Отандық медицина имиджі: шетелдіктер Қазақстанға емделуге келе ме?
Отандық медицина имиджі: шетелдіктер Қазақстанға емделуге келе ме?

Соңғы кездері медициналық туризм бизнестің қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналды. Тиісінше, бұл нарықтың көлемі жыл өткен сайын кеңейіп, қомақты табыс көзі ретінде тартымды бола түсті.

Әсіресе, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Израиль, Таиланд, Сингапур сияқты елдердің медициналық орталықтары мен клиникалары бұл бағытта аса белсенділік танытуда. Ал Қазақстанда медициналық туризм саласын дамыту бағытында қандай нақты іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр? Отандық клиникалар шет елдердің азаматтарын өздеріне қандай артықшылықтарымен тарта алады?

Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Астанадағы Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, Онкология және транплантология ұлттық ғылыми орталығының басын қосатын University Medical Center корпоративтік қорының Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Бекбай Есләмұлы Хайрулин мырзаны әңгімеге тартқан едік.

F: Бекбай Есләмұлы, Қазақстанда медициналық туризм қаншалықты дамып жатыр?       

- Кез келген мемлекетті алып қарасаңыз, медициналық туризмнің дамуы сол елдегі жалпы туризм индустриясының дамуына тікелей байланысты екенін байқауға болады. Яғни, шетел азаматтары үшін баратын мемлекеті туристік бағыт ретінде тартымды ма? Келіп, кету оңай әрі қауіпсіз бе? Жалпы туристік инфрақұрылым дамыған ба? Өзге елдерге барып емделетін медициналық орталықтар таңдаған кезде әлеуетті медициналық турист ең алдымен осындай сауалдарға жауап іздейтіні жасырын емес. Тиісінше, бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек.      

Жалпы посткеңестік кеңістік елдеріндегі медициналық қызметтер нарығын бағамдап қарасақ, Қазақстан географиялық тұрғыдан, ел аумағына келіп-кету жүйесінің қолайлылығы, қазіргі заманға сай озық медициналық орталықтарда көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен бағасы жағынан жақын және алыс шетелдердің азаматтары үшін тартымды деп айуға болады.   

F: Қазақстанға келіп, ем алып жатқан медициналық туристер көп пе? Олар негізінен еліміздің қандай клиникаларын және қандай медициналық қызмет түрлерін таңдайды?  

- Мен өзіміздің қорға қарайтын клиникаларға қатысты айтып өтсем. Мәселен, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында медициналық туристер үшін босану және кесарь оталары барынша көп сұранысқа ие болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанға өзге де мақсаттармен келетін шетел азаматтары осы орталық дәрігерлерінің көмегіне жиі жүгініп жатады. оның ішінде жүкті әйелдерге түрлі асқынулар, уақытынан бұрын толғағы келу сияқты себептермен медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. 2017 жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында әлемнің 27 мемлекетінің 111 азаматтына түрлі медициналық қызмет көрсетілді. Олардың ішінде басым көпшілігі, атап айтқанда 59% - Ресей, Түркия және Өзбекстан сияқты елдердің азаматтарының үлесіне тиеді.         

Республикалық диагностикалық орталықта радиофармпрепараттар шығаратын өзінің желісі бар Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы ядролық медицинаны жаңғырту барысында аса маңызды шара болғанын айта кету керек. Орталықта 50-ден астам түрлімамандық иелері қызмет көрсетеді. Қазақстандағы ең ірі медициналық зертханада да осында. Онда 700-ге тарта түрлі зерттеулер жасалады. Республикалық диагностикалық орталық амбулаториялық ұйым болғандықтан, мұнда негізінен елімізге сапарлап келген немесе осында жұмыс істеп жатқан шетелдіктер де қызмет алады. Былтыр әлемнің 79 елінің 1644 азаматы осы Орталық қызметіне жүгенген.

Балаларды оңалту ұлттық орталығында кешенді түрде медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалту қызметтері ұсынылады. Бұл емдеу орталығына негізінен Ресей, Өзбекстан, Украина, Қытай, Тәжікстан және Түркиядан медициналық туристер келеді. 2017 жылы 50-ден астам шетелдік осы орталықта емделіп, оңалту шараларынан өтті. 

Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығында шетелдік азаматтар негізінен хирургиялық, ортопедиялық және гематологиялық салалар бойынша медициналық қызмет түрлерін алу үшін келеді. Өткен 2017 жылы бұл Орталыққа шетелден келген 100-ден астам пациент емделді.

