Төл сөз үшін де, кірме сөз үшін де бірыңғай емле жасалу керек. Тіл үйренушілерге ескертпе...
Төл сөз үшін де, кірме сөз үшін де бірыңғай емле жасалу керек. Тіл үйренушілерге ескертпе...

Ағылшын, француз, неміс, тіпті орыс тілі де осы күнге дейін басқа тілден келген сөзді өз тілінің айтылуына бағындырып, жұтып жіберетін «темір» заңдылығын мығым сақтау арқылы әлеуетті алпауыт тілге айналып отыр. Бұл тілдердің орфографиялық сөздігінде «шеттілдік сөздерді жазу ережесі» деген арнайы тарауша да кездестірмейсіз. Өйткені ол тілдер шеттілдік сөздерді жазуда өз сөйлеу тілінің табиғатын ғана пайдаланады, яғни кірген сөздерді тырп еткізбей, өз тілінің дыбысталуына бағындырып айтылуы бойынша ғана жазады. Демек, бұл тілдерде төл сөзі үшін де, кірме сөз үшін де бір ғана емле жасалған. Бізде ше?

Бізде де солай болған бір кезде. Тілімізге жазу ережелері әлі билік құрмаған сонау 20-ғасыр басында біздің тілімізде де сөйлеу тілінің әлеуеті дәл солай кірме сөздерге билік құрып тұрды. Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе», - деп сенімді айтуының өзі сол кездегі тіліміздің кірме сөздерді игерудегі әлеуетінің қаншалықты мығым болғандығын көрсетеді.

Міне осы мығым заңдылық тіл ғылымында кірме сөздерді игеретін «тілдік механизм» деп аталады. Осындай «тілдік механизм» барлық тілдерде, соның ішінде біздің тілімізде де бар. Кірген сөздерді өз сөзі етіп жіберу үшін барлық тіл осы механизмді қолданады. 20 ғасырдың басында солай болды да. 1926 жылы 26-ақпан мен 5-наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінде де, 1929 жылы 2-4 маусым аралығында Қызылордадағы емле жазуына қатысты ғылыми орфографиялық конференцияда да айтыс-тартыс болғанына қарамастан, тіліміздің үндесімділік заңдылығы бәрінен жоғары қойылып, сол кездегі сөйлеу тілінің әлеуетін жазуда пайдалану керектігіне басты назар аударылды. Сол 1929 жылы 25 маусымда сол кездегі Қазақстан атқару комитетінің төрағасы болып тұрған М.Әуезовтің қол қоюымен бектілген қаулыда былай делінген екен: «... қазақ емлесін емлелерінің ішінде ең оңай саналған дыбыс жүйелі емле негізіне құру керек; қазақтың төл сөзі үшін де, шеттен кірген сөздер үшін де бірыңғай емле жасау керек». (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014 . 3-том:73-б.).

Демек, мұндағы «дыбыс жүйелі емле» деп отырғаны – сөзді айтылуы бойынша, яғни есітілуі бойынша жазу керек деген шешім еді. Әрине, бұл өте дұрыс шешім болды. Сол кездегі газет-журналдардың бетінде де, сол кездегі ғылыми әдебиеттерде де кірме сөздердің таңбалануында қазақылық иісі ұрып тұр еді: обылыс (область), партыйа (партия), кәмійтет (комитет), кәмсәмол (комсомол), калхоз, әртел (артель), бәлшебек (большевик), kektir (гектар), бірійгәдір (бригадир), өктәбір (октябрь), пұрсент (процент), тырактыр (трактор), нойәбір (ноябрь), пәкті (факт), сыйпыр(цифр), пебырал (февраль), әкәдемійе (академия), сесійе (сессия), Ленінгірат (Ленинград), респөблійке (республика), кәмесер (комиссар), әртел (артель), пәсөлке (поселка), кәперетсе (кооперация), үушаске (учаске) т.б. (Мысалдар Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» еңбегінен алынды (Алматы, 2013).

