Ақтөбеде өзінің үш баласымен бірге балалар үйінен 11 бала асырап алған Жетесовтер отбасының жағдайы қалай? Жетімдердің маңдайынан сипап отырған шаңырақтың қандай мұқтаждықтары бар? 16 баланы тәрбиелеген отағасы мен отанасы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісіне барлық құпияларын баяндап берді.
«Бізді адамдар бай деп ойлайды. Жергілікті билік тарапынан да жағдайымызды сұрап, көмек көрсеткен адам болған жоқ. Биыл 10 баланы мектепке өзіміз дайындадық. Біреуден көмек сұрап барсаң «Асырай алмасаң, не үшін 11 бала алдың» дегенде сөйлей алмай қаламыз. Сондықтан біреудің алдына алақан жайып баруды қойдық. Әр күн сайын несібені Алладан сұрап, шүкіршілік айтамын», - дейді Амангүл Ешпанова.
Екеуі де әнші-жыршы ерлі-зайыптылар балаларын да өнерге тәрбиелеп отыр.
«Жетімдікті көрмеген адам түсінбейді. Өзім 6 жасымнан жетім қалдым, дастарханға көзімді сатып өстім. Балаларым жоқшылықты көрмесін деп дастарханымды толтырып қоямын. Қазір ашқарақтанып жейтін қасиеттерінен айырылды», - деген отағасы Өмірхан Жетесов бір топ жетім балаға қалай әке болғанын айтып берді.
«Осыдан сегіз жыл бұрын біз «Үміт» балалар үйіне барып концерт қойып жүрдік. Сол жерден үш жастағы ер баланы көрген әйелім үйге келгенде «асырап алайықшы» деп жылайтынды шығарды. Өзіміздің екі бала аяқтанып кеткен болатын. Ұл үйленіп, қыз тұрмыс құрған. Өзіміз даңғарадай үйде кішкентай қызбен қалдық. Осылайша, балаларға есігіміз сегіз жыл бұрын ашылды», - дейді Өмірхан Жетесов.
Отағасының сөзіне қосылған Амангүл Ешпанова 14 баласынан бөлек тағы 2 қызды тәрбиелегенін де айтты.
Әйелі өлген 50 жастағы ер адам 18-ге толмаған қызды алмақ болған
«Алла бізге бала тәрбиелеуді бұйырған шығар. Әлі күнге дейін қайырымдылықпен айналысып келеміз. 11 баланың алдында бойжеткен екі қыз тәрбиеледік. Асаба болып жасайтын ағамыз «Бір қойға той өткізіп беріңдерші» деген соң айтқан жерге бардық. Келін деп таныстырған қызды көрген кезде шошып кеттік. Шолақ шалбар киіп жүрген кішкентай ғана қызды 50 жастан асқан шалға берейін деп жатыр. Қыз Комсомол ауданынан келген. Шешесі жындыханаға түскен. Әкесі ерте қайтыс болған. Алыс ауылда күндерін көре алмаған қыз қалаға жұмыс істеу үшін келген. Автобусқа мініп жылап жүрген оны кондуктор әйел «біздің үйге жүр» деп ертіп кеткен. Ол жақта «Сен қыздың бәрібір баратын жерің жоқ. Менің әйелім өлген, үш баламен қалған інім бар соған ти» деп үйлендіргелі жатыр екен. Күйеу дегендері қасы түйілген, қарны қабақтай, әрең дем алып отырған шал», - дейді өткенді еске алған Алмагүл.
Ол туыстарымен айқайласып жүріп тойды болғызбай тастаған.
«Қыз жүгіріп келіп құшақтап, жылап көмек сұрады. Үйге қайта кіріп «Өздеріңіз қыз өсіріп отырсыздар бұл жетімнің обалына қалмаңдар» деп алып кеттік. Соңы үлкен айқай болды. Елуден асқан шалдың туыстары «біздің келісіп қойған келініміз» деп маза берген жоқ. Олар «прокуратураға арыз жазамын» дегеннен кейін ғана тынышталды. Қыз бізбен бір жыл тұрғаннан кейін тағы мұңайып жүрді. Сөйлескен кезде ауылда апасы қалғанын айтты. Ауылдың балалары тиісіп, жетім қалған бұларға арақ беріп мазақ қылған. Апасы біреуден жүкті болып қалған екен. Машинаға азық-түлік тиеп алдық та қыздың ауылына шықтық. Комсомолдың Ресей елімен шекаралас Үшқатты деген жері екен», - дейді оқиғаны баяндаған Амангүл Ешпанова.
