ҚАЗАҚ ЕМШІЛЕРІ ӨКПЕ АУРУЛАРЫН ҚАЛАЙ ЕМДЕГЕН?
ҚАЗАҚ ЕМШІЛЕРІ ӨКПЕ АУРУЛАРЫН ҚАЛАЙ ЕМДЕГЕН?

Қазіргі әлемдік жағдай мен елімізде кеңінен етек алған өкпенің өзгеше қабыну ауруы баршаны алаңдатып отырғаны белгілі. Әрине, дәрігер ретінде бізде алаңдаушылық білдіреміз. Сондықтан да қазақ халық емшілігінде сақталған өкпе ауруына қатысты кейбір емдік тәсілдер мен рецепттік амалдарды ұсынуды жөн көріп отырмын. Егер ұсынғандарым дәрігерлердің назарына ілігіп, зертханалардың сынағы арқылы халық қажетіне жарап жатса бек қуанар едім.

Қазақ емшілері әдетте өкпе ауруларын бірнеше түрге бөліп дауалаған. Бастыларын – құрт өкпе, жел өкпе, қара өкпе, тесік өкпе сынды түрлерге бөлетін болған. Құрт өкпе немесе өкпе туберкулезін (шикөткі) сынаппен ыстау арқылы емдеген. Күніне бір реттен үш күн ыстап жазған. Асқынған өкпе туберкулезін емдеуде кейде жеті күндік уақытты шарт етіп, сынапты алақанға салып уқалатып емдеп сауықтырған.

Өкпе қабыну, жел өкпелерді емдеуде сиыр сүтіне, қойдың құйрық майына сырды өлтіріп жалатқан немесе сасырдың (сасық қурайдың) тамырын, шайырын семіз еркек қойдың сорпасына бықтырып ішкізіп, ада-күде сауықтырған. Бұдан сырт ұлардың, тауықтың өтін ем дәрі ретінде қолданып созылмалы көксау болғандарға, балалардың көк жөтеліне ішкізіп емдеген. Қызыл мия тамырын қайнатып, өкпені жібітіп қақырық түсіруге, қой, сиыр өтімен әдеттегі көк жөтел болған адамдарды емдеп сауықтырған. Усойқы қабығымен жалбызды қосып қайнатып, кеңірдектің қабынуын, тұмауды емдеген. Күшаланы сүтке ашытып, үш айлық уақыт шарт қып, өкпе шикөткісін (өкпе туберкулезін) тыныс жолының салмақты созылмалы қабынуын емдеген. Жеңіл түрдегі өкпе туберкулезін емдеуде қой еті мен сорпасын үзбей ішкізіп, жегізіп аурудан айықтырған.

Ал жас балалардың өкпе туберкулезін емдеуде тұсақ қойдың сүтін ішкізіп аурудан сауықтырған. Қытайдың Алтай-Тарбатай өңірлерінде өткен ғасырда мұндай байырғы еммен емдейтін емшілер көп болған. Қазақтар емшілердің бұл емдеу амалдарын «қазақы қара ем» деп атаған. Қазақ емшілерінің кейбір емдеу тәсілдеріне аялдасақ, олар улы дәрілерді көбірек қолданатын болған. Улы дәрілерден дәрі жасап істетуде адам ағзасының ішкі мүшелерінде болатын «тегі жаман» ауруға мәлім мөлшердегі алмасты сиырдың сүтіне (бір құмырадай) салып шайқап, алмас әбден өлгеннен кейін ішкізіп аурудан айықтырған.

Сынаптан дәрі жасап екі түрлі пайдаланған, бір түрі – мәлім мөлшердегі сынапты мәлім мөлшердегі майда ұнмен сүтке қосып илеп «өлтіріп», ауырған адамның екі алақанының арасына салып, мыжытып уқалатқан. Енді бір түрі ˗ сынап, сүт, ұн үшеуін қосып, илеп әбден «өлген» соң, бөліп-бөліп ауырған адамға жұтқызған. Сырды ерітілген қойдың құйрық майына өлтіріп, аурудың ахуалына қарай күніне бірде екі рет аздан жұтқызып, түрлі тыныс жолдары ауруларын емдеп жазған.

