ҚАРАБАҚ: МҰНДАЙ БІТІМГЕРЛІКТІҢ ҚАЖЕТІ БАР МА? ҚАЗАҚҚА ДА АБАЙ БОЛУ КЕРЕК. Қарабақтағы ресейлік бітімгершілер – оккупанттар, Қырымды аннексиялауға қатысқандар
ҚАРАБАҚ: МҰНДАЙ БІТІМГЕРЛІКТІҢ ҚАЖЕТІ БАР МА? ҚАЗАҚҚА ДА АБАЙ БОЛУ КЕРЕК. Қарабақтағы ресейлік бітімгершілер – оккупанттар, Қырымды аннексиялауға қатысқандар

Журналист Амангелді Құрметұлы Қарабақ соғысының тоқтап, Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімге ой көзін жүгіртіп, жағдайда сараптап жазба жариялады. Жазбада әдепкі жұрт астарына бара бермейтін көптеген көзге көрінбейтін бірақ маңызды мәселелер сөз болады.

***

Сонымен Таулы Қарабақты қайтарып алуға байланысты жеңісті тойлап болсақ, енді біраз ойланайық. Әрине бірінші кезекте Әзербайжан халқын тарихи жеңісімен құттықтаймын. Содан соң, кейінгі оқиғаларды талдайық. Алдымен тым ұзақ пост екенін ескертемін.
Сонымен …

Менің пайымдауымша, Арменияда Ресей тікұшағының атып түсірілгені Таулы Қарабақтағы жағдайды күрт өзгертті. Меніңше тікұшақ оқиғасы ресми Баку мен Мәскеудің арасында жасырын келісім болғанын немесе Ресейдің Әзербайжанға қатты қысым жасағанын көрсетеді. Өйткені соғысты тоқтату туралы келісімге Таулы Қарабақтағы жеңісті жорыққа орасан зор үлес қосып, Әзербайжанды ашық жақтаған Түркия қатыстырылмады. Ал біраз бұрын бітімгер әскерлер ретінде Түркия мен Ресей жасақтарының Таулы Қарабақта болатыны айтылған еді. Оны Илхам Әлиевтің өзі айтқан. Енді ол жоқ. Рас Түркия Әзербайжанның аумақтық тұтастығын әрқашан қолдап, дипломатияда да, майданда да жақтасатынын айтты. Бірақ енді бауырлас екі-елдің берекесі дәл өткен бір айдағыдай бола ма, жоқ па, оны ашып айту қиын. Себебі Анкараның Кавказда ықпал ету аймағын қалыптастырмақ болған саясаты жартылай ғана орындалды. Баку түріктердің емес, орыстардың ойынын ойнауға мәжбүр болды. Ал «тікұшақ оқиғасына» келсек оны ұйымдастырған Әзербайжандағы проресейлік күштер, соның ішінде әскерилер болуы әбден мүмкін. Олар Нахчываннан зымыран атты да, Илхам Әлиевті В.Путиннің талаптарына көнуге мәжбүрлеген сыңайлы. Сөйтіп түріктер бітімгер ретінде келмейтін болды. Әйтпесе жеңімпаз әскердің Ханкендіне жетіп баруына, Хожалыны алуына мүмкіндік бар еді.

Екіншіден, Ресей өңірдегі оқиғаларды өз пайдасына шешуге ұзақ дайындалған тәрізді. Әрі саяси шешім әлдеқашан қабылданып қойғаны белгілі болды. Әйтпесе мыңнан астам әскер, жүздеген техниканы бітімгер ретінде бірден аттандырып жіберу қолайлы бола қоймас еді. Кемі бір күндік даярлық қажет шығар. Ал олар бірер сағатта алғашқы ұшақтарды жіберді. Тіпті келіссөздер басталмастан бұрын Ил-76 лар ұшып шыққан болса таң қалмаймын. Бұл дегеніңіз біз қанша әлсіреді дегенімізбен теріскейдегі көршінің аймақтағы ықпалынан айырылмау үшін барын салып жатқанын көрсетеді. Мәскеу үшін халықтың аш жалаңаш жүргені, жолдар мен инфрақұрылымдардың қирағаны, дамудың тежелгені маңызды болмай тұр. Олар маңайдағы елдерді ықпалында ұстау үшін барын салатынын көрдік. Демек қазаққа да абай болу керек.

