Түсік жасату тұтас ұлттың түбіне жететін әлеуметтік дерттердің бірі
Түсік жасату тұтас ұлттың түбіне жететін әлеуметтік дерттердің бірі
ЖАСАНДЫ ТҮСІК – ЖАҺАН ҚАСІРЕТІ

Өздеріңізге белгілі әрбір қыз баласы ол – ертеңгі ана. Ал, ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін қасиетке ие.  Әйтсе де, бүгінде осыны түсінбестен, қадамын шалыс басып, абыройына нұқсан келтіріп, өз тағдырына балта шауып жүрген қаракөз қарындастарымыз жоқ емес.

Сол аруларымыздың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны халқымыз үшін үлкен қасірет! Себебі, сол қыздарымыз біріншіден, некесіз қатынасқа барып күнә жасаса, екіншіден, бойға біткен шарананы жасанды түсік жолымен алдыру арқылы тағы да ең үлкен күнәға жол ашуда. Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымызды аждаһадай жалмап бара жатқан «некесіз қатынас», «жасанды түсік жасату» сынды мәселелерге мұсылман баласы бей-жай қарауға болмайды. 

Бұл жолға кімдер барады?

Ең алдымен осындай қадамға «кімдер барады» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Көп жағдайда отбасында имани тәрбие болмаған қыз балалар қулығы басым жігіттердің арам пиғылын адал көріп, оларға алданып қалады. Алданып қана қалмай, күнәнің құрбаны болады. Ар-абыройы төгіліп, ойламаған жерден бойына бала бітіп, амалы құрыған қыздың не істері белгілі. Әлбетте, жасанды жолмен түсік жасатудың жолын іздейді. Себебі, әке-шешесіне айта алмайды. Осыған дейінгі әрекетке баруға ұялмаған қыз амалсыздан әке-шешесінен қорқып, Алла алдында да, ар алдында да қылмысын жасырмаққа әрекет етеді. Бойына біткен, тек дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін қияды. Міне, мұның барлығының негізгі дерті имандылықтан алыс болудың нәтижесі. Егер отбасы ошақ қасынан әрбір ата-ана ұл мен қызға обал-сауап, жақсы-жаман дегендерді айтып отырса, мұндай лас әрекеттер қоғамда орын алмас еді. 

Қалай айығуға болады?

Ал мұндай ұлт трагедиясынан қалай айығуға болады? Бұл тұста ұлттық тәр­биенің рөлі зор. Ұлттың болашағы бүгінгі қыздарымыз, ертеңгі аналар екенін баба­ларымыз көрегенділікпен айтып кеткен. Сон­дықтан да қыз тәрбиесіне ерекше кө­ңіл бөлген. «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» болатынын білген аталарымыз «қыз­ға қырық үйден тыйым» салған. Сон­дықтан біз де «ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек. Ең алдымен, жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер», – деп ескерткен. Ал, атам қазақ: «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады», – деп хайуан екеш хайуанның өзі нәпақасыз қалмайтындығын меңзеген. Демек, мұның жанында ақыл иесі адам баласы ар-абыройын аяқасты етпей адал ақ некесімен дүниеге сәби әкелер болса, бұл бір бақыт емес пе?! Ал, дүниеге келген сәби ризық-несібенің артуына себеп болары сөзсіз ақиқат. Шал ақын: «Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» – десе,  хакім Абай: «Адамның бір қызығы бала деген», – деп дүниеге сәби әкелудің нағыз бақыт екенін айтуда. 

Ислам діні не дейді?

Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға түбегейлі тыйым салынады. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына соншалық қатер төнсе ғана баланы алдыртуға болады. Негізінде ана құрсағындағы сәбиге Алланың қалауымен жан беріледі. Яғни, ол тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды. Ал алдырту ең үлкен күнә болып саналады. Қазіргі күні кейбір дәрігерлер түсік жасатуды жасырын саудаға, табыс көзіне айналдырса, ал, қыздар жағы, тіпті олардың ата-аналары «баланы алдырып таста» деп күнәлі іске өздері итермелеуде. Шындап келгенде, ата-ана балаларына кішкентай кезінен күнә, обал, сауап дегендерді үйретіп, түсіндіргенде, мұндай масқараға тап болмас еді. 

Сол үшін…

Жанұя, қоғам болып жасанды түсікті жасатудың жолын емес, сол жолға қыз балаларды апармаудың мәселесін қарастыру керек. Әрине, ол үшін жастарымызды имандылыққа, адамгершілікке, арлылыққа тәрбиелеп, кішкентайынан тәнін-жанын тазалыққа үйрету қажет.

 

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

«Нұр Астана» орталық мешітінің ресми

 «www.ummet.kz» сайтының редакторы

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3900
0 пікір
Блог туралы