Сәбиді құйрық маймен сылаған дұрыс па? Маман жауап берді
Сәбиді құйрық маймен сылаған дұрыс па? Маман жауап берді

Бұрын ата-бабаларымыз баланы қойдың құйрық майымен майлап өсірсе, қазіргі кезде педиатр мамандары онымен сыламауға кеңес береді. Оның орнына неше түрлі компаниялардың иіс майларын ұсынады

Дегенмен, ол майлар әр баланың терісіне жаға бермейді, кейбір кезде қышытып мазасын қашыратын көрінеді. Сонымен жаңа туған сәбидің денесін немен сылаған дұрыс? Тәжірибелі педиатр маманы Роза Әлімбекқызы Bugin.kz сайтына айтып берді.

– Роза Әлімбекқызы, бұрын ата-бабаларымыз сәбиді қойдың құйрық майымен майлап өсірген. Бірақ қазіргі кезде педиатр мамандары баланы қойдың майымен сылауға қарсы. Неліктен?

– Иә, ата- бабаларымыз қойдың құйрық майын турап шыжғырып, баланың денесін сылап өсірген. Бірнішден табиғи, екіншіден қол жетімді.  Майға сыланып өскен бала ширақ, қуатты болады. Денесі балғын жұмсақ болып, терісі құрғамайды. Сол себептен маман ретінде айтарым – сәбиді қойдың майымен сылаған артық етпейді.

– Яғни бала денесін маймен немесе креммен сылаған дұрыс деп санайсыз ғой?

– Мынау дұрыс немесе бұрыс деп айтпаймын. Бірақ жас аналар сәбилерін қандай маймен сылайтынын білмей жүрсе, кеңес бере кетейінСұйық майды сулы парда 30 минут  қайнатып,  жылы күйінде баланың денесін сылауға болады. Яғни, шомылдырғаннан кейін сылау керек.

– Ал бала емізіп жүрген аналар қалай тамақтану керек, диета ұстауы керек пе?

– Арнайы диетаның қажеті жоқ. Алайда емізіп жүрген уақытта ірімшік, сүтті  тағамдарды көбірек жегені дұрыс. Ал жеміс-жидектерді аз мөлшерде пайдалану керек. Газды сусындар мен тәттілерді шегерген жөн, балаға аллергия шығып кетуі мүмкін. Әрі баланың ас қорытуы қиынға соғады, іш кебу пайда болады.

–Жаңа туған анаға қандай кеңестер берер едіңіз? Мәселен, жылқы етін жегізбейді екен. Неліктен?

– Жылқы етінде холестерин аз, анемиясы бар әйелге жылқының бауырын жегізген. Оның құрамында  темір өте көп, микроэлементтер, дәрумендер буын ауруын емдеген. Ал сынықшылар сынық жерді емдеу үшін жылқы майын пайдаланған. Жаңа туған  анаға жылқы етін жегізбеген. Себебі, көреген әжелеріміз босаңсып тұрған  денеге аллергия  пайда болып, терлемейді деген екен. Жаңа туған әйелге тек қойдың сорпасына омыртқаны қосып қайнатып, оны мұжытып, көрінбейтін жерге іліп  қойған. Бұл нәрестенің мойны тез қатаюына көмектеседі деп ырымдаған.

– Емшек сүті қою болуы үшін бұрынғы кезде әйелге шәйға тары араластырып ішкізген екен. Бірақ қазіргі кезде педиатр мамандары қуырылған тары ішті кептіреді деп жатыр. Бұған не айтар едіңіз?

– Иә, бұрындары жаңа босанған әйелдің емшек  сүті  қою болуы үшін сүтке тарыны әбден қайнатып ішкізген. Бірақ қуырылған  тарыны түйіп, қабығынан тазалаған соң ғана сүтке қайнатады. Ал емшек сүтінің қою, әрі құнарлы болуына шикі тарының әсері болмайды.

– Жаңа туған сәбиде температура болса, виферон майын беріп жатады. Кейбір дәрігерлер виферон беру дұры емес екенін айтады. Виферон қандай жағдайда балада аллергия туғызады?

– Виферон майын әйел 14 апталық жүктілік кезінде пайдаланады. Ал емізулі кезінде қолданылмайды. Виферон майын қазіргі індетте вирусқа қарсы пайдаланған дұрыс, яғни вирусқа төзімділік пайда болады. Иммунитетті қалыптастырады. Виферон майын үлкендерге де, балаларға да қолдануға болады. Виферонды 5 күн салып, 5 күн демалу керек. Ал майды дұрыс  пайдаланбаса аллергия  туғызады. Сол себептен тек дәрігердің тағайындаумен қабылдаған  дұрыс.

– Негізі сәбидің қалыпты температурасы қанша болуы керек?

– Нәрестенің қалыпты температурасы – 36.0-37.3. Ал егер 37.3-тен асса, ол қызуға жатады.

– Жаңа босанған әйелге маман ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?

– Жаңа боснған әйелге айтарым, ең бірінші,  дұрыс күтінуі керек. Яғни жылы жүріп, қолын суық суға салмағаны дұрыс. Тіс күтімі үшін  далаға аузына  жылы орамал байлап шығу керек. Белін де байлап жүрген  дұрыс  деп ойлаймын. Денесін таза ұстап, әсіресе әурет жерін суықтан сақтағаны абзал.

Сұхбаттасқан: Анар Дәукен

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 жыл бұрын 2593
0 пікір
Блог туралы