Естай Божан: Украинадағы соғыс немен аяқталады? 4 нұсқа
Естай Божан: Украинадағы соғыс немен аяқталады? 4 нұсқа
Сөз сапырмай, барынша қысқа айтуға тырысайық. Мәселе тек Украина мен Ресейде ғана емес, ауқымды. Сондықтан « бұның соңы тап мынадай болады» деп кесіп-пішіп бір нұсқа көрсету қиын. Қарым-қабілетіміздің жетісінше шығыс-батыстағы шетелдік бірмұнша сарапшылардың болжамдарын қарастыра келіп өз тарабымызда «Украина соғысының нәтижесі» ретінде 4 нұсқаны көрсеткім келеді.
Бірінші нұсқа – Мәскеу-Киев келісімі
Киве Мәскеудің шарттарын қабылдауға мәжбүр болады. Үшінші жақтың ара-ағайындығымен тараптар атысты тоқтатып, мәселені үстелде шешуге келіседі. Араағайындық кандитаты қатарына Түркия, Беларусь, Қытай, Германия немесе Франция елдерінің ықтималдығы жоғары.
Бұл нұсқа бойынша Киев соғысты тоқтатып, территориялық тұтастығын сақтап қалу үшін Мәскеу шартын қабылдап, нейтралдық статусын алады. Яғни, НАТО-дан бас тартып, алянстың стратегиялық соққы беруші құралдарын елінде орналастырмау (АҚШ-тың орта-алыс қашықтықтағы зымырандары секілді), ядролық қарулы елге айналмау секілді шарттарға келісім береді. Өз кезегінде бұл шартқа қол жеткізу үшін Мәскеуде Украина шығысы бойынша шегіністі қадам жасауы да мүмкін. Бұған қоса, террориялық тұтастық және қауіпсіздік кепілдігін өз тарабынан да беретін болады (сенімсіз болса да).
Қазіргі Украинадағы күшті қарсылыққа қарап бұл нұсқа жүзеге асайды деп қаралуы мүмкін. Бірақ, әлі де ықтималдығы жоғары. Көп ұзамай Ресей күштері Киевті басып алуы, тіпті Зеленский үкіметін құлатуы немесе қуғындағы үкіметке айналдыруы да мүмкін. Ресей Украинаға толық қуатын әлі де салып отырған жоқ, жағдай өзіне тиімсіз бағытқа кетсе Мәскеу бірнеше еселенген әскери күш арқылы Украина билігін аталған шарттарына мәжбүрлеуі мүмкін. Әрине, Киевті, Харьковты Херсонды басып алу мен оны бақылауда ұстап тұру екі басқа әңгіме. Қазіргі жағдайдан қарағанда, соғыс партизандық қарсылыққа ұласуы да әбден мүмкін екені көрініп қалды. Дегенмен, Мәскеуде партизан соғысына қарсы да бірнеше елден топтаған тәжірибелері бар.
Қалай болмасын, бұл нұсқа Украинаның қазіргі территориялық тұтастығымен сақталып қалуындағы негізгі жол. Бізге көрініп тұрған бұдан өзге нұсқаларда Украина тұтастығына кепілдік аз. Айталық, екінші нұсқа.
Екінші нұсқа – Украина екі немесе үшке бөлінеді
Украинадағы РФ күштеріне қарсылық Украина халқының күресудегі ынтымағын оятты, ұлт ретіндегі ұйысуын жоғары деңгейге көтерді. Сондықтан, Зеленский үкіметінің Мәскеу шартындағы келісімге келуіне украиналықтар жол бермей қоюы мүмкін. Ондай жағдайда Ресей күштеріне қарсылық толассыз жалғасып, тіпті партизандық соғысқа ұласып, Мәскеу көп уақыт пен ресурс жұмсауына тура келген жағдайда екінші нұсқа болуы ықтимал. Ресей өзіне жақын облыстарды бөліп қуыршақ үкімет құруға тырысады.
Бұл нұсқаның да ықтималдығы жоғары, оны біз Ресей күштерінің Украина жеріндегі шабуыл бағытынан да аңғарамыз. Харьковты айтпағанда, Киев пен Херсонды тұтастырса Украина табиғи түрде екіге бөлінгелі тұр. Оның үстіне Украинаның ішкі жағдайында бұндай бөлініске жол беріп қоятын тұстары бар, оны сарапшылар жақсы біледі. Елдің шығысы мен батысының менталитеттік, сенім мен көзқарас жағындағы айырмасы айтарлықтай. Ресей күштерінің қазіргі алға ілгерілеуіне қарап та осындай бір түпкі мақсаттары аңғарылғандай.
Бұл сценарий орындалған жағдайда Шығыс Еуропа тұрақтылығы ұзақ мерзімдік сын-қатерге тап болады.
Үшінші нұсқа – Путиннің биліктен кетуі
Батыс санкциясының ең негізгі мақсаты да сол. Экономикалық, саяси қысымдар Ресей халқын өре түрегелтіп, Кремльді қуып шығуы мүмкін деген болжам (жаңа ғана көріп жатырмыз Путиннің басына 1 млн доллар тігілді дегенді, бұның артында да осындай мақсат тұр). Бұл да ғажап емес. Бірақ, біз Ресей билігінде ұзақ уақыт отырған Путин сынды саяси тұлғаның метотынан қаншалықты деңгейдегі қарсылыққа қарамастан биліктен өз еркімен кетпейтінін аңғарамыз. Ел ішіндегі қарсылықты өзіне шын берілген фанаттық аппаратурасы арқылы басып-жаншуға әрекет етуі мүмкін.
Бұл Украина үшін ең позитивті нұсқа болар. Әйтпегенде, Ресей әскері өз тарихынан қарағанда бір елге осында ауқымды басып кіргеннен кейін оңай шыққан емес.
Төртінші нұсқа – Жаһан соғысына ұласу
Украина жағдайының ең қорқынышты дамуы болса да бұл нұсқаның да ықтималдығы жоғары. Басында айтқанымыздай мәселе Мәскеу-Киев арасында ғана емес. Қазіргі Украина мәселесінде АҚШ, Британия, ЕО-дан тартып, Қытай, Түркия, Жапония, Иран секілді өңшең алпауттардың мүддесі жатыр. Бәрі де қабақ қақпай аңдып отыр, бұл екінші жаһан соғысынан бергі ең ауқымды қарулы қақтығыс. Қамтитын аумағы да, сипаты да зор әрі түбірінде державлардың жаһандық бітпес таласы жатыр.
Біз екі күн бұрынғы Путиннің ядролық қарулар туралы сөзінен-ақ Кремль бұл ықтимал сценарийді де белгілі деңгейде қаперіне алып отырғанын көргендей болдық. АҚШ президенті Жо Байден де жаһандық соғыс қаупі туралы сөз етті. Егер Ресей Украина билігін деген шартына көндіре алмай жатса бұл да қауіпті, көндіріп алса одан да қауіпті. Себебі, осылай екіншісінде көндіре аламын деген шала мастық Ресейді Еуропа бағытындағы немесе Орта Азия бағытындағы (бұның ықтмалдығы азырақ) тағы бір операцияға желіктіреді. Оның соңы үлкен қақтығыстарға, жаһандық соғысқа апарып тірейді.
Пы.Сы: Бұл айтылғанның бәрі сөзсіз болады деген сөз емес. Украина жағдайы бұл айтылғандардан тіптен алыс сценарийге қарай дамуы да бек мүмкін. Бар болғаны ықтимал болжамдары.
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
3 года назад 1558
0 комментариев
О блоге