Заманауи дүмшеліктің екінші атауы – зомби немесе телефонға телмірудің ақыры қандай болмақ?
Заманауи дүмшеліктің екінші атауы – зомби немесе телефонға телмірудің ақыры қандай болмақ?

Жуырда ғана көз алдымда смартфонына үңіліп, онысынан салбыраған наушникті құлағына тығындап алған қызды поезд локомотиві қағып кете жаздады. Абырой болғанда, әлгі локомотив темір жол желісінің жаяу жүргіншілер өтетін жерінен сәл төменде тұрған басқа локомотивті тіркеуге бара жатқандықтан, жылдамдығы жоғары болмай тоқтап үлгерді. Ал тоқтап үлгермесе не болар еді?! Соңғы жылдары телефонға телмірген жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жолдағы көлік апаты жиілеген. Алаңдатарлық-ақ жайт.

Бүгінде қала көшелерінде, дәмханалар мен қоғамдық көлікте жастардың барлығы дерлік ұялысына үңіліп отырғанын жиі байқаймыз. Олардың дені сол смартфонының әлдиімен ұйықтап, әнімен тұрады. Түнде ояна кетсе, міндетті түрде жастығының астынан смартфонын алып әлеуметтік желідегі парақшаларын ақтару әдетке айналған. Тіпті бұрынғыдай оятар сағатта көбіміздің үйімізде жоқ шығар. Таңғы асты да бір қолмен смартфонды ұстап отырып ішеміз. Үйден шығысымен құлақжіп ілініп, әуен қосылады. Ешкімде ешкімнің жұмысы жоқ.

Таяуда 44 жылын абақтыда өткізген Отис Джонсон атты АҚШ азаматы бостандыққа шығып, Нью-Йорккетің, жалпы әлемнің бұлайша өзгергеніне қарап, мәдени шок алыпты. Отис «бәрінен бұрын неге қатты таңдандыңыз?» деген тілшілер сауалына «адамдардың бәрі бірдеңені шұқылап, құлақтарынан жіпке ұқсас белгісіз затты іліп, өз өздерімен сөйлесіп жүретін болыпты, алғашқыда оларды федералдық тергеу бюросының агенттері екен деп қалдым» деп жауап беріпті.

Бұл үрдіс тек біздің қоғамда ғана емес тұтас әлемде белең алуда. Қытайдың Чунцин қаласының басшылығы жолда телефон экранына телмірушілердің тым артқанын әрі оның қаншалықты қауіпті екендігін көрсеткісі келіп, қала көшелерінің жиегіне арнайы смартфонға тәуелді адамдарға арналған жолақ салған. Ал Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул көшелеріне смартфондарды пайдаланудың қаупі туралы жүргіншілерді ескертетін жол белгілері орнатылған. Осыған ұқсас жайттар Еуропада да бар. Айталық, Германияның Бавария қаласында жаяу жүргіншілерге арналған жолдың трамвай жолымен түйісер жеріне ерекше бағдаршам қойылған. Трамвай рельстеріне жақын асфальтты төсемеге орнатылған жарықдиотты шамдар трамвай келгенде қызыл түс беріп, жанады. Бұның бәрі көптің назарын қарапайым да аса маңызды мәселеге аударуға жасалған шаралар.

Әлбетте, смартфон – ақпарат алмасудың, жаңалық оқудың, білім көкжиегін кеңейтудің сондай-ақ көңіл көтеріп, ойын ойнаудың, достарыңмен сөйлесудің, әртүрлі видеоларды көруді таптырмас құралы. Онымен іш пыспайтыны анық. Алайда, зерттеушілер смартфондарды үнемі қолдану күнделікті өміріміздің кей сәттеріне кері әсер ететіндігін айтып, дабыл қағуда.

Эмоцияның жоғалуы

Массачусетс технологиялық институтының профессоры Шерри Тарклдың айтуынша, телефон арқылы қарым-қатынас жасау арқылы адамдар сезімталдығынан айырылады. Хабарлама жіберу ыңғайлы болғанымен, адамдар түсіністігінде басты орын алатын әңгімелесушінің қимылы көрінбей, дауыс интонациясы естілмейді, яғни эмоция жетіспейді. Соның салдарынан адам бойында айтылған сөзді елемеу, оған ден қоймау секілді жағымсыз қасиеттер қалыптасады.

Ұйқысыздық

Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей 18 бен 24 жас аралығындағы жастардың 44 пайызы смартфондарын жастығының астына қойып ұйықтайды. Ал сұралғандардың ширегі телефон қолдана бастағалы, ұйқыларының бұзылғанын айтқан. Смартфонның көк экранына ұзақ қарау адам ұйқысына теріс әсер етіп, циклды ырғақтың өзгеруіне соқтырады. Ал оның гуілі түн ортасында ұйқының бұзылуына әкеледі. 10 адамның 5-еуі түнде телефонына келген хабарламаны көру үшін ұйқысын қиып, оны қолына алады. Сонымен қатар, жазған хабарламаға жауап қандай болар екен деген ой біразға дейін ұйқының келуін кешеуілдетеді.

