Алмас Темірбай: БӨГЕНБАЙ БАТЫР РУХЫНА
Алмас Темірбай: БӨГЕНБАЙ БАТЫР РУХЫНА
Қанжығалы қарт Бөгенбай 
1708 жылы 28 жасында 30 мың қолды бастап, Дон өзені бойынан ығысып, Жайықтан бері асқан орыс-казактарды қайта қуып тастайды. 
1710 жылы Үш жүздің Қарақұрымда өткен құрылтайында Бөгенбай Қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланады. 
1723 жылы батыр басқарған қазақ қолы Бұланты мен Бөленті өзендерінің бойындағы жоңғарларды ойсырата жеңеді. 
1730 жылы Бөгенбай Төле бимен тізе қосып, Алты Алашқа «Арғанатыға жинал!» деп ұран тастайды.Үш жүз Ұлытауда тізе қосады. 
1733 жылы Кәрітауда (Ерейментау) Уса Серен әскеріне күйрете соққы береді. 
1756-1758 жылдары Шығыс Түркістанның Талқы асуында Қытай жасағымен ұрыс жүргізіп, Үрімші мен Тұрпан қалаларынан асырып қуады. 
1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласын ертіп, Қытайға келіссөз жүргізуге барады. 
Бөгенбай батыр 50 жыл Қазақ әскерін басқарып, майданға 103 рет кіріп, жеңіске жеткен.     
 
«ҚАНЖЫҒАЛЫ ҚАРТ БӨГЕНБАЙ» 
кітабының кіріспе сөзінен. 
Астана. «Фолиант». 2007 жыл. 
 
* * *
 
Алдияр, бабам, Бөгенбай, 
Адамнан туған арыстан! 
Мияулап мысық таппас-ты,
Тумай ма барыс барыстан?!
Батырдан туған батырсың, 
Жаралған кек пен намыстан! 
Үйінде Ақша батырдың 
Сен туған сәтте шырылдап, 
Атаңа нәлет, қалмақтың 
Басынан бақыт-бағы ұшқан! 
Асфаһан қылыш ─ қолыңда, 
Аламан әскер ─ соңыңда, 
Төбесі Көктің шымырлап, 
Қара Жер белі қайысқан! 
Адырнаң кетсе мөңіреп ─ 
Әзірейілдің жайы ұшқан! 
Арғымақ ─ Арқаркүреңің 
Ұшқан да құспен жарысқан,
Тұяғыменен тұлпардың 
Тарихты жазған ─ данышпан! 
Әз-Тәуке саған сүйсініп, 
Абылай таңдай қағысқан! 
Арманы бар ма еркектің 
Сенімен семсер қағысқан?! 
Жауыңның мысы басылған,
Қиындай шілдің шашылған,
Жалаулы найзаң желкілдеп,
Көрінсе болды-ақ алыстан...   
 
Тарихтың түбін қопарсаң ─ 
Үш ғасыр бұрын осыдан, 
Қазақтың құты қашқақтап, 
Киіктей қырда жосыған. 
Халықтың басы ─ Тәуке хан, 
Абылай онда тумаған, 
Қырда ─ қалмақ, ойда ─ орыс, 
Шибөрі құсап шулаған. 
Жайықтың бойын жағалап, 
Кіші жүз елін аралап, 
Жеріңді көздеп жұтынған, 
Казак пен орыс құтырған. 
Сен қарсы шығып соларға, 
Халықтың жинап қашқанын, 
Жолсызбен жортқан жолбарыс, 
Жалындап тұрған жас шағың ─   
Жиырма сегіз жасыңда 
Отыз мың қолды бастадың,
Еділден казак-орысты 
Асыра қуып тастадың...   
 
Қарақұм Құрылтайында, 
Екі жыл салып араға, 
Үш жүздің басы қосылып, 
Ұран сап тұрды далада, 
Әкеңіз ─ Ақша ұстатты, 
Әскери туды сарыала! 
Сарыала туың ─ қолыңда, 
Сексен мың сарбаз ─ соңыңда, 
Сен болдың ─ сардар қолбасшы, 
Қолдады сені барлығы. 
Кеудеңе тұнды кек болып, 
Алаштың ащы тағдыры, 
Әз-Тәуке осы жиында, 
Шығарып «Жеті Жарғыны», 
Құрбандық шалды, дұға оқып, 
Қаймана Қазақ хандығы!   
 
