Жасөспірімдер НЕГЕ суицидке көп барады? Маман жауап берді.
Жасөспірімдер НЕГЕ суицидке көп барады? Маман жауап берді.

Қазақстан суицид көрсеткіші жоғары 10 мемлекеттің қатарына кіреді екен. Адамды өз-өзіне қол салуға не итермелейді? Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қай деңгейде? Мұнымен қалай күресу керек? 2016 жылы құрылған «Bilim Foundation» қоғамдық қорының президенті Ерлан Айтмұхамбетов бұл жөнінде кеңірек айтып берді.

– Суицид бүкіл әлемнің дамыған және дамушы елдерін мазалап отыр. Көбіне жұрт бұл түйткілдің түпкі себебін білім беру ұйымдарынан көріп жатады. 2012 жылы Қазақстанда суицидтің негізгі себептері мен таралу деңгейін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізілді. Сол кезде бұл мәселемен айналысатын тек қана білім беру саласы емес, ең алдымен денсаулық сақтау саласы болу керек екені айтылды.

Суицидке әкелетін негізгі фактор – баланың немесе ересек адамның психикалық саулығының нашарлығы.

2012 жылы шетелдік және отандық ғалымдар көз жұмған балалардың тарихын бірлесе отырып зерттеді. Оны ұйымдастырған – Денсаулық сақтау министрлігі мен БҰҰ-ның Балалар қоры «ЮНИСЕФ». Зерттеу нәтижесінде суицидтен көз жұмған балалардың 90 пайызының денсаулығы нашар, психикалық саулығы төмен екені анықталды. Яғни, депрессияға түскен. Егер депрессияға түсе бастаған балаларды алдын ала біліп, көмек көрсете алсақ, онда суицидтің көрсеткіші төмендейді, деген қорытынды жасады.

 Олардың мұндай халге түсе бастағанын қалай анықтауға болады және дер кезінде қалай көмектесеміз?

– «Әлем елдері қалай анықтайды, қалай шешеді?» деген мәселе бізді де толғандырды. Оның үш түрлі әдісі бар екені белгілі болды.

Бірінші, психологтар мен мектеп мұғалімдерін оқыту керек. Яғни, олар жаны күйзелген баланы біліп, оны психолог-дәрігерге жібере отырып көмек бере алса, онда аман алып қалуға болады.

Екінші, мектепте психометриялық құралдарды қолданып, 14-17 жастағы балалар арасында жылына бір рет сауалнама жүргізу.

Үшінші, психологиялық семинарлар ұйымдастырып, балалардың өзін оқыту. Үрейге, қорқынышқа бой алдырып немесе шаршап жүрген балаларды да анықтауға болады. Балалардың өзі бұл мәселе бойынша көбірек ақпарат алса, ертеңгі күні психолог-маманға өздігінен жүгіне алады.

Міне, осы үш әдісті еліміздің барлық мектебінде қолданатын болсақ, онда жан күйзелісінде жүрген баланы ерте анықтай аламыз.

Балаларға көмектесу үшін психологтарды, дәрігерлерді оқыту керек. Оларды мектепке жіберіп, сондай балалардың денсаулығына диагностика жасату тиіс. Осылайша, балаларды емдеуге мүмкіндік болады.

Бұл әдіс шыққан 2015 жылдан бастап «Қазақстанның өңірлердегі мектептеріне енгізу керек» деп үш министрлік – Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі бұйрық шығарады. Сол уақыттан бастап мектептер осы әдісті енгізсе де, бұл жеткілікті деңгейде жүргізілмеді. Әр жерде басқару жүйесі әрқалай десек, барлық өңірде нәтиже бірдей болған жоқ. Осыдан кейін «Bilim Foundation» қоғамдық қоры бұған араласып, «Біз қолға алып, балаларға көмектесейік, психологтар мен мұғалімдерді, тіпті ата-аналарды да оқытайық. Сосын облыстық деңгейде жүргізуге көмектесейік» дедік. Сөйтіп, «Bilim Foundation» 2017 жылдан бастап осы әдісті бес облысқа енгізді. Бұл Ақмола, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы.

Нәтижесінде балалардың психикалық саулығын анықтайтын үш әдіс жемісін бере бастады. Осы бес облыс бойынша психологтар әр жыл сайын жан күйзелісіне ұшыраған 7-8 мың баланы анықтады. Балалардың сауаттылығы артып, қаралуға өздері келе бастады. Бұрын жасөспірім тығырықтан шығудың жалғыз жолы – өлім десе, қазір сауығу үшін көмек алу керегін түсінді.