Үшіншіден, алдын ала келісім болғанының белгісі – Нахчыван жақтан коридор ашу туралы уағда. Армения жеңіліп жатқанымен ол өңірмен коридор ашуға өлсе де келіспеуіне болар еді. Де-юре Нахчыван мен «континенталды» Әзербайжанның арасындағы аудан Арменияның жері. БҰҰ да мойындалған аймақ. Олар болса аталған жерден коридор ашуға келісті. Оның үстіне қазанның соңына қарай Әлиев француздың «Фигаро» газетіне берген сұхбатында Нахчыванға баратын дәліз ашу үшін Армениямен келісуге әзір екенін айтқан-мыс. (Өзім французша білмегендіктен өзгелердің «тәпсіріне» сүйеніп жазып отырмын) Егер ондай әңгіме айтылғаны рас болса Бакудің соғыспен қатар келіссөздерді ұзақ уақыт жүргізгені белгілі болады. Тіпті мұндай келісімдер жайлы түріктер білмеген болуы да ғажап емес. Бәлкім әзербайжандар тек түріктердің қолдауымен жеңіске жетер болса «бір халық, екі мемлекет» ұран «бір халық –бір мемлекетке» алмасып кетер деп сескенді ме, кім білсін?! Түрікті «аға» тұтқысы келмеген шығар бәлкім, ол жағы маған беймәлім. Әйтеуір Таулы Қарабақтағы дипломатиялық майданда түріктер ұтылып қалды. Әзербайжандар жартылай ұтты. Өйткені келісімдердің детальдарына қатысты көкейімде әлі күмән тұр. Тіпті Муровдағ жоталарына «шығып» алған 1 ші армиялық корпустың неге батыл қимылдамағанын түсіне алмап едім. Енді картина айқындала бастаған сыңайлы. Шамасы Нахчыван жақтан коридор ашу үшін Баку Муровдағтың етегінен белгілі бір аймақтарды беруге қарсы болмаған сыңайлы. Бәлкім тура солай жасауға Мәскеу көндіруге тырысты ма, кім білсін?! Әйтеу «қызық» келісім болды.

Ал келісімнің өзіне келсек, оның өзінде де ашық емес, кейін қосымша келіссөздерді талап ететін бірқатар мәселе бар. Ең алдымен ресми түрде Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасының соғыспағанын ескеру керек. Баку сеператистерге қарсы ұрыс салды. Ал келісім Армениямен жасалды. Әрине бұл жерде де-факто мәселесі рөл ойнағаны анық, бірақ де-юре қос мемлекет соғысқан жоқ. Дегенмен сеператистермен келісім жасамас үшін Баку Ереван билеушілерімен сөйлесуге мәжбүр болды. Сеператистермен келісім жасалған жағдайда, оларды жартылоай мойындау болар еді. Алайда Баку «біз Армениямен соғыстық па, олардың не шаруасы бар?» деп біраз қасарысуына болмас па еді деп ойлап қоямын. Алайда келісмінің бірінші пунктіне 5 деген баға қоюға мәжбүрмін. Өйткені онда «оқ атуды» емес, «соғысты тоқтау» туралы шарт бар. Маңыздысы сол.

Екінші тармақта армяндар иеленіп отырған Ағдам ауданы мен Газах ауданының дұшпан басып алған жерлері 20 қарашаға дейін қайтарылатыны айтылған. Енді сұрақ? Таулы Қарабақтың солтүстік шығысындағы бұл ауданды неге 40 күн ішінде әскердің күшімен азат етуге болмады? Тағы айтамын, 1 ші армиялық корпус не істеді сонда? Неге шығыстағы күштер оңтүстіктегі 2 ші корпус тәрізді батыл қимыл жасамады? Енді келіп бұл аймақтар келісімшарт арқылы қайтарылатын болды. Ал «түркілер майданда мықты болғанымен, келіссөз үстелінде әлсіз» екенін ұмытпау керек еді. Айтпақшы әйтеу келісім жасалған екен 1992 жылы армяндар басып алған Кярки ауылын қайтару жайлы да сөз болуы тиіс еді. Ол туралы ләм-мим. Ал Кярки Нахчыван жақта.