Бүгінгі медицинамен қарағанда бұлардың барлығы қолдануға болмайтын немесе ерекше заңнамалық рұқсат аясында ғана қолдануға болатын емдік тәсілдерге жатады. Әсіресе, алмас, сынап сынды улы заттарды беталды пайдалануға тыйым салынады.

Қазақ халқы төрт түлік малға сүйенген өзінің ұзақ уақыттық бай тәжірибесінің арқасында денінің сау, басының аман, бауырының бүтін болуы үшін мал өнімдерін жиі пайдаланатын болған. Малдың терісі мен жүнінен жасалатын киім-кешекті дененің жылылығын сақтап, суықтан қорғанудың таптырмас құралы еткен халқымыз ет, сүт өнімдерін де өмірінің арқауы ете білді. Біз қазақ емшілігі және шығыс тибет медицинасы мен өз тәжірибеміздегі кейбір әдіс-амалдар мен емдеу тәсілдерін көпшіліктің зерттеп-зерделеуіне ұсынуды жөн санап отырмыз.

Қазақта: «ет етке, сорпа бетке» деген бір нақыл сөз бар. Сондықтан да «жаман аурудың емі – жақсы тамақ» деп, ет жеп сорпа ішуді ерекше маңызды орынға қоя білген. Соның ішінде тыныс жолдары мен өкпеге қатысты барлық ауруларға қойдың құйрық майы мен сорпасын пайдалануды көп дәріптейді. Ақын Таңжарық Жолдыұлының: Сұрасаң Іле жердің ортасындай, Егерде дене болса қолқасындай. Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез, Сулары еркек қойдың сорпасындай, – деген өлеңіндегі «еркек қойдың сорпасындай» деген сөздің ерекше мәні бар. Қазақ халқы емдік, қуаттық қасиеті жағынан еркек қойдың сорпасын өте жоғары бағалайды. Еркек қой деп көбінесе 2-3 жас шамасындағы қойдың еркегін меңзейді. Денеге аурудың кіруі адам организмінің белгілі бостық – әлсіз тұсын таңдайды. Сондықтан да ет жеп сорпа ішуді дағдыға айналдырған, таза ауада, ат үстінде жүрген халқымыз көп жағдайда ауру-сырқаудан ада, сау-саламат өмір сүретін болған.

Халық емінде: «қай жерің ауырса, малдың сол мүшесін же» дейтін қарапайым қағида бар. Сол бойынша өкпені қуаттандыруға қойдың құйрық майы мен сорпасынан қалса, өкпесін жеуді дәріптейді. Жөтел демікпесіне - дені сау жас қойдың өкпесін тіліп, сірке суына қайнатып, піскеннен кейін күніне екі жапырақ жесе қақырықты босатып, жөтелді басады. Жылқының өкпесі өкпе ауруларға, жүрегі жүрек ауруларға ем деп қарайды.

Еттен кейінгі қазақ халқының байырғы тағамдарының көбі сүт өнімдерінен құралады. «Қойдың сүті қорғасын, қойды ұрған оңбасын» дегендегі қорғасын – қой сүтінің айрықша сіңімді, қуатты, жұғымды емдік қасиеттеріне қаратылған. Төменде сүт өнімдерінің өкпе және тыныс алу жолдарына пайдасына азырақ аялдаймыз. Сүтті – түйе сүті (шұбат), ешкі сүті, жылқы сүті (саумал-қымыз), сиыр сүті деп бөлеміз.

