Мектеп бітірмей тұрып-ақ АҚШ университеттеріне оқуға түсуге болады
Мектеп бітірмей тұрып-ақ АҚШ университеттеріне оқуға түсуге болады

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкада оқуды армандамайтын жас кемде-кем шығар. Біздің электронды поштамызға да, әлеуметтік желілердегі парақшаларымазға да келетін хаттардың көбі АҚШ-қа оқуға түсуге қатысты.

Сондықтан біз жақында АҚШ-тың Бостон унисервитетінің грантын ұтып алған IT маманы, Алматыдағы TeamAcademy орталығының негізін қалаған жас Әбубәкір Ынтықбаевпен әңгімелесіп, мектептен соң АҚШ университеттеріне грантпен оқуға түсу жолдарын сұрадық.

– Әбубәкір, өзің білесің қазір әлемнің кез келген еліндегі жастар Америкада оқығысы келеді. Өйткені Қазақстан, Ресей секілді елдердің дипломы көп елде мойындалмайды. Ресей түгілі, Еуропа елдерінің, Жапонияның дипломын АҚШ мойындамайды. Ал АҚШ университеттрінің дипломы барлық елде бағаланады. Сондықтан шетелде, дәл АҚШ-та оқығысы келетін жастар, баласын оқытқысы келетін ата-аналар көп.

– АҚШ-та көбіне шынайы бәсеке болатындықтан, білімді, талапты жастар үшін мұнда оқуға түсу қиын емес. Ең бастысы, әр университеттің өзі талап ететін құжаттар тізімі болады, соны дайындау қажет.

– Жалпы, оқуға тапсыру үшін нақты қандай құжаттар қажет болады?

– Ең алдымен қажет болатын құжаттар – тест нәтижелері. АҚШ университеттеріне бакалавр бойынша оқуға түсу үшін білім деңгейін, сыни ойлау қабілеті тексерілетін SAT тестін, ағылшын тілін игеру деңгейін анықтайтын IELTS немесе TOEFL тестін тапсыру қажет. Одан соң көп университеттер мотивациялық жазба мен ұсыным хат сұрайды. Кей университеттер бұларды тіпті сұрамайды. Содан кейін оқуға тапсыратын баланың ата-анасының банктегі кірісі мен шығыстары жөніндегі анықтамасы қажет.

– SAT деген Қазақстандағы ҰБТ сияқты тес пе?

– Иә, бірақ мұнда көбінесе математика, сыни ойлау қабілеті сыналады. Яғни, логикалық есептер көп беріледі. Мұнда да талапкердің әрі қарай қай сала бойынша оқығысы келетініне байланысты, сұрақтар белгілі бір бағытта болады.

– Ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын IELTS пен TOEFL-ды көпшілік жақсы біледі. Бірақ менің білуімше, АҚШ-та Стэнфор университеті тек қана TOEF қабылдаса, кей университеттер тек IELTS қабылдауы мүмкін. Ал ендігі бір университеттер PTA, тесттерінің нәтижесін де қабылдай береді. Бұл қатардағы DUOLINGO ең оңай тест. Сен түскен Бостон университеті DUOLINGO қабылдай ма?

– Иә, әсіресе, соңғы жылдары карантин кезінде университеттердің көбі тілдік емтихандар қатарына DUOLINGO-ны қосқаны рас. Кейбірінде ол бұрыннан бар. Мен қабылданған Бостон университетіне оқуға түсу үшін бұл тесттен 125 балл алу қажет.

– Енді мотивациялық хатқа ойыссақ. Ол қалай жазылуы керек?

– Көбінесе АҚШ университеттері бір мотивациялық хатты жазып, барлық университетке соны таратып отырмасын деп, өздері арнайы тақырып береді. Өйткені университеттің қабылдау комиссиясы оқуға тапсырған әр жастың шынымен сол университетті қалап тұрғанын, арманы дәл осы университетте оқу екенін көргісі келеді. Сондықтан «мотивациялық хатыңды жазғанда мына сұрақтардың жауабын қамты» деп тұрып, белгілі бір сұрақтар береді. Негізінен мотивациялық хат, аты айтып тұрғандай, «сені дәл осы университетке тапсыруға саған не мотивация берді, бұл университеті таңдау себебің не, алда университеттің қауымына қандай үлесіңді қосасың, университет беделін өсіру үшін не істей аламын деп ойлайсың?» деген секілді сұрақтар негізінде жазылуын талап етеді.

– Яғни АҚШ университеттері үшін ондағы әр судент оқу орнының беделіне, рейтінгі өсуіне ықпал етуі керек деп есептейді ғой?

– Иә.

– Ал ұсыным хат ше? Мектептен кейін бала АҚШ университетіне тапсырса, ұсынымхатты кімнен алуы керек?

– Оны көбіне өзі оқыған мектеп директорынан, мұғалімінен, болмаса, талапкер оқушы кезінде олимпиада, жарыстарға қатысқан болса, сол жердегі өзінің қабілетіне көзі жеткен тұлғалардан алуы керек. Ұсынымхат беруші талапкерге тікелей қатысы бар адам болуы қажет.

