Бұл отбасылардың өмірі өркениеттен шалғайда, құмның ортасында өтуде. Баспаналары шексіз сары құмның ішінде, ербиген сексеуілдің қалқасында орналасқан. Бұл шопан үйлері. Біз, Vox Populi тілшілері құм ішіндегі осындай екі үйге бас сұққан едік. Үйлер бір-бірінен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың аңызақ желіне, құмдағы тұрмыстың қиыншылығына төтеп беріп үйренген ерлі-зайыптылар қой бағады. Шалғай жал құмды кешіп жүрсе де, осы тірліктен бас тартқылары жоқ.
Фото: Аяш Турехан
Ерлі-зайыптылар құмдағы тіршіліктеріне риза
Аббас ақсақал мен зайыбы Сәрсенгүл. Ақсақалдың шопан ата таяғын ұстағанына жиырма жыл болыпты. Сәрсенгүл апа отасқалы бері ақсақалдың жанында. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірген. Қызы университетте оқиды.
Тамақ дайындайтын сарайымыз осы
Тұрмыстық жағдайлары: Тамақ пісіруге газды бізге баллонмен әкеледі. Суды «водовоз» келіп құйып кетеді. Азық-түлікті екі аптада бір барып аудан орталығынан алып келеміз. Шардара мына жерден 80 шақырымда орналасқан. Қыста пешке көмір, тезек жағамыз. Үйіміз осы, бір бөлмелі.
Жұмысы: Сөздің шындығына келгенде, мұнда қай жылы келгеніміз есімде жоқ. Малды қайтіп өсірсек, мал шөп жесе, малдың жайын жасасақ деген оймен жүремін. Малды жайып, айналдырып келгенше кеш батады. Уақыт өтеді сонымен. Зерігетін кездер де болады. Ондайда теледидар көреміз.
Ерекшелігі: Енді екеуіміз ғана ғой осында. Айдалада тұрғанның қиын жағы да бар, оңай жағы да жоқ емес. Қыста күн суық. Бірақ, үйреніп алдық. Қаладан осы жер жақсы бізге, таза ауа. Кеселдің барлығы қаладан шығып жатыр. Оның үстіне қолымыздан келетіні осы, басқа өнеріміз жоқ.
Құм ішінің ерекше қасиеті бар дейді ерлі-зайыптылар
Қыдырәлі ақсақал мен өмірлік серігі Айжамал. Ерлі-зайыпты шопандардың төрт баласы бар. Екеуі жоғарғы оқу орнында оқиды. Бір қызы тұрмыста, бір ұлының өз шаңырағы бар. Он жылдай бұрын Өзбекстаннан көшіп келген.
Нанды осы пешке пісіремін
Тұрмыстық жағдайлары
Қыдырәлі: Азық-түлікке барып келеміз. Астымызда мотоцикл бар. Нанды айжамал өзі пешке пісіреді. «Жаз жазыл, қыс қысыл» дегендей, жазда, күн ыстық болса да жеңілірек.
Айжамал: Бұған тұрмысқа шығарда әбден сөйлестік, бір-бірімізді білуге тырыстық. Оған тұрмысқа әбден ойланып барып шықтым деуге болады. Әрине, үй шаруасындағы әйелдің біріңғай тұрмысы, өмірі оңай емес. Жалығасың. Бірақ, мал төлдегенде көмектесемін. Қозыларды қараймын, қоректендіремін.
Жұмысы
Қыдырәлі: Жас кезімде аяғым сынған, сондықтан ауыр жұмыстарды істеуге жарамсызбын. Сондықтан жастайымнан әке таяғын ұстап, ата-баба кәсібін жалғастырып келемін. Малдың жағдайын білеміз. Бастысы мал басын қыстан аман алып шығу ғой. Түлігің аман болса, құбылаң да түгел болады.
Ерекшелігі: Үйреніп қалған жеріміз ғой енді. Күн шыжғырған ыстыққа да, дүлей соққан қыстағы желге де етіміз үйренген. Малсыз күн жоқ. Демалыстарында балалар келіп, арқа-жарқа болып қаламыз.
Ендігі кейіпкерлеріміз Қызылқұмның етегінде орналасқан Айдаркөл елді-мекен тұрғындары. Аудан орталығы Шардарадан 70 шақырым қашықтықтағы шағын ауылда 90-дай түтін бар.
Балалар қауынға тойып алсын
Күлімкүл апай. Төрт баланың анасы. Сегіз немересі бар. Үй шаруасымен айналысады.
Тұрмыстық жағдайлары: Байлардың малын бағамыз. Күйеуім малға кетті, құмның ішінде. Негізі өзіміздің бір сиырымыз бар.
