Бес жасында Қазақстаннан Египетке отбасымен бірге көшкен Рабиға Төлебай он төрт жасында университетке оқуға түсіп, қазір магистратура бөлімінде оқып жүр. Сондай-ақ, Мысыр еліндегі жетекші оқу орны саналатын Каир университетінде студенттерге қазақ тілінен сабақ береді. Әлемнің он тіліне аударылған Абайдың шығармаларын араб тіліне жолма-жол аударып, осы еңбегі үшін «Абай» медалімен марапатталған Рабиғаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
Біздің анықтама:
Туған жылы: 1995
Туған жері: Жезқазған қаласы
Білімі: Әл-Азһар университеті (Египет)
Қызметі: Каир университетінде қазақ тілі пәнінің оқытушысы
– Наурыз мерекесі қарсаңында алған «Абай» медаліңіз құтты болсын! Ең әуелі Абайды арабша сөйлеткен сіз секілді жас маманның Мысыр еліне қалай барғанын білгіміз келеді. Онда оқу үшін бардыңыз ба, әлде?
– Рақмет! Негізі, мен – Жезқазғанның тумасымын. Бес айлық кезімде отбасым Алматыға көшіп, онда бес жыл тұрдық. Әкем сол қаладағы мешіттердің бірінде имам болып жұмыс істеді. Ал анам үй шаруашылығымен айналысып, сіңлім және інім үшеуімізді бақты. Кейін әкем Египетке оқуға түсті, сөйтіп 2001 жылы осында көшіп келдік. Арабтарда «Балаға кішкентай кезінен не үйретсең, сол нәрсе тасқа таңба басқандай мәңгіге қалады» деген нақыл сөз бар. Сол себепті балабақшада үйренген араб тілі бізге үлкен көмек болды. Онда Құран тіліне негізделетін, «фусха» деп аталатын араб тілінің ресми нұсқасымен қатар, «амми» деген ауызекі нұсқасын да үйреніп алдық. Фусханы үйреніп алған шетелдіктер осында келгенде түсінісе алмай дал болады, себебі мұндағы жұртшылық Құран тілін көп түсіне бермейді. Олар көше тілі деп аталып кеткен аммиді көп қолданады. Сол көше тілін кішкентайымыздан үйреніп алған бізге сабақ оқу оңай болды. 6-сыныпта дін, араб тілі мен әдебиеті бойынша үлгерімім өте жақсы болғандықтан, ұстаздарым мен ата-анам әлемдегі беделді оқу орындарының бірі Әл-Азһар университетіне оқуға тапсыруға кеңес берді. Ал бұл университетке түсу үшін алдымен білім деңгейіңді көрсететін емтихан тапсыруың қажет. Сосын ондағылар оқуды нешінші сыныпта немесе курста жалғастыру керек екенін айтады. Сөйтіп, мені емтихан нәтижесі бойынша 6-сыныптан 11-сыныпқа «аттатып» жіберді.
– 6-сыныптан бірден 11-сыныпқа көшу – таңғаларлық жайт. Жоғары сынып оқушыларының ортасына сіңісіп кете алмай, қиналып қалған жоқсыз ба?