Талтаңдап қалмақ тау-тауда, 
Жерінен безді арқар да, 
Саялы болса Сарыарқа, 
Бетпақта құлан жортар ма?! 
Батырлар болса баһадүр, 
Қалмақтан қазақ қорқар ма?! 
Алаштың бағы жанған-ды, 
Аласапыран сол таңда, 
Жоңғарды қырып-жойдыңдар, 
Тас-талқан қылып Торфанда! 
Бірікті рухы қазақтың, 
Бөгенбай, сенің арқаңда!   
 
«Арғанатыға жинал!» деп, 
Алашты алға сүйреп ең, 
«Үш жүзім Ұлытауға кеп, 
Күшіңді күллі жи!» деп ең! 
Басқардың Үш жүз баласын, 
Бас қосып Төле бименен. 
Шуно Дабо ноянды   
Тақымға басып сүйреп ең, 
Әскері Уса Сереннің 
Соққыңнан сенің күйреген! 
«Ақтабан шұбырындыда»,
«Алқақөл сұламалыда», 
«Аңырақай шайқасында да»   
Басыңды жауға имеп ең, 
Қазақта мынау жер бар ма, 
Табаның сенің тимеген?! 
Қыран құс болсаң сен егер, 
Қанатың жоқ қой күймеген?! 
Найзадан басқа көтеріп, 
Сауыттан басқа кимеген, 
Елі мен жерін дәл сендей, 
Ешкім де бүйтіп сүймеген!   
 
Куәгер сонау заманға ─ 
Кәрітау менен Өлеңті, 
Қос өзен ─ «Қалмаққырылған» ─ 
Бұланты менен Бөленті. 
Еділ мен Жайық және де 
«Есіл мен Нұра ─ екі су», 
Қара Ертіс, Зайсан, Аягөз, 
Алакөл, Балқаш, Жетісу! 
 
Ташкентке бардың ту ұстап, 
Сырдария бойын жағалап, 
Әбілқайырдай ханменен 
Әскердің күшін саралап.
Далаға мынау сыймадың, 
Қазақтың жерін аралап, 
Ауылдан әскер жинадың, 
Қазақтың елін аралап. 
Күрестен күрес күшіктеп, 
Соғыстан соғыс балалап, 
Аңырақай менен Талқыда 
Жеңіске жеттің ғаламат! 
Қазақтың барлық батыры   
Артыңнан ерді «Ағалап!». 
Ерейментаудың жерінде, 
Орта жүздің елінде, 
Алғаш рет ерлік көрсетіп, 
Батаңды алды Сабалақ!   
 
Қамы үшін қара қазақтың, 
Ары үшін Алты Арыстың, 
Дұшпаннан дұшпан қалдырмай, 
Ақ найза толғап жарыстың!
Сертіне сенбей орыстың, 
Орыспен қанша соғыстың! 
Ойраттармен де айқастың, 
Шүршіттермен де шайқастың! 
Оймауыттармен күрестің, 
Торғауыттармен тірестің! 
Құба қалмақпен алыстың, 
Қара қытаймен шабыстың! 
Жетпіс жеті жасқа кеп, 
Қырғызбен қылыш қағыстың! 
Келіссөз жасап Қытаймен, 
Дұшпанмен қол да алыстың! 
Абылай айтып, сен көніп, 
Ресеймен қайта табыстың! 
100 мәрте кіріп майданға, 
Антыңды бұзбай, қан іштің! 
60 жыл аттан түспедің, 
50 жыл әскер басқардың, 
Ақ туын жықпай намыстың!
Жұртыңды мынау жылатпай, 
Рухыңды жерге құлатпай, 
Мұртыңды көкке шаныштың!   
 
Тектіден туған тектісің, 
Емессің сен бір әлдекім, 
Еңсегей бойлы Ер Есім 
Батыры ─ атаң Әлдекүн, 
Атаңа тартып тудың да, 
Жүрдің сен соның жолымен!
Әз-Тәуке ханның жолдасы, 
Атақты батыр, қолбасшы, 
Өз әкең ─ Ақша кешегі, 
Соғыстың бірге онымен! 
Тәуке хан менен Қайып хан,
Болат сұлтан, Сәмеке, 
Көкжал Барақ, Жолбарыс, 
Әбілмәмбет, Әбілқайыр, 
Көркем Уәли, Абылай ─ 
Хандардың бәрін көріп ең. 
Батырлығыңды бағалап, 
ұсынған орын төрінен, 
Бәрімен сырлас болып ең, 
Бәрімен жолдас болып ең. 
Тарихың тасқа басылған, 
Тапқам жоқ ойлап оны мен! 
Ерейменнің елінде, 
Сілетінің жерінде, 
Үмбетей жырау қасыңда, 
Тоқсан сегіз жасыңда... 
Дұшпаннан ешбір жеңілмей,
Далада қаның төгілмей, 
Еліңнен іргең бөлінбей, 
Қартайып, үйде өліп ең! 
Қанжығалы қарт Бөке-ау, 
Бақытты неткен батырсың?! 
Түркістанда жатырсың, 
Қазақтың ескі жөнімен! 
Осы ғой ─ нағыз тектілік, 
Жасырам қайтып оны мен?!   
 