Үшінші тармақта «вдоль линий соприкосновения в Нагорном Карабахе» деген сөйлем бар. Бұл не сонда? Азат болды деген Таулы Қарабақтың өзінде «жанасатын нүктелер» қалғаны ма? Меніңше бұл Нахчыван коридорымен айырбас үшін біраз аумақ берілгенін көрсететін сияқты. Әйтпесе «Армения мен Таулы Қарабақ шекарасында бітімгерлер болады» деп жазылуы тиіс еді. Одан бөлек Ресей бітімгерлерінің штабы Ханкендінде орналасатыны айтылған. Тағы басқа шарттар да баршылық.

Ал ең қызығы 6 тармақ болып тұр. Онда «Республика Армения до 15 ноября 2020 года возвращает Азербайджанской Республике Кельбаджарский район, а до 1 декабря 2020 года – Лачинский район, оставляя при этом за собой Лачинский коридор (шириной 5 км), который будет обеспечивать связь Нагорного Карабаха с Арменией и при этом не будет затрагивать город Шуша» делінген. Әсіресе «обеспечивать связь Нагорного Карабаха с Арменией» деген сөйлем ұнамай тұр. Сонда Таулы Қарабақ толық қайтарылған болса, Армениямен арада коридор жасаудың қаншалықты қажеті бар. Арнайы байланыс құрудың не керегі бар? Туған жерлеріне оралғысы келгендерді және Арменияға көшкісі келетіндерді шекарада тұрған бітімгерлер-ақ бақылауына болар еді ғой. Келісімде бітімгерлердің шекарада тұрмайтын байқалады. Ханкендімен Арменияны жалғастыратын коридорда тұратын тәрізді. Кельбаджар мен Лашын аудандары қайтарылса Әзербайжан әскері шекараны өзі күзетуі тиіс болады. Әрине бұл жағдай келісімде айтылмаған. Бірақ солай болуы тиіс. Онда орыс бітімгерлері Әзербайжан шекарашыларының тылында қалады. Мұндай бітімгерліктің қажеті бар ма?

Амангелді Құрметұлы

arasha.kz

Американдық генерал: Қарабақтағы ресейлік бітімгершілер – оккупанттар, Қырымды аннексиялауға қатысқандар

11 қарашада Ресейдің бітімгершілік күштері бар алғашқы 8 Ил-76 ұшақтары Таулы Қарабақ аумағына аттанды, деп хабарлайды EVO-RUS.COM ақпараттық және жаңалықтар порталы.

Осы ұшақтары Ульяновск-Восточный аэродромынан көтерілді. Ұшақтар – ресейлік бітімгершілік бөлімнің жеке құрамы. Бұл ақпаратты Ресейдің қорғаныс істері жөніндегі департаменті бөлісті.

Ұшақтарда сонымен қатар материалдық құралдар мен бронетранспортерлер бар. Бітімгершілік контингентінің негізін Ресейдің Орталық әскери округ бөлімдері құрайды. Барлығы 1960 әскери қызметкерлер, 380 техника және 90 бронетранспортер тартылатын болады.

Бақылаушы бекеттер Лачин дәлізі бойында және Қарабақтағы байланыс сызығының бойында орналасатыны белгілі. Ресейлік бітімгершілік миссиясы Степанакертте орналасады.

АҚШ-ның отставкадағы генерал-лейтенанты Бен Ходжес «ресейлік бітімгершілік күштерінің Таулы Қарабаққа енгізілуіне күмәнмен қарайды». Бұл туралы ол 9-14 қарашада бейнеконференциялар форматында өтетін Львов қауіпсіздік форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Укринформ.

«Мен әрдайым ресейлік бітімгершілерге күмәнмен қараймын. Олар бір кездері Приднестровье, Кавказ, Оңтүстік Осетияға келген оккупанттар», – деді  Таулы Қарабаққа Ресей әскери контингентін орналастыру перспективаларын бағалай отырып отставкадағы американдық генерал.

InformNapalm айтуынша, Ресейдің Таулы Қарабаққа жіберген бітімгершілік күштері бұған дейін Қырымды аннексиялауға және Донбастағы ұрыс қимылдарына қатысқан еді.

Керімсал Жұбатқанов, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

kznews.kz

Әзербайжан VS Армения: Бжезинскидің болжамы дәл келді

«Ұлы шахмат тақтасындағы» орнымыз қандай?  Кейінгі бес жылда Әзербайжан мен Украинада болған оқиғалар әйгілі саясаткер Збигнев Бжезинскидің «Ұлы шахмат тақтасы» атты кітабында жазып кеткен болжамдар мен гипотезалар асқан көрегендікпен жасалғанын дәлелдеп келе жатыр. Еуразия материгін саясат сахнасындағы ұлы шахмат тақтасы ретінде талдаған еңбек 1997 жылы жазылса да, саясаткерлер мен саясаттанушылар  әлі күнге дейін қолынан тастамай келеді. Бүгінгі Әзербайжан-Армения соғысына Ресейдің ең бір ұрымтал тұста килігуінің себептерін де осыдан 23 жыл бұрын жазылған кітаптан табуға болады. Әрине, поляк текті З. Бжезинскидің бұл еңбегінде америкалық мүдде мен еуропацентристік көзқарас басым. Соған қарамастан, КСРО құрамында болған елдерді «советсіздендіру» туралы ойлары бүгін әр қазақ айтып жүрген ұлтшыл ұрандармен үндесе кететіні бар. Inbusiness.kz қазақ тілді оқырман қауымға осы атышулы еңбектің Әзербайжан мен Орталық Азияға, Қазақстанға қатысты тұстарын ықшамдап аударып, үзінділер ұсынып отыр.

КСРО-ның күйреуі

Совет одағының күйреуі әлемдік геосаясатты шиеленістіріп кетті. Айналасы 14 күннің ішінде ресейліктер өздерінің бұдан былай трансқұрлықтық алып империяның иесі бола алмайтындарын ұқты. Өйткені іштегі халық Одақтың құлауға таяп тұрғанынан хабарсыз еді. Керісінше сырттағы жұртқа бұл айқынырақ сезілді.  Осылайша Ресейдің Кавказ бен Орта Азия арасындағы шекарасы 1800 жылдардағы қалыпқа түсті.  Ал батыс тарапта жоғалтқандары тіптен орасан еді. 1600 жылдарда Иван Грозный тақтан кеткен тұстағы деңгейге дейін «шегінді». Кавказды жоғалту Түркияның стратегиялық ықпалын арттырса, Орта Азиядан айырылу энергетикалық және минералдық ен байлықтан алшақтатты. Оның үстіне, бұл елдерде мұсылмандық рухтың оянуы – Ресейдің өзін іштен  ірітетін қауіпті фактор. Бәрінен де Украинаның тәуелсіздік алуы Ресейді қанатынан қайырып кетті. Ендігі жерде Ресей славян әлемінің туұстар тұтқасы болудан қалды. Мәскеу Украинаны өз дәргейінде сақтап қала алса, Польша мен Балтық жағалауы елдерінсіз-ақ еуразиялық империясын қайта құрудан үмітін үзбеуіне болар еді. 

«Еуразия Балқаны»   

Еуропада «Балқан» деген сөз аймақтағы державалардың бәсекесі мен этникалық қақтығыс алаңы ретінде қабылданады. Ондай түсінік Еуразияда да бар. Бірақ, «Еуразия Балқаны»  әлдеқайда ауқымды кеңістікті қамтиды әрі этникалық тұрғыда өте әртекті.  Алып жатқан аумағы үлкен, жаһандық тұрақсыздық нүктелеріне айналған аумақтармен шектесіп жатыр: Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орта Азия, Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы және Таяу Шығыс. Әдетте Балқан ұғымы Еуропадағы үстемдікке ұмтылыс пен таластың  нысаны саналады. Ал  «Еуразия Балқаны» құрлықтың ең батысындағы бай аудандарды Шығыстың қиырындағы геосаяси тұрғыда аса маңызды нүктелермен төте жалғайтындай аумақта жатыр.  Оның үстіне, «Еуразия Балқаны» Ресей, Түркия, Иран сияқты алып көршілердің тарихи және қауіпсіздік амбицияларымен тығыз байланысты. Қытай да аталмыш аумаққа өз ықпалын нығайтуға ыңғай таныта бастады.  Бәрінен бұрын «Еуразия Балқанының» экономикалық ұтыс ретіндегі әлеуеті зор.  Мұнда пайдалы қазбалар мен алтыннан өзге табиғи газ бен мұнайдың орасан қоры бар. Ал осы ұтысқа бастайтын жолды Ресей Армения арқылы баяғыда-ақ бітеп тастаған.  

