Ертең Ораза айты: ДӘМДІ бауырсақтың ЕРЕКШЕ 2 мәзірі
Ертең Ораза айты: ДӘМДІ бауырсақтың ЕРЕКШЕ 2 мәзірі

Сіз бауырсақтың қамырына не қосып илейсіз?

Майға піскен бауырсақ қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Той-томалақ, ауызашар, айт дастарханын бауырсақсыз елестету мүмкін емес! Ал, дастарханда ерекше әрі қып-қызыл бауырсақ тұрса қайтесіз? Оны жеуге асығатынымыз сөзсіз. Ендеше осындай тәбетті ашар екі түрлі бауырсақты пісіріп көрейік!

Алма езбесі қосылған бауырсақ

Қажетті өнімдер:

- 300 гр. алма езбесі;

- 1 дана жұмыртқа;

- 1 шым-шым тұз;

- Дәміне қарай қант ½ шай қасық;

- ас содасы 1 ас қасық;

- сірке суы;

- 1 стақан кефир;

- 50 гр. сары май;

- 3 стақан ұн;

- Пісіруге өсімдік майы қажет.

Дайындалу тәсілі: Алма езбесін жұмыртқа, қант және тұзбен араластырамыз. Ас содасын сірке суына салып, көпіршітіп аламыз. Ас содасы мен кефирді алма езбесіне қосамыз. Сары майды ерітіп, суыған соң оны да құямыз. Барлығын жақсылап араластырып, ұн қосып, жұмсақ қамыр илейміз. Дайын қамырдың бетін жауып, көтерілгенін күтеміз. Сосын қамырды жайып, төртбұрышты қалыпта кесіп шығамыз. Табаға май құйып қыздырып, бауырсақтарды пісіріп ала беруге болады. Алма езбесі бауырсаққа ерекше дәм беріп, тәбетіңізді аша түседі. Сонымен қатар, пайдалы бауырсақ деуге болады.

 

Татар халқының әдісімен дайындалған бауырсақ

Қажетті өнімдер:

- 430 гр. ұн;

- 4 дана жұмыртқа;

- 60 мл сүт;

- 12 гр. сары май;

- 1 ас қасық қант;

- Шым-шым тұз;

- 2 гр. құрғақ ашытқы;

- Өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі: Жұмыртқаларды табаққа жарып салып, тұз бен қантты қосамыз. Сүтті құйып, құрғақ ашытқыны саламыз. Артынша ерітілген сары майды құйып, жақсылап араластырамыз. Аз-аздан ұнды сала отырып, қамыр илейміз. Ұн жоғарыда жазылған мөлшерден көптеу қосылуы да мүмкін. Тым жұмсақ болып, қолға жабысатын болса, қамырға азырақ ұн қоссаңыз болады. Қамыр біркелкі әрі ешбір түйіршіксіз қалыпқа дейін иленуі керек. Қамырдың бетін майлықпен жауып, 15-20 минут қоя тұрамыз. Енді қамырды алып, 8 бөлікке бөлеміз. Әрбір қамырды қолымызбен созамыз. Созылған қамырларды кішірек қалыпта кесеміз, әрқайсысы бір үлкен грек жаңғағының көлеміндей болғаны дұрыс. Бауырсақты қызып тұрған майға салып пісіреміз. Сонда бауырсақ тез көтеріліп, дөңгеленіп шыға келеді. Піскен бауырсақтарды дуршлагқа салып, майын сорғытып алуға болады. Егер қаласаңыз, бауырсақтарды қант ұнтағына аунатып алыңыз. Тәтті бауырсақтар дастарханыңызға сән беріп, дәмі тіл үйіретіні сөзсіз.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ, ERNUR.KZ

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
5 жыл бұрын 2367
0 пікір
Блог туралы