Сауын айту. Қазақ қонақты қалай шақырған. Қазақ қонақты қалай күткен?
Сауын айту. Қазақ қонақты қалай шақырған. Қазақ қонақты қалай күткен?

Tengrinews.kz "Қазақтың ұмытылған дәстүрлері" атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр - Сауын айту. Қазақтар ерте заманнан бері қандай жиын, той болсын барлық туған-туысты, ауылдағылар мен көршілерін шақырған. Әдетте осындай той-томалақтар бірнеше күнге жалғасқан. Бір ауылда ас беріліп, той өткізілетін болса, алдын ала тіпті бірнеше жыл бұрын жан-жаққа хабар жіберілген. Мұны сауын айту деп атаған. Шақырылған әрбір қонақ өзімен бірге қымызы мен малын әкелуге міндеттелген. 

Тарихшы Жұлдыз Орманова Tengrinews.kz тілшісіне бұл дәстүрдің мақсаты келген қонақтарға, әрбір ру, жүз өкілдеріне сауын айту арқылы қазақ халқының ұлттық сусыны қымыздың дәмін таттырып, қонақжайлығын көрсету екенін айтады.

Тарихшы ұлттық сусынның барлық іс-шарада, отырыста бiрiншi кезекте берiлгенін айтады.

"Сауын айту - бұрыннан келе жатқан салттардың бірі. Ол дәстүрді тек қазақтар емес, қырғыздар да ұстанған. Сауын айтып ұйымдастырылған жиында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылып, балуандар күресіп, әр ауылдың ақсақалдары, балуандары, көкпаршылары келіп өнер көрсеткен. Ал жүйрік аттарды арнайы алдыртып отырған. Қонақтар үшін ұлттық тағамдар әзірленіп, қымызды барынша көбірек етіп дайындаған", - дейді тарихшы. 

Тарихшының айтуынша, қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жіберетін болған. Бірақ олай көбіне ауқатты отбасылар ғана жасаған екен. 

"Малды жіліктеп, беріп жібермесе де, оның орнына сыйлықтар берген. Мысалы, оюланған ыдыс-аяқтар, ұлттық-нақыштағы киім-кешектерді беріп жіберген. Ең бастысы келген қонақ құр қолмен қайтпауы тиіс еді. Бұл қазақтардың бір-біріне құрмет білдіріп, қонақжайлық көрсетуінің тағы бір дәлелі", - дейді Орманова.

Сауын айту cалты Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романында кездеседі. Романда "Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, елді жиды ғой" деген сөздер айтылады. Сондай-ақ, бұл дәстүр қазақтың белгілі "Айман-Шолпан" жырында көрсетілген екен. "(...) Маманнан келген кісі қымыз ішпек, Аузына жарандардың тәубе түспек. Терісін бес айғырдың саба қылып, Сабасы атаныпты "Алтын піспек". Маманға айуан малдың берді бағын, Жаратты Маман батыр арғымағын. Бір тұтқа кіші жүзде бай еді деп, Шөмекей Маман байға айтты сауын", - делінген "Айман-Шолпан' жырында.

Қазақ десе қонақжай деген ұғым егіз ұғымдай естіледі. Жалпы қазақты неге қонақжай халық дейді? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев жауап берді.

Қонақжайлық қазақтың міндеті болып саналған Қазақ халқының қаншама дәстүрі ұмыт қалды, дәл қазір дәстүрге байланысты айтуға болатын мәселе жетерлік, солардың бірі - қонақжайлық. Қонақжайлық қазақ халқында өзара міндетті болып саналған дәстүр. Қазақтар ежелден үйіне келген кез келген адамға міндетті түрде тегін қонақасын беріп, оған жайлы төсек-орнын салып беріп, қондырған және бұл әдет-ғұрып ежелден бар. 

Бұрын қазақтар үйіне келген қонаққа құрмет көрсетпей, дәстүрлі әдет-ғұрыптан бас тартса, бейтаныс, жолаушы адам сол үй иесінің үстінен шағымданып, биге барып наразылығын білдіруге құқылы болған. Ал би қазақтың қонақжайлық дәстүрлі әдет-ғұрпын бұзған үйдің иесіне ат-тон айып салатын болыпты. Бірақ, қазақтардың тарихында мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Себебі, қазақтар баласы дүниеге келген сәттен үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, кішіге ізет білдіріп, қонақты күту дәстүрлерін санасына құйған. Қазақтар қай заманда болмасын барын қонағына тосып, малын сойып, бар дәмдісін ұсынған. 

Дәмнен ауыз тию

Қонақжайлыққа қатысты қазақ ұлтында әдет-ғұрып жетерлік, солардың бірі - дәм ауыз тию. Қазақтар үйіне бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбей жібермеген, қазір де солай десек артық емес. 

Ал қонақжайлыққа келгенде қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Қазақтарда "үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады" деген сөз бар және ол бекер емес. Мұның барлығы қонаққа деген, асқа деген ерекше ықыласты білдіреді.

Қуыс үйден құр шықпа Қазақта

"Қуыс үйден құр шықпа" деген сөз бар. Яғни, қонаққа дәмді асын беріп, құрмет көрсеткеннен бөлек кәде, сый немесе қайтарында сарқыт салып беру. Әдетте қазақтар қонақтың өз үйіндегі адамдар да үйінің асынан дәм татсын деп, дәмді асынан сарқыт салып береді, сыйлық табыс етеді.  Ертеде сәлемі, жүріс-тұрысы дұрыс жолаушыға "бұйымтайыңды сұра" дейтін де салт болған, яғни, қонақ таңдаған затын алып кете алған.

Қалау әдет-ғұрпы

Кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі - қалау. Ертеде қазақ үйіне келген қонақ сол үйдегі кез келген затты қаладым деп айта алатын болған. Ал, сол үйдің иесі қонағы ұнатқан затты міндетті түрде берген. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалайды. Сонымен қатар, әйел аман-есен босанып, дүниеге сәби келген соң қазақтың қалау әдеп-ғұрпы бойынша нәрестенің кіндік шешесі де өз қалауын айтып, ұнаған затын ала алатын болыпты.

Ерулік беру

Қазақ халқының жақсы әдет-ғұрпының бірі - ерулік беру. Басқа жақтан көшіп келген адамдарды олардың туған-туыстары немесе жаңа көршілері арнайы дастарқанға шақырып, ерулік беру арқылы көшіп келген туған-туыстарына немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірген. Жалпы қазақтың қонақжайлығына қатысты әдеп-ғұрып, дәстүрлер өте көп, олардың біразы ұмыт қалды. Қонақжайлық қазаққа ғана тән ұлы қасиеттердің бірі, сондықтан оны жалғастыру қай заманның ұрпағы үшін де маңызды. 

Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
5 жыл бұрын 4841
0 пікір
Блог туралы