Ықтиярхатпен келген қандастар қалай тіркеледі?
Ықтиярхатпен келген қандастар қалай тіркеледі?

Кез келген қазақстандық уақытша басқа қалада тұруы керек болса, ол уақытша мекен-жай бойынша тіркеуден өтуге міндетті. Тіркеуге тұрмаған адамға 10 АЕК (23 мың теңгеге

жуық) көлемінде айыппұл салынады. Көші-қон заңдарына енгізілген жаңа ереже қоғамда жиі талқыланған өзекті тақырыпқа айналды. Осы ретте ықтиярхатпен жүрген
қандастарымызды уақытша тіркеуге алу қалай жүзеге асуда деген заңды сұрақ туындайды.

Ықтиярхат – шет ел азаматтарына 10 жылға немесе 5 жылға берілетін құжат. Яғни, азаматтық алғанға дейін тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндік бе­реді. Шет ел азаматтары ық­тияр­хаттың көмегі­мен шекарадан визасыз шығуы­на, еркін жүріп-тұруына мүмкін­дік алады. Ішкі істер министрі­нің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 бұйрығында «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Рес­пуб­ликасында тұрақты тұруға рұқсат беру», «Азаматтығы жоқ адам­дарға куәлік­тер және Қазақстан Рес­публикасында тұрақты тұра­тын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру», «Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын алуды және одан шығуды тір­кеу» мәселелері айтылып, бекі­тілген болатын.
Мәселен, Қытай Халық Рес­пуб­ликасынан елімізге орал­ған қандасымыз, Алматы қала­сын­дағы «Халықаралық қазақ-қытай колледжінің» 2-ші курс студенті Жұпар Дүйсенбек «Ық­тиярхат аларда тұрғылықты мекен-жайым бойынша көші қон полициясы арқылы автоматты түрде тұрақты тіркеуге тұрдым. Тұрғылықты жерім – Алматы облысының Шелек ауылы. Алматы қаласында оқи­тындықтан алғашында уа­қыт­ша тіркеу мәселесі шық­қан­да азаматтық ала қоймаған біз­дер үшін уақытша тіркеуге тұ­ру қалай болмақ деп алаң­да­ға­ным рас. Әркім әр түрлі айта­ды. Осыған қатысты нақты ақ­параттар беріліп, түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілсе», дейді.
Осы сұраққа жауап алу мақ­сатында Алматы қаласын­дағы осы мәселеге жауапты мамандар кеңесіне жүгінген едік. Халыққа қызмет көр­сету орталықтарына хабарлас­қанымызда, аталған сұраққа жауап бере алмайтындарын айтып, көші-қон полициясына бағыттады.
Алматы қалалық көші-қон полициясы басшысының орынбасары, полковник Жандос Тұрыс­беков уақытша тіркеу мә­се­­­лесінің ықтиярхатпен жүр­ген қандастарымызға ешқан­дай қатысы жоқтығын айта­ды. «Азаматтық алма­ған қан­дас­та­рымыздың тірке­лу мә­селесі бұр­ын­ғы қал­пында рет­теледі. Ішкі істер минис­трлігінде осыған қатысты біраз әңгі­мелер болған. Дегенмен, нақты мақұлданған жоқ. Ықтияр­хаты бар этностық қа­зақ­тар тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұра береді. Ықтиярхатпен жүрген басқа шет ел азаматтарына да уа­қыт­ша тіркеуге тұру керек емес. Ке­рі­сінше, ол азаматтар тұрақты тір­­кеуге тұрған жерінен басқа ме­кен-жайға уақытша тіркелген жағ­­дайда бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Осындай сауал­мен бізге келіп жатқан азаматтар легі көп. Оларға барынша тү­­сіндіру жұмыстары жүргізіліп жа­­тыр.Уақытша тіркеу бойынша ол азаматтарға ешқандай алаң­даудың қажеті жоқ», – деді ол.
Көші-қон полициясы қыз­мет­керінің бұл жауабынан көпшілікті алаңдатқан мәсе­ленің ара-жігі ашылғандай болғаны рас. Өйткені, Жұпар Дүйсенбек тілге тиек еткендей, ғаламтор беттері мен жауапты меке­мелердің сайттарынан бұл сауалға қатысты нақты ақпарат таба алмадық.
Тарихи атамекеніне көш тү­зеп жатқан қандас­та­рымыздың басым бөлігі Өз­бекстан мен Қытайдан қоныс аударған­дар. Мемлекет та­рапынан оларға барынша қолдау көрсетілуде. Елбасымыз «Әлемде өз қан­дастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан», деп бекер айтпаса керек. Қандастарымыздың әлеу­меттік жағдайының жақ­са­рып, әл-ауқатының артуы елі­міз үшін зор абырой. Осы ретте оларға құқықтық тұр­ғы­дан көмек көрсету барлық қо­ғам мү­шелерінің міндеті болуға тиіс.

Арман ОКТЯБРЬ

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
8 жыл бұрын 3479
0 пікір
Блог туралы