 –  Қорқынышты статистика төмендеді ме?

– Қызылорда облысында 2015 жылмен 2017 жылды салыстырғанда суицид 50 пайызға төмендеді. Өзіне қол салуға талпыныс 78 пайызға азайды. Айталық, 2015 жылы осы өңірде 12 бала көз жұмса, 2017 жылы 6 бала өзіне қол жұмсаған. 2015 жылы суицидке 26 бала талпыныс жасаса, 2017 жылы 10-ға түсті. Бастапқы кезде таңқалсақ та, басқа да факторлар көмектескен шығар деген күмән туды. Кейін Ақтөбе өңірінде жұмыс істегенде, дәл сондай нәтиже болды.

Ақмола облысында да өлім саны азайды. Сөйтіп, бұл бағдарламаның жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Енді қазір Үкіметке, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрлігіне «осы бағдарламаны барлық мектепке енгізу керек» деген ұсыныс жасадық.  Бұл ұсыныс әлі қарастырылып жатыр, яғни шешімін тапқан жоқ. Егер балалардың психикалық саулығын жақсартатын болсақ, балалар өз психикалық саулығын күте алса, онда жастар арасындағы суицид те төмендей бастайды.

  Қазір суицид жасөспірімдер арасында көп пе, жастар арасында ма?

– Бізде үш категория бар. Біріншісі – 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Бір жылдың ішінде суицидтен 200-дей бала көз жұмады. 2014-15 жылы – 200, 2018 жылы – 175, 2019 жылы 179 бала қайтыс болған.

Екіншісі – 17 мен 29 жас аралығындағы жастар арасында бір жылда өлім саны бір мыңнан асты. Өйткені, суицидке жастар көп барады.

Үшінші – 30 жастан асқан ересектер. Республикада барлық жастағы адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауы жыл сайын 3,5-4 мыңның арасы. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері экономикалық белсенді жастағы 100 мың ер адам суицидке талпыныс жасаған. Өзінің психикалық саулығын емдемей, депрессияны жеңе алмаса, онда біздің экономикамыздың әлеуеті де төмендейді. Сондықтан БҰҰ мен ДДСҰ барлық мемлекетке халықтың психикалық саулығын жақсарту үшін шара қолданып, қаражат бөліңіздер дейді. Өйткені, халықтың психикалық саулығы ертеңгі күні мемлекеттің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Себебі, дені сау, ертеңгі болашағына сенімі мол адамдар бар ынтасымен жұмыс істеп, өнімділік көрсетеді. Ал егер экономикалық белсенді адамдардың әлеуеті төмен болса, жұмыс та нәтижесіз.

Әлемдік ғалымдар: «Суицид – тек денсаулық мәселесі емес, сонымен қатар саяси түйткіл. Бірақ, дамып келе жатқан мемлекеттер мұның саяси мәселе екенін әлі түсінбейді. Ал дамыған мемлекеттер мектептерге бағдарлама енгізіп, психологтарды оқытуға қаржы аямайды», – дейді. Бізде мұндай жағдай қалыптасқан жоқ.

– Неге?

–  Кеңес үкіметі кезінде психикалық жағдай – адамдарды жазалаудың құралы болды. Егер біреу үкіметке қарсы сөйлесе, оның есі дұрыс емес, деп санады. Сондықтан да Қазақстандағы психиатрия әлі күнге халықтың ойында жазалау құралы болып қалып қойған. Қазір халық арасында «психикалық саулық» деген сөзді айта бастасаңыз, қорқып, бірден намыстанып шығады. Яғни, мүлдем басқаша түсінеді.

Ең бірінші, халықтың қарсы тұруын төмендету үшін, түсінігін жоғарылату үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмыс істеуі керек.

Салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс өмір сүру жолын насихаттауы қажет. Ересектер балаларға, жастарға психикалық қысым көрсетпеуі тиіс. Жұмыс беруші қызметкеріне психикалық қысым көрсетпей, уақытынан көп жұмыс істетпеу керек. Осындай түсіндірме жұмыстарын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастамайынша, елдегі жағдай өзгермейді.

 Баланың психикалық ауру белгісі кішкентай кезінде анықталмаса, түптің түбінде асқынып кете ме?