Яғни бұл кезеңде тіліміздегі «сингормонизм» заңдылығы қазақтың өз сөздерінде де сөз арасында естілетін қысаң дауыстыларды (І,Ы) естілуі бойынша жазу арқылы (тұуралы, тарыйқый, шұу, жатұу, білүу, болұу, отырұу) кірме сөздерді де тіліміздің заңдылығына тастай етіп бағындыратын «тілдік механизмін» жұмыс істетіп отырғандығын көреміз. Бұл «тілдік механизм» әрі қарай да сақтала берер еді, әттең қолдан өзгеріс жасап, жоғалтпағанымызда. Бірқатар әлеуетті тілдердің табиғатында әлі күнге сақталып отырған осы бір кірме сөздерді жұтып қоятын «тілдік механизмнен» біз қалайша айрылып қалдық?..

Кезінде Халел Досмұхамедов: «Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған, мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді», - деген екен. Бізде де солай болды. Оның үстіне Кеңес үкіметінің саясатымен бірге тілімізге жыл санап енген орыс сөздерінің еселеп артып кетуінің өзі де ол сөздерді табиғи игеруге қиындық әкеле бастағаны да рас. Әрі сол кездерден бастап Кеңестік саясаттың орыс тіліне басымдық бере бастаған саясаты да қазақ жазуының біртіндеп өз заңдылығынан айрылуына әсер ете бастағаны тағы бар.

Осы кезден бастап тіліміздегі кірме сөздерді өзіне толық бағындыруда «кілт» болып отырған, тіліміздің үндесімдік заңына (сингормонизм) деген ғалымдарымыздың көзқарасы да күрт өзгеріп «сингормонизм соншалықты тұрақты құбылыс емес, ол да өзгереді» деген сыңайлы былқылдақ пікірлер белең ала бастады. Мысалы, 1928-1930 жылдарда Ресейде білім алып келген Қ.Жұбановтың осы жылдардағы алған білімі оның кірме сөздерді игеруде кілт болып отырған сингормонизм заңдылығын да қайта қарап, оны түркі тілдері үшін де тұрақты құбылыс емес деген ойға алып келгенін білеміз. Ғалым – кірме сөздерді орыс тіліне барынша жақындатып, өзгертпей жазу керек деген пікірді алғашқы айтқан оқымыстылардың бірі. Ол 1929 жылғы Қызылорда конференциясында қазақ тілінің сингормонизм заңдылығын алға тарта бермей, халықаралық терминдер мен советизмдерді өзгертпей алу керектігін басып айтып еді.

Ғалымның бұл сөзінен біз оның кейінгі жылдарда жиі көтерген «И, У дыбыстарын дара дыбыс ретінде беру керек» деген пікірін қалыптастыруына негіз болуы мүмкін екендігін де байқаймыз. Мысалы, ол 1935 жылы жазылған «Қосар ма, дара ма» деген мақаласында «қосар әріптің алдағы тағдыры осы, оны қанша сүйрете бергенмен дыбыстың қосарлығын сақтап қалмақ емес», - деп түйіндеуінде де осы тілдердің түбінде бірігіп, бір тілге айналуы мүмкін деген кеңестік идеяның жатқандығын байқаймыз. Осы кезден бастап әліпби мен емлені орыс тілінің заңдылығына барынша жақындатып жазуға көшу жайлы, бұл арада тіліміздің сингормонизм заңдылығын алға тарта берудің қажет еместігі жайлы ойларды Сәрсен Аманжолов та, басқа ғалымдар да жиі айта бастады. Мысалы, С. Аманжолов терминдерді орыс тілі арқылы игеру керек екендігін айта келіп: «1929 жылы

емлені жасаған Т. Шонанұлы, Е. Омаровтардың шет сөздерді өз тілімізге бейімдеп қабылдайық деген ниеті олардың алашордашылдық ниеттерінен туындаған», - деп жазғырғанын да білеміз. Ғалым әліпбиде дара и, у таңбаларының жоқтығы салдарынан жазуда үнемдеу принципінің сақталмай отырғандығынан шет сөздердің жазуда тұрқы ұзарып, миссисипи, миссури сияқты сөздердің mijssijsijpij, mijssуvrij деп 6, 7 әріптің орнына, 13-9 әріпке дейін жазылып жүргендігін алға тартып еді. Оның басты себебі ретінде жазудың фонетикалық ұстанымға негізделгені дұрыс еместігін айтқан ғалым: «Соның салдарынан кірме сөздердің әртүрлі орфограммалануы (кило - келі, динамо - динамы, бюро - бюра) деп жазылуы сол сияқты сөз ішінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді деп, зоология, биология, театр сөздерінің орынан зологыйа, быйалогыйа, тыйатыр, аптаномыйа, апсалұут болып таңбаланды», - деп фонетикалық ұстанымды жазғыра айыптай түскен еді.