КСРО ыдыраған тұста халқының саны 4 млн. болатын Армения мен 8 млн. халқы бар Әзербайжан Таулы Қарабақтың мәртебесі үшін ашық соғысқа түсті. Бұл нысан Әзербайжан аумағында жатқанымен, армяндар молынан қоныстандырылған болатын. Армяндардың христиан дінін, әзербайжандардың мұсылман дінін ұстанатынын алға тартып, бұл соғысқа діни сипат таңуға да болады.  Жаңадан бостандық алған елдердің экономикасына бұл соғыс ауыр тиді. Армения Ресейге арқа сүйеу арқылы Таулы Қарабақты Мәскеудің ықпалына беруге мәжбүр болады. Ал Әзербайжанның әлсіреуі бүкіл өңірдің жағдайына әсер етеді. Орта Азия мен Каспиді табиғи байлық толы «құты» деп елестетсек, Әзербайжан – соның «тығыны» деуге болады. Түркітілдес тәуелсіз Әзербайжанның аумағынан бауырлас Түркияға мұнай құбырлары өтіп жатыр. Сондықтан бұл елдің территориялық тұтастығы Ресейдің әлгі «құтыға» монополия жүргізуіне кедергі келтіреді. Бұл оның Орта Азия елдеріне саяси ықпалын да әлсіретеді. Әзербайжан Түркияға арқа сүйегенімен, солтүстікте Ресей, оңтүстікте Иран тықсырып тұр. Иранның солтүстік-батысында Әзербайжанның өзіндегіден екі есе көп «диаспорасы» өмір сүреді. (Тіпті, кейбір деректер бойынша Иран аумағында 20 млн. әзербайжандық бар). Иран сыртта тәуелсіз Әзербайжан күш алса, іште сепаратизм өршиді деп қауіптенеді. Сондықтан ресми Теһран жеме-жемге келгенде Ресеймен қанаттаса кетуге бейіл.

Көшбасшы Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба?

Орта Азиядағы бес тәуелсіз мемлекеттің ішінде Қазақстан мен Өзбекстанның рөлі ерекше. Қазақстан бүкіл аумақты Ресейден қорғап тұрған қалқан болса, Өзбекстан ұлттық оянудың орталығы іспеттес. Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан ғана Ресеймен тікелей шекара бөсіліп жатыр. Мұндағы 18 миллионға жуық халықтың  35%-ін орыстар, 20%-ін өзге ұлттар құрайды.  Бұл биліктегілердің елді басқаруын қиындатады. Негізінен билік басындағылардың да ұлттық саясатқа бүйрегі бұрыңқы. Бірақ ондай бағытты елдің тең жартысы ұнатпай отыр.  Жергілікті орыстар мен колониалдық саясатқа қызмет ету арқылы қоғамда үстем орынға жайғасып алған топтар «ұлттық тіл» басымдыққа ие болса, қолдағы игіліктерден айырылып қаламыз деп қорқады.  Ал Өзбекстан бұл жағынан алғанда айтарлықтай біртекті. Мұндағы тұрақсыздыққа ел ішіндегі қырғыз, тәжік, түркімен диаспоралары түрткі болуы мүмкін. Бұл елдің Ресейден алшақ жатуы бұрынғы отарлаушыдан анағұрлым тәуелсіз саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан Орта Азияға батыс өркениетін сіңіргісі келетіндер Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға көп үміт артады.

