Осыдан бірер жыл бұрын Қызылжар өңірінде үлкен басшылық қызметтер атқарған бір азамат дүние салды. Марқұмның мәйітін мұсылмандар зиратына апарып қою ұйғарылды. Оның еліміздің басқа өңірінде жоғары лауазымға ие болып жүрген ұлы әкесінің мәйітін бейіт басына аса сәндеп істелген ағаш табытқа салып әкелген екен, молдалардан сол табытқа салынған күйі жерлеуді сұрады. Мұндай ұсыныс айтылады деп күтпеген мешіт қызметкерлері ә дегенде абдыраңқырап қалғанымен, мұсылман адамды табытқа салып жерлеу шариғатқа қайшы келетінін айтып, түсіндіруге тырысты. Ақыры марқұмның ұлы айтылған уәжге көніп, әкесі қабірге мұсылман жолымен қойылды. Сұрастыра келсем, оның ислам дінінен хабары шамалы болуының сыры шешесінің ұлты да, діні де басқа екендігінде болып шықты…
Тағы бір белгілі ағамыздың ұлты басқа әйелі қайтыс боларда жұбайына өзін Петропавлдағы христиан зиратына жерлеуді өтініпті. Бұған басымызды шайқап, қайран қалғанымызбен, аманатқа қиянат жасалған жоқ: марқұм жеңгемізді христиан зиратына апарып қойып, қабіріне топырақ салдық. Ал әлгі ағамыз арада бірнеше жыл өткенде дүниеден озып, мұсылман зиратынан мәңгілік мекен тапты. Қырық жылдай отасқан ерлі-зайыптылардың ақтық жолдары осылайша екіге айырылып кетті ақыры…
Көз алдымызда болып жатқан осындай оқшау оқиғалар ойландырмай қоймайды екен. «Аралас некенің қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?» деген сауалға жауап іздеп көрдік сосын…
Осы мәселе жөніндегі жұртшылық пікіріне құлақ түрсеңіз, аралас некеден денсаулығы мықты, денесі ірі әрі қабілеті күшті балалар туады деген түсінік қалыптасқандығы аңғарылады. Өмір шындығына жүгінсек, ол негізсіз де емес сияқты. Ғылым да ондай пікірді толықтай бекерге шығармайды екен. Алайда, мұның өзі болашағы жоқ, баянсыз нәтиже деп саналады. Өйткені, аралас некеден туған балалардың бойындағы жарқ еткен жақсы қасиеттер кейін олардан өрбитін ұрпаққа дарымайтын көрінеді. Тіпті ондай қасиеттер мүлдем жоғалып қана қоймай, аралас некенің түпкі ауыр зардабы жүйке ауруына шалдыққан, ақыл-есі кем немере-шөберелердің дүниеге келуіне әкеліп соқтыруы да ықтимал деп танылған.