«Тұратын жерлері құлап жатқан қора. Шешелері жындыханадан шығып келген. Ол бір бұрышта отыр. Жүн толтырып қойған теледидардың қорабынан бір жастағы баланы алып шықты. Сол кезде адам шыдай алмайтын көріністерді көрдік. Бала жүн арасында тыр жалаңаш жатыр, шешесі арақ ішіп жүр. Бізбен еріп келген қыз жүн жабысып, боққа былғанған баланы салқын үйде тез тазартып, әкелген киімдерді кигізді. Апасымен құшақтасып, жылап көрісті. Ертеңіне кетеміз дегенде біздің қызымыз Айтаңсық есімді кішкентай жиен сіңілісін әкеліп «алып кетіңдерші, үйде тамақ жоқ, салқын үйде өлтіріп алады» деп жалынды. Біз келісіп, өзімізбен еріп келген қыз бен апасының кішкентай бөпесін үйден алып шықтық. Сол кезде апасы мен сіңілісінің қоштасқанын көргенде жанымыз езіліп кетті. Олармен қосылып біз жыладық. «Апам далада әркімнің мазағына айналады, апа, оны да ала кетейікші деп егілгенде біз екеуміз де бұл көрініске шыдап тұра алмадық», - деді Алмагүл келген өксікті тежей алмай жылап.
Олар екі қызды да қамқорлығына алып, баласын бағып, қолдарынан ұзатып жіберген.
«Назарбаевқа хат жазамын» деп қорқытып 3 жасар қызды шетелдіктерге бермеген
«Үміт» балалар үйіне барып өлең айтып жүрген отбасы шекесі торсықтай ұлға бауыр басып қалған. Шаңырақтағы бала асырап алу осы кезден басталған.
«Баланы көру үшін балалар үйіне жиі барамын. Ол екіге, үшке келді. Күндіз есімнен түнде түсімнен кетпейтін болды. Оны Алға балалар үйіне өткізіп жіберген. Ол жаққа таныстарымыз арқылы баланы көруге барғанда оның жүдеп қалған түрінен шошып кеттік. Содан кейін қырық күн қатарынан баланы көру үшін Алға ауданына қатынадым. Не керек баланың құжатын жасап жүрген кезде тағы бір баланы көрдік», - дейді Алмагүл.
Ол балалар үйінде ағылшынша сөйлесіп жүрген шетелдіктердің кішкентай қазақ қызын жетектеп жүргенін көріп, жанының ауырғанын айтты.
«Қап-қара шаштары беліне жеткен, кірпіктері қайырылып жатқан 3 жастағы қыз баланы америкалықтар жетектеп жүрді. «Баласыз жүрген қаншама адамдар бар, мұны шетелдіктерге неге беріп жатсыңдар?» дегенде «Жоқ мұның шаруасы шешіліп қойған бұған араласпаңдар. Қыздың ақыл-есінде ақау бар» деп бізді жолатқан жоқ. Қоп-қою шашы беліне түскен 3 жастағы қыздың көздері бақырайып шетелдіктердің жетегінде жүр. Шыдай алмадым. Сол жерде «баланы мен аламын, шетелдіктерге бермеймін» деп жармастым. Сол жерде біз Назарбаевтың атына хат жазамыз деп шулап, айқай шығардық. Балалар құқын қорғау департаментіне хабарласып, не керек қызымды алып қалдым. Екі баланы ертіп балалар үйінен шыққанымызда артымызға ақша шашып, жеті шелпек тараттық», - дейді ол.
Отбасы екі-үш жылдан кейін балалар үйінен тағы 9 баланы асырап алған. Отағасы балаларын ертіп аңға шығады. Қыздары анасына көмекші.
«Үйде үш ит, үш мысық бар. Ит пен мысықты ұстап, сипап, ойнап өскен бала мейірімді болады. Қазір көшеде балаларға жаттығуға арналған ойын алаңдары салынып жатыр. Балаларды ол жаққа апару үшін қастарында қарап тұру керек. Кейде осыны менің балаларыма арнап салып беретін жомарт жан болар ма екен деп ойлап қоямын», - дейді отағасы.
«Үйімізге жөндеу жұмысын жасап алғаннан кейін Бердібек Сапарбаевты қонаққа шақырып алғымыз келеді. Ол кісі балалар үйіне де барып жүр. Әлеуметтік желі арқылы балаларым шулап «Ата, қонаққа келіңіз, сізді біздің үйден күтеміз» десе ол кісі бей –жай қалмайды деп ойлаймыз», - дейді Алмагүл Ешпанова.
Балалардың киімі мен инструменттерге үй толып тұр. Ас үйде балалар кезектесіп тамақ ішеді. Отағасы үйіне асхананы жалғап салуды армандайды.
Nur.kz, Alashainasy.kz