ТМД  туының астында

«Еуразия Балқанындағы» тұрақсыздықты Түркия мен Иранның геосаяси бағдарын айқын ұстанбауы және ішкі проблемалары шиеленістіре түсуі мүмкін. Бұл екі елде тұрақсыздық бұрқ ете қалса, жалыны тұтас Орта Азияны шарпуы оңай. Түркиядағы 65 миллион халықтың  негізін түріктер құрайды. Қалған ұлттардың 80%-і – түркі тілдес этностар. Қалған 20%-і –күрдтер.  Негізінен елдің шығысын мекендейтін күрдтер Ирак пен Ирандағы қандастарының ұмтылысына үн қосып, талай рет Түркиядан бөлініп шығуға әрекеттеніп көрген. Бұл тұрғыда Иранның келешегі одан да бұлыңғыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары фундаменталды шейіттік революция жеңіске жеткен кезден бері АҚШ-тан алшақтап, Мәскеуге қолайлы саясат ұстануға мәжбүр. Жалпы Түркия мен Иран халқының саны бір-біріне шамалас. Алайда, Түркияда халықтың негізі түрік ұлтының өзі болса, Иранда парсылар тең жарымнан әрең асады. Мұндағы әзербайжандар ирандықтардың  ширегін құрайды. Егер тәуелсіз Әзербайжан қуатты мемлекетке айналса, Ирандағы қандастары «Үлкен Әзербайжан» арманын іске асыруға ұмтылатынын Теһран жақсы біледі. Украина үшін ТМД-ға мүше елдердің бәрінің мейлінше Мәскеуден тәуелсіз болғаны керек. Киевті Ресей газы мен мұнайына тәуелділіктен осы елдер ғана құтқара алады. Әсіресе, Әзербайжанмен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен ынтымақты нығайтудың маңызы зор. Киев өз тәуелсіздігін нығайта түсу үшін ТМД-дағы елдердің тәуелсіздігіне дем беруге мүдделі.  Сол себепті, Украина Грузияның Әзербайжан мұнайын өз аумағы арқылы өткізу талпынысын қолдап, Түркиямен экономикалық байланысты күшейтіп отыр. Бұл Ресейдің Қара теңіздегі ықпалын әлсіретіп, Орта Азия мұнайының Түркия терминалдарына еркін жетуіне мүмкіндік туғызады. Егер негізгі мұнай құбырлары бұрынғыдай Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі Новороссия терминалына түсе берсе, Мәскеу өз ықпалын одан әрі нығайтып, бұрын отарында болған елдерді тырп еткізбей ұстап отыра береді. Ал егер Каспий арқылы тағы бір құбыр тартылып, Әзербайжаннан Жерорта теңізіне жетсе, Ауғанстан арқылы Араб теңізіне жол ашылса, Ресейдің жеке дара үстемдігі келмеске кетеді. Ресей осы ойындардың бәріне ТМД ұйымын құрал етіп ұстауға тырысады. Бұл бір жағынан тұтас өңірге «бөліп ал да, билей бер» принципімен үстемдік етуге жақсы.

Кезінде Орта Азия елдерінің Ресей туының астында Үлкен Түркістан альянсын құру идеясын да жөргегінде тұншықтыруында осындай астар жатыр. Ресей маңайындағы жас мемлекеттердің саясаты «достастық» прициптеріне мейлінше сәйкес болуына күш сала береді. Тіпті, ТМД аясында шекаралардың сыртқы қауіпсіздігін Мәскеуден басқаратындай жүйе құра алды. Әскери ынтымақ аясын совет кезеңіндегідей деңгейге жеткізу арқылы Ресейді айналып өтетін мұнай құбырларының салынуына тосқауыл қоюға болады. Стратегиялық талдаулар Мәскеу өз шеңгелінен шығып кеткен елдерге әлі де болса өзінің геосаяси кеңістігі ретінде қарайды. Сондықтан да көрші елдердің аумағында әскер ұстауға ерекше мүдделі. Абхазиядағы сепаратистік қозғалысты сәтті пайдаланып, Грузияда әскери база ұстауға қол жеткізді. Ал Баку мен Ереван арасындағы Таулы Қарабақ дауының біржола шешілмеуі Ресейге Армения аумағында әскер ұстауына теңдессіз мүмкіндік береді.