Міне, осылайша біздің танымал тілші ғалымдарымыз біртіндеп үндіевропа тілдеріндегі «үнемдеп жазу» ұстанымын алға тарта отырып, тіліміздегі сөз арасында дауыссыздармен селбесе естілетін дауыстыларды жазудан бас тарта бастады. Осылайша «үнемдеп жазуға» ұмтылыстың астарында тіліміздегі «ҰУ», «ІИ» «ЫУ», «ЫИ» дыбыстарының ығыстырылуының астарында орыс тілінің «кірігу, фузиялану» заңдылығына жақындай түсу саясаты байқалмай ғана тілімізге билік құра түсті. Біртіндеп «түп нұсқаға жақындық» принципіне сәйкес алынған емле баптары 1938 жылдан бастап жүйелі түрде іске асырыла бастады. Ал, енді 1940 жылдан бастап, қазақ жазуының кирилл жазуына көшірілуі, орыс әріптерінің енгізілуі, 1957жылғы қабылданған емле ережесі бойынша «оңтайландырып жазу» үрдісінің жолға қойылуы, яғни И, У таңбаларының таратылмай жазылуы, сөз басындағы, сөз арасындағы қысаң дауыстыларды қысқартып жазу үрдісі тіліміздің сингормонизм заңдылығының кірме сөздерге жүргізетін билігіне біржолата тосқауыл қойды. Нәтижеде тіліміздің өз табиғатында еркін есітіліп тұратын дауысты дыбыстар қысқартылып жазылу керек деген ережеге ыңғайлап «ыйық емес – иық, мый емес – ми, жый емес – жи, қыйын емес – қиын, Ырысбек емес – Рысбек, ылақ емес – лақ, ұу емес – у» деп үнемдеп жазған дұрыс деп шештік.

Осылайша, жазуда кирилл жүйесіне негізделген емле ережелерін басшылыққа алудың нәтижесі сөйлеу тіліне әсерін тигізді. Бүгінгі қазақтың дыбыстау органдарында шеттілдік сөздерді еркін дыбыстайтын акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктеріміз тілімізге әбден сіңісті болып, орыстанған сөйлеу тілін нормаға айландырып үлгерді. Нәтижеде тіліміздің табиғатында сөз арасындағы дауыстылардың есітілуі де әлсіреп, біржолата жоғалуға бет алды. Мұның өзі қазіргі әліпби ауыстырып, тілімізде жоқ кирилл таңбаларын әліпбиден шығарып жатқан заманда кірме сөздерді қалай жазамыз деген мәселені қайта қарауға алып кеп отыр.

Әрине, бұл арада біз қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан аты аталған ғалымдарымыздың еңбегін жоққа шығару қаперімізде жоқ. Ол ғалымдарымыздың жеткен деңгейі, ғылымда көтерілген биігі тым жоғары, қазақ тілі біліміне қосқан үлестері ұшан теңіз. Қ.Жұбанов, С.Аманжолов сияқты ірі тұлғалардың ғылыми әлеуетіне шәк келтіру мүмкін де емес.

Жазудың емле ережесі енді ғана қолға алына бастаған қазақ жазуы теориясының бастапқы балаң кезеңінде өзінің алдында тұрған жазу теориясы мықты қалыптасып үлгерген әлеуетті орыс тілінің шылауында кетпеу мүмкін де емес еді. Міне, сондықтан, бұл кезеңді жазу теориямыз бастан кешірген бір ғылыми даму сатысы ретінде ғана бағалағанымыз жөн шығар.

