«Халал таныстық»: Мұсылмандарға арналған танысу қосымшасы іске қосылды
«Халал таныстық»: Мұсылмандарға арналған танысу қосымшасы іске қосылды

Қазақстанда алғаш рет «Hitba» атты мұсылмандарға арналған танысу қосымшасы іске қосылды. Қосымшаның негізін қалаушы Бекарыс Отаров жастардың жар таңдау мәселесін шешу мақсатында осындай идея пайда болғанын айтады.

«Нұр Мүбарак» университетінде оқып жүрген кезім. Достарымның көбісі үйленуге ниетті. Бірақ шариғат бойынша қалай, қайтіп танысарын білмейді. Кейін маған арнайы шариғат шарттары мен Ислам қағидаларына сай танысуға арналған қосымша жасау туралы идея келді», – деп сөз бастады ол қосымшаның таныстырылым кешінде.

Хитба деген не?

«Хитба» арабшадан аударғанда қызға сөз салу, айттыру деген мағына білдіреді. Ислам дінінде қыз бен жігіт арасындағы таныстықтың белгілі бір шарттары бар. Біріншіден, екі тарап та үйленуге ниет етуі керек.  Екіншіден, қыз бен жігіт оңаша жерде кездесе алмайды. Қыздың қасында туысы болуы шарт. Оның тарапынан кездесуге қатысатын үшінші адамды исламда «уәли» деп атайды. Қыз баланың ағасы, інісі немесе оған жауапкершілік ала алатын сенімді адам ғана уәли атана алады. Таныстық барысында қыз бен жігіттің қол ұстасуына, жақындауына тыйым салынған. Кездесу кезінде «уәли» жігітті толық тану үшін сұрақтар қояды. Әсіресе, қыз бала бірден сұрауға қысылатын қаржылық жағдайы мен жұмысына қатысты сұрақтарға жауап алады.

«Hitba» қосымшасы арқылы қалай танысады?

Бекарыс Отаровтың айтуынша қосымшада әр адамның туған жері, бойы, діни білімі мен отбасылық жағдайына байланысты ақпаратты қамтитын арнайы анкета бар.

«Қыз бен жігіт анкетаны толтырғаннан кейін құндылықтарына сәйкес келетін адамды таңдайды. Бір-бірін таңдаса ғана арнайы чат ашылады. Алайда қыз бен жігіт бірден сөйлесіп кете алмайды. Тек қыз тарапынан уәли қосылған кезде чатқа жазуға мүмкіндік бар. Біз барынша техникалық жағынан шариғи нормаларды сақтауға тырысамыз. Мысалы, егер қыз бен жігіт телефон нөмір алмасып, басқа әлеуметтік желі арқылы сөйлескісі келетінін жазса, автоматты түрде чат жабылып, бұғатталады. Жұптар тек осы қосымша арқылы сөйлеседі. Өз тарапымыздан барлық келеңсіздіктің алдын алуға тырыстық. Бірақ негізгі жауапкершілік қосымшаны пайдаланушыларда болады», – дейді Бекарыс Отаров.

«Hitba» қосымшасы қыз бен жігіт кездескенге дейін ғана жұмыс істейді. Мақсат – қыз бен жігітті адал және шариғи жолмен таныстыру. Қосымша арқылы қыз бен жігіт бір-біріне сәйкес келе ме, құндылықтары мен мінездері үйлесе ме деген сұрақтарға жауап алу.

«Тағы бір айта кетерлік жайт бар. Қыз баланың фотосы анкетада бұлыңғыр етіп көрсетіледі. Жігіт қыздың фотосын чат ашылғаннан кейін ғана көре алады. Кейбіреулер фотоны басқалармен бөлісуі мүмкін. Қыз баланың фотосын әлеуметтік желіге жариялап жіберу қаупі де бар. Сол себепті қыз баланы қорғау мақсатында осындай жүйе жасақтадық. Ал жігіттердің фотосы анық көрінеді», – деді қосымшаның негізін қалаушы.

Біздің мақсат –  отбасы институтын жаңғырту

Қазір «Hitba» командасында 16 адам жұмыс істейді. Идея пайда болғаннан бері команда жарты жыл бойы тегін жұмыс істеп келген.

