Барлық хайуанаттар өзі қалай өмір сүрсе ұрпағын соған үйретеді. Марғау мысықтың құйрығымен ойнайды. Күшік итпен алысып ойнайды, бұл не үшін? Зоологтардың зерттеуінше, марғаудың мысық құйрығымен ойнауы оның кейін тышқан аулау қабілетін дамыту үшін, ал күшіктің итпен «алысуы» кейін түз тағыларымен алысуға, ұстап жеуге дайындығы екен. Қасқыр бөлтірігін желкесінен тістелеп «таласуға» баулиды. «Түйе баласын қарпып сүйеді».
Бала психологиясы саласында зерттеу жасаған көптеген ғалымдардың бір тұжырымы мынаған саяды: Көп ата-ана баланы шектеуді және үйретуді біледі, тәрбиелеу жағынан ақсап жатады. Бұл не деген сөз?
Шектеу. Баланың жан дүниесін түсіну үшін айналаға бір сәт болса да балаңның көзімен қарай білу екен. Үш-төрт жасар бала. Қолында қасығы бар. Бір нәрсені алып бір жерге апарып салмақшы. Біз оларды көрген жерден бірден тиып, қолындағы қасығын жұлып алып дік еткізіп отырғызып қоямыз. Негізі ол бала өзінше бір нәрсе ойлап, сол ойын жүзеге асыру үшін бар ынтасымен беріліп әрекет жасау үстінде еді. Мүмкін анасының, иә басқа біреудің аузына ас салмақ па? Әйтеу бір мақсаты бар. Шорт үзілді. Ашуланды. Жылады. Үлкен адамдарға шамасы жетпейтінін түйсік арқылы біліп тұр. Не амал?.. Қатты жылай берсе онан сайын таяқ жеуі мүмкін. Тоқтайды. Бәрі іште қалады. Ол іште тегін жатпайды, бір бала ерегескіш, бір бала керісінше қорқақ болып қалыптасады. Әрине бұл мысал баланың бүкіл әрекетін еркін жібер дегенді білдірмейді.
Біз шынында балалар әлеміне үңіле бермейміз. Мысалы, бір топ бала мән-мағынасыз кейбір сөздерді қайталап айтып өздерінің шек-сілесі қатып күліп жатады, ал оған үлкендер түсінбей аңтарылып қарап қалады. Ортақ ойындағы осындай кішігірім дүниенің өзі баланы мәз етіп, шаттық, қуанышқа шомдырады. Олардың өз әлемі бар екенін осыдан-ақ түсіне беріңіз.
Үйрету. Ол балабақшаға беріп әріптерді, сурет салуды, қарындашты дұрыс ұстауды, саз балшықтан бірдеңелер жасауды үйретуді қамтиды.
Тәрбие. Ең қиыны осы. Көп бала балабақшадан немесе бірінші сынаптан әріптерді толық үйреніп шығады. Бірақ, сол бірінші сынып деңгейінде алынуы керек тәрбиені толықтай алып шыға алмайды. Мысалы, бір ата-ана баласын базарға ертіп барардың алдында одан, «қазір базарға барғанда үш ойыншық алып берем, не ойыншық алғың келеді», деп сұрайды екен. Бала: «Сумылтық, ермексаз, шар», деп айтып береді. Үшеуден асырмау керек. Анасы қағазға жазып алады. Сөйтіп, базарға барса ойыншық деген самсап тұр. Бала қызығып кетеді. Ананы да, мынаны да алам дейді. Сол кезде анасы жаңағы қағазды көрсетеді. «Міне, мен бағана ерік бердім ғой, өзің айтқанды ғана аламыз», деп салмақты баланың өзіне салады. Бала мойынсал болады. Келер жолы бала басқа ойыншық айтуы мүмкін. Әрине, ойыншық саны шектеулі. Оның санын баланың үйдегі тәртібіне қарай өсіріп кемітіп отырса тіптен жақсы. Бірақ, ол балаға ескертіп айтылуы керек. Ол оны мойындауы керек. Мұндай жүйелі тәрбие көрген бала жауапкершілікті болып өспек.
Бұған, әрине, бірінші ата-ана жауапкершілікті болуы керек. Тәрбие ата-ана бойында болмаса, арнайы ақыл жұмсап жүйеленбесе балаға қонуы қиын екен. Өйткені, көп тәрбиені бала өзі көре жүріп сіңіреді. Үйрету ол арнайы болатын дүние. Ал, жоғарыдағы «базарға апару» тәсілі тәрбиеге жатады. Сондай ата-аналар көп болғай!
Ұларбек Нұрғалымұлы
namys.kz