Бұған қоса, дана халқымыздың жеті атаға дейінгі туыстардың бір-бірімен қосылуын тектілікті сақтау тұрғысынан құптамайтыны тәрізді, генетикалық жағынан тым алыс адамдардың некеге тұруы да ұрпақ болашағы үшін қауіпті жайт болып саналады екен. Бұл Америка Құрама Штаттарының байырғы тұрғындары – кілең үндістер тұратын қоныстар мен әлемнің әр қиырынан көшіп келген ақ және қара нәсілді қоныс аударушылар бірге тұратын елді мекендерде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде дәлелденген. Ақ және қара нәсілділердің аралас некесінен туған балалар аурушаң келетіндігі және өз қатарластарынан даму жағынан 1,5 еседей артта қалатындығы анықталған. И.М.Сеченов атындағы Мәскеу медицина университеті педиатрия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Олег Ботвиньев осындай қарама-қайшылық байқалған генетикалық құбылысты аралас некеде бұрыннан қалыптасқан ген кешені бұзылып, жаңадан пайда болған ген кешені мыңдаған жылдардың сынынан өтпегендіктен, биологиялық тұрғыдан өте әлсіз болатындығымен түсіндірген. Соның салдарынан дертке шалдығу, бала өлімі көбейіп, адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқаратын болып шықты. Оның үстіне ерлі-зайыптылардың нәсілдері, өмір сүрген тарихи орталары бір-бірінен қаншалықты алыс болған сайын олардың некелері де соншалықты көп үйлесімсіздіктер тудыратын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе, ақ және қара нәсілді адамдардың некелері бәрінен көп қауіп туғызатын болып шықты. Ал жақын туыс халықтардың өкілдері болып табылатын жұбайлардың некелері генетика тұрғысынан ең қолайлы некелер болып саналады. АҚШ-тың Стэнфорд университетінің медициналық орталығы жүргізген зерттеу нәтижесі де адамзат денсаулығы үшін аралас неке ең көп қауіп-қатер төндіретінін айғақтап берген. Осы зерттеу тобының мүшесі, Калифорния университетінің профессоры Аарон Кофи: «Бұған дейін бала туу процесіне ата-аналардың этностық тегі емес, әлеуметтік-экономикалық жағдайы көбірек әсер етеді деп саналып келген. Сондықтан біз ашқан жаңалықтың биология мен медицина үшін маңызы өте зор. Өйткені, ол нәсілі әртүрлі адамдардың бойында аса маңызды биологиялық ерекшеліктер бар екендігін көрсетіп отыр», – дейді.
Алла тағала адамдарды әртүрлі нәсілдер мен ұлттардың өкілдері етіп жаратқан соң біздің адами табиғатымыз да аралас некенің салдарынан болатын ұлттық ерекшеліктеріміздің жойылып кетуіне, басқаша айтқанда, ұлт ретінде ассимиляцияға ұшырауымызға қарсы сияқты. Ал осы мәселе жөнінде әртүрлі діндер не дейді? Иудаизм әу баста аралас некелерге, яғни жат жұрттың қызына үйленуге және ұлына тұрмысқа шығуға қатаң тыйым салған. Алайда, кейін бұл қатал тәртіп өзгертіліп, еврейлердің «тамаша тұтқын аруларға» үйленулеріне рұқсат берілген. Бірақ, әйел аналардың міндетті түрде өз діндерінен безіп, иудаизмді қабылдауы қажеттігі қатаң талап етілген. Ал еврей қыздарын басқа ұлттардың жігіттеріне тұрмысқа беру шектен шыққан масқарашылық ретінде қабыл алынып, тіпті оның аяғы кейде қанды соғысқа да ұласқан. Заман өзгере келе, еврей қыздарының да ұлты басқа азаматтарға тұрмысқа шығуына бір-ақ жағдайда келісім берілетін болған. Егер олардың болашақ күйеулері өз діндерінен бас тартып, иудаизмді қабылдаса ғана. Тұтастай алғанда, әлі күнге иудаизмде, яғни Израиль елінде аралас неке еврей ұлтының жойылып кетуіне апарып соқтырады, сондықтан оған қолдан келгенінше қарсы күрес жүргізу қажет деген көзқарас үстемдік құрып тұр.
Мәскеу діни академиясының әйгілі профессоры, дьякон Андрей Кураев Ресейде ұлтаралық некелердің көбейіп бара жатқанына байланысты өз алаңдаушылығын ашық білдіріп, «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Ұлтаралық некелер дегеніміз – шын мәнінде орыс халқын геноцидке ұшыратудың бір түрі. Біздің әйелдер кавказдықтарға тұрмысқа шығып, олардың халықтарын өз тегімен байытып жатыр. Ал орыс ұлты әлсіреп барады», – деп дабыл қақты. Оның айтуынша, мәселен, орыс қызы мен дағыстандық жігіттің құрған отбасында дүниеге келген балалар міндетті түрде дағыстандық әрі мұсылман болады екен. Сонымен бірге, Андрей Кураев Израиль үкіметінің еврей ұлты өкілдерінің өзге ұлттардың азаматтарымен некелесуіне қарсы мемлекеттік саясат ұстанып отырғанын айрықша атап өтіп, осы «өзекті мәселені елемей отырған» Ресейді сынға алды.
