Сарапшы: Қазақстанның ресми статистикасында шындық жоқ
Сарапшы: Қазақстанның ресми статистикасында шындық жоқ

Қазақстан Республикасының  статистика жөніндегі агенттігі президент жарлығымен 1998 жылы үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган болып құрылды. Бірақ агенттік 2014 жылы Ұлттық экономика министрлігі жанындағы тәуелсіз ведомство ретінде министрлік құрамын енді. Кей сарапшылар статистика комитетінің ақпараттарына сенімсіздік білдіріп, деректердің шындыққа жанаспайтынын айтады.

2016 жылғы инфляция деңгейі 8,5 пайыз құрады. Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев бұл көрсеткіш тұтастай алғанда орталық банктің жоспарына сәйкес келгенін, тіпті инфляция деңгейі бұдан да түсуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бірақ, бір аптадан соң жарияланған Bloomberg агенттігі сарапшыларының рейтингінде Қазақстан ақша құнсыздану деңгейі ең жоғары елдердің қатарына кіріп, инфляция өсіп кету қаупі бар мемлекеттердің бірі ретінде танылған. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның ресми статистикасында нағыз жағдай көрсетілмейді, шынайы картина бұрмаланады. Экономист Мағбат Спанов елдегі ресми статистикаға сенбейтінін айтады.

— Өкінішке қарай, біздің статистикада шындық жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, статистика ешкімнің де, ешқандай саяси шеңбердің де аясында болмауы керек. Ал бізде кейбір сандар бұрмаланады. Бір салаға қатысты айтылған президенттің деректері басқаша, премьердікі бөлек болады, министр мүлдем өзгеше сандар айтады, кейін статистика комитеті өз нұсқасын көрсетеді. Осылайша, бір салаға қатысты төрт түрлі дерек келтіреліледі, — дейді экономист. 

7kun ақпараттардың қайдан келіп, қалай жиналатынын, ведомство жұмысы туралы білмек боп, статистика комитетінің баспасөз қызметіне қоңырау шалды. Өзін таныстырмаған ведомство өкілі статистика комитеті Ұлттық экономика министрлігіне тәуелсіз екенін айтты.

— Біз ақпараттарды мемлекеттік органдардан – министрліктерден аламыз да, барлығын біріктіреміз. Оларды тексермейміз. Біз министрлікке тәуелді емеспіз, тоқсан я жыл сайын ешқандай есеп бермейміз, — деді ол.

Бірақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылы жарияланған бұйрығында жалпы ережелер бөлімінің 5-тармағында «комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің келісімі бойынша министрліктің жауапты хатшысы бекітеді» деп көрсетілген. Яғни, комитеттің төрағасын, төрағаның орынбасарларын министрліктің жауапты хатшысы тағайындайды және босатады.

Алматыдағы қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмұтованың пікірінше, қазір статистика комитеті халықаралық статистика талаптарына көшкен. Бірақ маман комитеттің Ұлттық экономика министрлігінің құрамында емес, мүлдем бөлек болу қажет екенін айтады.

Маманның бұл пікірін экономист Жарас Ахметов те қолдап отыр. Оның айтуынша, Қазақстанда статистика екі жолмен есептеледі және түсінбеушілік осы жерден басталады.

— Алғашқысы мемлекеттік органдардың, кәсіпорын мен өнеркәсіптердің комитетке өткізетін деректері, екіншісі — түрлі әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар мен анкеталардан алынатын ақпарат. Экономист мемлекеттік органдар кей деректерді қате өткізеді, сондықтан ресми статистикадағы деректер қате шығады, — дейді сарапшы.

Экономист Мақсат Халық статистикадағы шикілік мемлекеттің органдардың ақпаратты бұрмалауынан шығып жатқанын айтып, олар комитетке шынайы емес, дайындалған ақпараттарды өткізеді деп күдіктенетінін жеткізді.

— Маман ретінде статистикаға сенбеймін. Мысалы, сыртқы қарыз туралы Ұлттық банк пен қаржы министрлігінің деректері екі түрлі боп шықты. Сосын, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандар деп 2 миллионға жуық жұмыссызды жұмысы барлардың санатына жатқызып жіберді, — сарапшы.

Сарапшы қазір Қазақстандағы жұмыссыздар үлесі 5 пайызды құрайтынын, әлемдік рейтинг бойынша, жұмыспен қамтылған алдыңғы 10 мемлекеттің қатарында екенімізді айтады. «Бірақ осыған қарамастан елдегі ең өзекті мәселенің бірі әлі де осы жұмыссыздық болып отыр», — дейді Мақсат Халық. Экономист жұмыссыздарды тіркеу секілді әлеуметтік маңызы бар деректерді тіркеуде барынша абай болу керектігін айтып, статистиканы шығару жүйесін өзгертуді ұсынады.

Айта кетейік, статистика комитеті — Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыратын ведомствосы. Негізгі міндеті — мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

Алматы қаласындағы жергілікті телеарна мен республикалық басылымдарда қызметтік тәжірибесі бар. 2016 жылдың маусым айынан бастап сайттың редакторы қызметіне кірісті.
Ақшолпан НҰРДӘУЛЕТАқшолпан НҰРДӘУЛЕТ
7 жыл бұрын 3480
0 пікір
Блог туралы