Қазақстанда әскери база ұстау үшін Ресей саяси қысым мен қаржылық кедергіні қатар қолданады. Тәжікстандағы азаматтық соғыс та Мәскеудің пайдасына шешілді. Ресейдің түпкі мақсаты өңірдегі экономикалық, саяси ықпалын қайта қалпына келтіру болса, ТМД – (қазір Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ деп қабылдауға болады (ред.)) соны іске асырудың құралы болып тұр. Бұл тұрғыда Мәскеудің негізгі нысаны Әзербайжан мен Қазақстан болатыны түсінікті. Әзербайжан Ресей үшін ең басым мақсат болуы заңдылық. Бұл елді айтқанына көндіріп, айдауымен жүргізе алса, Орта Азияны Батыстан, әсіресе, Түркиядан бөліп тастайды. Бұл Ресейге иілмеуге бет алған Өзбекстан мен Түркіменстанды қайта тізеге салуына таптырмас орай болады. Осылардың бәрін ескерсек, Ресей Иранмен ымыраласуға мүдделі. Сол үшін тіпті Каспидің мұнайын бұрғылау жөніндегі мүдде қайшылықтарын да қайта қарауға дайын.

Түркияның әскери тәрбиесі

Әзербайжанды шеңгелінде ұстау арқылы Ресей Грузия мен Арменияны  Батысқа қарап бой түзеуден шектейді. Қазақстан Мәскеу үшін қай тұрғыдан алсақ та тартымды. Бұл елдің этникалық тұрғыдағы осалдығы Мәскеуден ашық түрде ірге ажыратуына жол бермейді. Мәскеу Қазақстанның іргедегі Қытайдың қарқынды дамуынан сақтануын да өз мүддесіне пайдаланып, Шыңжандағы қытайлану процесін үрейлі етіп көрсете алады.  Қазақстанды біртіндеп бағындыру арқылы Қырғызстан мен Өзбекстанды, Тәжікстанды тырп еткізбей ұстауға болады. Бірақ, Ресейдің мұндай ұстанымы «Еуразия Балқанындағы» қалған ойыншылардың барлығының стратегиясына қайшы. Өз елдерін Мәскеудің тікелей нұсқауынсыз басқарудың игіліктерін сезіп үлгерген жергілікті элиталар қазіргі мәртебелерінен айырылғысы жоқ. Оның үстіне, бұған дейін саяси тұрғыда пассивті болып келген халық та ояна бастады. Ұлттық мүддеге деген талап күн сайын арта бермек. Ал Грузия мен Армения Еуропаға қарап бой түзегісі келеді. Әзербайжан  мен Орта Азия елдері де өз жерінде америкалық, еуропалық, жапониялық, кореялық капиталдың болғанын қалайды. Экономиканы дамытудың ең төте жолы осы екенін олар түсініп болған. Сондықтан да Ресеймен бірге Түркия мен Иранның да өңірдегі оқиғаларға белсенді араласуына қарсы емес. Мысалы, Түркия арқылы АҚШ-тың қолдауына ие болған Әзербайжан Ресейдің әскери базасынан бас тартып, мұнай құбырын өткізсек деген ұсынысын жауапсыз қалдырды. Есесіне Грузия арқылы Түркияға құбыр жеткізді. Америкалық компанияның қаражатымен Иран арқылы оңтүстікке құбыр тарту жоспарланған болатын. АҚШ Иранға қаржылық эмбарго жарияламаса,  бұл жоба да сәтті аяқталар еді. 1995 жылы Түркіменстан мен Иран арасында теміржол желісінің салынуы Ұлы Жібек жолын Ресейдің қатысуынсыз жандандыруға мүмкіндік ашты. Өзбекстан да Ресей ұсынған ынтымақтан алшақтығын экономикалық тұрғыда мығымдап келеді. 1996 жылы осы елдің сыртқы істер министрі ресми Ташкенттің ТМД аясында үкіметтердің үстінен қарайтын институттар құруға қарсы екенін мәлімдеген болатын.  Кейін бұл қарсылық Кедендік одақ идеясынан бас тартуға ұласты. Ресейдің Азиядағы ықпалын әлсіреткісі келетін АҚШ үшін мұндай ахуал аса тартымды.

