Кәрі қыз атанудан қорқамын
Кәрі қыз атанудан қорқамын

Демалыстарда үйге барғым келмейді

«Менің жасым алдағы жыл 25-ке келеді. Не жүріп жүрген жігітім жоқ, не сезімін білдіріп, ұсыныс тастаған адам жоқ. Шынын айтсам, өзім тұрмыс құруға онша асықпаймын, дегенмен түсінесіз ғой, біздің Оңтүстік жақтың салт-дәстүрін, анам күн сайын тұтқаның ар жағында «тезірек кететін жеріңе кет» деп айтады. Анамның қоңырауын алғаннан-ақ көңіл-күйім түсіп кетеді», - дейді оңтүстікте тұратын құрбым. Мен қазір дәл осы сарындағы әңгімені әрбір екінші қыздан естимін. Қазақ отбасында тәрбиленеген   жасы жиырма мен отыздың арасындағы қыздардың бір-ақ проблемасы бар, ол тезірек тұрмыс құру. Әдетте қыздардың стандартты түрдегі аналарымен диалогы былай болып жатады:

-Қызым қалайсың, не істеп жатсың?

-Жақсы, мам! Өздеріңіз қалайсыздар? Мен жұмыстамын

-Қалай болушы еді, жұмыстағы Майраның екінші қызы тұрмыс құрып жатыр, соның қоржын тойынан келдім, жасы он тоғызда, қандай елдің қыздарына жігіт дайын тұрады екен, сенің жүрісің анау, әлі жүрсің оқу, жұмыс, одан қалса ешкім ұнамайды деп

-  Аспаннан жерге түссеңші, мұрныңды көкке шүйірмей кететін байыңа кет, менің жағдайыма қарама, елдің он тоғыздағы қызы кетіп жатыр. Тиген жігітінің асып-тасып тұрғаны шамалы, сонда да түрі-пүрі демей тиіпті

-Мама, әкем не істеп жатыр ( Анасының сөзі жанды жеріне тиіп, жүрегі ауырып тұрған қыз әңгімені басқа жаққа бұрғысы келеді)

-Не істеуші еді, жүр сыртта. Үйге жеткенше әкең миымды жеп келді, сенің қыздарың неге үйленбейді деп. Сендер үшін –ақ ұрыс естіп өлетін болдым, оқып-тоқығансыңдар, жұмыстарың да бар, түрлеріңде жоқ емес.  Ана «пәленшенің» қызынан қай жерлерің кем, сендер сияқты оқымай,  шет елге шықпай-ақ, екі баласын тауып, жұмысына барып, бәріне үлгеріп жүр...

- Енді бір Алланың бұйыртқаны болады да. Аты-жөні жоқ кімге үйленемін, қызықсыздар осы...

- Қазір жұрттың қыздары  жігіттердің басын өздері айналдырып тиіп алады екен, естіп жатырмыз.....» ( Мысалда, құдашалар мен көрші-қолаңның, таныстар мен туыстардың қыздары кете береді)

Таныстар мен жұмыстағы әріптестер, тіпті таксист те сенен қашан тұрмыс құрасың деп сұрай береді

     Кез-келген адам сенен осы сұрақты еш ұялмастан сұрай береді. Мейлі ол сенің атаң болсын, мейлі құда бала, мейлі ол анаңның мектептегі әріптесі, тіпті жолай ұстаған таксист. Сұрағанда да дауыс мәнерін өзгертіп, ерекше бір сарказммен «Сен неге тұрмысқа шықпай жүрсің, тойға қашааааан барамыз немесе әлііііі жігітің жоқ па?»,- деп сұрайды.

 Қандай нұсқадағы жауап болсын, тегін ақыл –кеңес берушілердің лекциясы басталады. Ол төмендегідей: «Сен бұлай жүре берме, жігіттің түріне де, ақшасына да, байлығына да қарама. Өзіңді сыйласа болды». 

Әр адам жеке индивид десек, ол адамның өзіндік мақсат-мұраттары, ойында ойлап жүрген, сұлбасын шамамен жасап қойған адамы болады емес пе?! Мұндай жалпылама «стандарттарды» білу үшін  ақыл-кеңес керек жоқ. Мұны көзі ашық, ақылы бар қыздың бәрі біледі. Және  жас қыздан «Қашан тұрмысқа шығасың, жігітің бар ма, неге осы жасқа дейін жалғыз жүрсің...» деп сұрау этикаға жатпайды. Мейлі, сен оның қанша туысы болсаң да, жеке басқа қатысты мәселені тікелей сұрай салып, артынан жарты сағат тегін ақыл айту ешқандай қызға ұнай қоймайды. Оның үстіне өзі жалғыздықтан жаны жабырқап жүрген адам болса, жарасының үстіне тұз сеуіп берудің қажеті шамалы.