Дей тұрғанымызбен жазу теориясымен айналысып жүрген ғалымдарымыздың бірқатары орыс тілінің жазу теориясы арқылы келіп қалыптасқан «үнемдеп жазу» ұстанымын әлі де басты қағидаға алу керек деген ойда қалып отыр. Бір қарағанда, ода тұрған не бар деуге де болушы да еді. Алайда, өз тілінің табиғатын жоғалтқан тіл, шеттен келген сөздерді де игере алмай отырғанын қайда қоямыз. Соның салдарынан, бір тілдің табиғатынан екі түрлі (төл сөздерге, кірме сөздерге) жазу ережесін шығарып отырмыз. Төл сөздерге бөлек, кірме сөздерге бөлек ереже жасау әлі сол басқа тілдің шылауында жүргеніміздің басты көрінісі. Оның өзі тіліміздің табиғатына сәйкес біртұтас жазу емле ережесін жасауға орасан қиындық туғызып келеді.

Емле ережелерімізде кірме сөздердің жазылуына арнайы ережелер ойластырып әлек болып келеміз. Термин сөздерді дұрыс жазудың дауы да шешімін табар емес. Демек, жазу емле ережесін жасауда басты билікті әлі де сол қазақтың жалпақ сөйлеу тіліне беруіміз керек. Кірме сөздерді сөйлеу тілі қалай игереді, сол күйінде жазуға ұмтылғанымыз дұрыс. Яғни жазудағы басты ұстаным – фонетикалық ұстаным деген 1929 жылғы ережеге қайта оралуымыз қажет. Кірме сөздерді игеріп жазуды ойдан шығаруға болмайды. Оны игеретін тек қана тілдің ішкі табиғаты ғана. Тілдің сол ішкі табиғатына мүмкіндік берейік. Тілімізде сингормонизм қаншалықты әлсірегенімен де, әлі де мүлде жоғалып кеткен жоқ. Шеттілдік сөздерді жазуда әлемдегі барлық тілдер қолданып отырған осы ұстанымды біз неге шеттетеміз?! Олай болса, төл сөз үшін де, кірме сөз үшін де бір ғана емле ережесін жасауымыз керек. Олай етпеген жағдайда, әліпбидегі кирилл таңбаларын шығару арқылы ғана өзге тілдің шылауынан құтылуымыз мүмкін емес.

Қ.С.Қалыбаева

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, ф.ғ.д. 

Abai.kz

Тіл үйренушілерге ескертпе...

Сіз неше адамсыз?

Бүгінгі таңда елімізде шет тілін үйренуге қызығушылық танытатындар өте көп. Өзім де сол жандардың қатарындамын. Сондықтан, өзім қолданып жүрген әдіс-тәсілдерді өзгелермен де бөлісуді жөн көрдім. Мұнда жаңа тілді меңгеруде ескеру қажет ақпараттарды беріп отырмын. Мұқият болыңыз!

1.Әңгіме, әңгіме, әңгіме. Егер сіз тіл үйреніп жүрсеңіз, жаттығудың бұл функциясы таптырмас көмекші. Бір сағат әңгімелесуден алған нәтиже сыныпта отырып оқыған он сағатыңыздың нәтижесінен асып түседі. Мұның бірнеше себептері бар.

Біріншісі - мотивация. Оқу нұсқаулығыңыздың қаншалықты керемет екендігі маңызды емес, сіздің компьютеріңіздегі кітаптан немесе аудио бағдарламадан гөрі сіздің алдыңызда тірі адаммен сөйлесуге көбірек уақыт бөліңіз.

Екінші себеп, тіл - бұл жаттауға жатпайтын, өңделуі керек нәрсе.Сөзді кітаптан немесе флешкарттан қарап, 100 рет жаттап алу екі-үш рет сөйлесу кезінде сөзді қолданудан пайдалы емес.

2. Оқу ұзақтығының қарқындылығы. Менің айтайын дегенім,сізге екі апта бойы күніне төрт сағаттан оқу екі ай бойы күніне бір сағаттан оқығаннан гөрі пайдалы болады. Міне, сондықтан көптеген адамдар мектепте тілдік сабақтарға қатысып, ешқашан ештеңе есте сақтамайды. Себебі олар аптасына 3-4 сағаттан оқиды және көбінесе сабақ бірнеше күнге бөлінеді. Тіл көп қайталауды, көптеген анықтамалық тәжірибені және тұрақты міндеттеме мен инвестицияны қажет етеді. 