Шұбат ˗ өкпе құрт ауруына тамаша ем. Ол дененің қызуын басады, қандағы тосқындық өзгерістерді жойып, науқасқа қуат қосады, өкпенің реңін жақсартады. Шұбаттағы белок, май және басқа қоректік заттар барлық ашытылған сусындардан әлде қайда жоғары. Шұбат құрамындағы белок сиыр сүтінен 1,5 есе, қымыздан 2 есе артық. Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа, қанды толықтырады. Басқа сүт өнімдері сияқты шұбаттан да күшті сіңімді құрт дайындалады. Қуаты жағынан түйе құрты еттен де, ірімшіктен де асып түседі. Оның құнарлылығы жоғары тағамдық өнім ғана емес, науқаутарға берілетін дәрілік өнім ретінде қарауға да болады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты әлсіреген науқастарға күніне екі немесе үш мезгіл, кемінде бір рет шұбат ішкізген пайдалы. Шұбатты ішкен адамның денесі балбырап, ұйқысы жақсарады. Рухани жақтан сергиді, тыныс алу жолы жақсарып, өкпе қызметі күшейеді. Шұбатқа қоса бағлан етімен сорпаланып, таза ауада демалса тіптен жақсы.

Қазақ емшілігінде кеңірдекшелердің созылмалы қабынуына (жел өкпеге), күшала шұбатымен емдеудің өнімі төтенше жақсы болады. Нақтылап айтқанда, 2-3 тал күшаланы (түгі қырылған) түйе сүті құйылған сабаға салып, әбден пісіп, жылыдай орап, түн асырған соң, әр ретте бір шыныдан күніне 3 рет ішеді. Осылай 2-3 ай жалғастырса көрнекті өнім береді. Мұны күшала шұбат дейді. Күшала улы нәрсе болғандықтан оны беталды істетуге болмайды.

Құнарлылығы жағынан шұбаттан кейін ешкі сүті жоғары бағаланады. Тіпті, медицина тілімен айтқанда оны «ана сүтімен барабар» деседі. Жаңа сауылған сүттің емдік қасиеті өте күшті болады. Күн сайын тамақтың алдында жарты сағат бұрын бір кесе шикі ешкі сүтін ішіп алған адамның ағзасы сау болады, түрлі жұқпалы ауруларға бой алдырмайды. Жаңа сауылған сүттің тағы бір қасиеті – оның қуаты 4-5 сағатқа дейін ішектегі жағымсыз бактерияны жоюға қауқарлы болады. Ешкі сүтін 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады. Ешкі басқа малдар жей алмайтын дәруменді шөптерді көп жейді. Туберкулезбен, бруцеллозбен, сиыр ауыратын басқа да аурулармен ауырмайды. Өкпе, тыныс жолы ауруымен ауыратын адамдарға ешкінің сүтін ішуге болғанымен етін жеуге тыйым салынады.

Ешкі етін қазақтар суықтық тағам ретінде қарайды. Қазақ халқының көшпелі және отырықты тұрмыс-тіршілігінде сүт өнімдерінің ішінде ең көп қолданылатыны – сиыр сүті. Сиыр сүті – жүрек-қан тамырлар жүйесі үшін пайдалы. Ол қан тамырларды нығайтып, қан қысымын төмендетіп, инфаркт, инсульт пайда болуының алдын алады, ас қорытуға жақсы әсер етеді. Бүйрек пен өкпе қызметін жақсартады. Оның құрамында адамға қажет аминқышқылдармен қамтамасыз ететін құнарлы ақуыздар, сүтті май, А, B1, B2, B12, D дәрумендері, кальций, калий бар. Сиыр сүтінен жасалатын қазақы тағам түрлері де көп. Соның басты бірі – құрт. Құртты өкпе, асқазан, сүйек ауруларына ем және суық тиіп ауырғанда сорпаға қосып ішкен дұрыс. Балаларға да үнемі құрт жеуді ұсынған жөн. Сүзбеде тұрған жас құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде пайдаланса қарт кісілердің тісіне жұмсақ, қуатты болады. Кей өңірлерде жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосатын немесе қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін де салт-дәстүрлер де бар. Бұлай істеу өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналады. Езілген құрттың қалдық ұсақ түйіршіктері немесе әдейі домалақтап ұсақ-ұсақ етіп жасалатын құрт бөлшегін – малта дейді. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған. Құртты сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу тез сіңетін тағам ғана емес, өкпені қуаттандырып, қан ағысын жақсартуға да пайдалы.