– Мектепте сабаққа белсенді араласқан соң, мені аса ешкім түртпектей қоймады. Десек те жасымның қаншада екенін сұраса да, айтпауға тырысатынмын (күліп). Өзіммен жастылармен түсінісе аламын деп айта алмаймын. Өзімнен үлкен кісілермен араласқанда өзімді жайлы сезінемін. Ойыма ой қосып, білімімді арттыратын, көп оқыған, көпті көрген кісілердің қасында жүргенді құп көремін. Бастапқыда жасы кішкентай, оқуды ары қарай алып кете ала ма деген қорқыныш көпшілікте болса керек. Ал менде өзіме деген сенімділік артып, үш ай бойы анам мен ұстаздарымның көмегімен бес жылдың бағдарламасын жатпай-тұрмай оқып шықтым. Жалпы, кітап оқығанды ерекше жақсы көремін. Кітап оқыған сайын, адам ашыла түседі. Содан болса керек, көп нәрсені тануға ұмтылдым. Негізі, оқуға ерекше ден қоюыма араб тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі себепші болды. Египетте ұлдар мен қыздар үшінші сыныпқа дейін бірге білім алып, сосын бөлек оқытылады. Біз бір сыныпта 46 қыз оқыдық. Әлі есімде, әлгі ұстазым кітапты араб тілінде мүдірмей, дұрыс дыбыстап оқып шыққаныма таңырқап «Қане, қол шапалақтаңдар. Рабиғаға қолдау көрсетейік! Сендер араб болсаңдар да, араб тілінде тек шетелдік қыз жақсы оқып шықты» деп сыныптастарымды орнынан тұрғызып, қошемет көрсеткен. Сол кезде еселенген құлшынысым 11-сыныпта қатарымнан кем қалмай оқуыма септігін тигізді. Айта кетерлігі, Мысыр елінде 12 жылдық білім беру моделі қолданылады. 11-сыныпты бітірер кезде жарысқа қатыстым. Бұл жарыста топ жарсаң, университетке түсесің, ал жолың болмаса, 12-сыныпта оқисың. Сөйтіп…
– Сөйтіп, сіз аталған жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, 12-сыныпты да аттап өттіңіз бе?
– Иә (күліп). Сөйтіп, 14 жасымда университет табалдырығын аттадым. Десек те төрт жыл бойы университетке емес, мектепке барып жүргендей сезіндім.
– Үнемі ізденіс үстінде жүретініңізге қарап, неліктен екі жоғары білім алуға талпынғаныңызды енді түсінгендеймін. Қазір үшінші жылға жалғасқан магистратура бөлімінде оқып жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Мысырда магистратура бойынша оқу мерзімі көптеген елдегідей екі жыл емес пе?
– Құран және тәпсір ғылымдары бөлімін бітіргелі жатқанда, философия бойынша білім алған Әл-Азһардың бас имамы «Осы оқуыңнан кейін философияны оқысаң қайтеді?» деп кеңес берді. Бірақ анам бастапқыда қарсы болды, өйткені білмеген жандарға философия түсініксіз ғылым секілді көрінеді ғой. Оның үстіне, діннен бөлек бағыттарды зерттеуге тура келеді. Сөйтіп, бұл ұсынысқа онша мән бере қоймадым. Сол кезде елге барып, жергілікті муфти және дін қайраткерлерімен кездескенде олар да философияны оқып алғаным дұрыс екенін алға тартты. Сөйтіп, тағы емтихан тапсырып, философия факультетіндегі оқуымды 3-курстан бастап жалғастырдым. Мұны аяқтаған соң, сол университеттің магистратура бөліміне оқуға түстім. Бізде магистранттар екі жыл оқиды, сосын бір немесе екі жыл ішінде диссертация қорғауы тиіс. Дегенмен, таныстарымның түгелі дерлік диссертациясын жеті, сегіз, тіпті тоғыз жылда қорғап шыққан. Екі-үш жылда қорғады деген бірде-бір адамды естімедім. Жалпы, мұнда диссертация қорғау ережесі күрделі, оқу да оңай емес. Сәтін салса, диссертациямды неғұрлым тезірек қорғауға тырысамын.
– Ал Каир университетінің студенттеріне қазақ тілінен сабақ беру мүмкіндігі қайдан туындады?