Жұмысы: Мұнда айтарлықтай жұмыс жоқ. Малдан басқа тірлік жоқ. Үйдеміз, бала, немере қарап отырмыз. Кеткіміз келеді енді, бірақ үй қымбат қой, сатып алу қиын. Бала-шаға, келіндеріміз кеткісі келеді. Келініміз кеше ғана жақындағы бір «совхозға» жұмысқа орналасты.
Ерекшелігі: От жағамыз, көмір қымбат, сексеуіл де қымбат. Мұнда айлыққа қарап отыра бересің. Ақша алсақ отыныңды, тамағыңды аласың. Сонымен күн көріп отырасың. Жалығамыз. Бірақ қайда барасың?
Тұрмысымыздың жақсы болғаны малдың арқасы
Қаламқас, жасы 47-де. Айдаркөлде туып-өскен. Сол жердің тумасына тұрмысқа шығып, түтінін түтетіп отыр.
Тұрмыстық жағдайлары: Бізде әйтеуір жарық бар, су бар. Құмның етегіндегі ауылдың ең қиындығы — от жағамыз. Қинайтыны сол. Енді жалғыз бір ғана емес, бүкіл ауыл солай. Оған да үйреніп алдық. Төрт немерем бар. Жақында келінім бесіншісін босанады.
Жұмысы: Ұлым мен күйеуім мақта, жоңышқа егеді. Азын аулақ малымыз бар. Себебі, ауылда жұмыс жоқ. Мектебіміз төрт сыныптық. Бесінші сыныпты балалар аудан орталығына барып, интернатта оқиды. Ұлым мен келініме жұмыс жоқ.
Ерекшелігі: Ауылымызда сұлулық салоны, маникюр деген жоқ. Бір қыздар үйінде жасайды, соған барамыз. Келінім жүкті болғандықтан, қаралатын жер шалғайда, аудан орталығындағы ауруханаға барады. Жастардың уақытын өткізетін орындар жоқ. Мәдениет сарайы, спорт секциялары деген сияқты. Уақыт өтпейді. Уақыттың әлеуметтік құндылығы жоқ деуге болады.
Жиі ет асамыз — ең оңай тамақ. Бірақ қамырды қолдан жайған дәмдірек
Әсем, жасы 38-де. Бес баланың анасы. Үй шаруасындағы әйел. Өмірлік серігі – шопан. Өзі осы ауылға келін болып түскен.
Тұрмыстық жағдайлары: Тұрмыстық жағдайымыз орташа. Азық-түлікті айына бір рет көп қылып алып қоямыз. Бос уақытымызда теледидар көреміз. Құмның ортасында айтарлықтай қызық жоқ. Бірқалыпты өмір ғой сол.
Жұмысы: Күйеуім әркімнің малын бағады. Жалақы алады. Өзіміздің де шағын малымыз бар. Мен үйдемін, балаларды қараймын. Малдың арқасында күн көріп отырмыз ғой.
Ерекшелігі: Ой қайдағы бет күтімі. Бізде ондай ештеңе жоқ. Таңертең бетімізді жуып, орамалымызды тағып жүре береміз. Ауылда тұрудың ерекшелігі — жеген тамағымыз сапалы. Суымыз таза, ауамыз кең. Құмдағы елді-мекен болғандықтан мұндағы табиғатты әдемі деп айта алмаймын. Жазда айнала сары құм. Шаң соғады. Қысы қатал, аңызақ жел соғады, бораны бар. Жалпы балаларымның қалалы жерде тұрғанын қалаймын.
Ұлым әлі қырқынан шыққан жоқ
Зүлфия, жасы 36-да. 17 жасында тұрмысқа шыққан. Яғни, осы ауылға келін болып түскеніне 19 жыл болыпты. Жақында босанып келді. Алты қыздан кейінгісі ұл бала. Фотосуретке түсерде кіші қызы ұйықтап жатқан болатын.
Тұрмыс жағдайлары: Тұрмысымыз жаман емес. Ауылда жер көп, орын көп. Үйіміз үлкен. Жеке үйде әйел адамға тірлік табылады. Осы балалардың «жырымен-ақ» уақытым өтіп кетеді.
Жұмысы: Біздің отағасының жеке шаруашылығы бар. Малсыз күн жоқ ауылдық жерде. Мен үйдемін. Бізді асырап отырған сол кісі.
Ерекшелігі: Ауылдық жерде көп нәрсе арзандау ғой. Азық-түлік қол жетімді. Бақшада көктат, жусай сияқты ұсақ-түйекті егуге болатын еді. Бірақ құмды топырақта көп ештеңе шыға бермейді. Және ауылда адам көп емес, шу аз, көлік аз, асығып, жүгірген адамды көрмейсің. Қыздарымның алды өсіп қалды. Өркениеттің жетістіктерін іздейтін осылар. Негізі қалаға көшкенімізді қалайды.