Сүт және құрт өнімдерін көп тұтынатын адамдардың өкпесінде дімкас болмайды. Сиыр, қой, ешкі қатарлы жануарлардың сүтінен алынатын кілегей немесе қаймақтың да пайдасы көп. Мүшелерді жұмсартып, денені семіртеді. Құрғақ жөтелді тияды. Қазақ емшілігінде қаймақ-кілегейді өз лайығында жеп тұрса өкпеге суық тюге, көкірек пердесінің қабынуына көмекші дәрі ретінде істетіледі. Кеудедегі қақырықты босатады, жөтелді бәсеңдетеді.

Қазақ халқы өмірінде қымыздың орны да өте жоғары. Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде С витамині мол. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе, туберкулез ауруын емдеуде өнімі айрықша жоғары. Ұзақ науқастанудан болған арықтауға, дене әлсіздігіне, созылмалы өкпе туберкулезіне – маусымның соңы мен шілденің басынан кейінгі саумал немесе қымыз төтенше пайдалы. Қымыз ішкеннен кейін сырбаз етімен немесе жас малдың ет, сорпасымен қалыпты азықтанып, тіпті жау бүйрек, қуырдақ, төстік қақтап жесе тіпті жақсы.

Өкпе ауруымен ауырғандарға қазақ емшілігі мынадай да кеңес ұсынады: Қатты ашымаған (жуас) құнан қымызды сабаға орта деңгейде толтырып, оның үстіне жас сойылған семіз еркек тоқтының шикі етін толығынан салады. Құйрық майын да қалдырмай, турап, түгелімен қосады. Сосын сабаны тоқтаусыз пісу қажет. Мүмкін бірнеше тәулік, мүмкін одан да көп уақыт пісілген соң әуелі еті, соңынан сүйегі езіліп, қымызға еріп кетеді. Сүйегі толық езілмесе, малта сынды мүжіліп қалады. Содан әлгі малта сүйектерді теріп алып тастау қажет. Содан қымызды татып көрсеңіз ол қою, сарғыш түске айналады. Осы қымызды ауырған адамға күніне үш уақыт (мүмкін одан да көп) алғашында аз-аздан, соңында молайтып ішкізу қажет. Қымыздың қатты ашып кетуінен алаңдасаңыз салқын ұраға немесе орта температурадағы мұздатқышқа салқындатып қою керек. Алайда, ішкен кезде бөлме температурасында болғаны жөн. Осылайша бір ай ішкенде өкпе сырқатымен ауырған адам дертінен құлан таза айығып кетеді.

Дәрігерлік жолмен қарағанда өкпе және тыныс алу жолдарынның ақаусыздығы үшін «С» және «А» дәрумендері ауадай қажет. «С» дәрумені жоғарыдағы сүт өнімдерінде өте көп болады. «А» дәрумені жеткілікті адам организмінің жұқпалы ауруға қарсылық қуаты күшті болады. Егер А дәрумен тапшы болса адамның тыныс алу органы, асқазаны, ішегі, терісі жиі- жиі ауырады. А дәрумені жеміс-жидекте, балық майы мен мал майында мол болады, әсіресе, малдың бауырында өте көп екені мәлім.