– Қазақстанның Египеттегі елшілігінен осындай ұсыныс келіп түсті. Негізі, елшіліктен өтетін барлық іс-шараға атсалысуға тырысамын. Мысалы, екі ай бұрын Шарм-эль-Шейхте елшіліктің ұйымдастыруымен өткен бизнес форумда әрі аудармашы, әрі ұйымдастырушы қызметін атқардым. Көп жағдайда араб тіліне аударуға көмектесемін. Жоғарыда айтып өткендей, Мысырға келген көпшілік көше тілін біле бермейді. Осы ретте бір қызық оқиғаны айта отырайын. Бірде бір араб дүкенге барып, Құранға негізделген фусха нұсқасы бойынша сөйлеп, өзіне не керегін айтқан соң, сатушы «Сөйлеп болдыңыз ба?» десе, ана кісі басын изепті. Сосын сатушы «Садақаллаһул-азим» депті. Бізде Құранды оқып біткен соң, осылай айту қажет қой. Сөйтсе, сатушы әлгі кісіні Құран оқып тұр деп ойлап қалса керек (күліп). Сол себепті елшілік аудару, ұйымдастыру, кештерді жүргізуге көмектесіп жүргенімді бағалап, Мысырда нөмірі бірінші білім ордасы саналатын Каир университетінің төртінші курс студенттеріне қазақ тілін үйрету міндетін сеніп тапсырды. Айта кетерлік жайт, қазақ тілі сыныбы 2019 жылы 23 мемлекеттен құралған араб әлемінде тұңғыш рет Каир университетінде ашылды. Бұл – біз үшін елеулі оқиға. Алдымен Сауд Арабиясы немесе Қатар секілді бай елдерде емес, дәл Мысыр елінде ашылғаны көңіл қуантады. Ашылу салтанатына Қазақстанның сол кездегі Египеттегі елшісі Арман Қайратұлымен қатар, елден арнайы келген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре бастаған бір топ делегация қатысты. Сондай-ақ, Египетте оқитын қазақстандық студенттер де қуанышымызбен бөлісті.
– Қазақ тілін жетік білу бір басқа, ал мұны өзге ұлт өкілдеріне үйрету тіптен бөлек. Бастапқыда тәжірибеңіз болмағандықтан студенттерге сабақ беру оңай болмаған шығар?
– Қазақ тілін университетте ресми тілде оқытпас бұрын, айналамдағы құрбы-таныстарыма бірте-бірте үйретіп жүргенмін. Сол себепті біреуді тілге үйретуге икемім бар деп айта аламын. Дегенмен, университетте қазақ тілін оқыту – мен үшін үлкен мәртебе. «Қазақстанды таныстыра алатындай дәрежеге қолымның жеткені ме?!» деп қуанып, бар ынтамды салдым. Мен түрік тілі факультетінде жұмыс істеймін. Студенттерім үш жыл бойы түрік тілін оқып, 4-курста шет тілі ретінде қазақ, әзербайжан және өзбек тілін таңдай алады. Жыл сайын 200-ге жуық студент 4-курсқа көшеді, соның ішінде алғашқыда 35 студент қазақ тілін таңдады. Алғашқы оқу жылында үрей басым болды, себебі өзбек және әзербайжан тілдерінің оқу бағдарламасы үш жыл бұрын енгізілген. Оның үстіне, екі тілдің құрылымы студенттер үш жыл бойы оқыған түрік тіліне ұқсас келеді. Қазақ тілінің де түрік тілімен ұқсастығы баршылық, десек те айтылуы жағынан көптеген айырмашылық бар екені белгілі. Сондықтан студенттерді қазақ тілін үйренуді қиынсына ма деп ойладым. Шынымен де Қазақстан туралы енді-енді естіп жатқан олар әдепкіде қазақ тілін меңгере алатынына күмәнмен қарады. Сабақтан соң қасыма келіп «Қазақ тілі – қиын тіл. Оқи алмаймын. Бұған қарағанда өзбек пен әзербайжан тілі оңай екен. Сол екі сыныптың біріне ауысайыншы» деген студенттер көп болды. Төртінші курс студенті болса да, кейде балаға ұқсап кетеді ғой (күліп). Күніне бір нәрсе үйренбесек, мидың қабілеті нашарлайды деп, жігер беріп, әр сабағымды қызықты өткізуге тырысып бақтым. Сабақ аптасына екі рет өтеді, бір сабақ үш сағатқа жалғасады. Грамматиканы үйрету қиын болған жоқ. Маған қазірге дейін қиынға түсетіні – қазақша әріптердің дыбысталуын жаттату. Араб тілінде де біздікіне ұқсас әріптер бар, бірақ дыбысталуы әртүрлі. Сондықтан практикада қазақ тілін көп қолдану үшін олармен көп сөйлесемін, елшілікте өтетін іс-шараларға шақырамын. Былтыр Абайдың 175 жылдығына орай өткен концертте ұлы ақынның өлеңін жатқа айтып, қойылымдарға қатысты. WhatsApp желісінде арнайы топ құрып алғанбыз. Сонда күн сайын жаңа сөздер жіберіп отырамын. Алғашында бір студентімнен «Сәлеметсіз бе, ұстазым!» деген хат келгенде алақайлап, үйдегілерге араб азаматының қазақ тілінде хат жазғанын сан мәрте айтып, бойымды мақтаныш кернегені бар. Бүгін де бір студентім туристер көп жүретін жерде қазақтармен кездейсоқ танысып, қазақша сөйлессе олар аң-таң болыпты. Бұл жаңалықты жеткізгенше асыққан ол сөз соңында ризашылығын білдіріп жатыр. Қазіргі студенттерімнің қазақ тілін үйренуге қызығушылығы зор. Үлгерімі жақсы студенттер тіпті үйден оқуға бермеген тапсырмаларды орындап, жаңа сөздер жаттап келеді. Мұны көрген өзге студенттер де ізденіп, келесі сабаққа ғаламтордан Қазақстан туралы көп дерек тауып келіп, бір-бірімен бөлісіп отырады.
