Халқымыздың маңдайына біткен данагөй, данышпандарының өмірі басқа жұрттың абыздарының қай-қайсынан кем соқпас ғибратқа толы...
Мәшекеңнің өмірі өз алдына лықси толқып, толқынан толқынға жетіп тулап жатқан бір бөлек баһра теңізі.
Бірде Ерейментаудан Қазыкен деген жігіт әйел, бала-шағасымен, бір жолдасымен Мәшһүр Жүсіп атамызға сәлем беруге әрі сол өңірге туысшылай барыпты. Арбаның екі жағында екі жетек жылқысы бар. Бірін Мәшһүр атамызға соғымға байлап, батасыл алмаққа әкеле жатады. Туысшылайтын жері әрірек болған соң алдымен, жол үстінен моллаға (өз кезінде замандастары солай атапты) бұрылыпты.
Мәшекең халықтың адамы. Біреу шақырып кетеді немесе біреудің жаназа, қатым, нәзір, асқа кетуі мүмкін. Бір жағынан көңілде осындай алаң бар, енді бір жағынан ұзақ жол жүріп келе жатқан жолаушылар «әдейі алыстан келе жатқанда молла үйінде болса, оңды болар еді» деп тілек қып келе жатады.
Намаздыгер уақытында ауылға жетеді. Ауылға жете бере биесін енді ағытқан бір үйір жылқының ішінен молланың торы атын танып, қуана-қуана үйге түседі.
Үйге кіріп, сәлемдесіп, амандық саулық сұрасып, шаруаның шалғайын, ел-жұрттың хал-жайын қаузастырып отырысады. Оры әлетте Мәшекең екі сөзінің бірінде «әл-хамду ли-л-лаһ» деп айта берді. Тіпті, тым жиі қайталап кетсе керек. Бұл аңдаған Қазыкен:
- Тақсыр, сіздер Аллаға жағыну, ғибадат қылу, шүкіршілік қылуды жақсы білесіз, атқарасыз, бірақ, сіздің осынша көп «хамд, шүкір» айтуыңыздың бір себебі бар ма? - деп сұрайды.
Сонда Мәшһүр атамыз:
- Ей, Қазыкен-жан, онда, әрине, бір себеп бар! Себебі, мен таңертең шай ішкеннен кейін (оның ол кісіге жолдас болып жүрегін кісісін шақырып); «Сен торы атты әкеліп арбаға жек, екеуіміз пәленшенің ауылына барып қайтайық», - деген соң, ол ат жегіп, даяр болды деп хабарлады. Мен сонда ойыма бір ой түсті, мен барам деген ауылда жұмысым жоқ, тек көңіл көтеру үшін ғана барамын! Егер алыстан бір адамдар: «Моллаға сәлем беремін», - деп келіп қалса, келген адам макрүм болып, ренжіп кетеді ғой, қойшы, бармай-ақ қояйын деп бармайтын болып, жеккен атты түсіртіп, отырып қалдым. Міне, алыс жолдан сіздер келіп қалдыңыз. Әрине, мен жоқ болсам: «Қап-қап моллаға сәлем беріп, көре алмай кеттік», - деп ренжімейсіңдер ме? Алла бұл ойды жүрегіме салғанына қуанып, «хамд-шүкірді» көп айтуыма себеп болды», - деп жауап берді.
Өзінің емес өзгенің уақыты мен бейнеті үшін қам жеген сол ғұламалар-ай дейсің... Күйбең тірлікке көміліп оқи алмай, оқи алмаған соң біле алмай, біле алмаған соң бағалай алмай жүрміз ғой.
Дайындаған: Оразбек САПАРХАН
(Арқау уақиға С.Ғылманидың "Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихы" атты кітабынан)