Қазақ халық емшілігі мен шығыс тибет медицинасы және басқа да халықтардың емшілік дәстүрлерінде жоғарыда баяндалған әдіс-тәсілдерден өзгеше емдеу амалдары да көп. Айталық, жан-жануар, өсімдіктердің де пайдалы қасиеттері мол. Төменде сондай емдеу тәсілдерінің біразын тізбектеп өтеміз: Өкпе туберкулезіне – кесірткені отқа қақтап кептіріп, талқандап, бір ретте 1-2 грамнан күніне екі рет қайнаған сумен ішеді. Өкпе туберкулезіне кейде мынадай ем де қолданады: Бір тоқылдақты темір ыдысқа салып, қақпағын мықты жауып, отқа күйдіреді. Күлін суытып үшке бөліп, дәрілік сары арақпен ішеді. Осылай бірнеше рет жалғастырса өнімі жақсы болады. Өкпе туберкулезі, қабырға асты перде қабынуы, етеккір теңшелмеу ауруына, тиінді отқа өртеп, күлінен 8-9 грамм күніне 3 рет қайнаған сумен ішсе оның да өнімі жақсы болады. Өкпе туберкулезімен ауырған адамдарға шегірткенің аяқ, қанаттарын алып тастап, денесін майға күдірмей қуырып ұнтақтап, күніне екі реттен бір мезгіл ішкізетін де емдеу тәсілі бар.

Борсықтың өті желөкпе, созылмалы кеңірдек қабыну, көкірекше қабыну ауруларына ем болады. Мұндай ауруларға бір өтті бес бөлікке бөліп, әр күні жатар алдында бір бөлігін ішеді. Егер басқа дәрілермен қосып істетсе 14-21 күн ішсе болады. Борсықтың майын әр түрлі өкпе ауруларына істетеді. Жатарда бір жолда 2-3 рет ішкенде әр қандай жөтелге көрнекті ем болады. Өкпенің іріңді ісігіне ара ұясы 1 дана, ақ бал лайықты мөлшерде алып, ара ұясының ішіне балды толтырып, оны қазанда сарғайғанша қуырып, талқандап, әр рет 9 грамм қайнаған сумен ішеді. Өкпе туберкулезіне түлкінің кептірілген өкпесін күніне 4.5 грамнан қайнаған сумен ішетін де тәсіл бар.

Өсімдік, жеміс-жидек, көкеністердің де емдік қасиеттері көп. Төменде сондай рецепттерінің де емдеу тәсілдерін ұсынамыз. Сарымсақ (у сарымсақ – чеснок) халықтық медицинада көп ауруға ем ретінде қолданылады. Қытай халық медицинасы сарымсақты салқын тиюден болған аурулардың барлық түріне, тыныс жолдары ауруына, тіпті, туберкуллезге қарсы қолдануға кеңес береді. Бірінші күні 30 грамм сарымсақ қабылдау қажет. Осылайша бір жарым ай ішінде мөлшерін күннен-күнге көбейте отырып 90-120 грамға дейні жеткізеді. Ал бір жарым айдан кейін сарымсақтың мөлшерін керісінше біртіндеп азайтып, бастапқы кездегі 30 грамға дейін төмендетеді. Осы кезде күніне бірнеше рет сарымсақ буымен дем алу қажет, ал арқа мен кеудені 1:1 мөлшерінде өсімдік майымен араласқан сарымсақтың сөлімен сылайды. Он шақты пиязды бір бас сарымсаққа араластырып турап, сүтке салып жұмсарғанша қайнатады. Оған аз ғана шырын немесе шөптердің қайнатпасын құйып, балды қалауынша қосады. Мұны күшті жөтел кезінде сағат сайын ішуге болады. Қатты тұмауратқанда, салқын тию белгілері (түшкіру, жөтелу, қызу көтерілу, т.б.) білінгенде, тамақ ауырғанда, бұлшық ет пен сіңірлер ауырғанда бір шай қасық сарымсақ майын және 20-25 тамшы пияз сөлін қайнаған суға араластырып, жылыдай бір стаканнан төрт сағат сайын ішеді. Мұрынға 5-10 тамшыдан тамызу қажет. Сарымсақтың құрамында табиғи екі антибиотик 15 түрлі зиянды бактерияларды құртады. Сарымсақ тек науқас адамдарға ғана емес, дені сау адамдарға да керек. Аурудың алдын алу үшін күніне 2-3 түйірін, ал ауруды емдеу үшін 4-6 түйірін шикідей жеп тұру керек.