Жұмыс жасауға кедергі

Смартфондар үйден шықпастан я болмаса тіпті жүріп келе жатқанда да жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құрал ретінде жарнамаланғанымен, іс жүзінде еңбек өнімділігіне көп кедергі келтіреді. Олар өзге де сандық құрылғылар сынды адам миының жұмысына үнемі бөгет жасайды. Қоңыраулар, хабарларламалар жұмыс жасаушының назарын негізгі жұмыстан басқа жаққа аударады. Соның кесірінен іске толық кірісе алмай жатамыз. Жуырда тәжірибе жасалып, ол бойынша смартфонға тәуелділігі бар адамдар барлық құрылғыларын жиып қойып, бел шеше жұмыс істеулері керек болады. Алайда, бәрі бір толықтай іске білек сыбана кірісе алмаған. Бұл назардың аууы әдетінің терең дендеп кеткендігінің көрінісі. Демек смартфонды қолдан тастамау айналысқан іске толықтай ден қою қабілетін жояды.

Шынайы өмірден қол үзу

Көп адамдар өз күнін смартфондағы қосымшалар арқылы әлеуметтік желілердегі парақшаларын бір ақтарып шығудан бастайды. Біз күніне орташа есеппен компьютер, ноутбук, смартфондардың алдында 8 сағат уақыт өткіземіз. Қолданушылардың 81 пайызында смартфондары тәулік бойына қосулы тұрады. Оның жартысы телефонын ұдайы қолданады. Әркез телефон экранына қараған сайын жол үстінде қоршаған ортаның әсемдігін байқамай, қарсы отырған адамды ұмытып кететін кездер де болады. Құдды сол жерде жоқ секілді күй кешеді.

Смартфонға өз өміріңізді тапсыра отырып, бердеңені жоғалтып жатырмын деп ойламайсыздар ма?

Дүмшелену

Смартфонға тәуелділік артқан сайын өзіміздің қалай өзгергенімізді аңғармаймыз. Ақпаратты қабылдаудың шапшаңдығы және барынша қарапайымдылығы, оны түсіну қабілетін тұмшалайды, ми жұмысын тежейді. Аз оқығандықтан рухани ашқұрсақтығымызды түрлі ақпарат көздерінің майда кезектерімен толтырамыз. Соның салдарынан ми жылдам әрі үстүртін ақпараттармен толып, шығармашылық ой, оның дамуы кенжелей береді. Нәтижесінде күте алмайтын, бәрін бірден дайын күйінде алғысы келетін жастар қалыптасады. Олар ойланып, басын қатырғысы келмейді. Ғаламторда бәрі дайын тұрғандықтан миға жүк түсіруді қажетсінбей, дүмшелене береді.

Өзіңіздің күніне қанша уақыт смартфонды серік ететіндігіңізді ойлап көрдіңіз бе? Қуанышымызға орай смартфонға тәуелділіктен арылу пәлендей қиын шаруа емес. Ол үшін бірнеше кеңестерге құлақ түрсе жеткілікті.

– Өзіңіздің виртуалды кеңістікке, қоңырауларға қанша уақыт жұмсайтыныңызды санап көріңіз. Жұмысыңызға кесірі тимесе телефонды ғаламтордан ажыратып қойыңыз.

– Театр, кино, кітапхана, жиналыс сынды мәдени-бұқаралық орындарда болғанда телефонды дыбыссыз режимге қоймай, мүлде сөндіріп қойған дұрыс.

– Этикетті сақтаңыз. Достарыңызбен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанда телефонға телміру әдепсіздік.

– Наушникті мейлінше аз пайдаланған жөн. Онымен әуен тыңдағанда дауысын бәсеңдетіп тыңдаған абзал. Өйтпеген жағдайда есту қабілетіңіз нашарлауы мүмкін.

– Смартфонсыз жүруге дағдыланыңыз. Алғашқыда бірнеше сағатқа, кейін жарты күнге, артынша күні бойы қалтафоныңызды еске алмаңыз. Қосымша бос уақыттың пайда болғанын бірден байқайсыз. Оны өзіңізге, жақын жандарыңызға арнаңыз. Әрі смартфонсыз өткерген уақытта аспан айналып жерге түспегеніне көзіңіз жетеді.

– Ұйықтар алдында, әсіресе төсекте жатып смартфоныңызды ала көрмеңіз. Ол тек уақытты өлтіріп қана қоймай, ұйқының бұзылуына әкеліп, күні бойы меңзең қылып, шаршап жүруге соқтырады. Күйзеліс, ашушаңдық осындайдан пайда болады.

– Ғаламтордағы әр жерлен алынған ақпарат рухани азық, терең білім бола алмайды. Сондықтан «артық білім – кітапта» дегендей шынай білімнің бұлағын кітаптан іздеңіз. 

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ

Abai.kz

Телефонға телміргендер (видео)

Смартфондар баршаға қолжетімді болғалы әлем түбегейлі өзгерді деуге келеді. Оның басты себебі адамдардың қарым-қатынас орнатуға деген көзқарасының өзгеруінде. Бұл үрдістің жағымды тұстары көп, дегенмен жағымсыз тұстары да аз емес. 

Соның бірі – телефондарына телмірген жұрттың бетпе-бет отырып сөйлесуге деген ынтасының төмендеп кетуі. Назарларыңызға осы мәселені көтеретін «Смартфондағы өмір» атты қысқаметражды анимациялық фильмді ұсынамыз.

Massaget.kz

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 4230
0 пікір
Блог туралы