауыр болыңдар...» (Мүслим, Бирр 28-34)

Пайғамбарымыз (салаАллаху алейхи уəссəлəм) тағы бір хадис шәріпте былай дейді: «Ешқандай сахабам маған бірде-бір адамның айыбын жеткізуші болмасын. Мен сендердің алдыларыңа сау жүрекпен шыққанды қалаймын» (Әбу Дәуіт, Әдеп, 28/4860).

Иман келтірген пенде дүниеден өткен мұсылман бауырлары жайында да жақсы ойда болып, олардың ақыретте кешірлетіндіктерін үміт етуі керек. Басқаша ойлаудың ешкімге де берер пайдасы жоқ.
Әрбір адам орын алған оқиғалар хақында (қажет болған жағдайда негізін тексеру шартымен) әрдайым жақсы ойда болып, оны тек жақсылыққа жорамалдау керек. Егер қандай да бір мәселенің ақиқаты нақты білінбесе, мұсылмандардың бір-бірі жайында жақсы ойда болуы – ең негізгі мәселе. Өйткені, адам баласы жаман ойы үшін жауапқа тартылады. Егер, керісінше жақсы ойда болып, бірақ қателескен болса, ол үшін жауапқа тартылмайды. Тек жақсы ниетте болғандығы үшін жаңылысқан болып есептеледі.

Ғибрат айнасы
Абдуллаһ бин Амрдың (р.а.) айтуы бойынша Хазірет Пайғамбарымыз тауаф қылып жатып Қағбаға былай деп үн қатқан екен:
«Сен неткен пәк едің, иісің неткен керемет! Сен қандай ұлысың, сенің құрметің қандай биік! (Бірақ) Мұхаммедтің жанын құдірет қолымен ұстаған Ұлы Аллаһқа ант етейін, мүминнің Аллаһ құзырындағы қадірі сенің қадіріңнен де артығырақ. Мүминнің малы мен жанының құрметтілігі де дәл сондай. Біз мұсылмандар жайында тек хусни зан, яғни жақсы нәрсе ғана ойлаймыз»(Ибн Мәжә, Фитән 2).
Жоғарыдағы хадис шәріптің мазмұны бойынша мүминдер жайында жақсы ойда болу Ислам дініндегі маңызы зор негіздердің бірі болып табылады.
Мұнафықтардың бүлік шығаруларының нәтижесінде орын алған Ифк оқиғасында ұзақ уақыт бойы рухани азап шеккен Аллаһтың Елшісі (салаАллаһу алейһи уә сәлләм) зайыбы Зейнеп бинти Жахш және бибі Айшаның қызметшісі Бәрирәмен (р.а.) сөйлесіп, олардың Айша анамыз жайындағы ойларын сұрайды.[1] Екеуі де ол жайында жақсы ойда екендіктерін айтады. Айша анамыз (радиаллаһу анһа) бұл жайында өзі былай дейді: «Расулуллаһ (салаАллаху алейхи уəссəлəм) оқиғаның анық-қанығын тексеру барысында Зейнеп бинти Жахштан мен жайындағы көзқарасын сұрап:
– Зейнеп, бұл жайында не білесің, не көрдің? - деп сұрапты. Сонда ол:
– Уа, Аллаһтың Елшісі! Құлағымды естімеген нәрселерден, көзімді көрмеген нәрселерден үнемі сақтап жүремін. Мен Айша жайында жақсылықтан басқа ешнәрсе білмеймін, - депті.
Зейнеп Расулуллаһтың (салаАллаһу алейһи уә сәлләм) жұбайлары арасында кейбір артықшылығымен үнемі менімен бақталасып жүретін еді. (Мұндай мүмкіншілік болып тұрғанда мені қаралап, Аллаһ Расуліне өзінің жақындығын бұрынғыдан да арттыра түсуіне болар еді). Бірақ, Аллаһ Тағала оны тақуалығы мен діндарлығының арқасында жалақорлардың қатарынан болудан сақтады» (Бұхари, Шәһадат 15, 30; Мүслим, Тәубә 56).

