«Енді байдың баласы ғана сапалы білім алады», дейді сарапшылар
«Енді байдың баласы ғана сапалы білім алады», дейді сарапшылар

Дүниежүзілік банк (ДБ)  арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп пандемияның салдарынан Орта Азия елдерінің 7 миллионнан астам оқушысы мен студенті оқып жүрген сабақтарын тастап кетуі мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк зерттеушілері Сovid-19 елдің экономикасын ғана емес, білім саласын да құрдымға жіберіп, оның зардабы  50-60 жылға созылуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Орта Азия елдерінің ішінде, әсіресе Қазақстандағы білім беру жүйесіне жіті назар аударған ДБ мамандары «Қазақстанда сабақ оқитын оқушылар мен студенттердің саны күрт төмендеп, сапалы білім алу тек ауқатты, бай отбасылардың балаларына қолжетімді болады» деген пікірде. Пандемия басталғанша да Орта Азия елдеріндегі білім алушылардың сауат деңгейі еуропалық әріптестерінен 1,5 жылға артта болған. Ал ендігі жерде бұл көрсеткіш тіпті ұлғая түспек. ДБ зерттеушілері 24 жасқа дейінгі жастар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде өте көп болғанына қарамастан, олардың барлығының тиісті білім алуына мүмкіндік те, жағдай да жоқ деген пікірде.

Ең сорақысы, бұл жастардың қатарында мектеп оқушыларының да саны үлкен көрсеткіште. Оқушыларын білім алуға керекті құрал жабдықтармен, интернетпен толықтай қамтамасыз ете алмай отырған бұл елдердің ертеңі бұлыңғыр дейді мамандар. Ең ақыры, келешекте әріп танып, сандарды қосып алуға білімі жететін ұрпақты табу мұңға айналуы мүмкін екен. Сарапшылар сауаттылық деңгейін PISA бағдарламасы бойынша анықтаған. Пандемияға дейін салыстырмалы түрде Орта Азия елдерінің 10 оқушысының 8і білімсіз деген дәрежеде болған.  Ал ендігі жерде бұл көрсеткішке де қол жеткізу қиынға соқпақ. Бұған ең алдымен, Орта Азия елдеріндегі сандық технологияларға қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығы себеп дейді мамандар.

«Қазақстанда қашықтан білім алатын оқушылардың  70 пайызында интернет гаджеттері бар. Тәжік балаларының бұл көрсеткіші 1 ғана пайызды құрайды. Өкінішке қарай, 70 пайыз гаджеті бар қазақстандық білім алушының сол гаджеті пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Өйткені бұл елде интернет жылдамдығы өте төмен. Қолында қанша гаджеті болса да, интернет дұрыс болмаса, білім алу мүмкін емес. Сонымен қатар Қазақстанда бір отбасының бірнеше баласы мектепке баратын жағдайлар жиі кездеседі. Міне, осындай отбасының баласы сабақ оқуы үшін, гаджеттің кезегін күтуіне тура келеді», дейді ДБ Орталық Азия елдеріндегі білім саласының бас маманы Айша ВАУДА.

Бұл аз десеңіз, Орта Азия елдеріндегі білім алушылардың технология тілін білу деңгейі де өте төмен екен. 2018 жылы ДБ жүргізген зерттеулер нәтижесі бұл елдердегі білім алушылардың компьютер тілін түсінбейтіндері 54 пайызды құрайтынын көрсетті. Сайып келгенде, тек материалдық мүмкіндігі бар отбасының баласы ғана тиісті білім ала алады, ал күнкөрісі төмен отбасының баласына білім биігіне шығу тым қиынға соғады. Айтса, айтқанындай рас қой, басқа емес, дәл өз елімізде тиісті білімді алу үшін қалтаң ақшаға, айналаң «көке жәкеге» толы болуы керек. Сонымен қатар шетелдік жоғары білімді негізінен ауқатты отбасылардың баласы ғана алуына барынша мүмкіндік жасалған. Мың жерден білімің тасып тұрса да, сапалы білімге қол жеткізу үшін ең алдымен ақшаң болуға тиіс. Пандемияға дейін де бай баласының білімі ортаңқол отбасының баласының білімінен 2,5  жылға алда болыпты. Ал енді мынау аласапыран жағдайдан кейін қарапайым отбасының баласының білім алу мүмкіндігін болжаудың өзі қорқынышты.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
4 года назад 1821
0 комментариев
О блоге