Дені сау нәрестенің ерте отыруы, еңбектеуі, жүруі, сөйлеуі немесе осының барлығын кеш жасауы сынды жалпы даму процестері тікелей ата-ананың балаға деген назарына тікелей байланысты. Балаңыз кеш сөйлеген жағдайда, ол ауытқу болып санала ма? Немесе сәби ерте отырғаннан оның денсаулығына зиян келе ме? Tengrinews.kz тілшісі әзірлеген сұрақтарға Алматы қаласындағы медициналық орталықтардың бірінің дәрігер-педиатры Елена Ни жауап берді.
Елени Ни Баланың дамуын тежейтін бірнеше факторлар барын айтады.
"Қандай да бір аурулар себепші болуы мүмкін, оның ішінде негізгісі - мидағы жүйке жүйесіне зақым келуі. Тағы бір фактор - тұқым қуалау, отбасында әкесі не анасы кеш тілі шыққан болуы мүмкін. Егер осы факторлардың ешқайсы байқалмай, бірақ баланың тілі кеш шықса, бұл баланы тәрбиелеу кезінде кеткен ақауға байланысты. Қазір ата-аналардың көбі күйбең тіршіліктен шыға алмай, балаға қажетті назар аудармай жатады. Әсіресе ірі қалаларда адамдар қарбаластан шыға алмай жатады. Ол жағын да түсінуге болады, отбасын асырау деген ер адамның мойнына артылса, әйел адамға үйдің тіршілігі жүктеледі. Балаға назар аударылмай жатады, онымен сөйлеспейді. Бос уақыты болса анасы телефонда отырады. Осылайша бала өзімен-өзі өседі", - деп түсіндірді маман.
Оның пікірінше, мұндай ағаттық жасамау үшін баламен жұмыс істеу керек.
"Оны дайындамасаңыз оның өздігінен еңбектеуі, жүруі, сөйлеуі баяулай береді. Ғалымдар жүктілік кезінен бастап балаға кітап оқып тұру керектігін дәлелдеді. Үнемі сөйлесіп тұрған дұрыс. "Әлі бала ғой, түсінбейді" деген түсінік қате. Олар барлығын естіп жатады. Осындай назар аудармаудың салдарынан бала гипербелсенді болады, яғни өзіне назар аударуы үшін барлығын жасайды. Негізінде табиғи гипербелсенді балалар сирек кездеседі. Көп мәселе осыған байланысты", - дейді педиатр-дәрігер.
Маман ата-ананың мамандығы емес, өмірде өзі қандай болса баласы да солай қалыптасатынын айтады.
"Баланың еңбектеуі, жүруі әркімде әрқалай, оның бұлшық ет тонусына, физикалық дамуына байланысты. Бұл да дайындық арқылы келеді, оған гимнастика әдістерін жасатып, массаж жасау керек. Бұлшық етті шыңдау керек. Баланың өздігінен жүруі 10 айдан бастап 1,5 жасқа дейін. Егер сәби 1,5 жасында өздігінен жүрмейтін болса, онда дәрігерлерге қаралу керек. Ата-анасының мамандығы баланың дамуына әсер береді деп айту қиын. Өйткені барлығы да баламен қанша уақыт айналысқанына, жаттығулар жасағанына байланысты. Алайда әке-шешесі белсенді, шапшаң болса, баласы да сондай болады деп айтуға негіз бар. Керісінше ата-анасы байсалды, сабырлы болса, баласы да сондай болады", - дейді Елена Олеговна.
Дәрігер біреудің баласы ерте отырды екен деп, өз балаңызды қинау қателік болатынын және оның қауіптері барын айтады.
"Баланы күштеп ерте отырғызуға болмайды. Бізде төрт айлық баланы отырғызуға талпынатындар бар. Бұл дұрыс емес, өйткені оның өзіндік нормалары бар, ерте отырғызу салдарынан оның денсаулығына зиян келуі мүмкін. Қабырғалары майсып (рахит), алға шығып кету қауіпі бар. Ал егер бала өздігінен отыратын болса, онда ол осыған дайын болғаны. Баланың өздігінен ерте отыруы, ерте еңбектеп, ерте жүруінен қауіп жоқ, оның ағзасы мен бұлшық еті осыған дайын болғаны. Біреудің баласы ерте отырып, ерте жүрді екен деп өз балаңызды қинап отырғызу дұрыс емес", - деп кеңесін берді маман.
Дәрігердің ата-аналарға беретін басты кеңесі: баланың үйлесімді дамуы үшін ата-ана тарапынан көп еңбек қажет. Жаттығулар мен баламен сөйлесуді тоқтатпаған дұрыс. Үй жағдайында жасауға болатын жаттығулар өте көп. Тек ерінбесе болғаны.
Бекітілген бала дамуының нормативі:
Айдос Косубаев