– Көп жағдайда баланың психикалық саулығы дұрыс па, жоқ па, оны анықтау қиын. Алайда, мұндай кезде балалар тынымсыз, жылауық, қырсық немесе көп (аз) ұйқтағыш келеді. Кейбір балалар көп немесе аз тамақ жейді. Бірақ посткеңестік мемлекеттер халқы мұны «баланың өтпелі кезеңі» деп түсінеді. Бұл сол дерттің байқалмай қалуына себеп болады. Мұндай бала осымен есейіп, сол мәселесімен 17-18 жасқа өтіп кетсе, ызаланғыш, ренжігіш адамға айналады. Ол дұрыс білім ала алмайды, жақсы дос таба алмайды, отбасы құра алмайды. Егер үйленсе бала тәрбиелей алмай, арты ажырасуға әкеп соғады. Мәселенің бәрі осыдан туындайды. Ал психикалық саулығы жақсы балалар, керісінше, білім алуға ұмтылады, қоғамға тигізетін пайдасы көп болады, т.б. Сондықтан ерте анықтасақ, оны емдеу жеңіл.

 Қысқасы, сіз айтқан жобаны ертерек енгізу керек қой...

– Әлгі 3 әдіс психологтардың жұмыс істейтін бағдарламасына айналуы керек. Өкінішке қарай, қазір мектептердегі психологтардың немен айналысатыны түсініксіз. Писхологтар балалармен, мұғалімдермен, ата-анамен тікелей қарым-қатынаста болуы керек. Олардың бұл жүкті игеруге білімі жетпейді. Жоғары оқу орны сапалы білім бермейді. Психологтардың саны да тым аз. Бір мектепте 1-2 мың бала оқыса, дәл сондай ата-ана, 100-ге жуық мұғалім бар, Мұндай мектептерде бір-екі психолог қана жұмыс істейді.

 Қор арқылы кәсіби психологтар дайындай аласыздар ма?

– Қазір қор 5 өңірде өкілдігін ашты. 39 адам штатта жұмыс істейді, 78 штаттан тыс тренер бар. Бес өңір аумағында төрт жылда 1800 маманды оқыттық. Оқу бағдарламасын дайындайтын арнайы департамент бар. Онда шетелде білім алған ғалымдар, отандық мамандар еңбек етеді. Олар әуелі мектеп психологтарына үйретеді. Одан бөлек «ЮНИСЕФ» арқылы  әлемдік ғалымдарымен етене жұмыс істейміз.

 Адам психологқа барып, мәселесін шешкісі келеді, бірақ қалтасы көтермейді. Бізде маманнан тікелей кеңес алу неге қымбат?

–  Біріншіден, психология – ғылымдар ішіндегі жас ғылым. Екіншіден, бұл ғылым Қазақстанға кеш келген. Шетелдік психологтар көрсеткен қызметтің нәтижесі бар. Неге? Өйткені, олардың негізгі мамандығы – дәрігер, одан кейін психологияны оқиды. Психолог адаммен жұмыс істегенде оның мәселесі психологиясында емес, денсаулығында болса, онда дәрігер оны анықтап, емдей алады. Ал біздің психологтар тек гуманитарлық мамандық иелері. Мысалы, депрессия – мидың ауруы, яғни, мида химиялық баланстың жетіспеушілігі. Дәрігер қарап, балансты реттейді. Содан кейін ғана психологпен жұмыс істеуі керек. Бізде керісінше, психологтар депрессиядағы адамға тек психотерапия жүргізуге тырысады, бірақ көп жағдайда адам одан сауығып кетпейді.

 Әйелдер мен ер азаматтардың қайсысы депрессияға көбірек шалдығады?

– Ғалымдардың айтуынша, әйел адамдар психологиялық дертке ұшырауға бейім. Бірақ, әйел психологиясына қысым кеп тұрса, айналаға ақпарат бере алады. Жылайды, ішіндегісін шығарады. Статистикаға қарасақ, әйелдердің еркектерге қарағанда суицидке талпынысы екі есе жоғары. Бірақ, өлім екі есе аз. Тіпті, әйел адам өлімге алып келетін күші аз құралдарды пайдаланады. Мысалы, олар дәрі ішу әдісін жиі пайдаланатын көреміз, яғни көп жағдайда ол адамның аман қалуына мүмкіндік береді. Ал еркектер психологиялық қиындыққа көп түспейді. Бірақ та қауіп факторлар көбейсе, тез сынуы мүмкін. Ол қандай факторлар?

Біріншіден, қазір басым ақпараттық кезең. Ол – бәсекеге түсу, еркектің отбасы алдындағы міндеттерінің артуы, т.б. Бұған кей азамат шыдай алмай, психикасы бұзылады. Еркектің әйелден айырмашылығы – біреуге шағым айтпайды. Олар қиналып жүре береді.