Өкпенің жел ісігіне, созылмалы жөтелге, сәбізді аршып, тазалап, бал қосып суға езілгенше қайнатады. Осылай даярланған сәбіз варениесінен күніне бір ас қасықтан екі уақ жейді.

Қауын шырынын өкпесіне су толып емделген адамдар ішсе пайдалы. Қолқа демікпесінен ауық-ауық қиналатын адамдар қысылудың арасында таза шырынынан ішіп отырса тез жеңілдей бастайды. Кептірілген өріктің құрамында каротин (А дәрумені), аскорбин қышқылы (С дәрумені), никотин қышқылы (РР дәрумені) және В тобындағы дәрумендер (В1, В2, В6) бар. Өкпе қызғанда, жөтелгенде, қақырығы көбейгенде: тұт ағашы тамырының ақ қабығы мен өріктің ащы дәнінің әр бірінен 10 грамнан суға қайнатып ішкен жөн.

Алмұрт – суық тию, өкпе және қан тамырлары аурулары кезінде таптырмайтын ем. Жүйке жүйесі және ас қорыту жұмысын жақсартады. Жөтел және өкпе аурулары кезінде құлпынайдың жапырақтарын қайнатып ішсе, тез арада жазылып кетуге болады. Жаңғақтың дәні тәтті дәмді, жылы райлы, усыз. Бүйректі қуаттандырып, шаһатты күшейтеді, өкпені тазартып, ішекті дымқылдандырады.

Құрма – ас қорытуға пайдалы. Тойымдылық қасиеті өте жоғары болып табылады. Бір құрма мен бір кесе сүттің адамға қажетті бір күндік калорияға тең екендігін айтылған. Зерттеулер нәтижесінде құрманың антисептик дәрі екені, жараларды тез жазатын, сүтті арттыратын, нәрестені қоректендіретін, құрамындағы калий балалардың өсіп-жетілуін қамтамасыз ететін таптырмайтын азық екені анықталған. Үнемі құрма жесе бронх пен өкпенің қабынуын сауықтырады.

Өкпе үлкен жапырақшасының қабынуына (зертең): тікенді үшқат гүлі 50 грамм, аю балдырған 10 грамм, бақбақ 10 грамм, қара тамырдан 7.5 грамм суға қайнатып үшке бөліп ішеді. Өкпенің іріңді ісігіне: тікенді үшқат гүлі 50 грамм, бақбақ 15 грамм, тұттың ақ қабығы 12 грамм, көк асқабақ тұқымы 50 грамм, қалуен 15 грамм, қоңыраугүл 10 грамм, қызылмиядан 3 грамын суға қайнатып ішеді. Өкпе туберкулезіне: 50-100 грамм жас иттікенді суға қайнатып ішеді. Өкпе туберкулезінің қызбасына, түнгі суық терге, жас баланың жазда қызуына: көк ермен 10 грамм, алақат қабығы 10 грамм, сарана 15 грамм суға қайнатып ішсе өнімі жақсы болады. Өкпе іріңдеуге: тікенқурай 50 грамм, түкті үшқат гүлі 100 грамм суға қайнатып ішеді.

Созылмалы жұтқыншақ, тамақ қабынуға, өкпе ыстығы артып жөтелуге: шикі қызылмия, қоңырау гүл, ошағанның әрқайсысынан 10 грамнан суға қайнатып ішеді. Өкпе туберкулезінен қан құсуға, қарттардың дене әлсіздігі және демікпеге: құрт шөп 50 грамм, биму 15 грамм, саранадан 12 грамм суға қайнатып ішеді.