«Жөрналиссіңдер ме? Жазыңдар! Мал болмаса ауыл да болмайды»
Ақерке, 42-де. Осы ауылдың келіні. Әбітай атаның жасы 90-да.
Тұрмыс жағдайлары: Атамның он баласы бар. Жартысы қалада. Мен жетінші келінімін. Мына үшеуі менің балаларым. Тұрмыс жағдайымыз туралы айтсам, біреуден ілгері, біреуден кем өмір сүріп жатырмыз.
Жұмысы: Менің күйеуім малда, құмда. Бір айдан кейін келеді. Өзіміздің де азын-аулақ малымыз бар. Ауылда тұрып мал ұстамаса болмайды ғой. Атам өмір бойы механизатор болып жұмыс істеген. Мен үй шаруасындамын. Үйге қарап, тамақ істеймін.
Ерекшелігі: Театр, кинотеатр, кітапхана, мәдениет үйі деген атымен жоқ. Сондықтан ауылдық жерде бос уақыт көп. Бірақ жер үйдің тірлігі таусылмайды. Ауасы таза жерде тұрамын демесең, қызығатын ештеңесі жоқ.
«Әй келін, қоя тұр бауырсағыңды, кел суретке түсейік»
Қарашаш апа 80-ді алқымдап қалған қария. Бұл ауылға 80-ші жылы келін болып түскен. Сегіз баласы бар. Олардан тараған немерелерінің санынан жаңыламын деп әзілдейді.
Тұрмыс жағдайлары: Шалыммен бірге қырық жыл қой бақтық. Барлық қызығымызда, шыжығымыз да сол малдың соңында өтті. Бүгін міне қора толған қойымыз бар. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы.
Жұмысы: Менің жұмысым мынау, ішек-қарын тазалау, немерелерге қарау. Қолым қалт еткенде ине-жіп ұстаймын. Балалардың көйлек-көншектерін тігіп, тоқыма тоқимын. Балалардың жеке шаруашылықтары бар. Соның арқасында тұрмысымыз жақсарды. Астыларында көлігі бар. Қолымдағы келіндер үйде. Жұмыстары осы, үй тұрмысын қадағалау. Күнделікті бауырсақ пісіреді, тамақ дайындайды.
Ерекшелігі: Ауылдық жердегі дүкендерде көп тауарлар жоқ. Бірақ аудан орталығынан, 280 шақырымдағы Шымкенттен барып әкеледі. Ақша болса барлығын табуға болады ғой. Немерелеріміз табиғи айран, құрт, сүт ішіп өсіп келеді. Тек шалғайдағы елді-мекенде тұратын жастарға обал. Уақыттары өтпейді. «Қолына күрек» табуға немесе қызықты шаралар ұйымдастырылса жастардың ауылдан кеткісі келмейтін еді.
Ауылдың өміріне үйрендік
Ұлдана, жасы 36-да. Бес баланың анасы. Үш баласы аудан орталығы Шардарада интернатта оқиды. Осы ауылда тұрғанына 17 жыл болған.
Тұрмыс жағдайлары: Тұрмысымыз орташа. Жүгері сатып алдық, балаларға пісіріп беремін. Қалғанын малға береміз. От жағатыны болмаса, енді ауылдағы өмірге үйрендік қой. Балаларымның болашағын көп ойлаймын, тек жақсылықты көргенін қалаймын. Қалада неше түрлі қызықтар бар шығар, иә?
Жұмысы: Күйеуім аудан орталығында күзетшілікте. Екі күн істеп, екі күн дем алады. Демалысында азын-аулақ малдарымызға қарайды. Ақшасын алғанда барып, киім-кешек сатып аламыз.
Ерекшелігі: Енді мұнда қаладағыдай көп көлік, көп адам жоқ. Ауыл іші бір-бірін таниды. Сүт, майды өзіміз жасаймыз. Таза өнім ғой. Қалаға барғанда ондайды сатып алмаймыз. Қаланікін жей алмаймыз да. Бізде енді интернет жоқ. Оған әркім өзінің жеке тарифімен кіреді. Кафе, мейрамхана жоқ. Ондайға бармаймыз. Той-томалаққа туыстар шақырған кезде қалаға барып қайтамыз.
Көзге аса көрінбейтін абыр-сабыр тіршілігі көп ауыл тұрмысы осы. Жайылым, малдың шөбі, қыстауды сылау, құдықты аршу, қора-қопсы деген сияқты тірліктер жетіп артылады. Әсіресе, жаз айларында мұнда теңіз жағалауындағыдай емес, керісінше шібін-шіркей, маса-сона деген атымен жоқ дейді ауылдықтар. Күндіз аптап ыстық болғанымен түні қоңыр салқын. Төңіректе тыныштық орнайды. Айналада құлазыған дала, көз жетер көкжиекті ғана байқауға болады.
voxpopuli.kz