Әйелдер бір-біріне сырын айтып, көмектесе алады. Еркек өз мәселелсін айналасындағыларға айта бермейді, табиғаты бойынша. Туындаған мәселелерді өзі шешуге тырысады, шеше алмаса, мәселені шешудің жалғыз жолы – өлім деп қарай бастайды. Егер ол «өлемін» десе, соған алып баратын нақты жолды таңдайды. Сондықтан олар көбінесе өлімге тез әкелетін жолдарды таңдайды.

 Суицид еліміздің қай өңірінде көп тіркелген?

– Суицид дерегі Қостанай, Шығыс Қазақстан, Алматы облысында, Жамбыл облысынды көп тіркелді. Себеп – психологиялық қызмет тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған және суицидке әкелуі мүмкін қоғамда қауіп факторлары жиі кездеседі. Мысалы, денсаулықтың нашарлығы. Шығыс Қазақстан өңірінде темекі тартатын, спирттік ішімдікке әуес жастар көп.

Тараз, Шымкент, Түркістан қаласын алсақ, мұндағы балалар отбасылық патриархалдық қатаңдықтан зардап шегеді. Қостанай облысында қиын әлеуметтік фактор әсер етеді. Әр облыста фактор әртүрлі. Алматы облысында бір жылда 25 бала, Түркістан облысында 43-45 бала суицидке барады. Дүниежүзінде суицидті тоқтататын құрал жоқ. Бұл жолда ізденіп, зерттеп жүргендер көп.

Біз Ақмола облысында қайтыс болған балалардың тарихын зерттеп, алынған мәліметті жұмыс барысына қостық. Егер 2015 жылдары Ақмола облысында 12-13 бала жұмса, қазір ол көрсеткіш 3-4 фактіге түсті.

 Карантин кезінде онлайн арқылы суицидке итермелейтін ойындар, фильмдер көбейіпті. Мұны саралап көрдіңіздер ме?

– Жалпы, интернеттегі ақпарат, топтар балаларды тікелей суицидке әкелмейді. ҰБТ кезінде бір бала суицидтен көз жұмды. Сосын халық бұл сынақ суицидке баруға мәжбүрледі деп шықты. Олай емес. Интернет те, ҰБТ да өзіне қол жұмсауға тікелей себепшісі бола алмайды. Мұның түпкі себебі – психикалық саулығының оған дейін бұзылуы. Егер психикалық саулығы нашар бала қатты күйзеліске түссе, суицидке бару шешімін күшейтіп жібереді. Тура қарудың шүріппесі сияқты ғой. Өзі қиналып, ауырып жүрген бала ата-анасымен ренжісіп қалса, ол да себеп. Сүйген адамынан алыстаса, ол да – себеп. Оған кез келген стрестік нәрсенің бәрі себеп болады.

Прокуратураның мәліметіне қарасақ, карантин кезінде балалар арасындағы суицид дерегі төмендеген. Қазір дүниежүзі ғалымдары «Неге төмендеді?» деген сауалға жауап іздеп жатыр. Мысалы, былтыр үш тоқсанда 129 бала өлсе, биыл 103 бала көз жұмған.

Баланың үйде отыруы, отбасымен бірге болуы – қорғаныш факторы. Алайда, ғалымдар індет кеткеннен кейін халықтың әлеуметтік жағдайы қиындап, суицид көрсеткіші көбеюі мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Ал біздің Үкімет «суицид төмендеді, мәселе шешілді» деген үмітте. Жоқ, мәселе шешілген жоқ. Сондықтан әлемдік ғалымдар «Суицид – халықтың әлеуетін анықтайтын барометр» деп есептейді. Тағы бірде «Егер сен экономиканың дамуымен мақтанатын болсаң, онда суицидтің деңгейін көрсет» дейді. Суицид деңгейі жоғары болса, ол мемлекеттің саясаты да, жүргізіп отырған реформасы да тиімді емес деп біледі.

 Соңғы кезде суицид оқиғалары ақпарат құралдарында кеңінен жазылатын болды. Сіздіңше, біз де насихаттап жіберген жоқпыз ба?

– Журналистер суицид оқиғасы туралы ақпаратты дұрыс жарияламаса, бұл көрсеткіштің өсуіне алып келеді. Сол жолға барайын ба, жоқ па деп ойланып, жар басында тұрған балаларды одан ары итермелейді. Оған «Анау да соған барыпты, батыл екен, мен де сөйтем» деген ой келеді. Негізі журналистер арасында суицид туралы ақпаратты таратудың мәдениетін үйретуіміз керек.

nege.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 4302
0 комментариев
О блоге