...Оқысаң жаңа тарихты, 
Атақты батыр  көп, ойбай! 
Кешегі шалдар білмеген, 
Батырлар дейсің о қандай?!
Өз аталарын дәріптеп, 
Әдемі сөзбен әдіптеп, 
Өтірік тарих жазып жүр, 
Іші тар қазақ көре алмай! 
Атар деп ата аруағы, 
Ойламас олар обалды-ай, 
Алдағаны үшін халықты, 
Соттаса, шіркін, соларды-ай?! 
Қорғаған алтын басыңды, 
Алтыннан құны асыл-ды, 
Жетпіс жыл киген дулығаң, 
Біздерге жетті жоғалмай! 
...Мен білсем, мынау қазақта, 
Батыр жоқ сендей, 
Батыр жоқ сендей, 
Батыр жоқ сендей, Бөгенбай!!!    
 
авторы: Алмас Темірбай
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
9 жыл бұрын 6683
1 пікір
  • Ассалаумағалейкум! Жырыңыз үшін АЛЛА разы болсын!

    Бірақ тарихта екі Бөгенбай болған, біріншісі - кіші жүзде, қателеспесем Тама руынан шыққан, екіншісі - орта жүзде, Сіз жырыңызда айтып отырған.

    Біріншісі сәл ертерек болған - Тәуке, Әбілқайыр хандардың тұсында үлкен ерліктерімен аты шыққан. Екіншісі, одан кейінірек Абылай ханның дәуірінде болған.

    Жоғарыдағы мақала бойынша тарихи кезеңдер екі аттас батырдыкі және оны былай қараған дұрыстау болар еді деп ойлаймын:

    Кіші жүзден шыққан Бөгенбайға тиесілі -

    1708 жылы 28 жасында 30 мың қолды бастап, Дон өзені бойынан ығысып, Жайықтан бері асқан орыс-казактарды қайта қуып тастайды.

    1710 жылы Үш жүздің Қарақұрымда өткен құрылтайында Бөгенбай Қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланады.

    1723 жылы батыр басқарған қазақ қолы Бұланты мен Бөленті өзендерінің бойындағы жоңғарларды ойсырата жеңеді.

    1730 жылы Бөгенбай Төле бимен тізе қосып, Алты Алашқа «Арғанатыға жинал!» деп ұран тастайды.Үш жүз Ұлытауда тізе қосады.


    Орта жүзден шыққан Бөгенбайға тиесілі -

    1756-1758 жылдары Шығыс Түркістанның Талқы асуында Қытай жасағымен ұрыс жүргізіп, Үрімші мен Тұрпан қалаларынан асырып қуады.

    1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласын ертіп, Қытайға келіссөз жүргізуге барады.


    Бұны жазған мақсатым, бірін кемітіп, бірін асыру емес, әр тұлғанын еңбегі дұрыс бағаланып, ұрпаққа дұрыс жеткізілсе екен деген ой. Өкінішке орай соңғы кезде көп тарихшылар, кейінгі кезенде өмір сүргендіктен ба, тек орта жүзден шыққан Бөгенбайды айтады. Ал, ертерек болған Бөгенбайды ажыратпай, оның ерліктерін де екінші Бөгенбайға қосып жіберіп екі батырдан бір батыр жасап жүр. Екі Бөгенбей да қазақ үшін өз кезеңінде жан берген батырлар және екі аттас батырды шатастырмай білсек екен. Кіші жүзден шыққан Бөгенбай туралы және жоғарыдағы тарихи кезендердің оған қатысы туралы нақтырақ білгіңіз келсе, Ерофеева деген тарихшы апамыздың "Абулхаир - хан, полководец, политикик" - деген үлкен еңбегін қарасаңыз түсінесіздер.


    Ізгі ниетпен, Қуаныш! Ассаляму алейкум, уа рахматуллахи уа баракатух!
    9 жыл бұрын
Блог туралы