Созылмалы кеңірдекшелер қабынуға (өкпе қызып жөтеледі, алқынады): жолжелкеннің жаңа шөбі 150 грамм, өрік дәні 10 грамм, тұт тамыр қабығы 10 грамм суға қайнатып ішеді. Өкпенің суықтығынан болған жөтеліне қожа шөпті ем ретінде пайдаланады. Өкпе туберкулезінің жөтеліне: қарағайдың гүл тозаңынан 50 грамды суға қайнатып, оған 2 жұмыртқа қосып, жұмыртқаны жеп, сорпасын ішеді. Өкпе туберкулезіне, қан қақыруға: ешкі сүті 300 грамм, алтай тау сарымсағы 30 грамм, бәсең отпен 20 минут қайнатып, сарымсағын жеп сүтін ішеді. Өкпе туберкулезінің қызбасына: сиыр сілекей 15 грамм, түйнекқонақ 10 грамм суға қайнатып ішеді. Өкпе туберкулезіне (тесігі бар): шықылдақ 15 грамм, бәйжу 6 грамм, сарана 10 грамм, өрік дәні 6 грамм, өгейшөп гүлі 10 грамм, қызылмиядан 6 грамм суға қайнатып күніне 2 рет ішеді. Өкпе туберкулезінен қан түкіруге: бұғытұяқ пен сарананың әр бірінен 10 грамды суға қайнатып, бал қосып ішеді. Өкпе туберкулез жөтеліне: Шабдалы еті 9 грамм, мартиян қоңызы 7 дана, сиырдың жілік майы 10 грамм, қосып талқандап, жілік майына өлтіріп балшық дәрі жасалады. Әр ретте 9 грамнан күніне 3 рет ішеді.

Баланың өкпесі әлсіз болса, жөтеліне қарсы мынадай ем жасау керек. 2 шай қасық сары май, шикі екі сары уыз, 1 ас қасық ұн немесе крахмал,2 ас қасық балды жақсылап араластырып, күніне 4 мезгіл береді. Жөтел көбіне таңертең күшейетін болса, сарымсақ тұнбасын, қою қант сірнесін және аздап крахмал қосып, ұйқыдан тұрғаннан кейін бірден аш қарынға жегізу керек. Ал, жөтел жатарда мазалайтын болса, екі-үш тамшы (бұдан асыруға болмайды) йод тұнбасын қосып бір стақан су ішкізіп жату керек. Егер балаңызға қайтақайта салқын тиіп, жөтеле беретін болса, көктемде оған қайың шырыны мен сүтті (2:1) араластырып, аздап ұн немесе крахмал қосып беріп, тыңайту керек. Ал жөтелден біржолата жазылу үшін шыдамдылықпен қарекет жасап, балаға жаз бойы мынадай шөптердің тұнбасын ішкізу керек. Қалақай, жолжелкен, дала қырық буыны және күлқайыр шөптерін кептіріп, дайындап алып, әрқайсысының үгіндісінен бір-бір шай қасығын 4 стақан қайнаған суға тұндырады да күніне төрт мезгіл, тамақ алдында жарты стақаннан ішкізеді. Төрт жасқа дейінгі балаға шай қасықпен 3 үш мезгіл, төрт жастан он жасқа дейінгі балаларға бір ас қасықтан, он жастан асқан балаларға күніне 3-4 мезгіл бір ас қасықтан ішкізеді.

Біздің жоғарыдағы рецепттерді тізбектеп беруіміз сырқат жандарға пайда тигізу мақсатында ғана емес, өкпе қызметін жақсартуға арналған емдік қасиеттерді пайдаланушылар мен зерттеушілерге де мол мәлімет ұсыну болып табылады.