3. Топтық сабақтардың тиімсіздігі. Сынып өзінің баяу оқушысының қарқынымен қозғалады. Тілді үйрену - бұл жеке процесс. Өйткені, адамдардың тілді игеру қабілеті әртүрлі.

4. Ең көп кездесетін 100 сөзден бастаңыз. Өзіңіз ең көп қолданатын сөздердің тізімін жасаңыз және сол сөздердің аудармаларын жинақтаңыз. Содан кейін оларды үнемі қайталаңыз. Осыны жасау үшін жеткілікті грамматиканы оқып-үйреніп, оны өзіңізге ыңғайлы сезінгенше істеңіз.

5. Қалта сөздігін жүктеңіз. Телефонға үйреніп жүрген тіліңіздің электронды сөздігін жүктеп алыңыз. Айналаңыздағы заттардың аудармасын жаттап жүріңіз. Автобуста, аялдамада, кезекте тұрғанда да бұл әрекет сіздің әдетіңізге айналсын.

6.Тәжірибеңізді басыңызда ұстаңыз. Сөздіктің екінші бір тәсілі - сіз күндіз жұмыс істей отырып, ешкіммен сөйлеспей жаттығу жасай аласыз. Өзіңізді жаңа тілде ойлауға шақырыңыз. Біздің бәрімізде монологтар бар, әдетте олар ана тілімізде жүреді. Шын мәнінде, визуализацияның бұл түрі сізде болған кезде сөйлесуді жеңілдетеді. Мысалы, сізде болуы мүмкін тақырып туралы сөйлесуді болжаңыз. Сіз өзіңіздің жұмысыңызды қалай сипаттайтындығыңызды және неге шет тілін үйреніп жүргеніңізді түсіндіріп көріңіз. Алдағы уақыттарда бұл сұрақтардың пайда болары сөзсіз және сіз оған дайын боласыз.

7. Сіз көптеген ақымақ сөздер айтасыз. Иә, бұл процесс тіл үйренушілердің басынан жиі өтеді. Яғни, сөйлеміңіз өте күлкілі, үйлесімсіз құрастырылуы мүмкін. Бұл этапта көпшілігі қорқақтап,сөйлесуге қымсынады.Бірақ тіл үйренуді мақсат тұтқандарға бұл ешқандай кедергі емес.

8. Сөздердің айтылу заңдылықтарын анықтаңыз. Тіл үйренуді бастаған сәттен сөздің дұрыс айтылуына мән беріңіз. Айтылымды жақсарту үшін мимикалық әдісті қолданып сөйлеңіз.

9. Инвестиция салу. Есіңізде болсын, тілді үйренуге салынған инвестицияның үлкен пайдасы - өзіңізді сөйлесуге және басқалармен қарым-қатынас жасауға мәжбүрлеу. Ал сіз өзіңіздің жатын бөлмеңізде кітаппен немесе бағдарламалық жасақтамамен отырғанда, сіз оның мағынасы мен маңыздылығын тұжырымдай алмайсыз.

10. Алғашқы 100 сөзден кейін сөйлесуге назар аударыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, кез-келген тілде ең көп кездесетін 100 сөз барлық айтылатын қарым-қатынастың 50% құрайды. Ең көп кездесетін 1000 сөз барлық айтылған байланыстың 80% құрайды. Ең көп кездесетін 3000 сөз 99% қарым-қатынасты құрайды.

Ал,негізгі грамматиканы өзіңізді бірнеше күн ішінде фундаменталды сөйлемдерді айтуға мәжбүр етумен бастап көріңіз.Мысалы:

«Мейрамхана қай жерде?»

«Мен сенің досыңмен кездескім келеді.»

-Сенің әпкең неше жаста?

«Сізге фильм ұнады ма?»

Көптеген адамдар өздерінің сөздік қорларын тез әрі тезірек кеңейтуге тырысады. Бұл уақыт пен күш-жігерді ысырап етеді. Өйткені олар өздерінің қай жерде екендігі туралы негізгі әңгімелерге ыңғайлы емес, экономика немесе медицина туралы сөздерді жаттайдыү. Ал оның қолданыста ешбір маңызы болмай қалады.

11. Жеке-дара сабақ өту. Егер сізде ақша болса, мықты репетиторды ұстап алып, онымен күніне бірнеше сағат отыру - жаңа тілді үйренудің ең жылдам әдісі.