Тіпті, Қазақстан да, реті келсе, Ресейден дербес экономика құруға ынталы. Мәскеудің қысымына жауап ретінде Ресейді айналып өтетін бірыңғай мұнай құбырын тарту идеясын қолдауы осыған дәлел. «Қазақстанның балама құбырлар іздеуіне Ресейдің өзі түрткі болып отыр. Ресей қазақстандық мұнайды Новороссияға, Түмен мұнайын Павлодарға тасымалдауға тыйым салды. Түркіменстанның Иранға газ құбырын тартудағы ұмтылысы орынды. Өйткені, ТМД елдері өнім үшін әлемдік бағаның 60 пайызын да төлеп отырған жоқ. Тіпті мүлде төлегісі келмейтіндер бар», - деген болатын Президенттің кеңесшісі Өмірсерік Қасенов. Мұндай жайттың бәрі Орта Азияны Иран мен Ресейден алшақтатып, Түркияға жақындата түседі. Анкараның түркітілдес елдерге жаңа офицерлер корпусын жасақтап, 10 мың студентті оқыту туралы ұсынысы қызу қолдау тапты.

Украина – Ресей эволюциясының қайнары

Түркия да, Иран да Орта Азия елдерін Ресейдің ықпалынан толықтай айыра алмайтыны түсінікті. Бірақ, Теһран да Анкара сияқты батыл қимылдай білсе, мұсылман мемлекеттердің солтүстіктегі көршілеріне деген тәуелділігі азая беретін еді. Бұл – өңірдің геосаяси келешегін айқын ете түсетін фактор. «Еуразия Балқанында» Американың қолдауына лайық үш мемлекет болса, олар – Әзербайжан, Өзбекстан және Украина. Үшеуін де өз өңірлеріндегі саяси орталық деп қарауға болады. Украинадағы өзгерістер түбінде Ресейдің өз эволюциясында шешуші рөл ойнауы мүмкін. Қазақстан да халықаралық қолдау мен ұзақ мерзімді экономикалық көмекке лайық. Өйткені оның экономикалық әлеуеті өте үлкен, ал географиялық орны өте маңызды.   Қазақстан осы бетімен дами берсе, Ресейдің көзір ретінде ұстап отырған этникалық сынасын еңсеріп, Орта Азияны Мәскеу қысымынан сақтайтын қалқанға айналады. Әсіресе, Қытай мен Қазақстанның ортасында жатқан Қырғызстанның  тәуелсіздігін сақтап қалуы Қазақстандағы ахуалға тікелей тәуелді. Осының бәрін ескерсек, Америка Түркиямен де, Иранмен де, Қытаймен де мүдде бөлісуге дайын. Иран мен АҚШ-тың арасы жақсарса, Әзербайжанның аяқтан нық тұруы мүмкін бола түспек.  Түркияның өз эволюциясы  Кавказ  мемлекеттерінің келешегін айқындайды. Егер Түркия Еуропаға біржақты бет бұрып, Еуропа ол талпынысын тойтармаса, бұл орбитаға Кавказ елдері де кірігіп тынады. Ал Түркияның еуропалануы сәтсіз аяқталса, Грузия мен Арменияға Ресейдің мүддесіне икемделуден басқа жол қалмайды. Мұндай жағдайда бұл елдердің келешегі Ресейдің эволюциялануына тәуелді болмақ. Иранның әзірге батыс құндылықтарын сіңіруі қиындау. АҚШ осыған ықпал етсе, өңірде толықтай тұрақтылық орнаушы еді. Бірақ, АҚШ тарапынан да, Иран тарапынан да ондай қадам байқалмайды. Әзербайжанның келешегіне келгенде Иран кедергі тосудан тайынбайды. Ал Түркіменстанның өзге әлемге ашылуына барынша ықпал ете бермек.

Әзірлеген – Есімжан Нақтыбайұлы

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 1832
0 комментариев
О блоге