Неткен керемет хусни зан... Көптеген адамның пікірі оп-оңай өзгере салуы мүмкін сондай бір мезетте Зейнеп анамыз хусни заннан ажырамай, Айша анамыз жайында жақсы ой білдірген. Соның нәтижесінде, жалақорлар хақында түскен иләһи сөгістен аман қалды. Аллаһ тарапынан Айша анмыздың арының тазалығы баян етілген аяттармен қатар, жалақорлар мен оларға алданып, хусни занды тәрк еткендер жайында қатаң сөгіс келеді.
Сондай-ақ, аятта егер Аллаһтың кешірімі болмағанда, барлықтарының өте ауыр азаппен құрып кететіндіктері баяндалған. Осы қатаң сөгістің бірнеше мәрте қайталануы – «су-и занның», яғни жаман ойда болудың қандай жиіркенішті екендігін көрсетеді. Құран Кәрімде былай делінеді: «Бұл жаланы естігендеріңде мүмин ерлер мен мүмин әйелдердің өздері жайында жақсы ойда болып, «бұл ап-анық жала» деп айтулары керек емес пе еді?» (Нұр сүресі, 12-аят).

«Егер дүниеде және ақыретте Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі мен рақымы болмағанда, белшелеріңнен батқан жалаларың үшін, әлбетте бастарыңа үлкен азап келер еді»(Нұр сүресі, 14-аят).

Сол Ифк оқиғасы орын алған күндердің бірінде сахаба Әбу Айюб әл-Ансаридің зайыбы Үммү Айюб күйеуінен:
– Жұрттардың Айша жайында не айтып жүргендерін естідің бе? - деді.
Әбу Айюб:
– Иә, естідім. Бірақ, олардың айтып жүргендерінің барлығы өтірік пен жала ғана! - деді.
Зайыбы:
– Жоқ! Уаллаһи, мен ешуақытта мұндай жамандық істемес едім! - деді.
Сонда Әбу Айюб әл-Ансари радиаллаһу анһу:
– Сен мұндай болсаң, уаллаһи, Айша сенен мың есе қайырлы! - деді (Ибн Һишам, ІІІ, 347; Уақиди, ІІ, 434).
Міне бұл – сол бір тамаша буын өкілінен бізге жеткен керемет хусни зан үлгісі...
Ибн Масғуд радиаллаһу анһу былай дейді:
«Бауырларыңның бір күнә істегенін көрсеңдер, «Раббымыз оны масқара қыл! Аллаһым оған лағынет жаудыр!» деген сөздер айтып, шайтанға жәрдемші болмаңдар. Керісінше, «Раббымыз оны жарылқай гөр! Оны тура жолға сал!» деп айтыңдар. Мұхаммедтің (салаАллаху алейхи уəссəлəм) сахабалары ретінде біз ешкім жайында оның қай жолда өлгенін білмегенімізше, ешнәрсе айтпайтынбыз. Өмірі жақсылықпен аяқталса, «Жақсылыққа қауышты» деп айтатынбыз. Егер жамандық жолында өлсе, ол жайында бірнәрсе айтудан қорқушы едік» (Әбу Нұғайым, Хилия ІV, 205).

Қорыта айтқанда, адамдар жайында жақсы ойда жүру, оларға жақсы сезімдермен жақын болу – жаратылғандарға Жаратушының назарымен қарау қасиетінің жемісі. Адамдарға жақсылық тілеу және олардың жақсы жақтарын көру – Аллаһ Тағаланың разылығына, пенде арасындағы сүйіспеншілікке бөлейтін керемет қасиет екенін ұмытпаған жөн.

Динара ханымның Фкйсбуктегі жазбасынан

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 5247
0 пікір
Блог туралы