Қазақстанда ауыр дертке шалдыққан 3-18 жас аралығындағы балалардың арманын орындаумен айналысатын «Menin Armanym» атты корпоративті қор құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанда ауыр дертке, жазылмас дертке шалдыққан мыңдаған бала бар. Олардың арасында жарық дүниемен қоштасуына санаулы жылдар, тіпті санаулы айлар қалғандары қаншама. Аталған қайырымдылық жобасының мақсаты – ауыр дертке шалдыққан балалардың арманын көзі тірісінде орындауға атсалысу.
Жоба балалардың мынадай арманын орныдауға дайын:
- «Уақытша ... болғым келеді» (ғалым, полиция қызметкері, аспаз, трактор жүргізушісі, ханшайым)
- «... барғым келеді» (зообаққа, мұражайға, басқа қалаға, театрға, телебағдарлама түсіріліміне)
- «... кездескім келеді немесе қолтаңбасын алғым келеді» (сүйікті спортшыммен, әншімен, тележүргізушімен, саясаткермен немесе басқа да танымал қазақстандық тұлғамен)
- «Атап өткім келеді» (туған күн, жаңа жыл, той)
«Ауыр дертке шалдыққан балалардың мұндай арманын жобаға демеуші болу арқылы, волонтерлік қозғалысқа немесе Қазақстан аумағында қайырымдылық бағытында жұмыс істейтін ұйымға мүше болу арқылы жүзеге асыруға болады. Аталған қор балалардың арманын жүзеге асыру үшін қаражат жинаумен айналысады. Жиналған қаражат балаларға сыйлық алуға немесе дертін емдеуге жұмсалады», - дейді жобаның медиа-координаторы Олжас Есболов.
«Menin Armanym» жобасына көп алғыс айтамын. Осы жоба арқылы менің тілегім орындалды. Менің арманым – тауға шығу, блогер болу және Қазақстанның беделді вайнерлері @nnnurdaylet пен @sadraddinn-ді көру еді. «Menin Armanym» жобасы маған тосынсый жасап, осы үш тілегімді орындады», - дейді Алматыдағы онкологиялық орталықта емделіп жатқан 12 жастағы Дидар Бердалиев.
Д.Бердалиевтің анасы ұлының арманы орындалғаны үшін қуанышты екенін айтуда.
«Дидар биыл мамыр айынан бастап ауырып қалды. Таразда оған ота жасалды. Ол жақта екі ай емделіп, Алматыдағы онкологиялық орталыққа келдік. 1 ай бойы химиятерапия қабылдаймыз. Негізі ұлым 1-сыныптан бастап 1, 1,5 айлап ауыратын. Мән бермей жүре беріппіз... Өзім Ақтау, Атырауда вахтамен жұмыс істеймін. Ұлым басы ауыратынын айтқанда дәрі бере беретінбіз. 5-сыныпта құлағынан қан ағып, құлап қалған кезде ғана қандай дерті бар екенін білдік. Балам осы жоба арқылы үш арманы орындалатынын білген кезде сенбей, бір жылап алды. Тауға баратын киімі жоқ еді, оны да уайымдады. Осы жоба аясында оған керекті киімдері де берілді. Бәрі жақсы болды», - дейді Жанат Бердалиева.