– Салт-дәстүріміз туралы деректерді де өздігінен іздеп тауып, сізден сұраған болар?
– Иә. Әсіресе, ұлттық тағамдар туралы көп сұрайды. Жылқы етін жеу арабтардың табиғатында жоқ нәрсе. Олар көгершіннен ас әзірлейді. Сол себепті біздің мәдениеттегі ерекшеліктерді атағанда, олардың дәстүрінен мысалдар келтіріп, салыстырып отырамын. Екі елдің менталитетін жақсы білген соң, екі түрлі мәдениетті өзара байланыстыруға тырысамын. Өйткені олар біздегі төрт түлік малды өсіріп, етін жеп, сүтін ішу дәстүріне үрке қараса, ары қарай қызығушылығы азаятыны белгілі. Сондықтан түрлі тәсілдер арқылы танымдық белсенділігін арттыруға тырысамын. Тағы бір айта кетерлігі, олар біздің ұлан-асыр той өткізіп, көптеген жөн-жоралғы жасайтынымызға таңғалады. Мысырда тек бір той жасайды. Үш жүз адам шақырылса да, біздегідей аста-төк дастарқан жайылмайды. Үстелге тек Pepsi сусыны мен бір дана печенье қойылады. Тілек айтылмайды. Елшілікте Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекесін атап өткенде оларды шақырып алып, сахналанатын қойылымдардағы салт-дәстүрлерді түсіндіремін, ұлттық тағамдардан дәм татқызамын. Кабинетте кітап оқып қана қоймай, көзбен көріп, қолмен ұстап, дәмін татып, елшілермен сөйлестіру үшін қолымнан келгенін жасап жатырмын. Әлбетте, атқарылатын шаруа көп. Көп жағдайда жалғыз өзім үлгере алмай қаламын. Осындайда қасымда көмектесетін бір адам болса ғой дейсің. Мен сабақты биыл ғана беремін, себебі келесі жылы бүкіл уақытымды диссертация әзірлеуге жұмсаймын. Оған қоса, Египетте тұрақтап қалу ойда жоқ. Түпкі мақсатым – елге қайту. Жүрегім «Қазақстан» деп соғады, елге барғанда ғана тыныштық табады.
– Әлемнің он тіліне аударылған Абай шығармаларын араб тіліндегі жолма-жол аудармасын әзірлеуге атсалыстыңыз. Қазақ тілінің маманы болмасаңыз да, ұлы ақынның туындыларын тәржімалауға үлес қосқаныңызға риза болып отырмыз…
– Қазақ тілінің маманы емеспін. Дегенмен анам сабақтан келген соң қазақ тілінде кітап оқуымызды қатты қадағалайтын. Сол кезде баламыз ғой, оқығымыз келмей, анамызға «Бізді қинап жатырсыз. Онсыз да басқа тілдерді оқып, шаршап жүрміз. Еркін сөйлейтін ана тілімізде неге сонша кітап оқытасыз?» деп ренжитінбіз. Қазір қарап отырсам, анам солай табанды түрде оқытпағанда, Абай атамыздың шығармаларын аударуға, арабтарға қазақ тілін үйретуге құлшынбас едім. Түркияда отбасымызға жақсы таныс профессор Әбдуақап Қара ағамыз анама хабарласып, Абайдың 175 жылдығына орай Ұлттық аударма бюросы ақынның шығармаларын әлемнің он тіліне аударғалы жатқанын, соның ішінде араб тіліне аударуға талпынып көруіме кеңес берді. Бастапқыда анам «Бұл – үлкен аманат, қажет емес» деп қорқақтап, бас тартты. Кейіннен келісіп, нәтижесінде ақынның 148 өлеңін араб тіліне аудардық. Екі елдің мәдениеті екі түрлі екені белгілі, сондықтан аудару барысында біраз қиналдым. Әсіресе, қыс мезгілін, жануарларды сипаттау, қыстақтарға циклдік көшулерді аудару, шумаққа бөлу оңай болмады. Десек те екі араб ақыны әдеби жағынан редакциялап, кем-кетігін түзеп берді.
