"Шағын цехы бар". Атыраулық оқушы өз кәсібін дөңгелетіп отыр
"Шағын цехы бар". Атыраулық оқушы өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Атырауда сегізінші сынып оқушысының үйінде қазір шағын цехы жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өзі оқушы, өзі жас ғалым, өзі кәсіпкер таланттың есімі - Әбубәкір Махамбет. Әбубәкірден ерекше бастамаға қалай келгені туралы сұрадық.

"Сабақтан тыс уақытта қосымша білім алу арқылы, өзімді дамытуға тырысып жүрмін. Нақты сабын жасау туралы идеяның тууына Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде білім алуым себеп болды. Атыраудағы ең ірі STEAM орталықтың ерекшелігі – мұнда теориядан гөрі, практикалық жұмыстарға 100 пайыз мүмкіндік беріледі. Осы орталықта "Химия" курсын оқып шықтым. Химия – біздің өмірімізбен толық байланысты сала. Білім алып жүріп, мен осыны түсіндім" дейді ​ Әбубәкір.

Эккологиялық тұрғыда таза сабын жасап, оны сата бастаған ​Әбубәкір наурыз айынан бері осы кәсібінен 100 мың теңге пайда тапқан. Тіпті, сабын жасауға қажетті заттарды өзі тапқан табысы есебінен алып отырады екен.

"Қазір көп жағдайда сабынды ыдыста қайнату жолымен дайындап жатады. Мұндай әдіс ​өнімнің сапасын нашарлатады. Мен ​ сабынды әйнек ыдысқа салып, буда ұстау жолымен дайындаймын. Бұл әдіс экологиялық жағынан тиімді" дейді Әбубәкір.

Әбубәкір жасап жатқан сабындарының сапасын жақсарту үшін Өскеменнен таза бал алдырып отырғанын айтты.

"Табиғи балдың адам терісіне пайдасы өте зор. Балдан бөлек, раушан гүлінің жапырақтарын да қосамын. Менің жасап жатқан сабындарым адамның терісін ылғалдандырады" дейді Әбубәкір.

Жас кәсіпкердің айтуынша, экологиялық таза сабын аллергия тудырмайды.

"Біз "Химия" курсында ​ түрлі эксперименттерді тәжірибе жүзінде жасайтынбыз. Маған біліммен бірге, бағыт-бағдар берген JasSpace кеңістігіндегі тренерім Әсел Оңдашеваға алғысымды айтамын" дейді талантты оқушы.

Әбубәкірдің сабындары 500-700 теңге аралығында тұрады. Қазіргі уақытта Әбубәкір сабындарын жәрмеңкелерде сатып жүр. Жас талантқа білім берген JasSpace кеңістігінің "Химия" курсының тренері Әсел Оңдашеваның айтуынша, Әбубәкір Махамбет - ізденімпаз бала.

"Ол сабаққа қалдырмай қатысатын. Әбубәкір түстен кейінгі ауысымда білім алды. Бізде түстен кейінгі сабақтар екі группаға екіден төртке дейін және төрттен алтыға дейін өтеді. Әбубәкір екі группаның да сабағына қатысып жүрді. Сондықтан, оған күрделі тапсырмалар беріп жүрдім. Алғашқы сабынын Әбубәкір сабақ барысында жасады" дейді жетекшісі Әсел Оңдашева.

Жастайынан алға ұмтылып, тіпті, өз кәсібін ашқан Әбубәкір болашақта ғылымды да, бизнесті де қатар алып жүруді мақсат етіп отыр. 

Баян Жанұзақова

Қ. Әбілдәқызы

Ақпарат дереккөзі: 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
1 год назад 2197
0 комментариев
О блоге