Фотолар: © Венера Осепчук
Самсаның қамырын дайындау үшін әдетте ұнға су қосып қаттылап илейді. Самсаның қатпарлы және қатпарсыз түрі болады. Самсаны үй жағдайында пешке, тандырға пісіреді. Самса салмасына асқабақ, картоп қосуға болады. Самсаның ет пен пияз қосылған түрі көп тараған. Самсаны қой етінен дайындаса, дәмді шығады. Сиыр етінен де жасауға болады. Оған қара бұрыш, тұз, кинза, томат қосып жатады. Қатпарлы самса дайындау үшін қамырды жұқа етіп жаяды. Оған маргарин не май жағады. Сосын қамырды орап тоңазытқышқа салып қояды.
Өзбек шайханаларында самсамен бірге сірке суы қосылған су беріледі. Дәмдеуіш ретінде аскөкпен бірге томат соусы, сарымсақ пен қара бұрыш ұсынылады.
Самса пісіруге қажетті заттар: 850 гр ұн, 500 мл су, 2 шай қасық тұз, 400 гр май не маргарин
Самса ішіне: 600 гр жұмсақ сиыр еті, 200-300 гр құйрық ма не сиыр майы, 600 гр пияз, зира, тұз. қара бұрыш, 50 гр кинза. 2 жұмыртқа сарысы, қара не ақ құнжыт
Дайындалуы:
Үлкен ыдысқа ұн саламыз. Суға тұзды ерітіп алып, ұнға қосамыз. Қамыр қолдан тез бөлінетін әрі жұмсақ болуы тиіс. Қамырды пакетке салып 30 минут қойып қоямыз. Сосын қамырды екіге бөліп илеп, пакетке салып тағы 20-30 минут иін қандырамыз.
Қамырдың бірін алып жұқа етіп жаямыз.
Жайған қамырға майдың жартысын жағып, төменнен бастап ораймыз. Сосын мұздатқышқа 30 минутқа салып қоямыз. (Қамырды бір күн бұрын осылай дайындап, тоңазытқышқа бір түнге салып қоюға болады) Қамырдың екіншісін де осылай жасаймыз.
Қамыр тоңазытқышта тұрған уақытта самсаның ішіне салатын салымын дайындап аламыз. Ет пен майды, пиязды ұсақтап турап, зира, қара бұрыш қосып араластырамыз. Соңында туралған аскөкті қосамыз.
Мұздатқыштан қамырды алып он бөлікке бөлеміз. Кесілген бөлікті жоғарыға қаратыңыз. Оқтаумен ортасынан шетіне қарай жаямыз. Қамырдың шеті ортасынан қарағанда жұқа болуы тиіс. Қамыр жайғанда ұн сеппейміз. Үстелге жабысбас үшін май жағуға болады. Жайған қамырға салмасын салып, үш бұрышынан бекітеміз.
Бекіткен жағына май жағып, төмен қаратып пешке салыңыз. Самса үстіне жұмыртқа сарысын жағып, ақ және қара құнжыт себіңіз. Екінші қамырды да осылай жасаймыз.
Пешті алдын ала 210 гр температурада қыздырып алу керек. Кейін 180 градусқа қойып, 10 минут пісіресіз.
Дайын болған самсаны 5 минут суытып, шаймен ұсынуыңызға болады.