F: Елімізде көрсетілетін медициналық қызметтер халықаралық стандарттарға сай келе ме?

- Дұрыс айтасыз. Кез келген адам емделетін медициналық мекеме қарастырғанда «Қызметтері халықаралық стандартқа сай келе ме?» деген сұраққа жауап іздейтіні анық. Осы орайда біздің клиникалардың медициналық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігінің «алтын стандарты» боп саналатын JCI (Joint Commission International) халықаралық аккредитациясынан өтуі аса маңызды шара болды. Және мұндай қатаң сынақтан біздің орталықтар ТМД елдері арасында алғашқы болып өткенін айта кету керек. Дамыған шетелдерде азаматтар өздеріне аурухана немесе емхана таңдағанда осындай сапа сертификатының бар-жоқтығына баса назар аударады. Жалпы, JCI халықаралық аккредитациясының болуы халықаралық медициналық туризм нарығына жол ашатын мүмкіндіктің бірі.

Сонымен қатар, озық халықаралық тәжірибелерді енгізу бойынша АҚШ-тың Питтсбург университетінің Медициналық орталығымен ынтымақтастық орнатып, тығыз жұмыс істеп жатырмыз.      

Қор клиникалары бүгінге таңда медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін енгізуде өзіндік локомотивке айналып, еліміз өңірлеріндегі емдеу мекемелеріне озық инновациялық технологияларды жеткізуде үлкен жұмыстар атқарып отыр.

Жалпылай айтқанда, заманауи материалдық-техникалық базасы, озық құрал-жабдықтары, инновациялық технологияларды енгізу жағынан біздің орталықтар халықаралық стандарттарға сай деп айта аламын. Елімізге келіп, осында медициналық қызметтер алып жатқан шетелдік туристер соның бір айқын дәлелі.

F: Кез-келген адам емделетін аурухана іздегенде медициналық қызметтің сапасымен қатар, оның бағасына мән беретіні белгілі ғой. Сіздердегі қызметтер құны өзге елдермен салыстырғанда қандай?

Расында, адамдарды өзге елдерден медициналық қызмет іздеуге ондай ем түрінің өз елінде жоқтығы, сапасының төмендігі немесе бағасының  қымбаттығы итермелейтіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда біздегі медициналық орталықтар ұсынатын қызмет түрлерінің сапасы мен бағасы жағынан бәсекеге қабілетті деуге болады. Бір-екі мысал ғана келтірейін. Республикалық диагностикалық орталықта 2016 жылдан бері халықаралық стандарттарға толықтай сай келетін кешенді диагностикалық қызметтер ұсынатын Check-up орталығы жұмыс істейді. Онда адамды бастан-аяқ толықтай бір күнде тексеріп шығатын қызмет түрлері бар. Дәл сондай қызметтер топтамасы бізге қарағанда Оңтүстік Корея мен Израильде 3-5 есеге дейін қымбат. Ал Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ұсынатын экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің бағасы Түркия мен Германияның клиникаларымен салыстырғанда 10 есеге дейін арзанға шығады.       

F: Қазақстанда медициналық туризм саласын дамытуға қандай кедергілер бар?

- Медициналық туризмді дамыту үшін емдеу мен диагностиканың халықаралық стандарттарын енгізу, қазіргі заманғы озық технологияларды кеңінен пайдалану және бәсекеге қабілетті баға ұсынумен ғана шектеліп қалуға болмайды. Сөз басында айтқанымдай, аталған фактор жалпы туристік инфрақұрылымның тартымдылығына байланысты. Өкінішке қарай, бізде әзірге елге келушілер туризмі жеткілікті деңгейде дамымаған. Жалпы, медициналық туризмді дамыту саяси тұрақты, экономикалық дамыған, туристік тұрғыдан тартымды ел ретінде халықаралық имиджін қалыптастыруға бағытталған шаралар аясында қарастырылады.     

F: Бұл салада мемлекет деңгейінде қандай нақты іс-шаралар атқарылып жатыр? 

Қазіргі уақытта медициналық туризмді дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп жатыр. 2017 жылы «Медициналық туризмді дамыту және импортты алмастыру» жобасын іске асыру бойынша 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Жол картасы бекітілді. Соның аясында медициналық туристер үшін бірегей портал және Call-орталық құру жоспарланып отыр. Жалпы айтқанда, еліміздің емдеу мекемелерінде медициналық қызмет түрлерін алатын шетел азаматтарының санын барынша арттыру үшін барлық шаралар жасалып жатыр.

forbes.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 лет назад 3018
0 комментариев
О блоге