ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТАРАЛУЫ ҺӘМ ОРНЫҒУЫНЫҢ САЯСИ АСТАРЫ
ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТАРАЛУЫ ҺӘМ ОРНЫҒУЫНЫҢ САЯСИ АСТАРЫ

Ханафи мәзһабының Мәуреннахр аумағына таралып, орнығуы бірнеше ғасырларға созылды. Оның бұлайша ұзаққа созылуының әртүрлі геосаяси, әлеуметтік, діни һәм ділдік себептері болды. Имам Ағзам құқық мектебінің кейбір өңірлерге жедел таралуына мемлекет басшыларының саяси қолдауы ықпал етсе, кейде керісінше саяси кедергілер орын алып отырды. Кейде діни бәсекелестік һәм мәзһабаралық талас-тартыстар және т.б. әртүрлі факторлар Ханафи мәзһабының дамуын тежеді. Дегенмен, Куфа мектебі өкілдерінің VIIІ-ІX ғасырларда Қорасан және Мәуреннахр қалаларында белсенді діни (қазы) қызмет атқаруы, аймақта Ханафи мәзһабының шоқтығы биік болуына бірден-бір әсер еткен фактор еді.

Әбу Ханифа VIII  ғасырда Куфада негізін салған фиқһ мектебінің Орталық Азияға енуі, Аббаси дәуірінен бастап, Самани, Қарақан, Селжұқ, Хорезмшаһ, Алтын Орда, Темір мемлекеттеріне дейін жалғасты. Ислам діні Мәреннахрға VIIІ-X ғасыр аралығында Ханафи мәзһабымен қатар шиғалық Кайсани-Мубайди, Кармати, Исмайли және Имам Бұқари бастаған хадис мектебінің өкілдері, Аббаси халифалары қолдаған Муғтазали, Ташкентті орталық еткен Шафиғи мәзһабтары арқылы таралды. Алайда, Самани (875-999) және Қарақан (940-1211) дәуірінде Орталық Азия халқының басым көпшілігі ислам дінін қабылдап, өзге діни ағымдарды тәрк ете отырып, Ханафи мәзһабына таңдау жасады. Ханафи мәзһабының Орталық Азиядағы басымдығы одан кейінгі Хорезмшаһ, Алтын Орда, Темір, Моғолстан, Шайбани және Қазақ хандығы дәуірлерінде де дәстүрлі жалғасын тапты.

Алғашында Омая (662-752) халифаты тұсында мәуали (араб емес) ғалымдар шетқақпай көріп, олар арабтан шыққан ғалымдармен салыстырғанда көрер-көзге төмендетілді. Халиф сарайында көбіне-көп арабтан шыққан фақиһтерге құрмет көрсетілді. Ал, Омаядан кейін билік тізгінін қолына алған Аббаси (752-1259) билеушілері ұлттық алалаушылықты жойып, мәуали ғалымдарды да қазылық қызметке тартты. Тіпті, кейде мәуали ғұламаларға халифаттағы басты-басты діни қызметтер берілді. Аббаси билеушілерінің бұл ұстанымы шыққан тегі парсы Имам Ағзам негізін қалаған Ханафи мәзһабының өркендеуіне жол ашты.

Задында, Аббаси дәуіріндегі сан-алуан текетіресте Ханафи мәзһабының басым болуына билеушілердің саяси қолдауы екпінді әсер етті. Мысалы, Аббаси халифалары Махди (775-785) және Харун-Рашид билік құрған (786-809) жылдары Әбу Ханифаның шәкірттері қазылық қызметкер тартылды. Соның бірі Имам Ағзамның бел шәкірті – Әбу Юсуф (731-798) еді. Оны халиф Махди 782 жылы Бағдаттың қазысы етіп тағайындады. Кейін Харун-Рашид те оны қазылық қызметті жалғастыруын құптады. Әбу Юсуф өмірінің соңғы 16 жылында Аббаси халифатының астанасы Бағдатта бас қазы қызметін атқарды. Әбу Юсуфтен кейінгі Бағдаттың қазысы болған Әсад ибн Амр Куфий де (798-805) Имам Ағзам  Әбу Ханифаның шәкірті еді. Жалпы, Аббаси халифалары Имам Ағзамның 14 шәкіртін қазылық қызметке тағайындады. Халифатта Ханафи фиқһының дамуына қолдау көрсетті. 