 Туыстардың тойына барғым келмейді

  Жан-жақтан қысым көріп, шаршап кеткен қыздар туыстар жиналған жерге барудан қашқақтайды.  Неге десеңіз, тағы да сол « жеке бастың мәселесін»  бүкіл жұрт болып талқыға салады, тойдың үстінде отырып кімнің –кіммен билеп жүргенін қарап, кімге –кімнің лайық екенін сыртынан анықтап, бойдақ қыздарға құда түсіп қойғыштар көп. Ол адам екеуі бір-біріне сай ма, бір-бірін ұнату ықтималдығы бар ма... деген сынды мәселелер ойландырмайды. Жатта келіп өзі ұсынған адамын басынан аяғына дейін мақтайды. Жарайды деп сөйлесіп көрген қыз, ол жігіттің «ажырасқандығын», «баласы бар екенін» немесе  «жұмыссыз, білімі жоқ адам екенін» біліп жатады.

    Демек, сіз қандай да бір қызға танысыңызды ұсынар болсаңыз, сол қызға сай келеді ау деген адамды ұсынғаныңыз дұрыс. «Тең теңімен, тезек қабымен» дегенді бекер айтпаған, ешқашан оқыған, көзі ашық, оң-солын танитын қыз, оқымай, жұмыссыз, бір басын әрең алып жүрген адамға үйленіп, біреуді сүйреп жүргісі келмейді.  Біздің қоғамда ажырасудың бірден –бір себебі әлеуметтік жағдайдың жоқтығы, жастардың бір-бірімен мінездерінің сай келмеуі және асығыс шешім қабылдау.  Оның түбін қазсаңыз қыздардың көпшілігі кәрі қыз болудан қорқып, асығып тұрмысқа шыққан, одан соң пәтерден –пәтерге көшу, отағасының жұмыссыз жүруінен шаршау, бәрі де  тұрмыстық себептер.

 Үлкендері қазір дұрыс ақыл айтудан қалған  

     Қазір бойдақ жүрген жастарға үлкендер тарапынан мынандай ақылдар айтылады: « Түрін езіп ішесің ба, сені сүйсе болды, сенің сүюің шарт емес»,  « Ерте үйленсең, балаларың ерте ержетеді», «Қыз мұраты кету», « Оқу оқып ешкімнің басын ұстамайсың», «Қазір қыдырып ал, кейін бәрі қалады», «Ойбай, Оңтүстіктен қыз алма, оның қалың малы көп»...  Осылай айта берсең шыға береді. 

Бәлкім, өмірлік тәжірбиелеріңізден шынайы мысалдар айтып, тым асығыс шешім жарға жығатынын, отбасын құру үшін екі адамның да бір-бірін сүюі тиіс екенін түсіндіру керек болар. Мал екеу болу үшін, қосылған бастардың «жақсы жұмыс істеуі», «бәсекеге сай білімі», «еңбекқорлығы» болуы тиіс екенін неге ашық айтпаймыз?! Отырыстарда «бойдақтарды» сынға алып, сұрақ астына алғанша, өмірлік жарын қалай таңдау керек, отбасын құрудың пайдасын әдемі әңгіме етуге болмай ма?!

  Статистика мәліметтеріне сүйенсек еліміздегі сүр бойдақтардың саны 3 миллионнан асып жығылады. Бәлкім, осының бәрі бүгінгі үлкендердің дұрыс бағыт көрсете алмауынан болар?!

     Дара талғам қасіреті

   Қазіргі қазақ қыздарының белсенділігі  қазақ жігіттерінен әлдеқайда басым. Ол үшін статистиа мәліметтеріне жүгінудің қажеті шамалы. Өмір сүріп отырған қоғам, орта бәрін өзі көрсетіп отыр. Қыздардың көпшілігі оқу оқиды, жұмыс істейді, көлігін жүргізіп, шет тілдерін оқып, өзін –өзі дамытумен белсенді айналысады.  Өзі бәріне үлгеріп жүрген қыз өмірлік адамының өзіне сай болғанын қалайды. Осылай жасы жиырма үштен асқан қыздардың жігіттерді бір көре салып ұнатауы қиынға айналып кетеді. Олар енді жүрекпен емес, бәрін ми арқылы өткізіп барып таңдайды.  Себебі, қазіргі жігіттердің арасында романтиктер аз. Бір жігітке 5-6 қыздан келеді деп ойлайтын бөріктілер қыздардың артынан жүгіріп, гүл сыйлап, терезесінің алдына келуді мүлдем қойған. Тіпті, қарапайым кино мен театрдың өзіне есеппен алып барады. Осының бәрін көріп отырған қызға қайтпек керек, әрине тым құрыса ол жігіттің   интеллектісі бар миы мен үйі, жан дүниесінің көркі болмаса да, қымбаттау көлігінің бар болғаны керек.

Жоғарыда жазылғандармен  біреу келісер, біреу келіспес. Қоғамның кейде ащы шындығын жасырып-жауып қойғаннан гөрі, талқыға салып, айтып отырған дұрыс болар.  Осыны оқып отырған нәзік жанды, сіз айтылғандармен келісесіз бе?

qamshy.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 лет назад 4139
0 комментариев
О блоге