«Абай» медалімен марапатталу сәтінен
– «Абай» медалімен көбінесе жасы үлкен қайраткерлер марапатталып жатқанын байқап жатамыз. Сізге медаль табысталатынын естігенде таңғалған боларсыз?
– Иә, күткен жоқпын. Абайды араб еліне танытқаны үшін «Абай» қоры елшіліктің ұйымдастыруымен өткен әл-Фараби конференциясында төрт мысырлыққа және маған «Абай» медалін табыстады. Медальді елден арнайы алып келген «Абай» қорының меңгерушісі «Абай» медалін алғаш рет жас қыз балаға табыстап жатырмын» деп таңғалысын жасырмады. Расымен де сыртымнан танитын көпшілік мені үлкен әйел деп ойлайды екен. Египеттегі қазіргі елші Қайрат Лама Шариф менімен таныспай тұрып, біз аударған кітапты оқып, әлеуметтік желіде мақтап жазған болатын. Сосын бір күні кеңсесіне арнайы шақырғанда мені көріп «Абайдың туындыларын аударған Рабиға дегенге сені 40-50 жас шамасында деп елестеткенмін» деп, жас болсам да, осындай игі істерге араласып жүргеніме ризашылығын білдірді. Осы ретте мені білімге баулыған, Абайдың туындыларын аударуға шама-шарқым жететініне көзімді жеткізген анама алғысымды жеткізгім келеді. Сенесіз бе, мен оқуға түскенде анам күн сайын менімен бірге университетке барып жүріп, көз бен сөздің сұғынан қорғап жүрді. Араб елдерінде әйелдер қара түсті киім киіп, бетперде тағып жүретінін білесіз. Қара түсті киім кию олардың дәстүрінде бар, сондай-ақ осындай түсті киім кию оларға ыңғайлы. Ал мен керісінше ашық түсті киім кигенді ұнатамын. Кей жағдайда белдемшемен қатар, шалбар киемін. Бір жағынан ұятқа қалмас үшін, екінші жағынан басқа көзқарасты ұстанады дегенге келтірмес үшін өзіме жарасатын киімді киемін. Мұнымды байқаған көпшіліктің «Абай бол, бәзбіреулер тиісуі мүмкін. Бетіңді жауып жүр. Қара түсті киім ки» деп айтқаны бар. Десек те мен айналамды тыңдамай өзіме ыңғайлы өмір салтын ұстануға тырысамын.
– Қазақстанға оралғанда немен айналыспақ ойыңыз бар?
– Жыл сайын барған кезде таныстарым Қазақстанға қайтуым керек екенін, елге келіп қызмет етуге тиіс екенін сан қайталап айтады. Қазақстанды өркендетуге үлесімді сыртта жүріп те қоса аламын. Уақыт өте келе, айналамдағы кісілерге мұны растадым деп ойлаймын. Елге оралғанда қандай жұмыс істегім келетінін сұрасаңыз, кез келген қызметті атқара аламын. Отбасың жаныңда болса да, тарихи Отаныңның сенен алыс, саған соншалық қымбат екенін сезесің. Туған жердің топырағын басып жүргің келеді. Сол үшін де елге қайтқым келеді. Магистратураның дипломын алып, әлемдегі қазіргі жағдай тұрақталғанда Қазақстанда жұмысқа тұру мүмкіндігі туындайтынына сенемін.
Әңгімелескен: Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дереккөзі: turkystan.kz