Ал, біздің елдегі жағдай қандай? Кеңес Одағы тұсындағы кейбір зерттеулерге қарағанда, «халықтар достығының зертханасы» атанған республикамыздағы қазақ жігіттері орыс қыздарына үйлену жөнінен латыштарға ғана жол беріп, екінші орынды еншілепті. Сөйтіп, еліміздегі аралас некенің жалпы үлесі 30 пайыздан асып жығылған. Сол кезде қалыптасқан дәстүр республикамыздың тәуелсіздігі жылдарында да жалғасын жаңылыспай тауып жатқанға ұқсайды: қазір жыл сайын шамамен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайыздайы аралас неке көрінеді. Әсіресе, қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығуды сәнге айналдырып бара жатқан сияқты. Соған орай осыдан бірер жыл бұрын Парламент Сенатының депутаты, белгілі жазушы-журналист Жабал Ерғалиев шетелдерге мемлекет қаржысы есебінен білім алуға жіберілетін қазақ қыздарының санын шектеу туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдағаны да жадымызда. Әрине, бекерден-бекер емес…
Солай бола тұра, жергілікті жерлерде қазақтың өзгеге ұқсамайтын ұлттық өр болмысын, өлімнен ұятты күшті санайтын асқақ ар-намысы сынды асыл қасиеттерін онша біле де, түсіне де бермейтін, «идеологтардың» арасында аралас некені баяғыша «интернационалдық неке», «достықтың айғағы» деп дәріптеушілер табылып қалады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын жаздыгүні Петропавл қаласының Тәуелсіздік стеласы жанында өткізілген бір мерекелік шарада аралас некедегі отбасыларды құрметтеу рәсімі өткізіліп, солардың ішінде басқа этнос өкіліне тұрмысқа шыққан қазақ қызын да күйеуімен бірге сахна төріне шақырғанда қасымда отырған ақ жаулықты әжеміз: «Бетім-ай! Басқа ұлтқа күйеуге тиген қазақ қызын осынша дәріптегендері несі?!» – деп жағасын ұстаған еді. Ол ол ма, келесі жылы тағы бір ірі жиын өткізіліп, онда алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеу құрметі ұлты басқа азаматқа тұрмысқа шыққан әп-әдемі қазақ келіншегіне берілді. Ол өзінің әйгілі әндегі қазақ жігіті Дударайға ғашық болған орыс қызы Мариямға ұқсап, ұлты басқа жігітке қалай ғашық болғанын екі тілде майын тамыза әңгімеледі-ай келіп биік мінберден…
Ғалымдар жүргізген зерттеулер жастардың жар таңдауда махаббаты – бірінші орынға, ал болашақ қосағының ұлты кім екендігін соңғы орындардың біріне қоятындығын көрсеткен. Ал 40-50 жастағы ақыл тоқтатқан адамдар арасында жүргізілген сауал олардың таза ұлттық некені алдыңғы орындардың біріне қоятындығы анықталған. Бұл олардың өз бастарынан кешкен ащылы-тұщылы өмірден тиісті сабақ алғандықтарының айғағы болса керек. Сондай-ақ, орыс, украин және белорус ұлттары өкілдерінің арасындағы аралас некелерді бұзу көрсеткіші олардың өздерінің таза ұлттық некелерін бұзу көрсеткішімен шамалас болса, қазақ-орыс, татар-орыс некелерінің бұзылуы тым көп болып, кейбір облыстарда 50 пайызға дейін жеткен. Мұның басты себебі, қазақ және татар жігіттеріне тұрмысқа шыққан орыс қыздарының ділі де діні де бөлек ортаға оңайлықпен бейімделе алмайтындығында болып шыққан.