12. Интернеттен шетелдік достар табу. Шет тілін үйренгісі келетін шетелдіктердің бірнеше веб-сайттары бар.Олар сіздердің тәжірибелеріңіз үшін өз ана тілдерінде тәжірибе алмасуға дайын. Мұнда тіл алмасу веб-сайттары мен қосымшаларына шолу жасалады.

13. Facebook чат + Google аудармасы = жеңіске жету.

14. Жаңа сөзді білген кезде оны бірден бірнеше рет қолдануға тырысыңыз. Тіл үйренушілер айтқандай, сіз жаңа сөзді  үйренгеннен кейін бір минут ішінде, бір сағат ішінде, бір күнде бірнеше рет қайталау керек. Оны бірден бірнеше рет қолдануға тырысыңыз.Содан кейін оны қайтадан қолданыңыз.

15. Телешоулар, фильмдер, газет-журналдар жақсы толықтырулар болып табылады. Шет тілін үйрену үшінкемінде апта сайын екі фильм көруге және күн сайын өзіңізге ұнайтын тақырыптағы бір мақаланы оқуға тырысыңыз.. Бұл сізге сергек болуға көмектеседі.

16. Көптеген адамдардан көмек сұраңыз,көмектесіңіз. Егер сіз шетелде болсаңыз және азық-түлік дүкенінен бірдеңе сатып алмақ болсаңыз, кездейсоқ адамдардан көмек сұраңыз. Бір нәрсені көрсетіп, оны қалай айту керектігін сұраңыз. Оларға сұрақтар қойыңыз. Көптеген адамдар мейірімді және сізге көмектесуге дайын. Тілді үйрену ұялшақ адамдар үшін емес.

17. Анық емес дүниелер мен түсінбеушілік көп болады. Мәселе мынада, көптеген сөздердің тікелей аудармалары жоқ. Бір сөздің бірнеше мағынасы болуы мүмкін.Бұл нәзік айырмашылықтар, әсіресе, ауыр немесе эмоционалды әңгімелер кезінде толықтырылуы мүмкін. Ниет оңай бұрмалануы мүмкін. Маңызды мәселелер бойынша бір-бірімен әңгімелесу, екі ана тіліне қарағанда, әр адамға нақты мағынаны табу үшін екі еселенген күш-жігерді қажет етеді. Сіз өзіңіздің жаңа тіліңізді қаншалықты жақсы білсеңіз де, ана тілінде сөйлеуші қолданатын әрбір сөздің, сөз тіркесінің немесе идиоманың арасындағы интуитивті айырмашылықтарды толық біле алмайсыз.

18. Бұл сіз өткеретін фазалар. Біріншіден, сіз аздап сөйлей аласыз және ештеңе түсінбейсіз. Сонда сіз сөйлегеннен гөрі көп нәрсені түсіне аласыз. Содан кейін сіз сөйлесесіз, бірақ бұл үшін біршама ақыл-ой еңбегі қажет. Осыдан кейін сіз саналы ақыл-ой күшінсіз сөйлей және түсіне аласыз (яғни, сіздің ойыңызда сөздерді ана тіліңізге аударудың қажеті жоқ). Сіз бұл туралы ойламай сөйлей және тыңдай алғаннан кейін, сіз шын мәнісінде шет тілінде ойлана бастайсыз. Осындай жағдай орын алғанда, сіз шынымен де жоғары деңгейге жетесіз.

19. Соңында, оны көңілді өткізудің әдісін табыңыз. Сөйлесуді  ұнататын адамдарды табыңыз. Сіз көңілді нәрсе жасай отырып жаттығуға болатын іс-шараларға барыңыз. Сізді қызықтыратын жеке тақырыптар туралы айтыңыз. Сіз сөйлесетін адам туралы біліңіз. Мұны жеке, өмірлік тәжірибе ретінде жасаңыз, әйтпесе сіз білген нәрселеріңізді ұмытып қалуыңыз әбден мүмкін. Тіл үйренуді үнемі өзіңіз ұнататын іспен байланыстыра біліңіз. Сонда бұл процесс жемісті болмақ.

Күләш Нысанбек

bugin.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 2920
0 комментариев
О блоге