Осының ішінде қазақ өміріне ең жақын болған мал өнімдерінің кері әсері болмайды. Ет жеп, сорпа ішу, сүт өнімдерін пайдаланудың пайдасы өте көп. Кейде өзге ұлт дәрігерлерінде ет пен майдың адам ағзасына болған кері әсерлері айтылып жатады. Шын мәнінде қазақ халқы әр бір ас-тағамның ағзаға қалай сіңімді болатынын өте жақсы білген. Айталық, майлы етті көп жегеннен кейін қымыз немесе айран ішсе, тіпті ол екеуі болмағанда езген құрт ішсе, бұл астың іште (азқазанда) қорытылуына көмектеседі. Айран, құрт, сары май холестеринді тежейді. Қазақтардың сүтке сары май салып ішуі жай әуестік емес. Сары май холестеринді ыдыратып, қанды іркіліссіз жүргізуге қызмет етеді. Ет пен сорпаны, сүт өнімдерін көп пайдаланған адамның күш-қуаты, ауруға қарсылық көрсетуі жоғары болады.

Өкпе қызметі де үнемі сондай қуатты тағамдар мен таза ауаны қажетсінеді. Мүмкіндігі болған жағдайда арқаны (өкпе тұсын) күнге қақтап, қойдың құйрық майымен жиі сылап тұрса, аса суық болмаған суға шомылып тұр са оның да өкпе қызметіне өзіндік пайдасы болады. Біз жоғарыда қазақ емшілігі мен шығыс медицинасының кейбір емдік тәжірибелерін пайдалана отырып, оған өзіміз жинақтаған емдеу тәсілдерін қосып баяндадық. Мұның көбі халық даналығының қорытындысы болғандықтан адамдар өміріне пайдаланатын тұстары көп деп білемін. Десе де, жай адамдар бұл емдеу амалдарын қолданбақшы болса, дәрігер кеңесіне жүгінгені жөн.

Мен қазақ емшілігіндегі өкпе ауруына қатысты барлық емдік тәсілдерді қамтып айттым деп ойламаймын. Оқыған, тоқыған, қол жеткен мүмкіндіктерім негізінде өзімде бар дүниелерді көпшілікпен бөліскім келді. Ең бастысы, экологиялық былғаныштан, химиялық улы заттардан аулақ қазақы тағамдар мен емдік қасиеттердің пайдасы болмаса зияны жоқ. Жоғарыдағылардан басқа әр халықтың өзіне тән емдеу тәсілдерінің де бары анық. Телегей теңіз халық мұрасын, ескілікті емшілік амалдарын тереңдей зерттесе бізге берері мол деп ойлаймын. Алла Тағала халқымызға мол қуат, шуақ, мықты денсаулық берсін!    

Пайдаланылған әдебиеттер:  

«Шипагерлік баян». Тілеуқабылұлы Ө. - Алматы: Жалын, 1996 жыл. «Қазақ халық медицинасы». Оразақов Е.   – Алматы: Ғылым, 1989 жыл. «Дәрілік өсімдіктер». Шорманов Т. - Алматы: Қазақстан, 1975 жыл. «Шынжаң жұңии шөп дәрілері» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1973 жыл. «Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер», Жұңго ғылым жалпыластыру баспасы ШҰАР бөлімшесі, Үрімжі, 1988 жыл. (құраст: М.Қанапияұлы, Қ.Құрманұлы, Т.Ниязбекұлы). «Қазақ дәрігерлік шежіресі», I, II, III, IV томдар. ШҰАР ғылым-техника баспасы, Үрімжі, 2008-2012 жылдар. Қайрат Айдарханұлы «Қазақ емшілігі», Алматы: «Palitra Press» баспасы, 2018 жыл. Сейітқамза Қалиев «Емдік рецептер энциклопедиясы», Алматы: «Арыс» баспасы, 2010 жыл. Сайд Эргаш Алиқажыұлы, Сайд Юлдаш Алиқажы, Тұрғанбай Байжанұлы Досбаев «Дәсүрлі медицинаға негізделген қазақ халық емшілігі», Алматы. 2016 жыл. Жүніс Сымағұлұлы «Қазақ емшілігі» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2009 жыл.

АкадемикТолқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабынан

“The Qazaq Times” 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 7040
0 комментариев
О блоге