Азаттықтың ақ таңы атқалы 24 жылдың жүзі болды. Бірақ, осы жылдар ішінде азаттықты толық сезініп кетпедік. Өзге емес, тіліміз әлі азаттыққа жете алмай келе жатыр. «Мемлекеттік тіл» деген атқа ие болса да, мемлекеттік қызметтегілер тұтасымен өзге мемлекеттің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Өз қазағымыздың өз тілімізге құрметі болмай тұрғанда, өзге ұлттарды қазақша сөйлетеміз дегеніміз жай арман сияқты көрінеді.
Бәріміз тіліміздің өз кеңістігінде еркін көсіле алмауын, ең алдымен, биліктің жүргізіп отырған саясатынан көреміз. Әрине, мұнымыз қате емес. Бұған бірден бір кінәлілер мемлекеттің басында отырғандар екені айдан анық. Үкіметтің басында қазақ тілінде екі ауыз сөздің басын құрай білмейтіндер отырғанда, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Біздің заңымызда да мемлекеттік тіліді білмейтіндер, мемлекеттік қызметке қабылданбасын деген талап жоқ. Есесіне, тілімізді кеудеден кері итеріп тұрған «Ата заңымыздың» 7- бабының 2- тармағында: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады»,- деген қазақ тіліне жасалған үлкен қиянат тұр.
Билік жағынан жасалып жатқан тілімізге деген қиянат туралы баспасөзде айтылып та, жазылып келе жатыр. Өзгеріс жоқтың қасы. Өз елінде өз тіліміздің өгейлік көруіне билік пен әр бір қазақ баласы да жауапты. Өзгелерді көрсек, өз тілімізде емес өзге тілде сөйлескенді жөн көреміз. Біраз лауазымды қызметке отырып қалған қандастарымыздың алдына кірсең, өз тіліңде жауап алуың қиынға соғады. Міне, бұның бәрі оның ұлттық намысының жоқтығының белгісі. Сондықтан, бізге ұлттық намыс пен рух керек. Өз ұлтын жанымен сүйген адамда ғана ұлттық рух пен намыс болады. Сол жолда әр қазақ өз ұлтын танып, ұлтқа деген махаббатын қайтаруы керек.
Біз ұлт алдындағы өз жауапкершілігімізді сезіне алмай, ұлтқа ешқандай жақсылық та істей алмаймыз. Көшеде болсын, оқу орындарында болсын бір -бірімен өзге тілде сөйлесуді мақтан көретін жастарымызды айтпағанда, тілі қазақша шығып келе жатқан немересіне орысша сөйлейтін әжелеріміз бар. Ұлттық намыс пен рух ұрпақтан ұрпаққа қанмен тарап, ананың ақ сүтімен келері анық. Ананың ақ сүтімен бойға бірге тарап, бір жасында шыққан бала тілі ертең ана тіліне айналады. Баланың да тілі алдымен «Ана» деген сөзден бастап шығатын. Ал, қазір көпсанды баланың тілі «мама» деп шығады. «Тәрбие - тал бесіктен»,- деген аталы сөзге сай, ұлттық тәрбиенің бастауы ананың тал бесікте отырып айтқан бесік жырынан басталары анық. Бесік жырын тыңдау былай тұрсын, шешесінен «ана» деген сөзді үйренбеген бала ертең бір ауыз қазақша білмейтін болып өседі. Егер қазақ баласы бір ауыз қазақша білмей өссе, онда оны туған әйел «ана» деген атқа лайық па? Қоғамдағы бүгінгі жағдайға қарар болсақ – лайық емес, әрине! Өйткені, оның шешесінен дарыған тіл-өзгенің тілі, баласы да оны ана деп атамайды, ол тек «мама» болып қала береді. Өкінішке орай, біздің елімізде «мамалар» аз емес, тіпті баласының өзге тілдегі жетістігін айтып мақтанатын «мамалар» бар. Біз енді сол індеттен арылуымыз керек. Әр қазақтың ұл алдындағы борышын сезінгені жөн. Ана тілдің қадірін арттыру үшін - қазақ әйелдері міндетті түрде «Ана» болуы керек. Алла сол «мамалардың» жүрегіне ұлтқа деген махаббат берсе екен.
Құрметті, ағайын! Тіліміздің қазіргі жағдайына бәріміздің үлесіміз бар. Қазақ тілін қазақтан басқа ешкім құтқармайды. Өзіңді-өзің силасаң, жау жанынан түңілер дегендей ана тілімізді біз силасақ, біз қазақша сөйлесек, өзгедер де үйренетін, сөйлейтін болады. Бәрі өз қолымызда, әр қазақ ақын ағамыз Қадыр Мырза Әлидің:
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.»,- дегенін өзіне өмірлік ұстаным етсе деймін.
Тұрдыбек Құрметхан
Жүрген жерімізде әрбіріміз Қазақша сөйлеп, және Қазақша жауап беруін талап етсек дәл осындай жағдайға жетпес едік. Қазір қазақ тілі нағыз шұбар болды. Жастар арасында орыс тілін білмейтін адам 2 сортты адам болып бара жатыр. Ал Қазақша жақсы білмейтін намазға жығылған бауырларымыздың Қазақшасы мулде басқа болып барады. Бауырым, Дарет (ахи, тахарат) сияқты күнделікті қолданылатын сөздерді араб сөздерімен ауыстыру модаға айналып барады Бауырлар!!! Қазақ тілінің болашағы тек Мухтар Шаханов ағамызға ға керек па?
БАЛАСЫНА АНА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУДІ ҮЙРЕТПЕГЕН ӘЙЕЛ «АНА» ДЕГЕН АТҚА ЛАЙЫҚ ЕМЕС!!!!