Дін мәселесіне ұлттық ұрандар мен сезімдерді араластыруға болмайды
Дін мәселесіне ұлттық ұрандар мен сезімдерді араластыруға болмайды

Ислам діні - күллі адамзатқа жіберілген дін. Ислам діні қазақтікі немесе арабтікі ғана емес. Әркім Ислам діні жайлы қанағаттанарлықтай ілім алуға қақысы бар. Дін мәселесіне ұлттық ұрандар мен сезімдерді араластыруға болмайды. Діни уағыз - үкіметтік жиын емес, неге қазақша сөйлемейді деп айыптайтындай. Дін - насихат. Ал насихаттың тілі жалғыз емес. Насихат тілмен де, тілсіз де, іспен де, бейнемен де болады. Өлімнің өзі - тілсіз насихат. 

Сондықтан да, мешіттерде орыс тілінде уағыз жүрмесін деу - қисынсыз талап, негізсіз ұран. Елімізде қаншама қазақша түсінбейтін қазақтар мен қазақ еместер бар. Ал оларға дін жеткізу, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю - мұсылмандық парыздың бірі. "Сен әуелі қазақша үйрен, сонда ғана мұсылман боласың, дін үйренесің" деп діннің насихатына тілді көлденеңінен тару - Алланың разылығына апарар амал емес. 

Ал әлеуметтік желіде діннің орысша насихатталуына қарсы шығып жатқан достарым мен бауырларыма айтарым, бұл мәселеге парасаттылықпен қараңыздар. 

Сіздерге тіл мәселесі қажет болса, еліміздегі отандық телеарналарымыз әлі күнге дейін екі тілде сайрап келеді, соның орысшасына шүйлігіңіздер.

Екі тілде ақпарат таратып келе жатқан қаншама ақпараттық сайттарымыз бар, солардың орысшасын алғызып тастаңыздар. 

Үкіметіміз екі тілде сайрап келеді, соны таза қазақшалаңыздар. 

Барған жиындарымыз екі тілде сөйлейді, соны бір тілге түсіріңіздер.

Тек дін, насихат мәселесіне тіл проблемасын араластырмаңыздар. 

Егер сіздердің дегендеріңізге салып, дін мен тілді біртұтас деп қарастырсақ, онда Ислам діні араб тілді елдермен шектеліп, сіз бен біз кәпір болып отырар ма едік? 

Орысша уағыз айтылады деген мәселе мешіт мінберінен қазақ тілі түсіп, орыс тілі шығады деген сөз емес.

Салтан Сайранұлы

Facebook-тегі парақшасынан 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 4320
2 пікір
Блог туралы