– Бізде біреуді мақтаса мінсіз көріп мақтау, сынаса түкке алғысыз етіп тастау бар ғой. Ұсынымхатта талапкерді тек мақтау қажет пе, әлде кемшіліктерін де атап өткен жөн бе?

– Бірыңғай мақтап жазса, ол сенімсіз шығатыны анық. Оған университеттегі комиссия да күмәнмен қарайды. АҚШ-та өзіңіз білесіз, cheating, яғни алдау, көзбояйшылық жасау, көшіру, өтірік жазу деген қатты жазаланады ғой. Сондықтан ұсынысхатта талапкердің мықты қабілеттерімен бірге, әлсіздеу тұстары да аталып өткені дұрыс.

– Жаңа оқуға тапсырарда талапкердің ата-анасының кірісі мен шығысын көрсететін банк анықтамасы қажет дедің? Ол қандай рөл ойнайды? Грантқа тапсырып отырған жастың ата-анасының табысы көп болғаны мүмкіндігін арттыра ма, әлде табысы төмен болғаны тиімді ме?

– Егер мектеп бітірген жас шынымен грантпен оқимын деп өтініш беріп отырса, онда оның ата-анасының табысы төмен болғаны жақсырақ. Табысы төмен отбасынан шыққан жастарға АҚШ университеттері 100% грант беруге тырысады. Олардың оқу ақысын беріп қана қоймай, жататын орнын, тамағын да қамтуы мүмкін. Ал енді кейбір балалардың ата-анасының табысы орташа болса, олардың гранты оқуының 50 не 70 пайызын жабуы мүмкін. Жалпы, АҚШ университеттері талантты, білімге құштар жастарды жақсы көреді ғой. Сондықтан шынымен жақсы нәтиже көрсетіп, грантқа түсіп тұрған бала болса, оның оқу шығынының қалай жабылуы ата-анасының жағдайына қарай есептеледі.

– Оқуға қажет құжаттар тізімін бір шолып шықсақ: SAT, IELTS (немесе TOEFL, DUOLINGO, PTA тесттерінің бірі), талапкердің ата-анасының кірісі мен шығысы жөніндегі анықтама, мотивациялық хат пен ұсынымхат қажет дедің. Айтпақшы бұл тізімде Қазақстанда мектеп бітіргенде алатын аттестат неге жоқ?

– Өйткені шын мәнінде көп университеттер талапкерден аттестатты қажет етпейді. Сондықтан Қазақстандағы мектеп оқушыларының мектеп бітірмей жатып шетелдік, әсіресе АҚШ университеттеріне түсіп кетуге мүмкіндіктері бар. Қазір Алматыдағы біздің TeamAcademy-да курсқа қатысып жүрген, мектепте 10-сыныпта оқитын бір қыз бала АҚШ-тың Кэмбридж университетіне түсіп тұр. Университеттен шақырту алып отыр. Өз айналамда осылай мектеп бітірмей жатып оқуға түскен тағы біраз жастарды білемін. Өзім де Сан-Францискодағы университетке осыдан екі жыл бұрын, мектепте оқып жүргенімде түскен едім.

– Сонда мектеп аттестаты түк рөл ойнамай ма?

– Жоғарыда аталған тест нәтижелері мен құжаттар – міндетті құжаттар. Бірақ осы жерде талапкердің шетел университеттерінен грант ұтып алу мүмкіндігін арттыратын бір нәрсе бар. Ол – мектепте жүргенде қатысқан олимпиадалар мен жарыстағы жүлделері, конференцияларға қатысып, жемісті еңбек еткені, өзі ойлап тапқан жаңалықтар, тағы басқалар. Егер балада мектеп жасынан бастап осындай жетістіктер болса, оған қоса жаңағы SAT, IELTS нәтижелері университет талап еткен деңгейде болса, аттестаты бар-жоғына қарамай оқуға қабылдайды. Ал SAT, IELTS-тың талап ететін деңгейлері әр үниверситетте әрқалай. Стэнфорд, Гарвард сияқты университеттер жоғары балл талап етуі мүмкін. Кейде талапкердің тілден балы төмен болса да, басқа жетістіктері көп болса, соларға қарай қабылдай салуы мүмкін. Бұл әр университеттің талабына байланысты.

– Сонда Қазақстандағы АҚШ университетіне грантпен оқуға түскісі келетін балалар қанша жасынан бастап оқуға дайындалуы керек?

– Тілден тапсыратын тесттердің нәтижесі екі жылға ғана жарайды. Бірақ оқуға түсерде олимпиадаларға, жарыстарға қатысқаны үлкен рөл ойнайды дедік қой. Сондықтан ерте бастан дайындалғаны дұрыс. Мектепте жүргенде олимпиадаларға қатысып, ертерек әрекет ету керек.

– Пайдалы әңімеңе көп рақмет! 

Kazunite

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
2 года назад 1738
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир