Құрт сатып, отбасын асырап отырған көп балалы ана тәулігіне үш-ақ сағат ұйықтайды (фото)
Құрт сатып, отбасын асырап отырған көп балалы ана тәулігіне үш-ақ сағат ұйықтайды (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын ғана ауылда тұратын Нарбибі Бәйтенова 22 жылдан бері құрт бизнесін дөңгелетіп отыр. Өзгелер секілді үлкен цех ашпаса да, қорасындағы алты сиырын сауып, оны айран етіп ұйытып, шыққан сүзбеден құрт жасап нәпақа тауып келеді. Бір ерекшелігі, 55 жастағы тұрғын тәулігіне үш-ақ сағат ұйықтайды, деп хабарлайды Baq.kz-тің өңірдегі тілшісі.

Нарбибі Бәйтенова Қазығұрт ауданына қарасты Жаңабазар ауылында туған. Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмаған ол, ата-анасына үй шаруасында қолғабыс болады, 21 жасында көршілес жатқан Еңбекші ауылына келін болып түседі. Ененің мектебінен өтіп, Алла қосқан қосағымен 1995 жылы еншісін алып шығады. Бірақ, алысқа көшпейді. Сол ауылда қалады. Қазақы салт бойынша сол кезде әкесі "қазық байлау" деп бір ірі қараны сыйға тартады. Содан бастап мал басын көбейткен ауыл тұрғынының бүгінде қорасында 6 сиыр мен бұзау, оннан астам қой-ешкі бар.

Жолдасымен бірге бөлек шыққан соң Нарбибі Бәйтенова құрт жасап, оны сатуды кәсіпке айналдырады. Ара-тұра сиыр сүтін колхоздағы кооперативке өткізіп тұрыпты.

«Қазір сүтті алмайды ғой. Ауылдағылардың барлығының қорасында малы бар. Ал оны қалаға сата алмаймыз. Бұрындары алатын, қазір айнып кетеді деп алмайды. Сондықтан сауған сүтті осылайша өңдеп, құрт жасап келемін», - деп әңгімесін бастаған Нарбибі ана бір күні қалай өтетінімен де бөлісті.

«Таңғы сағат бесте тұрамын. Алты сиырымды сауып бітемін дегенше сағат алты болады. Содан оларды өріске жіберіп, кейін сүтті пісіріп, құрттың қамына кірісемін. Арасында түскі, кешкі ас бар. Нан жабамын. Әйтеуір әр күнім осылай өтеді ғой. Ауылда тірлік бітпейтінін өздеріңіз де білесіздер. Бала-шағаның қамы барлығы... Малды қарауға жолдасым көмектеседі. Ол кісі бұрындары совхозда трактор жүргізген, кейін денсаулығына байланысты жұмыстан босап қалды. Кешкі сағат жеті жарымда сиырларым өрістен келіп, тағы сауамын. Қайтадан оның сүтін пісіру, айран етіп ұйыту, осылай жалғаса береді. Ұйқыға түнгі сағат екі-үштерде жатып, таңғы бесте тұрамын. Келесі күн тағы осылайша қайталана береді. Аз уақыт ұйықтауға ағзам үйреніп қалған. Құрт жасау - оңай шаруа емес, тынбайтын еңбекті талап етеді»,-деді ауыл тұрғыны.

Нарбибі Бәйтенова - жеті рет құрсақ көтерген ана. Өкінішке қарай тұңғыш перзенті сырқаттанып, қайтыс болған. Қазіргі таңда екі қыз бен төрт ұлды тәрбиелеп отыр. Бала санымен зейнеткерлікке шыққан. Үлкен қызы тұрмыста, кенже қызы Аңсар он жаста. Бүгінде ол анасының басты көмекшісіне айналған. Жастығына қарамастан құрт жасауды үйреніп, тіпті мал бағуда да кәдімгідей септігін тигізіп келеді.

«Маған ауыл өмірі ұнайды. Анама үнемі көмектесіп тұрамын. Біраз нәрсені үйрендім. Әзірге сиырды анамның өзі сауады. Құрт жасауды үйреніп алғанмын. Мектепке барарда сөмкеме толтырып құрт алып кетемін... Болашақта дәрігер немесе дизайнер болғым келеді»,-деді анасының көмекшісі Аңсар Оңал.

Құрт жасаудың шеберіне айналған анадан бұл істің құпияларын да сұрап алдық. «Құрттарым керемет» деп өзімнің мақтағаным ыңғайсыздау ғой, бірақ бір рет сатып алғандар тұрақты клиентіме айналады. Айтуларынша, менің құрттарымның ерекше дәмі бар» деп сөзін жалғаған зейнеткер сүзбені домалақтар кезде арасына қою айран қосатынын айтты. Сол кезде құрт дәмі тәтті әрі майлы болады екен.

Құрт жасап шығару үшін алдымен сүзбе дайындалатыны сөзсіз. Нарбибі Бәйтенова алдымен сүтті пісіріп алады. Мұнан соң оны айран етіп ұйытып, күбіде піседі. Бетіне қалқып шыққан майды алып, кейін оны қазанға қатты етіп ысытады да, қалтаға салып қояды.

Бұл кезде қалта ішіндегі піскен айранның сарысуы ағып, сүзбе дайын болады. Нарбибі ана сүзбені бірден алып құрт жасауға кірісе салмайды. Оның үстіне ауырлау зат қойып, әбден суы сарқылғанын күтеді. Кейінірек тұз қосып, іске кіріседі.

«Жиырма жылдан асты ғой құрт жасап келе жатқаныма. Қазір көзбен өлшей беремін. Қолым да үйреніп қалды. Бір мезетте екі құртты домалақтап шығарамын... Алты сиырымнан күніне 30 литр сүт сауып аламын, одан екі келі сары май мен төрт келі құрт шығады. Қазір көктем мезгілінде сүзбе көбірек аламын, ертең жаз шыққанда сары май көбейеді»,-деді ол.

Нарбибі ана құрттарын қайда өткіземін деп бас қатырмайды. Тапсырыс беретіндер де, кейде тапсырыссыз да үйіне арнайы іздеп алып кететіндер де бар екен. Айтуынша, Шымкенттегі бақуатты отбасылар тұратын «Самал» мөлтек ауданының тұрғындары оның құрттарын тұрақты сатып алады. Одан өзге Алматы мен Астанадан да сұраныс басым. Ең қызығы, ауыл тұрғынының өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия еліндегілер де арнайы келіп алып кетеді екен.

«Дубай мен Түркияда қазақстандықтардың сауда нүктелері бар екен ғой. Оның иелері ара-тұра ауылымызға келіп, бүкіл көрші-қолаңның құрттарын жинап, шамамен елу келідей етіп сатып алып жатады. Яғни, біздің ауылдың құрттарын тек Қазақстан емес, шетелден де таба аласыз» деген тұрғынның жүзінен мақтаныш сезімін анық байқадық.

Нарбибі Бәйтенованың қолынан шыққан құрттардың келісі - 1200 теңге. Сары майдың да бағасы сондай. Өнімді көбіне тапсырыспен ғана сататын тұрғынның айтуынша, апталық табысы он бес мың теңге.

«Барлығын сатпаймыз ғой. Балалар жейді. Әсіресе қыс ауасы түсе сала бір қаптай етіп құртты сақтап қоямын. Қыс бойы балалар жеп шығады. Құртты ұнтақтап, сары майға батырып жеген адамның күні бойы қарны тоқ жүреді ғой. Туыстарым да қонаққа барарда «құртың мен майыңнан ала келші» деп жатады»-,деді тұрғын.

Өнімдеріне ұн қосып, дәмін өзгертіп сататын сатушылар туралы Нарбибі ана: «Өзім ешнәрсе қоспаймын. Негізі олай жасаған дұрыс емес қой. Құрт та астың бір түрі, ал асты қорламау керек» деп қысқа қайырды.

Төрт ұлы бар зейнеткер әзірге перзенттері келін әкеліп қуанта қоймағанын айтып қалды. «Ол күнге де жетерміз» деген құрт жасаушы келіндерін оқытып, тіпті анасындай қамқор болуға дайын екенін айтты. Өйткені кезінде өзінің жоғары білім алуына әкесі қарсы болып, кейін тұрмысқа шыққан соң ата-анасы оқытайық дегенге енесі рұқсат бермей қойыпты. «Келіндерім де өзім секілді білімсіз болып қалмаса деймін» деп сөзін түйген оңтүстікқазақстандық тұрғыннан сұхбат соңында «Қалаға қоныс аударғыңыз келмеді ме?» деп сұрақты төтесінен қойдық.

«Туыстарымның үйінде қыдып барып, бір түн түнеген соң ауылға қайтқым келіп тұрады. Шынымды айтсам, қалаға барсам, басымыз ауырып келеді. Біз ауылға әбден сіңіскен адамбыз ғой. Дүние есігін ашқаннан осындамын. Кім біледі, мүмкін қалаға көшсек, үйреніп кетермін. Бірақ, оны дәл қазір елестете алмаймын»,-деп сөзін тәмамдады Нарбибі Бәйтенова.

 

 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 лет назад 4269
0 комментариев
О блоге