Әрине, әлемдік өркениет биігіне ұмтылған, адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияларға қол қойып, қостау білдірген елімізде Қазақстан азаматтарының кімге болсын үйленуіне, яки тұрмысқа шығуына қолданыстағы заңнама бойынша ешқандай шек қойылмаған. Бірақ, діннің жөні бөлек. Иудаизм сияқты, ислам діні де мұсылмандардың діні басқа ұлттардың өкілдерімен бас қосып, шаңырақ құруы үшін міндетті бір шарттың орындалуын талап етеді. Ол шарт иудаизмдегімен бірдей, атап айтқанда, мұсылман адаммен некеге тұруды қалаған қалыңдық немесе күйеу жігіт өз дінінен бас тартып, исламды қабылдауы тиіс. Әйтпесе, діні басқа адамға қосылуға рұқсат етілмейді. Осы тақырып бойынша ертеректе облыстық телестудияда пікірсайыс ұйымдастырғанымыз есімде. Сол жолы «Қызылжар» орталық мешітінің өкілі өзіне қойылған: «Қазақ қызының ұлты басқа жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?» деген тура сауалға жалтармай жауап беріп: «Егер қазақ қызының болашақ жұбайы ислам дініне кіретін болса, онда оған тұрмысқа шығуына рұқсат етіледі», – деп шариғат заңына жүгінген. Сонда Қызылжар өңіріне өзінің азаматтық белсенділігімен танылып жүрген Сапура қажы Тәшенова апамыз бірден қолын көтеріп, сөз алып: «Мен әлгі айтылған жауаппен келіспеймін. Қазақ қызы ешқашан басқа ұлттың ер-азаматына тұрмысқа шықпауы керек. Өйткені, біз онсыз да саны аз халықпыз. Қазақ қызы өзге ұлттың емес, өз ұлтының санын көбейтуге тиіс. Бізді өз ата-аналарымыз, міне, осылай тәрбиелеген. Қазақ қызының ұлттық намысы бәрінен биік болуы керек! – деп бір-ақ қайырған. Оған мешіт өкілі де ләм-мим деп қарсы уәж айта алмаған…
Сапура қажы апамыздың сол сөзінде ащы шындық бары анық. Басқа ұлттардың жігіттеріне тұрмысқа шыққан қыздарымыз түгіл, өзге жұрттан келін түсірген ұлдарымыздың өздері де сүйіп қосылған, ұлты басқа жарларын ислам дініне енгізіп, балаларын қазақ қылып тәрбиелеп жатқандары шамалы. Өйткені, біз, Андрей Кураев айтқандай, дініне берік дағыстандықтар немесе чешендер емеспіз. Сөйтіп, аралас некеде тұрған ағайындарымыздың көбінің балалары қазақ тілі мен ділінен жұрдай болып өсетіндігін күнделікті өмірде көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп жүрміз. Олар, зерттеушілердің айтуынша, өздерін қай ұлтқа жатқызарларын білмей де дал болып, қиналып жүретін көрінеді. Метистерге былайғы жұрттың көзқарастары әрқилы болғандықтан, өмірде психологиялық тұрғыдан неше түрлі қолайсыздықтарды бастарынан кешірулеріне де тура келеді екен…
Әрине, қазіргі ата-аналардың дені ұл-қыздарының өз ұлтының перзенттерімен шаңырақ құрғанын қалағанымен, бір күні олар: «Мен ұлты басқа болса да, осы қызды (немесе жігітті) сүйемін!» – деп, қарсы алдарында қасқайып тұрып алса, көнбеске амалдары қалмасы кәміл. Сондықтан да аралас неке дегеннің не екенін балаларымыздың саналарына кішкентай кездерінен бастап сіңірмесек, ұлы Абайша айтқанда, қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміз ғажап емес.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі