Тастанды сəбидің мүлдем жыламағаны мені таң қалдырған еді...
Тастанды сəбидің мүлдем жыламағаны мені таң қалдырған еді...

Тұңғыш ұлымды өмірге əкелген кезімде жанымда қатар босанған жап-жас қыз, жаңа туған нəрестесінен бас тартып, перзентханаға тастап бара жатты. Анасының тастап бара жатқанын сезгендей сəби де ұзақ жылады. Одан кейін сəбиден мүлдем үн шыққан жоқ. Менің бөпемнің қасындағы кішкене кереуетте жататын. Қарны ашқанда иə болмаса үлкенді кішілі дəретін жібергенде ғана оянатын. Басқаларымыздың бөпелеріміз іңгəлəп жарыса жылап, перзентхананы басына көтеріп жатқанда тастанды сəбидің мүлдем жыламағаны мені таң қалдырған еді.. Тіпті саусағынан қан алып, укол салып жатса да қыңқ еткен дыбысы шықпайды. Өмірге келмей жатып, мына өмірдің əділетсіздігінен жүрегі қатайып қалғандай. Арадан бірнеше күн өткенде тастанды сəбиді анасы қайтадан іздеп келді. Жанына өзі секілді жап-жас бір жігітті ертіп алған. Екеуі сəбиді кезек-кезек көтеріп еңкілдеп жылай бастады. Мына қызықты қараңыз үш төрт күн бойы жыламаған сəбидің, анасы келген кезде шар етіп жылаған дауысы шықты. Анасының қайта іздеп келгенін сəби жүрек сезіп жатқандай. Келіншек; Баладан бас тарту туралы арызын қайта алды. Ертіп келген жігіті екен. Бір туған күнде танысып, қателік жасап қойса керек. Жігіт өз жөнімен басқа қалаға кеткен. Ал қыз болса өзінің аяғы ауыр екенін кеш біліпті. Кеш болғанда тіптен кеш. Содан соң амалсыз туып алып отыр. Ал жігіт қыздың өзінен сəбилі болғанын естіп, сонау қаладағы жұмысын тастап жетіп келіпті. Менің ұлым емес, деп баз бір жігіттер сияқты жалтармаған да. Көпті көрген əкелердей, тəп тəтті сəбиді айналып-толғанып өбектеп жатыр. (Кішкене ғана сəбидің өзінен айнымайтынын қайтерсіз тағы). Медбикелерге ақша тығып жүріп, солардан ақ халат сұрап алып, практиканттың кейпін танытып екі үш күн бойы баласының жанында жатты. Сүтін береді, жөргегін ауыстырады еркелетеді. Əке мен ананың жылы құшағында тербелген сəби де еркелегісі келгендей əлсін-əлсін іңгəлəп жатты.

Салтанат Ақылбекованың Фейсбуктегі парақшасынан

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3695
0 пікір
Блог туралы