Халифа Харун-Рашид Имам Ағзамның бел шәкірті шәкірті Мұхаммед Хасан аш-Шайбаниді (749-805) де Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындады. Мұхаммед Хасан аш-Шайбанидің Мәреннахрға көрші Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына өз септігін тигізді. Айталық, оның шәкірттері Әбу Сүлеймен Жузжаний (815 қ.б) мен Әбу Хафс Кабир (767-831) Ханафи мәзһабын Мәуреннахрға таратқан еді. Әсілі, Имам Ағзамның өз шәкірті саналатын Абдулазиз ибн Халид ибн Зияд Тирмизи, Шурайк ибн Абдоллла ибн Синан Нахайи Куфий, Әбу Ибрахим Мухаммед Қасым Асади де Мәреннахрда қазылық қызмет атқарған еді.

Сондай-ақ, Ханафи мәзһабының өкілдері – Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Фазл ибн Атийя Маруази (796 қ.б), Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Салам Байқандий (840 қ.б), Мужахид ибн Амр (VIII ғ), Әбу убайд Исқақ ибн Бишр Бухарий (821 қ.б), Осман ибн Хумайд (VIII ғ), Әбу Яқуб Исқақ ибн Ибрахим Ханзалий Маруазий (777-852), Муғира ибн Муса Хорезмий (VIII ғ) және т.б. ғұламалар да Мәуреннахрда әртүрлі діни қызметтер атқарумен Ханафи  мәзһабының дамуына өз үлестерін қосты.

VIII ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырда  Мәуреннахр қалаларында негізінен Ханафи фиқһ ғұламалары қазылық қызмет атқарды. Алғашында Аббаси кезеңінде Нуһ ибн Әбу Мәрием (789 қ.б) Мервті, Әбу Мути Балхий (814 қ.б) Балхты Ханафи мәзһабының орталығы қылса, Әбу Хафс Кабир (767-831) және оның ұлы Әбу хафс ас-Сағири (877 қ.б) Бұқара қаласын Ханафи мәзһабының ордасы етті. Әбу Хафс ас-Сағири Қорасан әміршісі кейін Самани билеушісі болған Исмайыл бин Ахметтен қолдау көріп, Бұқараны Мәуреннахрдағы Ханафи мәзһабының орталығы етті. Бұқара фиқһ мектебі өкілдерінің Самани билеушілерімен жақын қатынаста болуы, кейін Ханафи мәзһабының Мәуреннахрда ғана емес, Самани мемлекетінде барлық аумағында кеңінен таралуына мүмкіндік тудырды.

Қарақан (940-1211) мемлекеті ІХ ғасырдың екінші жартысында күшейіп, Самани мемлекетін 999 жылы құлатты. Мәуреннахр аумағын толық өз уысында ұстаған Қарақан билеушілері Аббаси дәуірінен басталған Орталық Азиядағы Ханафи фиқһ ілімінің дамуына қолдау көрсетті. Қарақан билеушілері Бұқарамен қатар Самархандты да Ханафи мәзһабының орталығы етті. Қарақан билеушісі Ибрахим Тамғаш Буғра хан (1041-1068) және оның ұлы Шамсилмулук хан (1068-1080) Самархандта Ханафи ақидасы мен фиқһын үйрететін көптеген медреселер салды. Қарақан дәуірінде Ханафи мәзһабының дамығаны соншалықты Бұқарада «Садр» Ханафи мектебі, ал Самархандтағы «Жузжанийа» және «Йадийа» атты өз әдіснамасы бар Ханафи мектептері болды.

Түйін: Ханафи мәзһабы Орталық Азияға Аббаси, Самани, Қарақан билеушілері қолдауының арқасында дара діни мектепке айналды. Аббаси халифтары Имам Ағзам шәкірттерін Қорасан мен Мәуреннахр қалаларына қазы етіп тағайындау арқылы Ханафи мәзһабының осы аумаққа таралуына ықпал етсе, Самани және Қарақан билеушілері Ханафи фиқһымен қоғамдық қатынастарды оң реттеп, медреселер салып, Имам Ағзамның жолын ұстанушыларды қазылық қызметке тағайындап, Орталық Азияда Ханафи мәзһабының нық орнығуына жағдай жасады. Яғни, Ханафи мәзһабы саяси қолдаудың арқасында кең қанат жайды.

Мұхан ИСАХАН, дінтанушы, PhD доктор  

Kazislam.kz 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3651
0 пікір
Блог туралы