«Иә, алғашында жастар арасындағы негізгі проблеманы шешу үшін осы идеяны іске асырдық. Дегенмен жарты жыл ішінде мақсатымыз да айқындала түсті. Біздің мақсат – Қазақстандағы отбасы институтын жаңғырту, қалыптастыру. Қазір ажырасқан жастар саны көбейіп жатыр. Мұның басты себебі – бір-бірін дұрыс танымау, қабылдай алмау. Қазір қыз бен жігіттер танысуды, танысқан кезде не туралы сөйлесіп, қандай сұрақ қоюды білмей жатады. Сол себепті отбасылық институтты қалыптастырғымыз келеді», – дейді Бекарыс Отарбаев.

Жақын арада қосымшада үйленуге дайын емес жандарға да көмек көрсетіліп, ақпарат беріледі деп жоспарланып отыр.

«Үйленуге дайын емес адам үшін арнайы тесттер жасайтын боламыз. Сондай-ақ өзінің мәселесі бойынша арнайы кеңес ала алады», – дейді ол.

Қазіргі жастар не үшін отбасы құруға қорқады?

«Hitba» қосымшасының таныстырылымы кезінде арнайы мамандар мен психологтар кеңестерін бөлісті. Психолог Жандос Ниғматуллиннің айтуынша, жастардың отбасы құруға деген қорқынышының 3 себебі бар:

«Біріншіден, кей жастар беті қайтып, бас тартады деп қорқады. Бұл – психологиялық проблема. Мұндай адамдардың өзіне сенімділігі төмен болып келеді. Олар ұнатқан адамы бетін қайтарып, танысудан бас тартады деп қорқады. Осы қорқынышпен 30-ға дейін бойдақ жүре береді. Екінші қорқыныш – кішкентайында зорлық-зомбылыққа ұшырау. Мұндай қиындыққа тап болған жандар міндетті түрде маманға жүгініп, кеңес алуы керек. Үшіншісі –  отбасын асырай алмай қалам деген қорқыныш. Әсіресе, жігіттерде осындай қорқыныш басым. Қазақта той жасаудың шығыны көп. Несие алып той жасап жатады. Бірақ бұл отбасылық өмірге қадам басқанда жасалатын ең үлкен қателік дер едім».

Жандос Нығматуллин жастарға отбасы құрмай тұрып діни білім алуға кеңес берді.

«Себебі Исламда әйел адамның да, ер адамның да міндеттері бар. Егер діни білім алмаған болсаңыз, түсініспеушілік туындап, өз міндеттеріңізді дұрыс атқармауыңыз мүмкін. Сол себепті білім алу – маңызды», – деп сөзін тәмамдады ол.

Жар таңдаудың негізгі формуласы

Психолог Жаннас Құттыби таныстырылымда жар таңдау кезіндегі негізгі қателіктерге тоқталып өтті.

«Ең бірінші қателік – ешкіммен ақылдаспай, өз бетімен шешім қабылдау. Біз әрбір маңызды шешім қабылдар кезде маманнан барып кеңес аламыз, дұрыс па?! Ал өмір бойы бір жастыққа бас қойып, бірге өмір сүретін жұбайымызды таңдау кезінде ешкіммен кеңеспейміз. Мұның зардабын соңғы жылдары тартып жатырмыз. Себебі ажырасқан жастардың саны артты. Қазақта «Қыз таңдарда кәріні апар, Ат таңдарда жасты апар» деген аталы сөз бар. Болашақ жар таңдар кезде қызуқанды, шала ойлайтын жас баланың сөзіне ермей, адам тани алатын, өмір көрген кісіні апарған дұрыс. Ал тұлпар таңдаған кезде ширақ, жаңашылдықтан хабардар жас баланы апарған жөн. Сол себепті үлкен кісілермен, ата-анамен кеңесіп, батасын алып барып отау құру – ең маңызды формула. Бұдан бөлек өзіңіздің болашақ жарыңыздың негізгі сипаттары мен қояр талаптарыңызды қағазға түсіріңіз. Өйткені сізге мыңдаған қыз бен жігіт жолығады. Біздің фокусымыз қайда болса, сол алдымыздан шығады. Сол себепті өзіңіздің идеалыңызды суреттеп, қағазға түсіру ең дұрыс шешім. Әрине, әр нәрсе ниетке байланысты екенін де ұмытпаған жөн», – дейді Жаннас Құттыби.

Әсел Болатқызы
qamshy.kz
Cуретте: Бегарыс Отаров
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
2 года назад 3670
0 комментариев
О блоге