Ешкі сүті мың түрлі ауруға дауа – К.Нұрлыбаева (фото)
Ешкі сүті мың түрлі ауруға дауа – К.Нұрлыбаева (фото)

Ақтөбелік Күнсұлу Нұрлыбаева мал шаруашылығын өзі дөңгелетіп отыр. 30 жылға жуық мұнай саласында қызмет еткен ол қазір ешкі сауып, мал бағады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі Әсел Абат. 

Мамандығы бойынша қызметін тастап, малдың соңына түскен 53 жастағы әйел қазір сүйікті ісіммен айналысып жүрмін дейді. Екі жыл бұрын балалары мен немерелерінің денсаулығы үшін ешкі ұстап бастаған.

«Отбасында жеті баламыз. Бала кезімізде жетеумізге әжем айран, қаймақ, сүтті күштеп отырып ішкізетін. Соның арқасында мүлдем ауырмадық. Басты себеп осы. Тағы бір себебі, Аманжол Баймұрзин деген таныс ағайымның ешкі сүтін ішіп, дертінен айығуы. 60 жастан асқанда ол кісіге ота жасау керек болды. Алайда, дәрігерлер оған ешкі сүтін ішуді ұсынды. Міне, осыдан кейін малдың осы түрін бағуды армандай бастадым. Кейін қала сыртына көшіп, 30 жылға жуық жасаған мұнай саласында қызметімді тастадым. Балаларымның денсаулығына алаңдап, екі жыл бұрын ешкі бағуға кірістім. Қазір ауа таза емес, ғаламторға байланған балалар өсіп келеді. Солардың ағзаларын тазартып, денсаулықтарын нығайту үшін. Малымның басы – үш ешкі. Қазір, шүкір, ешкілерім оннан асады», - дейді Күнсұлу Нұрлыбаева.

Күнсұлу Нұрлыбаева ешкінің заанендік тұқымын бағады. Сүті ерекше құнарлы. «Ұсақ малдың төресі» дейді. Қазір он ешкіден тәулігіне 30 литрге жуық сүт алады. Олар балалары мен алдын ала тапсырыс беретін туған-туыстары, көрші-қолаңнан аспайды екен. Арнайы орындарға тапсырмайды. Ешкі сүтін үйінде өзі тартып, қаймақ, майын айырады. Айран ұйытып, ірімшік пен құрт жасайды.

«Ешкілерімнің сүті сұранысқа ие. Өте пайдалы екендігін білетіндер бірден алып кетеді. Мың түрлі ауруға дауа ғой. Асқазан, жүрек ауруларын, тіпті, қатерлі ісікті де емдеуге пайдаланады. Көбінесе, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдар алады. Құрамы минералды заттарға өте бай», - деді Күнсұлу Нұрлыбаева.

Күнсұлу апайдың ешкілерінің сүтін ішіп, дерттеріне шипа тапқан жандар бар. Бірнеше жылдан бері тұрақты тұтынушыларына айналған.

«Келінім егіз туып, немерелерім сүтке жарымады. Сосын Күнсұлудан ешкі сүтін алып, беріп жүрдім. Бір-екі айда балаларым қатарға қосылды. Денсаулықтары жақсы қазір. Ешкі сүтінің құрамы ана сүтіне жақын болады. Сондықтан, осыны таңдадық», - дейді тұтынушы Қалжан Матайбаева.

«Қыста қиындау болды. Жақында ешкілері туды ғой. Қазір қайта ала бастадық. Ешкі сүтін ішіп, дәрі-дәрмекті ұмыттық. Денсаулығым оңалып, қимылдарым ширай бастады. Үйіміздің қасынан ешкі ұстап, сүтпен қамтып отырған Күнсұлуға ризамын», - дейді Қымбат Нұриева.

Күнсұлу Нұрлыбаева қазір «Береке» шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. Мал басын көбейтіп, 49 жылға 500 гектар жерді жалға алған. Екі адамды жұмыспен қамтыпты. Ал, болашаққа арманы көп. Жоспарлары да жетерлік.

«Облыстық кәсіпкерлер палатасында маған «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасын түсіндірді. Қала сыртынан 500 гектар жерді жалға алдым. Оған қоса, бағдарлама арқылы 3,5 миллион теңге несие алып, мал басын көбейттім. Оннан астам ешкім, 300 бас қойым бар. Мал шаруашылығымен негізінен өзім айналысам. Демалыс күндері жолдасым мен балаларым қолғабыс қылады. Алда ешкі сүтінің ұнтақ түрін шығаратын арнайы құрылғы алғым келеді. Ал, қойларымды күзге таман сатып отырамын»,-дейді кәсіпкер. 

«Мен мұнда ешкі сауамын. Басты қызметім осы. Қожалық басында тұрамыз. Барлық жағдай жасалған. Өзім жетімдер үйінде тәрбиеленгендіктен үй шаруасына икемсіз болдым. Осы кісінің қасына келіп, көп нәрсені үйрендім. Екі балам бар. Ешкі сүтін ішіп, денсаулықтарын нығайтып жатыр», - дейді сауынша Светлана Крачина.

53 жастағы кәсіпкер өз ісі арқылы барша қазақ әйеліне үлгі болғысы келеді. Оның айтуынша, біреуге тәуелділіктен, өзгеден жәрдем күтуден арылу керек. Заманға сай ой, пікір мен ұстаным өзгеруі тиіс. Ол еуропалықтарға еліктеп, сұлулық салондарынан шықпайтын замандастары мен сіңлілеріне қатысты пікірін де білдірді.

«Әйел затына Жаратушы ер адамнан артық күш-жігер берген. Барлық қыз-келіншектің бойында нәзіктікпен қатар дарын, талант, өнер бар. Өкінішке қарай, соны пайдаланбайтындар көп. Біздің қазақ келіншектерінің басым бөлігі дайын затқа үйір. Заман өзгерді. Бірақ, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпаумыз керек. Ата-бабамыз мал өсіріп, күн көрген. Малдан қашпау керек. Ешкілерімді қазірде өзім сауамын. Күн сайын қожалығыма келіп, шаруа жасаймын. Көп ізденіп, кітап оқу керек. Менің жолдасым Бақтияр бас геолог қызметінде. Ұлым Әділбек те әкесінің жолын қуған. Ақша жоқ емес, бар. Салондарға барып, күнде жарқырап жүруге жағдайым келеді. Бірақ мен өзіме қажетті дүниені өз еңбегіммен табамын. Күйеуім мал бағуыма басында қарсы болды. Білем, әйел болған соң сенбеді. Қиыншылықтар да болды. Алайда мен бастаған ісімнен қашпаймын. Қазақ қыздарына да осыны жеткізгім келеді», - дейді Күнсұлу Нұрлыбаева.

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 лет назад 6222
0 комментариев
О блоге